КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Атырау өңірінде ана тілін біліп қана қоймай, оны патриоттық сезіммен ұштастыра білу де басты назарда екені көпшілікке белгілі. Әсіресе, Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Қилымғали Қайненов тағайындалғаннан бері бұл жұмыс жаңаша серпін алды. Соның бір айғағы – басқарманың бастамасымен Атырау мұнай және газ институтында өзге ұлт және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар дөңгелек үстелге жиналып, мемлекеттік тіл, патриоттық тәрбие мәселесіне қатысты өз ойларын ортаға салды. 

Басқосуды ашқан Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Қ.Қайненов:

– Атырау облысы – елімізде алғашқылардың бірі болып мемлекеттік тілге көшкен өңір. Мемлекеттік органдар, мекемелер ісқағаздарында қазақ тілін қолданады. Облыстағы шетелден келген кәсіпорындар да қазір қызметкерлерін қазақ тіліне оқытып, бетбұрыс жасауда. Халықты қазақ тіліне тегін оқытуға арналған курстар ұйымдастырылуда. Өткен жылы осы курстарда 907 адам оқып шықса, биыл 492 адам оқытылуда екен. Ал ел болашағының жастардың қолында екенін ескерсек, біздің алдымызда оларды нағыз патриотизмнің биік мұратына тәрбиелеп жеткізу міндеті тұр. Қазақстан азаматы, ең алдымен, мемлекет тілін ерекше құрметтеп, қадірлеуі қажет, – деп атап өтті.

Ал Атырау мұнай және газ институ­тының ректоры, профессор Дүйсенбек Құлжанов болса, әлемде біз сияқты көп этносты мемлекеттер жеткілікті екендігін, дегенмен, ондай елдерде мемлекеттік тілді білмесең, жұмыс істей де, өмір сүру мүмкін еместігін еске салды. Оның айтуынша, еліміз тіл мәселесін барынша бейбіт тұрғыда шешуді көздеп отыр. «Соның арқасында ұлт пен ұлыстар арасындағы ежелден қалыптасқан дос­тыққа сызат түсірмей, көрші елдермен де тату тұрып жатырмыз. Қазақ халқы өзге этностарға бар жағдайды жасап отыр. Өз тіліңді, дініңді, тарихың мен мә­дениетіңді дамытуға елімізде ешқан­дай шектеу жоқ. Ендеше, өзің азаматы ата­нып отырған елдің тілін, мемлекеттік тіл­ді терең меңгеру – әрбір қазақстандық­тың міндеті мен парызы» деді ол.

Осылай деген оқу ордасының басшысы дөңгелек үстелге жиналған өзге ұлт өкілдеріне де ой салып өтті. 

ЭЛСС орталығының мемлекеттік тіл курстарының оқытушысы Гүлнарида Жанұзақова болса «Егер ынта-ықылас болса, тіл үйрену қиын емес. Бір байқаға­ным, қазақ тілін үйренуге ниет білдіруші­лер саны жыл сайын артып келеді. Шетел компанияларында жұмыс істейтін немесе білім алушы өзге ұлт өкілдері қазақ тіліне үлкен қызығушылық білдіріп жатады. Бір өкініштісі, өз қандастарымыздың туған тілге немқұрайдылығы тыйылар емес. «Қазақтардан қазақ тілінде бір нәрсе сұрасаң, олар орысша жауап береді» деп жиі таңырқайды курсқа келген шетелдіктер. Мұндай жағдайға өзіміз де күнделікті өмірде куә болып жүрміз. Қазақ болып ана тілімізді, ең алдымен, өзіміз құрметтейтін уақыт жетті. Оны өзгелерге насихаттап, үлгі етуіміз керек» деп нығырлай айтты. 

Облыстық ішкі саясат басқармасы­ның бастығы Эльдар Жұмағазиевтің пікірінше, әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Алайда, қазақстандық патриотизм тілді білумен ғана шектелмейді. «Қазақстанның патрио­ты болу – бұл қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білумен де ұштасады. Тек ұштасып қана қоймайды, қазақы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, насихаттап жүру де – парыз. Әр азамат өз ортасында қазақ тілінің мәртебесін биікте ұстап, деңгейін ешуақытта түсірмегені абзал» десе, «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастар ұйымының жетекшісі Ұлықбек Тінәлиев өз ойын былайша сабақтады:

– Еліміз бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуға ниеттеніп отыр. Ал бәсекеге қабілетті болудың ең басты шарттарының бірі патриотизм рухы дер едім. Патриотизм – бұл Отанын сүю, елі мен жерін құрметтеу, өсіп-өнген жерінің мәдени, тарихи құндылықтарын сыйлау. Қазіргі таңда орыс тіліндегі кітаптарды қазақ тіліне аударып, қазақша кітаптар­мен толықтай қамтамасыз ететін уақыт жетті. Әсіресе, студенттер үшін аударма жасау қиынға соғады. Аударған кезде түпнұсқаның мән-мағынасы жойылуы мүмкін. Сол себепті, осы мәселені қолға алған жөн. Жастар тілді меңгеру үшін көп оқып, ізденулері керек. Сонда ғана еліміздің сауатты, білімді, білікті азаматы бола алады. 

Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің әлем тілдері факультетінің студенті Жан Мұрадава өзінің ұлты түрік болса да, қазақ жерінде туып-өсіп, білім алып жатқанын, осы уақытқа дейін бес тілді меңгергенін мысалға келтірді. «Алға қойған басты мақсатым – Қазақстанды тілін, ділін, саясатын, экономикасын дамытып, байытып, дамыған елу ел қатарынан көрінуіне өз үлесімді қосу. Себебі, мен өз Отанымды, тілімді және елімді шексіз сүйемін. Тіл – басты қазына. Сондықтан, жастарды тілді қастерлеуге, құрметтеуге шақырамын» деді ағынан жарылып. 

Басқосуда жиналғандар тек тіл арқылы ғана ұлттық құндылықтарды насихаттау, патриоттыққа тәрбиелеу қоғамның сауатты, салиқалы азаматын қалыптастыруға негіз болатынын түйіндеді

 АНА ТІЛІ газеті

Атырау


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика