КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ағымдағы мемлекеттік саясаттың ең осал тұстарының бірі – ономастика саясаты екені баршаға аян. Қоғамның әралуандылығы, ел аймақтарындағы этнодемографиялық жағдайдың біркелкі еместігі, айналып келгенде, унитарлы мемлекетке сай баршаға бірдей ортақ саясат жүргізуге орасан зор кедергі тудырып отыр. Қоғамның қазақтілді және орыстілді болып бөлінуі, көпшілік мойындаған ортақ саяси және тарихи сананың жоқтығы көше мен елді мекен атауларына қатысты айтыстарды этносаралық жанжал дәрежесіне жеткізетіндей. Қазақ көпшілігі үшін көше атауы – тарихи әділеттіліктің орнауы, отарсызданудың, қазақыланудың көрнекі образы мен басты нышаны болса, орыс азшылығы үшін – әрбір өзгерген көше атауы статусының төмендеуі, берекесінің қашып, дәуренінің өткені болып көрінетін болды. Бұл жағдай баспасөз бен интернетте неше түрлі дау-дамайға негіз болып жатады. Қысқасы, бітіспес дау сияқты...
Шындап келетін болсақ, ономастика саясаты – кез келген отарлық қалыптан шыққан, тәуелсіздігіне қол жеткізген, кешегісімен қош айтқысы келген әрбір ұлттың өзекті мәселесі. Қарапайым ғана мысал: дәл осы қазір теріскейдегі кез келген қаладағы көше атауы мен маңдайшаларын алып тастайықшы. Бұл қаланың ұлттық болмысы туралы не деуге болады? Оның ішкі Ресейдегі қалалардан айырмашылығы қандай болмақ? Кезінде қазақы еш иісі жоқ, алдымен патша, соңынан Совет өкіметі бекіткен стандартты архитектурадан не сұрайсыз? Сондай қалада тұратын немесе қонақтаған қазақ өзін қалай сезінуі керек? Мойындау қажет, кез келген елді мекенді қазақыландыратын екі ғана көрнекі көрсеткіш бар: бірі – қазақ саны, екіншісі – көше атауы, маңдайшалар мен мемлекеттік тілдегі жарнама. Ұлттық нақышы бар архитектура, қазақ этнодизайн мектебі қалыптасып, өмірге аяқ басқанша жағдай осы. 
Осыны түсінген қазақ жұртшылығы, ұлт белсенділері 1990 жылдардың басында аса белсенді тіршілік жасады. Егемендік алғаннан бері елімізде бірнеше облыс, қала, 1300 ауылдың, 8000 көшенің аты мен атауы ұлттық бағытта өзгерген. Қазақты қазақ қылған, атын шығарған, қазақтың мақтаны мен айбары болып табылатын тұлғалардың есімдері көшелерге беріле бастады. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі саналатын Алматы шаһарында азғантай ғана уақыт ішінде 158 көшенің аты өзгертіліп, 458 көшеге жаңадан атау берілді. Басқа да өңірлерде, әсіресе қазақ қалың отырған аймақтарда бұл үрдіс асқан белсенділікпен жүзеге асты. Есесіне солтүстік, орталық, шығыс аймақтардағы жағдай 25 жыл ішінде аса қатты өзгере қойған жоқ. Көлеңкесінен қорыққан атқарушы билік мәселені шешудің орнына республика дәрежесінде мораторий жариялап, ономастика саясатын қол-аяғынан байлап-матап тастады. Саны да, сапасы да артып келе жатқан қазақ көпшілігінің наразылығын тудыратын осы бір солақай үдерістің жалғасып келе жатқанына 10 жылдай болып қалды. Алайда мораториймен мәселе шешіле ме? Ерте ме, кеш пе, бәрібір осы мәселелерді қарастыратынымыз анық емес пе?
Олай болатын болса, еліміздегі ономастика саясатын республикалық дәрежеде қайта қарап, оны бір ізге салатын кез келген сияқты. Ол үшін кем дегенде төмендегідей бағыттарға басымдық беріп, мораторий уақыты аяқталғанға дейін жаңа ономастикалық саясат негіздерін қайта жасап шығу ауадай қажет.

1. Ономастика саясатын заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету.
Жаңа заңнамада елімізде жүргізіліп жатқан ономастикалық саясаттың негізгі идеологиялық мақсаты мен миссиясын бұқпаламай, ашық-айқын көрсету керек. Ономастикалық саясат қаланы көркемдеу немесе біреуге ұнау үшін жасалмайды. Оның мақсаты бір – тарихи әділеттілікті орнату, қазақ қоғамы мен мемлекетін отарсыздандыру. 
Қала, ауыл, көше атаулары сонда тұрып жатқан халықтың ғана шаруасы емес. Оларды өзгерту үшін референдум жасап, жөн-жосықсыз қоғамдық тыңдау өткізу шенеуніктік саботаж, яғни отарсыздану саясатына балта шабу болып табылады. Қала да, көше де айналып келгенде мемлекеттікі, оны ешкімнің меншіктеп алуына құқы жоқ. Әрине, барынша қоғамның пікірін ескеру де қажет, бірақ сол қоғамдық пікірді дайындау, қоғаммен жұмыс жасау атқарушы биліктің басты жұмысының бірі. Бар мәселені атқарушы билік пен жергілікті мәслихат қана шешуі тиіс. Егер жергілікті атқару органдарына көше атауларын өзгерту керек деген тапсырыс түсіп жатса, ал олар оны қойыртпаққа салса, екінің бірі деу керек: яки осы билік атаудың өзгеруіне қарсы, яки қолынан ештеңе де келмейді. Ондай әкімқаралардың қоғамға да, мемлекетке де қажеті шамалы. 
Республикалық дәрежеде қойылар басты межелердің бірі – Петропавл, Павлодар, Өскемен сияқты қалалардың атын ауыстыруға қатысты. Заңда және оны іске асырушы үкіметтік құжаттарда осы қалалардың атын өзгерту тәртібі мен нақты уақыты белгіленуі керек. Демографиялық үдерістерге салатын болсақ, бұл жұмыстар әрі кеткенде 2030 жылға дейін толық аяқталуы тиіс. Осыған сай әрбір аты өзгеруі тиіс қала бойынша арнайы қоғамдық штабтар құрылып, халықпен жұмыс жасау, тиісті қоғамдық пікірді қалыптастыру жұмысы басталуы абзал. Қажет кезде жергілікті қазақ тартысып, он жікке бөлініп, кертартпалыққа салынбайтындай жұмыс жасалуы керек.

2. Ономастика саясаты туралы кешенді мемлекеттік тұжырымдама қабылдануы керек. 
Еліміздегі осы кезге дейін ономастикалық саясаттың құлдырап, әлсіреуінің басты себептерінің бірі – баршаға ортақ, тарихи негізі мен астары айқындалған мемлекеттік тұжырымдаманың жоқтығы. Осы себепті де жер-жерде рушылдық пен жершілдікке жол беріліп, көше атауларын әкімдердің туыстары мен қалталылар иемденіп кетті. Есесіне лайықты тарихи тұлғалардың есімдерін көптеген қаладан таба алмайтын жағдайға жеттік. Мұндай келеңсіз жайттар, айналып келгенде, ономастика саясатын құбыжықтандырып, теріс пікірде жүрген мораторийшілерге жақсы сылтау болды. 
Ономастика – тарихи сананы қалыптастырып, оны бірегейлендіретін саяси құрал. Көше атауы – елдің идеологиясын, тарихи бағытын, арман-мұратын айқындайтын дүние. Сондықтан жаңа тұжырымдамада әрбір қала, ауыл көшелеріне болуға міндетті ұлы тұлғалардың тізімі айқындалуы керек. Мысалы, қазақ хандары, Абай, Махамбет, Құрманғазы, Алаш арыстары деген сияқты. Бұлар қашанда қаланың орталығындағы басты көшелерге берілетін есім болуы керек. Екінші кезекте – әрбір қалада болуға лайықты 300-400 тарихи тұлғаның аты мен еңбегі туралы айтылуы керек. Осы қатарда қазаққа еңбегі сіңген шетелдік тұлғалардың, қазақты зерттеген шетелдік ғалымдардың тізімі де енуі керек. Бұлардың есімдері ірі көшелерге берілгені дұрыс. Қаланың шетіндегі, мола жанындағы 10 үйден құралатын көшелерге бұл тұлғалардың есімін беру – ұлтты қорлау! Есімі жаңадан беріліп жатқан көшелерге әрбір тарихи тұлға туралы түсініктеме беретін көрнекі құралдар, әлеуметтік жарнама қондырғылары тұрғызылуы тиіс.
Ономастика – елді тұтастырушы, біріктіруші құрал. Әрбір қалада Магадан, Архангельск деген сияқты кешегі империядан қалған көшелер бар. Олардың орнына әрбір қаламызда Қазақстанның 15 облыс орталығының, тарихи қалалардың атындағы көшелер болуы керек. Болашақта аймақаралық көмек, қатынас саясаты арасында әрбір облыс өз атындағы көшелерге көмек көрсетсе, сол көшеге әр облыстың қасиетті-қастерлі, табиғи-тарихи ескерткіштерінің суреттерін орнатса қандай керемет болар еді!
Осының негізінде әрбір облыста аймақтық тұжырымдамалар қабылдануы тиіс. Онда қаладағы көше саны, атауы өзгеруі тиіс көшелер тізімі, оларды өзгерту мерзімі айқын айтылуы керек. Сонымен қатар әрбір көшеге лайықты тұлғалар тізімінің жобасы қоса берілуі тиіс. Әрбір көше бойынша қажетті қаражат пен шығын саны да ашық болғаны абзал. Кейбір кезде көше атауларын өзгерту үшін жергілікті бизнес, ірі кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін пайдалану да үрдіске айналып, мемлекеттік-жекеменшік қарым-қатынастың бір түріне айналса да жаман болмас еді.

3. Ономастика – еріккеннің ермегі емес, ғылыми негізі бар саясат.
Қазақстанда қанша көше бар? Бұл сұраққа дәл қазір ешкім жауап бере алмайтын сияқты. Тиісті меморгандардың сайттарында ешқандай тұшымды, шынайы ақпарат жоқ. Көптеген ақпараттар жергілікті билік органдарының ғана еншісінде, жабық, қызметтік тұтыну үшін ғана жасақталады. Мұнымыз дұрыс емес. Егер ономастика мемлекеттік саясат дейтін болсақ, оның нақты көрсеткіштері, ғылыми негіздері болуы тиіс. Сонда ғана нақты меже қойып, нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. 
Алдағы уақытта белгілі бір сайтта еліміздегі әрбір қала, елді мекендегі көше саны, олардың атауларының тарихы, соларға қатысты жоспарлар туралы ақпаратты жинастыруымыз міндет. Егер империялық, советтік көше атауларын өзгертуді отарсыздану индикаторы деп ұғынатын болсақ, Қазақстанның қалалары, облыс орталықтары қанша пайыз отарсызданды деуге болады? Алысқа бармай-ақ қоялық, 2000-нан астам көшесі бар Алматы қаласының өзінде 50-60 пайыз көше есімдері еш өзгермеген. Қаланың солтүстігі жағына бара қалсаңыз, Қазақстанда емес, құдды Ресейде жүргендей әсер аласың. Атауы қайталанатын, тіпті атауы жоқ жүздеген көше де бар. 
Ең сорақы, масқара дерек мынадай: елімізде 352 көше әлі күнге дейін Ленин есімін иеленуде. Сонымен қатар 372 Октябрь, 267 Совет көшелері бой түзеп, жұрт санасын улап жатыр. Ресми деректерге сенсек, Қостанайдағы көшелердің 15 пайызы, Қызылжардың – 12 пайызы, Өскеменнің – 18 пайызы ғана қазақшаланған. Мұндай жағдай, шынын айталық, қазақшылығымызға сын.
Осы арада, шынын айту керек, өзге түгіл, өз қандастарымыздың біразы «өткенге салауат, бұрынғы аты қалса қала берсін, тарих қой» дегенді айтып, бүлдіретіні бар. Бұған Израильдің тұңғыш президенті Бен-Гурионның сөздерін келтіруге әбден болатын сияқты. Израиль мемлекеті құрылып жатқан кезде біраз жұрт «қаланың, көшелердің арабша тарихқа енген, көпшілік білетін атаулары бар, соларды сақтаған жөн» дегендей уәж айтыпты. Сонда ел президенті: «Егер біз ең болмаса бір ауылдың арабша атын қалдыратын болсақ, онда біз арабтардың саяси және рухани үстемдігін мойындаған боламыз», – деген екен. Егер тарихты сыйлағыш, құрметтегіш болса, орыстың қара шекпенділері, кейіннен қызылдың шолақ белсенділері елдегі қазақ атауларын неге сақтамады? Елімізде, жерімізде атаусыз мекен, қала, көл-су, тау мен орман болмаған. Бәрінің де іздесе тарихи атауы бар. Сол атауларды қалпына келтіру, олардың тарихын зерттеу, білу, насихаттау мемлекеттік «Туған жер» бағдарламасының өзегі болуы тиіс.

***
Ономастика саясатын іске асыру үшін атқарушы билік ең алдымен қазақ зиялыларына, ғалымдарына, ұлтшыл белсенділерге арқа сүйеуі керек. Мораторий мерзімі аяқталған бойда әрбір жерде қоғамдық штабтар жасақталып, олар 1990 жылдардың басындағыдай белсенділік пен ауызбіршіліктің үлгісіне айналуы тиіс. Олай болмаса, межелеген мақсатқа 2030 жыл түгіл, 2050 жылы да жете алмасымыз анық. Ұлттық мемлекет құру мен шынайы тәуелсіздік үшін күрестің екінші кезеңі билік пен қоғамның кешенді мәселелер бойынша өзара түсіністігі, ымыра мен іскерлігін талап етеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген дана халқымыз.

Жас Алаш

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика