КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне келген министрлер мемлекеттік тілде мәлімдеме жасай ма, жоқ па, бұрын-соңды бұған мән бергендер аз болатын. Өзге тілдегі мәлімдемелер мен сауалдар үйреншікті құбылысқа айналғандай еді. Сан рет журналистердің сынына іліккенімен, оған құлақ асқандар сирек. Бірақ міз бақпайтындай көрінген Мәжіліс отырысында кейінгі кездері сең қозғалғандай. Оған себеп мынау.

Таяуда Мәжіліс алдында есеп берген Ауыл шаруашылығы министрлігі ана тіліне қатысты да сынға ұшырады. Басқалар министрліктің мимырт тірлігін мысалға алып жатқанда, депутат Оразкүл Асанғазы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аманға қарата:

– Министрлікте 99 пайыз қазақ істейді. Бізге берген материалдарыңда қазақ тілінде бір сөз жоқ! Ауылдықтарды түсінбейсіздер! Сендер қайтіп субсидия, несие алуға, қалай мал иеленуге болатындығын түсіндіріп, насихаттауға миллиондар бөлесіздер? Бәрі орыс тілінде насихатталады. Ауыл адамдарын осы мәселе бойынша қазақ тілінде қанша рет қазақша хабарландырдыңыздар? Қанша жиналыстарыңыз қазақ тілінде өтеді?» деп сауалды төтесінен қойды. Сөзден мүдірген жауапты хатшы «Мен сізді түсіндім, жазбаша жауап береміз» деп құтылуға мәжбүр болған еді.

Арада көп ұзамай Мәжіліске келген Әділет министрі Берік Имашев та әдеттегідей өз мәлімдемесін өзге тілде баяндады. Депутаттарға таратқан парақшалары да орыс тілінде. Сауалдарға қайтарған жауабы да солай. Өз әріптестерінен кейін сөз алған депутат Оразкүл ханым министрді «Сізді сыйлағаннан ғана менің әріптестерім сауалдарын орысша қойды» деп өткір сөзбен түйреп өтті. Бұл өзіне тағылған негізсіз кінә деп ойлады ма, министр іле-шала:

– Саяси қырынан алғанда, шындығында, бұл – менің осал тұсым. Мен мұны өзімнің үлкен кемшілігім санаймын. Ал Конституция бойынша біз қазақ және орыс тілдерінде сөйлей аламыз: соның ішінде әр адам өзі меңгерген тілде ойын жеткізу мүмкіндігіне ие! – деп жауап қатты.

Өкініштісі сол, депутаттың батыл қада­­мын қолдаған әріптестері болмады. Сол баяғы – «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз». Сонда халық сенген «қалаулылардың» тілге де­ген құлықсыздығы қашанға жалғаспақ? Әл­де қазақ тілі тек жалғыз депутатқа керек пе?

Министр «осымен құтылдым» деп ойласа керек, бірақ Оразкүл ханым екінші мәрте сөз сұрағанда ведомство басшысы тұрмақ, отырғандар да таңғалысты. Бұл жолы министр­ге «түсінікті» тілде сөйлеген Оразкүл ханым осып айтты:

– Сөйлемейін деп едім, бірақ Сіздің жауа­быңыздан кейін сөз сұрауға мәжбүр болдым. Біз дүние есігін ашқаннан Тәңірдің сыйы боп бізге бұйырған туған тілімізде сөйлеп келеміз. Елбасының сындарлы саясатының арқасында бүгінде бізге қазақ тілін үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Бұл орайда Сіз де – Президенттің үміт артқан тұлғаларының бірісіз. Сіз – Қарағанды облысының тумасысыз. Жерлестеріңіздің бірі, сенатор Светлана Жалмағанбетова Қарағанды политехникалық университетін орыс тілінде бітіргендердің бірі. Тағы бір жерлесіңіз Тоқтар Әубәкіров қазақ тілінде бірауыз сөз білмейтін. Бірақ ол да үйренді! Туған тілін үйренгісі келген адамға үш ай мерзім де жеткілікті. Өз ана тілін білмеу – ұят! Мұны кешіруге болмайды! Қазақ тілі үш тіл­дің бірі ғана емес, қазақстандықтар үшін ол – ең басты, ең маңызды әрі мемлекеттік тіл екенін естен шығармайық! Мұны біржолата есіңізге сақтаңыз, Берік Мәжитұлы! – деп бір-ақ тоқтады.

Сөздің де тоқетері осы болғандай… «Оты­рыстан кейін журналистерге сұхбат берген министрдің жауабы да біраз жұмсарды. «Кезінде әкем «Басқалар орыс тілінде сайрап тұрғанда, мен бірауыз сөз білмедім. Қиналдым. Сондықтан саған үйрен дедім» деген еді. Бұл жерде, байқап отырғаныңыздай, әлеуметтік те мәселе бар. Есесіне менің балаларым мемлекеттік тілде таза сөйлейді, қазақ мектептерін бітірген. Солардан сұрасаңыздар болады. Өзім алдағы алты айда қазақ тілін үйренемін…» деп уәде берді…» деп жазады «Время» газеті.

Министрлерді мемлекеттік тілде бір сілкіп алған депутат, тіл жанашыры, бұрынғы Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Оразкүл Асанғазы ханымды соңғы шақырылымдағы халық қалаулыларының қатарынан көргенде қуанып едік. Сол кездегі сауалымызға ол «Тіл – менің мәңгілік тақырыбым. Қазақ тілі заң шығарушы орган­ның, биліктің тіліне айналмайынша, тіл мәсе­лесі менің күн тәртібімнен түспейтін тақырыбым болмақ. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Бұған қам жемеңдер. Депутат болып, сөзінен тайқып кететін мен емес» деп жауап берген. Орақ тілді Оразкүл ойымыздан шыққандай.

АНА ТІЛІ газеті


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика