КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Халқымыз ежелден кісі есіміне ерекше мән берген. Зерттеуіне есімдерді арқау еткен ономаст-ғалым академик Телғожа Жанұзақов ағамыз бүгінде талай қазақ есімдерін жөнге салып, еңбегіне мемлекетімізден тиесілі сыйлықтарға ие болған ғалым. Атағы дардай болса да қарапайымдылығынан қол үзбеген ағамыз сұхбат беріп, өнегесімен бөлісуге келісім берді.

- Аға, оқырманға балалық шағыңыз қалай өткені жайлы ақпарат бере кетсеңіз?

- Мен 1927 жылы 15 шілдеде Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Отбасым қызметтегі кісілер болды. Әке-шешем темірдей тәртіп бергенімен, атамның қолында әжемнің бауырында еркелеп өстім. Атам кезінде ауыз әдебиетін жетік білетін, атап айтқанда, батырлар жырын, Шәкәрімнің поэмасын әңгіме етіп айтатын, өз талабымен әнші-күйші болған кісі-етін. Мұның бәрі менің жаныма жай қалдырмаса керек, ән-күйге аса бейім болдым. Мен де топтасқан ортаның серісі болдым. Өз ісіме өте ұқыпты болып өстім.

- Жалпы тілші мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

- Тілші болу бала күнгі қол жетпес арманым деп айтудан аулақпын. Бірақ ықыласым бар-тын.

Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде химия пәнін аса ыждағаттылықпен оқыдым. Соғыс жылдары 1943-1944 жылдары Шарман Батталова деген оқытушы дәрісті өте ұғынықты оқытты. Кейіннен мұғаліміміз химия пәнінің докторы, атақты Салық Зимановтың жары болып кетті. Ол кісі мені үнемі мақтап, химияға қызығушылығымды оятты. Алайда, тағдырдың жазбағаны болар, химик емес, тілші болдым. Жалилла Абдуллақызы атты сынып жетекшіміз де өте талапшыл болды. Міне, осындай талапшыл әрі өз істеріне адалдықпен берілген жандар менің оң жолмен жүруіме өз үлестерін қосты. Жоғары оқу орнына түсу бірден бола қоймады. Жағдайым болмай, қаражат жағынан қатты қиналдым. Алғашында 1944 жылы аудандық дайындау мекемесінде есепші болдым. 1947 жылы Абай атындағы пединститутқа оқуға түсуім тіл біліміне түпкілікті келуіме толық негіз болды. Алғашқы жыл жалпыға негізделгенімен, екінші курстан бастап сан есімдерді зерттеуге тапсырма алдым. Ал 3 курс бұл тақырыпты одан әрі жетілдіріп, түрік тілімен салыстыра зерттетті. Зерттеуім өте қызықты болды, қалалық түрлі ірілі-ұсақты дөңгелек үстел, үйірмелерге қатыстырды. Көп адамдармен пікірлес, дастархандас болдым. Университет оқытушысы Шамғали Кәрібаев студент шағымда мені мейрамханаға апарып, тамақтандыратыны осы күнге дейін есімде. Көңілі дархан кісі болатын. Бір күні мені кезекті түскі асқа барғанда сынағаны бар-тын. (күліп).

- Не ішесің? Арақ па, қысылмай ала бер- деді. Мен:

- Жо-жоқ аға, мен ішпейтін едім десем, «ұялма айналайын! Ал-ала ғой! деп әбден титыққа тірегені бар-тын.

Оқу орнын бітірген соң, Серік Қирабаев мені аспирантураға қалдырды. 

Аспиранттарды үнемі ел-жер аралатып, өз тақырыбын тереңнен зерттетуге мүмкіндік беретін еді. Мені де ол кезде атағы аспандап тұрған Ленинградқа жіберді. Ол кісінің ұсынған тақырыбы «Қазақ тіліндегі көп мағыналы сөздер» 1953 жылы қазақ тілінің 2 томдық шығармасын жасайтын болдық. Бөлім бастығы академик Ісмет Кеңесбаев еді. Ленинград, Москваға іс-сапарға орыс тілі мамандарынан тәжірибе алмасуға жіберді. Алғашқы кездесуім үлкен ғалым, зерттеулерімен таңдай қақтырып жүрген Сергей Малов болды. Ол кезде 25 жаста едім. Атақты орыс ғалымдарымен сөйлесіп, тақырыбымды талқыладық. Сергей Малов өте ауыр тақырып, ауыстырғаның жөн деп, ономастика саласын ұсынды. Ономастиканың антропонимикасын зерттеуді қолға алдырды. Ол кісі 75-те еді. 1,5 айдай кеңес берді, мағлұмат берді. Кітапханаға күнде барып, үлкен ғалымдармен кездестім. Академик Кононовпен кездестім. 12 қаңтарда диссертациялық кеңес болып, Баскаковпен кездесудің сәті түсті. Үлкен сарыдан келген, 65 жастағы кісі екен. С.Маловтың шәкірті екен. Іс-тәжірибелерін бөлісті. Ісмет Кеңесбаев маған жетекші болып, ономастикамен зерттеуді жалғастыра бердім. Мәулен Балақаевтың бөліміне келіп жұмыс берді. Маған Ісмет Кеңесбаев «Қазақ тілінің орфографиясын» дайындап жатыр екен. Соған қатысасың деген тапсырма берді.

1962 жылы Кеңесбаев екеуміз шығардық. Менің қосқан үлесім, қазақ тілінің орысша-қазақша сөздіктері, ономастика саласындағы еңбектерім. Абайдың сөздігін бастадық Ахмеди Ысқақов екеуміз. Одан кейін 10 томдық Қазақ тілі сөздігін жасадық. 1976 жылы докторлық диссертация қорғадым. Содан кейін ол жеке бөлім болып ашылып, осы бөлімнің бастығы болып тағайындалдым.

 

- Жалпы тіл білімінің кешегісі мен бүгінгісі жайлы не айтар едіңіз?

- Тіл білімінің кешегісінен бүгінгісіне дейін қарыштау бар. Оған куә І. Кеңесбаев, Сауранбаев, Балақаев, Аманжоловтардың осы салада жарық көрген еңбектері. Қазіргі уақытта өте дамыды деуге болады. Тіпті, ендігі кезде жастарға ғалым болуға көптеген мүмкіндіктер бар. Соғыстан кейін тоқырап қалды. 25 жыл болды. Өсу дәрежесі, авторитеті көтерілді. Тіл тарихы, ономастика, фонетика, грамматика салалары ілгері дами бастады. Тілдің ғаламдық бейнесі сияқты жаңа тақырыптар келе бастады. Семантика, тілдің дыбыстық жүйелері бір жүйеге түсе бастады.

 

- Өз қатарластарыңыздан кімді мықты лингвист деп атай аласыз?

- Алдыңғы қатарда 80 жастан асқан Әбдуәлі Қайдар, Рабиға Сыздық, Нақысбек, Ербол, Бабаш Әбілқасымов. Ал жастардан Құсайынов, Малбақов, Талғат, Жамал, Орынай, Айман, Қарлығаш, Ботагөзіміз бар. Бәрі жаңа бағытта зерттеп жатқан ғалымдар. Ғылымға ұмтылып жүрген ғалымдар.

 

- Мемлекеттік тілдің толыққанды жұмыс істемей отырғанына кім (не) кінәлі?

- Мемлекеттік тілдің толыққанды жұмыс атқармауына кінәлі деп ешкімді, ештеңені айта алмаймыз, бәрі тырысып жатыр. Осындай олқылықтарды жоғарыдағы билік бақылауға алып отыр деп ойлаймын. Елімізде бәрі орыс тілінде жүреді. Жөнді жоспар бағдарламалары жоқ мемлекет кінәлі. Министрліктер, парламент неге мемлекеттік тілде сөйлемейді? Украина өз тілінде сөйлеп отыр. Өзбек өз тілінде сөйлейді. Әзірше осылай болып жатқанын саясатқа тірейміз. Үкімет әлсіз. Олар қазақ тілін үйренуге құлықсыз. Орыс тілін халықаралық тіл болған соң, амал жоқ қолдап отыр. Өзімнің балаларым да кеңестік заманның ықпалымен орыстілді болып өсті. Орыс мектептерінде білім алды. Ал қазір немерелерім аздап сөйлейді. «Мен жинаған кітаптарыма еге болар жан жоқ» - деп кейде ұрсатын тұстарым бар. Білім саласы да сапасыз болып кетті. Мемлекеттік тілді заңмен күштемесе басым бола алмайды.

 

- Латын емлесіне көзқарасыңыз қандай?

- Қазіргі таңда жер жүзі бәрі глобализацияланып жатқанда халықаралық латын қаріпі дұрыс деген пікірдемін. Кейінгі шыққан технологиялардың, көбінесе латын емлесіне негізделгенінің өзі осы әріпті мемлекетіміздің таңдауына мәжбүр етіп отыр. Оның үстіне, көп ұлтты мемлекетпіз, өзге мемлекеттің үлгісімен жүретін елміз. Түріктер, өзбектер латын әріпіне өтіп жатса, бізге де оның тек оң ықпалы тиеді деген ниеттеміз. Өзім құрастырылған әліпбидің соңғы нұсқасымен таныс емеспін. Алайда, жаңа жаңалықтарға, көбінесе келісуге тырысамыз. Түбі бәрібір керек. Жер жүзінің барлығы жаһандануға бара жатыр ғой. Қазір көрші өзбектер мен түріктер сынақтан өткізіп тәуекелге барып жатса, біз неге қашқақтаймыз?

 

- Тілге жауап беретін ресми мекемелер өз міндеттерін толық атқарып отыр ма (Тіл комитеті, Тіл басқармалары, Тіл білімі институты)?

- Қазақ тілі қоғамы, меніңше, Тіл комитетінің жұмысы, мақсаты тілді дамыту емес. Ал Ы. Алтынсарин атындағы институт методикалар шығарумен айналысады. Тіл комитетінің жұмысы көңіл көншітерлік емес. Бұлардікі дерективный жұмыс. Оларға мемлекет қаржы бөледі. Олардың мақсаты бөлінген қаржыны игеру. Содан соң оқырманға қажетсіз қаншама еңбектерді шығарып жатады. Бақылау жоқ. Тілді үйретеміз дегендерімен де, үйрете алмайды. Жұмыстары жөнді алға қойылмаған.

Меніңше, олардың мақсаты методика, тілді дамыту емес, оларға ақша береді. Олар қажетсіз әдебиеттерді шығарады. Олардың жұмыстарының характері басқаша. Ал оны олар түсінбейді.

 

- Ескі жүйе бойынша қорғатқан дұрыс па?

- Жоқ, ескі жүйенің кемшіліктері көп болды. Ал қазіргі Phd. деп айтып жүргеніміз тіпті сорақы. Орыс ғалымдарының еңбектерін аударып диссертация қорғаған талай сапасыз ғалымдар өріп жүр. Бірақ ғылым тұралап тұр ғой. Енді бір есте ұстайтын мәселе бар. Алматыдағы еңселі оқу ордалары секілді бізге де магистратура берілуі керек. Бұл жерде отырған ғалымдар шәкірт тәрбиелей ме, әлде отырған компьютерлерінің тасасында қалып қоя ма деген үлкен сұрақ мазалайды. Бізде бұрын ғылымға келетін адамдар көп еді, ал қазір тіл біліміне келетін адамдар саны азайып кетті. А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлеріне ғылымға қарай жол ашылып, шәкірт тәрбиелеулері керек.

- Әңгімеңізге рахмет!


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика