КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Технология дамыған сайын, кітап оқушылар қарасы азайып бара жатқандығы жасырын емес. Ұялы телефон мен планшеттерінен-ақ кітап оқуды жөн санайтындар қатары көбеюде. Сонда да кітапты қолға ұстап, беттерін парақтап оқудан рахат табатындар да жоғалмаған болар? Астаналықтар кітап оқи ма? Қандай шығармаларды оқиды? Осы сұрақтар бізді Астанадағы ең үлкен кітап дүкендеріне – «Абай» мен «Астана кітапқа» жетеледі.

Жалпы, «Абай» кітап дүкенін білмейтін астаналық жоқ шығар. Мектеп кітапханасының оқулықтары қолымызға тимей қалған кездерде қажет кітаптардың осы жерден табыла кететіні әлі есімде. Көркем әдеби кітаптарды іздесек те, ең әуелі сол дүкенге жүгіретінбіз. Сондықтан болар, ең алдымен «Абай» дүкеніне бағыт алдық.

Дүкенге адамдар бірінен соң бірі келіп жатыр. «Оларды не қызықтырады екен» деп байқап көріп едік, сұрайтындары мектеп оқулықтары мен ҰБТ-ға арналған тест кітапшалары болып шықты. «Әрине, оқу жылының басы болғандықтан, солай шығар» деп ойладық.

«Жастардың кітап оқуға қызығушылығы жоқ деп айта алмаймын. Бірақ келетіндердің көбі – орта сыныптағы оқушылар. Олар мектеп бағдарламасында оқытылатын Абай атамыздың, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Сәбит Мұқанов, т.б сынды ақын-жазушылардың кітаптарын сұрайды» дейді сатушы Гүлдана Әлібекова. Ал, студенттер қауымы мұнда оқу жылы аяқталып, кітапханаға берешегін қайтару, жоғалтқан кітабының орнын толтыру үшін ғана бас сұғады екен. Дегенмен, олардың ішінде көркем әдебиетті оқитындар да баршылық. Қызметкерлер, тіпті, жүздерін жатқа білетіндігін айтты. «Филология факультетінің студенттері ғой» дейді Гүлдана.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда шежіреге қызығатындар саны артыпты. Адамдар өзінің руының тарихы жөніндегі кітаптарды сұрайды. Бұрын шежіреге арналған кітап сөресі болмаған екен, енді дүкеншілер осы тақырыпта жазылған кітаптарды іздеп, тапсырыс беріп жүр.

Сондай-ақ, үй шаруасындағы әйелдер де жеке кітапхана қорын жасақтауға құштар екен. Әсіресе, «Атамұра» баспасынан шыққан әдеби кітаптарды жинағанды ұнатады.

Дүкен сөрелеріндегі кітаптарға көз жүгірте отырып, осы заманда жазылған жаңа туындылардың некен-саяқ екенін байқадық. Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіковтің кітаптары бірен-саран ғана. «Жастар «жаңадан шыққан авторлардың шығармалары бар ма?» деп сұрайды бізден. Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Бейбіт Сарыбайдың кітаптарын да іздейді. Олар түгілі, өзіміз де қайдан табарымызды білмейміз. Авторлар кітаптарын азғантай тиражбен жеке меншік баспалардан шығартып, өздері тарататын болып тұр ғой. Сол жағынан қиналатынымыз бар. Әйтпесе, бүгінгі уақыттың тынысын суреттейтін өзекжарды туындылардан тұратын үлкен бұрыш ашқымыз-ақ келеді. Өкінішке орай, баспалардың ұсынатыны да өткен кезеңде жазылған, қайта басылып жатқан шығармалар» дейді сатушы қыз.

«Астана кітаптың» жағдайы өзгешелеу. Қазақ тіліндегі кітаптар орыс тіліндегіге қарағанда әлдеқайда аз болса да, мұнда «Абайда» кездеспеген авторлардың кітаптарын көрдік. Менеджер жастар Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын әлі де қызыға оқитындарын жасырмады. «Ал, біздің байқауымызша, шетел авторларынан ең көп оқылатыны – Пауло Коэльо, Джейн Остен, Стефани Майер, Маргарет Митчелл, т.б» дейді ол.

Дүкендегі әр сөрені мұқият қарап, керегін іздеп жүрген жас қызды көрдік. Студент екен. Әңгімеге тарттық. «Кітапты да, электронды нұсқаны да оқығанды ұнатамын. Бірақ екіншісінен көзім талып кетеді. Негізінен, Мұхтар Мағауиннің шығармаларын сүйіп оқимын. Көп кітабын оқыдым. Өкінішке қарай, дүкендерде кітаптары кездесе бермегендіктен, кітапханадан алып оқып жүрдім» дейді студент қыз.

Негізінде, Қазақстанда он екі мыңдай кітапхананың 5000-ға жуығы – мемлекеттік кітапхана. Ал, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың саны 2000-нан аспайды. Есептепқарасаңыз, 2000 кітапты ары-бері тартсаңыз да, кітапхана мен дүкендерге жеткізу мүмкін емес. Сондықтан олардың электронды нұсқалары kitap.kz, Әдебиет порталы секілді сайттарға шығады. Ізденушілердің көбі кітабы шықпаған шығармаларды осылайшағаламтордан оқуға мәжбүр. 

astana-akshamy.kz


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика