КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мемлекеттік тілдің ахуалына байланысты сұхбатымызды Атырау облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Қайненов Қилымғали Қайненұлының сөзімен жалғастырамыз.

Сұхбат беруші жайында

Қайненов Қилымғали Қайненұлы 1952 жылы 15 наурызда Атырау облысы Исатай ауданы Манаш ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын 1973 жылы бітірді. Мамандығы – математика пәнінің мұғалімі. 
Еңбек жолын Маңғышлақ облысы №549 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі ретінде бастады. 1987-2012 жылдар аралығында түрлі қызметтер атқарған. 2012 жылдың мамырынан бастап Атырау облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы.
«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 10 жыл» медальдарымен марапатталды. (мәліметтер http://atyrau.gov.kz/til/ сілтемесінен алынды)

1. Мемлекеттік тілді дамытуға орталық бюджеттен Тіл комитеті арқылы және жергілікті бюджеттен Тіл басқармалары арқылы миллиондаған қаржы бөлінеді. Солар қайда жұмсалып жатыр? Нәтижесі қоғамда неге көрінбейді?

- Тіл саясатын республикада жүзеге асыратын арнайы мемлекеттік орган – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті, ал облыстарда Тілдерді дамыту жөніндегі басқармалар. Тіл басқармаларының қызметі облыстық бюджеттен қаржыландырылады.
Бөлінген қаржының есебі бар. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, сол шаралар рет-ретімен, кезең-кезеңімен іске асырылып жұмсалады. Қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалап отырған құзырлы органдар бар.
Тіл - тонналап өндіре салатын мұнай немесе тұрғыза қоятын құрылыс, жол емес. Тіл – саясат. Оның нәтижесі күрделірек. Халықты, елді насихаттау, үгіттеу, санасына сіңіру арқылы жасалатын жұмыс. Өткізіліп жатқан фестиваль, байқаулар, конференциялар, семинарлар, басқа да шаралар осыған бағытталған. 
Жергілікті бюджет есебінен екінші жыл қатарынан азаматтарды мемлекеттік тілге ақысыз оқыту курстары жұмыс жасауда. 
Өткен жылы тоғыз жүздің үстінде адам оқып шықты. Басым көпшілігі – өзге этностар өкілдері. Биыл жыл аяғына дейін 700 тыңдаушыны қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Осы курстарда мүлдем қазақша білмейтіндер қазақтың әліпбиін үйреніп, аз-маз білетіндер тіл білігін жетілдіріп, басқалары тереңдетіп оқуда. 
Ең басты көрсеткіш – халықтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі өңірде жоғары. Өткізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысына сүйенсек, халықтың 97 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген деген мәлімет алынды. 

2. Осыдан жиырма жыл бұрын жасалған мемлекеттік тілді дамытудың құқықтық базасы ескірді. Өйткені, қазір қоғамда ол заңдарды қабылдаған кездегіден демографиялық жағдай өзгерді, экономикалық-әлеуметтік жағдай да басқа.Осыған байланысты мемлекеттік тіл туралы жаңа заңның қабылдануына не кедергі?
- Мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау туралы мәселенің көтеріліп жүргеніне біраз болды. Өз тарапымыздан орталық атқарушы органдарға жаңа заң жобасына қатысты ұсыныстар жолданды. Жалпы, бұл Парламенттің құзырындағы мәселе, оң шешімін табады деген сенімдеміз.

3. Мемлекеттік тілді дамыту үшін құрылған ресми мекемелердің арасында (Тіл комитеті, Облыстық тіл басқармасы, Тіл білімі институты және т.б.) неге байланыс, ортақ бағдарлама, стратегиялық жоспарлар жоқ? Олардың жұмысын кім үйлестіруі тиіс?
- Облыс деңгейінде мұндай проблема жоқ. Тіл саясатын, «Тіл туралы» Заңды жүзеге асыруға бағытталған бағдарламалық құжат - 2011 жылғы 29 маусымдағы Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
Бағдарлама негізінде Үкіметтің 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданып, соған орай облыс әкімдігінің 2011 жылғы 26 тамыздағы №248 қаулысымен Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Атырау облысының 2011–2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, іске асырылуда.
Аталмыш жоспар тек басқару жүйесін ғана емес, қоғамдық қатынастардың басқа да салаларын қамтып, облыстық Тіл басқармасы білім-тәрбие беру мекемелерімен, соның ішінде болашақ тіл мамандарын дайындайтын жоғары оқу орны – жергілікті университетпен, оның филолог ғалымдарымен, қоғамдық ұйымдармен, шаруашылық субъектілерімен қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Ал, республикалық құрылым – Тіл комитетімен, облыстың қала, аудандарындағы тіл бөлімдерімен бірлескен жұмыс тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. 

4. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жергілікті әкімдіктерден бөлінетін қаржыдан бөлек іргелі зерттеулер жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі арқылы Тіл білімі институтына және жоғары оқу орындарының қазақ тілі кафедрасына жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді. Олардың қайтарымы неге көрінбейді?
- Өзге тілдік құрылымдарға бөлінетін қаржыны санамалау басқарманың құзіретіне жатпайды. Облыстық деңгейдегі әлеуметтік зерттеулер басқарманың Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген индикаторларға қол жету деңгейін анықтау үшін өткізіліп келеді. Оның кейбір нәтижелері туралы жоғарыда айтылып кетті. 

5. Мемлекеттік тіл мемлекет тарапынан құқықтық, қаржылық және насихаттау жағынан нақты қолдауға ие болуы керек. Тіліміздің тұғырға қонуына не кедергі, аталған үш тетіктің қайсысы толық нәтиже бермей отыр? Жалпы бізде жоспарланған тіл саясаты бар ма, оның орындалу механизмдері жолға қойылған ба?
- Жоғарыда көрсетілген, 2011 жылғы 29 маусымдағы Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бұл мәселелер қамтылған деп есептейміз.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика