КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Бүкіл әлемде интеграциялық идеология үстемдік еткен дәуірде тілдік саясатта қарапайым ғана заңдылық орын алған: қай мемлекетке қарай бағытталсаң, сол мемлекеттің тіліне де бағытталуың тиіс. Интеграция мен плюрализм бір уақытта жүзеге асырылатын саяси бағыттар. Саяси интеграция тілдік интеграцияға алып келеді. Жершары мемлекеттерінің барлығы АҚШ экономикасына қарап отырғандықтан, Америка транстілі ағылшын тіліне бүкіләлемдік бағытталу бар. Сол тәрізді Еуропа өз кеңістігінде интеграцияны толыққанды қамтамасыз ету үшін қолданып отырған көптілділік тіл саясатына қазіргі кезде бүкіл әлем тілдік саясат формуласы ретінде қолданып жатыр. Бүгінгі таңда әлемде біртілді тілдік принципті қолданған мемлекеттер саусақпен санарлық (Жапония, Франция, Ұлыбритания, Германия, Қытай), қостілділік пен көптілділік тілдік құрылысты тенденцияға айналдырды. Меркусор (Оңтүстік Америка нарығы) үшін испан тілі (Бразилия үшін испан тілі) мен португал тілдері (Аргентина, Парагвай, Уругвай үшін португал тілі) интегрция тілі болып келе жатыр. Мәселен, қазіргі кезде орыс тілінің посткеңестік кеңістікте кеміп келе жатқан себептерінің бірі – орыстілді мемлекет ретінде саналған мемлекеттердің еуропаға ыңғайланып бара жатқаны. Литва, Эстония, Латвия – Балқан мемлекеттерінде орыс тіліне ашық түрде агрессия жасалуда, себебі бұл мемлекеттер – батысқа бағыт алған мемлекеттер. Нәтижесінде Балқан мемлекеттерінде ағылшын тілі орыс тілін ығыстырып шығарды. Әзірбайжан үшін ағылшын тілі де, орыс тілі де шет тілі ретінде танылғандықтан, бұл елде бұл тілдердің ықпалы салыстырмалы түрде бірдей. Ал Қазақстанның саясаты бойынша Ресеймен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан орыс тілінің тікелей әсерінде, манипуляция орталығында отырмыз. Қазақстанның Ресейге интеграциясы қаншалықты болса, сол дәрежеде Қазақстанның Еуропаға (АҚШ) да ұмтылысы соншалық. Сол себепті де Қазақстанда ағылшын тілінің резонансы пайда болып келеді. Дәл осы тұста орыс тілі ағылшын тіліне өтетін «дәліз» қызметінде, біз бір жағынан ағылшын тіліне тікелей орыс тілі арқылы шығып отырмыз, орыс тілі «делдал тіл» тәрізді біз үшін. Украина да ЕуроОдаққа ықпалдастығы артуын қалап отырғандықтан орыс тіліне қарсы украиндандыруды жүзеге асырып жатыр. Ал Қырғызтанда өз кезегінде орыс тіліне арнайы мәртебе берілген, бұл елде орыс тілінде білім беру коэффициенті Қазақстанға қарағанда өскен. Кейінгі кезде Тәжікстан да өз кезегінде орыс тіліне мән бере бастады. Ал Ресей өз кезегінде орыс тілін ТМД-ның интеграция құралы ретінде есептейді. Ертеңгі құрылмақшы Еуразиялық одақтың да функциясы дәл осы интеграция екенін ұмытпауымыз керек. Себебі Ресей ЕуроОдақ тәрізді гомогенді аймақ құруды қалайды және бұл амбициясын емін-еркін білдіріп те отыр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан интеграцияға өте жақын мемлекет. Сондықтан да интеграция әсерінен тілдік саясатында да өзгерістер болып жатыр, мәселен, үштілді тілдік саясаты. Қазақстан үшін бұл тілдік саясат әлемдік интеграцияға апаратын жол. Кейбір мамандардың айтуынша, Қазақстандағы үштілді тілдік саясат мемлекеттік қазақ тілінің қуат алуына мүмкіндік берген көрінеді. Себебі өткен уақыттарда тек қазақ тілін дамыту туралы ғана айтылатын, мәселе қозғалатын, ал қазіргі таңда қазақ тілін дамытуда нақты қадамдар жасалынуда: интернет контент қалыптастыруда, қазақ тілін оқытуда, қазақ тілінде білім беру, мемлекеттік тілді мемлекеттік органдарда функцияландыру және де қазақ тіліне PR жасау... Қазіргі таңда қазақ тілінің идеологиясы қазақ қоғамында орын ала бастады: барлық қазақстандықтар болашағын қазақ тілімен байланыстыра бастады, келешек бәрібір де қазақ тілімен байланысты екенін түсіне бастады. Кезінде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тануға бола ма немесе қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде есептейсіз бе тәрізді социолингвистикалық сұрақтар қоғамда қаптап жүретін. Ал бүгінде қазақ тілін біртұтас мемлекеттік тіл ретінде қарастырамыз және толық дәрежеде танылды. Үштілді тіл саясаты қазақ тілін де өзге тілдердің қатарына қоя білді, бұл өз кезегінде қазақстандықтарға қазақ тілін меңгеруден басқа өзге жолды салып бермеді. Бұл барлық ұлттарға қатысты. Тілдердің жарыспалы қолданысы қазақ тіліне қызмет ете бастаған тәрізді.

Алайда үштілді тілдік саясаттан соң салыстырмалы түрде қазақ тілін білушілердің арасында жастар жағы көбірек болуы тиіс еді. Бірақ мұндай құбылыс байқала қоймаған. Себебі жаңа қазақстандық идеологиямен өсіп келе жатқан жастар қауымы өзге жоғарғы жас ұрпақтарына қарағанда мемлекеттік тілді меңгеру мөлшері айтарлықтай болуы керек еді. Орыс тілін ТМД кеңістігінде зерттеген Мәскеу «Наследие Евразии» қоры өз нәтижелерін шығара бастады. Ал бұл жобаға Қазақстан жағынан атсалысқан «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу орталығының директоры Г.Ілеуова мынандай пікір айтады: «Мен зерттеу барысында Қазақстанда жүзеге асырылған соңғы тілдік саясат бойынша жастар арасында мемлекеттік тілді меңгергендер саны үлкен жастағыларға қарағанда жоғарғы деңгейде болатын болар деп тұжырым жасаған едім. Алайда зерттеу нәтижелері барлық жас топтарында бірдей екенін анықтағанда таңғалдым», – дейді. Одан кейін мынандай дерек келтіреді: «Бір атап өтуге болатын нәрсе, бұл – жас ұлғайған сайын қазақ тілін меңгергендер саны да жоғары болатындығы. «65 жастан асқандар» орыс тілінің әсеріне көп ұшырамаған, сондықтан ана тілін де жоғарғы деңгейде сақтай білген. Ал «45-54 жастағы» топтағылар үшін қазақ тілін төменгі деңгейде білу тіркелген. Бұл топ КСРО-ның «социолизмінің нағыз гүлденген» кезіне сәйкес келеді, интернационализм идеологиясымен «сусындаған» бұл ұрпақ орыс тілінің ықпалына қатты ұшыраған. Және бұл топ Қазақстандағы орыс тілінің қолданысына қолдау көрсетуші ең мықты топ болып отыр. Ал қалған жас топтарында еш айырмашылық жоқ». Оның үстіне жастарға қарағанда жоғарғы жас өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге аса құлық танытпайды, сонда, логикалық түрде қарасақ, мемлекеттік тілді меңгеруші жастардың мөлшері молырақ болуы қажет еді ғой. Мұның өзі Қазақстанда орыс тілінің ықпалының, импульсінің еш өзгеріссіз және өте жоғары деңгейде екенін бір дәлелдесе, Қазақстан үшін орыс тілінің тарихи қалыптасқан қостілділікті айқындап тұрғанын тағы бір дәлелдейді (?). Біздің мемлекетте орыс тілінің әлеуметтік-саяси, ресми статусы болғанымен (мемлекеттік тілмен қатар қолданылатын ресми тіл) бұл әлемдік тәжірибеде көрініс таппаған мәртебе еді. Алайда орыс тілі Қазақстан үшін дефакто тіл болып отыр (және Қазақстанның интеллектуалдық потенциалын арттырып отырған да дәл осы орыс тілі екенін ұмытпауымыз қажет), тәжірибелі түрде Қазақстандық қоғамды біріктіруші феномен ретінде орын алған. Алайда қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі Қазақстанның біріктіруші факторы ретіндегі идеология қалыптасуда. Ал бұл тұста ағылшын тілі бүкіл әлемдегі таралым сипатына сәйкес лингва франка қызметінде қалып отыр.

Қазақстан – барынша толерантты мемлекет. Ал әлем елдері бірі қолданса, бірі қолданбай отырған бұл бағыт қаншалықты дәрежеде пайдалы екенін дәл басып айта алмаймыз. Алайда мемлекетіміздің тілдік саясатына қатты әсер етіп жатқанын жақсы білеміз. Мәселен, Солтүстік Корея тәрізді тек томаға-тұйық саясатты қолдану арқылы өз құндылығымызды барынша қорғап тек бір тілде ғана қалуға да болады. Кейінгі кезде Қазақстан мен Түркия арасында да көптеген байланыстар орнағаннан бері түрік тілінің де құзыреттілігі Қазақстанда пайда бола бастады. Тіпті, түрік тілі – Қазақстандық тіл компетенттілігінде шет тілдері ішінен ағылшын тілінен кейінгі екінші орында тұрған тіл. Қазақстанның интеграцияға «икемді» мемлекет болуы тілдік саясатында лингвистикалық плюрализмнің қалыптасуына әкелді. Мұның өзі кей тұстарда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін арттырса, функционалдылығын орнықтырса, кей тұста, керсінше, тиімсіз, жағымсыз нәтиже көрсетуде: қазақ тілі толерантты тілге айналып барады – сыртқы тілдік факторларды жиі қабылдайтын болды, сөздік құрамы өзгеріп барады, тілдік заңдылықтары бұзылып, құрылымында өзгерістер пайда болды. Қандай саясатты ұстансақ та мемлекеттік тілдің тек өз құқықтық статусында ғана қалып қоймай, өзге тілдермен таразысы тең (доминантты тіл) болғанын қалаймыз. Және де бұл мәртебені жүзеге асыратын, мемлекеттік тілді бірден-бір қолдайтын да, дамытатын да бұл билік. Және халық та дәл осы мәселе тұрғысынан билікке үміт артады. Бір социолингвистикалық зерттеуде «мемлекеттік тілді дамытуға мемлекет тікелей әсер ету керек» деген сұраққа респонденттердің 69,91% толық келіссе, ал 19,63% жартылай келісетінін жеткізген, сонда респонденттердің 89% мемлекеттік тілді дамытуға тікелей мемлекет әсер ету керек дегенге қосылған http://www.sarap.kz. Демек, халықтың мемлекетке ғана көп үміт артатынын көреміз және одан ғана үміт күтетінін де жақсы білеміз. Ал бұл тұрғыдан мемлекет көп жұмыс жасауы керек екені де түсінікті. Алайда мемлекеттік тіл саясаты тек форма күйінде ғана қалса, онда интеграцияның дәл табанына тап боламыз. Бізді интеграциядан құтқаруға көмектесетін де дәл осы мемлекеттік тіл.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика