THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
"Айтватрм", "жазватрм" – әлеуметтік желідегі қазақ тілінің сиқы осы
Авторы: MTDI
19/05/2017 09:57 0 46623 0
Бүгінде әлеуметтік желіні күнделікті өмірінде пайдаланбайтын адам кемде-кем. Әсіресе, жас толқын өкілдері түгелдей дерлік осы бір жіпсіз желіге көрінбей ноқталанғанын ешкім жоққа шығармаса керек. Аман-сәлемді агенттен бастап, әңгіме пісіруді фейсбукте жалғастыратынымыз өз алдына, вацап, твиттер арқылы видео, фото лақтырып әуреге түсіп жатамыз. Былай қарасаң, қызықтың қызығы екеніне талас жоқ. Күнделікті өмірдегі маңызды, қоғамдық ортада пкірталас тудыратын оқиғаларға қатысты өз ойыңды ашық білдіруге әлеуметтік желілердің пайдасы тиіп-ақ тұр. Алысты жақын ететін, белгілі адамдарды бұрынғыдан да жақсы біле түсуге оның көмегі зор. Бірақ, осы бір әлеуметтік желінің әуресі уақытымызды білдіртпей ұрлайтын қас жауымыз екенін де естен шығаруға болмайды.
Рас, бұл жөнінде аз талқыланып жатқан жоқ. Ал маған таяуда ой салған – бір танысымының сөзі. Әлеуметтік желінің артықшылықтары, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызуға келгенде» желден де жылдам желілерге жетер ештеңе жоқтығын айтып едім.
– Солайы солай ғой, – деді Берікхан. – Бірақ, қазір өз басым бір айдан бері, не агент, не фейсбук, ешқайсына кірмеймін. Өйткені, оның ағайын арасын суытып жіберетін әсері барын да байқадым. Мысалы, бұрын алыстағы туыстарымызды той-томалақта көргенде қалай қуанып, мәре-сәре болатын едік. Айтар әңгімеміз де таусылмайтын, бұған дейін білмеген қызықтарды бөлісіп, шұрқырасып жататынбыз. Ал қазір ше? Әлеуметтік желіден фотосын көріп отырып жиі сөйлескендіктен бе, бетпе-бет көргенде ешқандай да қуана алмаймын. Семейде тұратын іні-қарындасым, не әпке-жездем Астанаға жолы түсіп кездессек те маған бәрібір. Күнде көріп жүрген танысым секілді. Әрі соңғы уақыттардағы жаңалықтарымен бөлісіп қойғаннан кейін туысымның үйіме келіп қонып жатқанына пәлендей назар аудармаймын.Одан гөрі өз өмірімдегі ертеңгі болатын мәселелер маңызды. Әрі агент арқылы көп нәрсені талқылап қойғандықтан ба, онымен әңгімелесу де аса қызықтыра қоймайды. Әлеуметтік желінің осындай әсері күн сайын білініп бара жатқаннан кейін қазір байланыс түрлерін айтарлықтай пайдаланбаймын.
Иә, сеніңіз, сенбеңіз, келісіңіз, келіспеңіз Берікхан осылай дейді.
Соңғы уақыттары агенттегі диалогтардың адамның сөйлеу мәнеріне де, сауатты түрде жазуға да кері әсерін тигізетіндігі туралы айтып жүргендер де бар. Бұл да күн тәртібінде тұрған шындық. Сөзді қысқартып жаза салу өз алдына «айтватырм», «жазватырм» деген «жаргондар» пайда болды. «Жақсы, жарайдының» орнына «ок» деген түсінікті әрі қысқа екені рас, бірақ, алғыс айтуға келгенде «раха» дей салатындар шыққанын көргенде не деріңді білмей дағдарасың.
Дегенмен, әлеуметтік желінің зиянынан басқа пайдасы жоқ деп біржақты пікір айту, ағаттық, әрине. Жылдам ақпарат алуда, білгің келген нәрсені тез анықтауда, жұмыс барысындағы қолданыста оның қажеттілігі өте-мөте білініп тұр.
Рауан Амантайұлы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы:
– Қазір қай жерде болсын, интернет игіліктерін ел жаппай көріп жатыр. Ақпараттық технологиямен тіршілігіміз біте қайнасып кеткендіктен одан бейтарап өмір сүру мүмкін емес.Мысалы, жеке өміріңде болған қандай да бір қызықта, тіпті, тойда түскен суреттеріңді фейсбукте жарияласаңыз қаншама адамдардың жақсы тілегіне кенелесіз.Әрі өзің де өміріңде орны бар адамдардың жаңалықтарын бөлісіп, біріне жұбату сөз айтсаң, екіншісіне әзілмен болсын ойыңды жеткізіп отырасың. Сондықтан әлеуметтік желінің жақын адамдар арасын алыстатады дегеніне келісе алмаймын. Қайта ол қоғамдағы айтулы құбылыстардың әсерін сырттай бақылап отыруда таптырмайтын құрал. Сондықтан оны өз тиімділігімізге қарай пайдалан білуіміз керек.
Түйін: Бүгінде интернет қызметін қазақстандықтардың 62 пайызы пайдаланады екен. Бұл, айтарлықтай белсенді көрсеткіш емес, әрине. Психологтардың мәліметіне сүйенсек, компьютердің алдында күн ұзақ жұмыс жасайтын адамдардың 10-14%-ы ғаламторға тәуелді.
Тоқетерін айтқанда, медальдің екі жағы болытыны сияқты, әлеуметтік желіні пайдаланудың да оң-терісі бар. Ең бастысы – жақыныңызбен арадағы байланыстыа шынайылықты сақтау.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Астана қаласы.
alashainasy.kz
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ