THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
АРАЛАС МЕКТЕП: ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛАЙ ОҚЫТАДЫ?
Авторы: Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ, «Ana tili»
10/05/2024 12:34 0 6307 0
Соңғы деректерге көз жүгіртсек,
елімізде 7 863 мектеп бар, оның 4 059-ы қазақ тілінде, 1 149-ы
орыс тілінде оқытса, білім ордасының 2 655-і аралас мектеп. Астанада қазақ
мектептері – 35, орыс мектебі – 3, аралас мектеп саны – 60. Ал
Алматы қаласында барлығы 215 мектеп бар. 77 мектеп – қазақ тілінде, 57 мектеп
орыс тілінде оқытса, 78 аралас мектеп бар.
Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Бұл жобаның аяқталуына да бір
жылдың жүзі қалды. Осы мемлекеттік бағдарламаның «Қазақ тілінде ана тілі
ретінде сөйлейтіндердің үлесі» деген бөлімінде 2009 жылғы жүргізілген халық
санағы бойынша қазақ тілін ана тілім деп танитындардың үлесі, халықтың жалпы
санына шаққанда, 62,4 пайызды көрсетсе, 2018 жылғы статистикалық деректер қазақ
тілін ана тілі ретінде көрсеткен қазақтардың үлесі 95 % екенін анықтады деп
жазылған. Бұл мемлекеттік бағдарламада «Жастар арасында кітап оқу мәдениеті,
ауызша сөйлеу сауаттылығы, тілдің лексика-фразеологиялық бейнелі сөздерін, этномаркерлі
лексикалық қорды білу және қолдану деңгейі төмендеуі байқалады. Осыған
байланысты қазақ тілінің ғылыми және пәндік курсының мазмұнын орфоэпия,
фразеология, лингвомәдениеттану, стилистика, тіл мен сөз мәдениеті бойынша
жаңа білімдер жүйесімен байыту керек» деген мәселенің де көтерілгенін
байқаймыз.
Ал біз орыс мектептердегі қазақ
тілін оқыту бағдарламасымен танысып, көтерілген мәселенің шешімін табу
мақсатында орыс, аралас мектептерде сабақ беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімдерін, бүгінгі қазақ тілінің кіл мықты мамандарын, тіл жанашырларын
әңгімеге тарттық.
Қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі керек пе?
Мемлекеттік тілді дамыту
институтының директоры, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек тіл саясатына
жауап беретін құрылымдарда вертикальдың жоқ екенін алға тартады.
«Қазақ тілі өз мемлекетінде, яғни Қазақстанда еркін
тыныстауға тиіс. Тіл саясаты мемлекеттік тіл ретінде қазақ тіліне басты назар
аударуы керек. Республиканың Тіл комитеті, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының
және барлық облыстағы Тіл басқармалары мен орталықтарының арасында вертикаль
байланыс әлсіз. Мәселен, дардай Алматыда тілге жауап беретін басқарма жоқ,
жабылған. Кейбір өңірлерде тіл басқармалары білім, ішкі саясат, мәдениет және
басқа басқармаларға біріктірілген. Қарап отырсаңыз, осы жердің өзінде де
жүйесіздік орын алып отыр. Жарайды, шенеуніктерді қысқартайық дегенге
келісейік. Бірақ әр облыста тілге жауапты басқарманы жетім баладай ойына келген
құрылымға теліп беруге бола ма? Алматы қаласында оны әкімнің аппаратына қосып
қойған. Тіл дегеніміз үлкен ұғым ғой. Ол мәдениет пен білімнен де үлкен. Тіл
комитеті Ғылым және жоғары білім министрлігінің ішіне кірді ғой, енді
әкімдіктердегі басқармалардың да Тіл және білім басқармасы болуына не кедергі?
Басқармалар тілді дамытуға арналған қаржыны жергілікті әкімдіктерден
алатындықтан, өздерінің бөлек бағдарламалары, өткізілетін іс-шаралары,
шығаратын кітаптары бар. Үйлестірілмегендіктен, әр облыс жеке-жеке өз
беттерінше әрекет етеді. Мәселен, Ақтөбеде жасалған оқу құралын Қарағанды қайта
шығарып жатуы мүмкін. Сондықтан олар мемлекеттік сатып алуға қойылатын
қызметтер мен тауарлар бойынша Тіл комитетінде бас қосып, ақылдасып, сол жерде
жұмысын үйлестіріп отырғаны абзал. Екіншіден, Үкіметтің тілге қатысты саясатының
босаңдығынан мемлекеттік тілді дамыту бағдарламалары орындалмай қалды. Егер
«Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдана қалса, басқа заңдардың баптары
соның талаптарына сай өзгертілуге тиіс. Мәселен, «Мемлекеттік қызмет туралы»
заң мен «Білім туралы» заңға азғантай түзетулер мен толықтырулар енгізілсе,
тіліміз отыз емес, екі-ақ жылда қанатын кеңінен жаятын еді», – дейді ол.
Бижомарт Қапалбек бүгінгі қазақ мектебі туралы әр деңгейлі
оқытудың мақсаты белгіленіп, деңгейлік бағдарламасы әзірленуі қажеттігін, сол
сияқты құқықтық талаптардың белгіленуі де маңызды екеніне назар аударады.
«Қазір мектепте функционалды
білім, функционалды сауаттылық деген ұғымды жиі айтамыз. Ол не? Ол – оқушының
келешегіне жарамды, былайғы өміріне қолдана алатын білім. Ақаң оны жалпыға
бірдей тегіс керек білім дейді. Мектептегі қазақ тілі пәні – нағыз сондай
пән. Бүгінгі тілмен айтқанда, нағыз функционалды сауаттылыққа үйрететін пән.
Бұл өмірде жазбайтын, сөйлемейтін адам жоқ. Тілші, әдебиетші, журналист қана
жазбайды – бәріміз жазамыз, бәріміз сөйлейміз. Әрине, мектептегі барлық
пәндер баланың болашағына керек білімді үйретуге бағытталған ғой. Функционалды
сауаттылық дегеніміз – осы. Бірақ жұрттың бәріне тегіс керек білімді тек
қазақ тілі ғана үйретеді. Барлық оқушының физик, химик, математик болуы
екіталай, ішінара ғана болады. Бірақ сөйлемейтін физик, жазбайтын математик
болмайды. Сол дағдыны тегіс үйрететін пән – қазақ тілі.
Біз осы мысалды алға тартып
жоғарыға хат жаздық және бұл мәселені жоба аясында зерттеп жатырмыз. Жобамыз
«Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді деңгейлеп оқытудың жүйесі» деп
аталады. Зерттеудегі нәтижелеріміз: қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде
балабақшада, бастауыш, орта және жоғарғы мектепте оқытудың біртұтас жүйесі
жасалуы керек; оқытып жатырмыз, сағат та бөлінген, бірақ нәтиже жоқ. Әр
деңгейді оқытудың мақсаты белгіленіп, деңгейлік бағдарламасы әзірленуге тиіс,
құқықтық талаптары белгіленуі керек. Жоба барысында Қазақстан Республикасында
қазақ тілін оқытудың қолданыстағы жүйесін талдау, әр деңгейге арнап жасалған
бағдарламаларды сараптау, қазақ тілі оқытушыларына арналған нұсқаулықтар мен
әдістемелік құралдар әзірлеп шығару, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білуді
анықтаудың деңгейлік тестілік жүйесін жасап, мемлекеттік тілді білудің құқықтық
талаптарын әзірлеп, ұсынуды мақсат етіп отырмыз. Әзірге қолдан келері –
сол. Зерттеу Қазақстан Республикасында қазақ тілін оқыту жүйесінің
кемшіліктерін анықтауға және оны шешу жолдарын ұсынуға бағытталып отыр. Мұның
да нәтижесін қоғамға таныстырып отырмақпыз», – дейді.
Алматы қаласындағы жалпы білім
беретін №11 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсара
Есембекқызы орыстілді мектептердегі қазақ тілін оқыту бағдарламасы туралы
сұрағымызға бүкпесіз, нақты жауап беріп, ұсынысын да айтты.
«Бала үй ішінде қазақ тілінде
сөйлемегендіктен, орыс және аралас мектептердегі қазақ тілінің оқыту деңгейі
төмен болып тұр. Бұрындары 5-сыныптан жоғарыға қарай аптасына 5 күн бойы қазақ
тілі мен әдебиеті пәні оқытылатын еді, қазір 1–2-сыныпта аптасына 2 сағаттан,
3–4-сыныптарда 4 сағаттан, 10–11-сыныптарда 3 сағаттан оқытылатындай етіп
қойды. Орыстілді, аралас мектептерде қазақ тілін оқыту деңгейі төмен. Мектептің
жанынан үйірмелер ашылса, ол үйірме қазақ тілінде жүргізілсе, домбыра сыныптары
көптеп ашылса, әр сыныпта аптасына 2 рет домбыра сабағын факультатив ретінде
емес, арнайы пән ретінде енгізілсе, жақсы болар еді. Ол үйірмелер басшылық
тарапынан қадағаланып, есебін алып отыратын адам болса, бір сыныпқа жететіндей
30–40 дана сапалы домбыра таратылса, жақсы болар еді», – дейді жанашыр
мұғалім.
«Орыстілді балаларға арналған қазақ тілін оқыту әдістемесі қандай отандық
ғалымдардың еңбегіне сүйеніп жасалған?» деген сұрағымызға ұстаз былай жауап
қайтарды:
«4 бастауыш сыныпты алып шықтым. 4-сыныптан 5-сыныпқа ауысқан
кезде бала түгілі, өзім қатты қиналдым. Өйткені бастауыш сыныптағы қазақ тілі
оқулығы мен 5–11-сыныптар арасындағы қазақ тілі оқулығының арасында ешқандай
байланыс жоқ. Неге бұлай деп таңғалдым, кейін барып түсіндім. Бастауыш
сыныптарға арналған және жоғары сыныптарға арналған оқулықтардың авторы екі
бөлек болады екен. 1–4-сыныптар арасында қазақ тілі оқулығы жеңіл, балаға
түсінікті тілде құрастырылған. Ал 5-сыныптан жоғары сыныптарда қатты қиындатып
жіберген: көлемді мәтіндер, күрделі әдеби сөздер».
«Сабақта қазақ тілін оқытқанда қандай ойын әдістерін қолданасыздар? Бәлкім,
балалардың ынтасын ояту үшін қандай да бір әдістемеңіз бар шығар?» деген
сауалымызға мұғалім:
– «Қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қоса, музыка пәнінің де мұғалімімін. Бір
жақсысы, мектептерде айтатын әндердің түгелге жуығының орысша да, қазақша да
нұсқасы бар. Қазақша әндерді буын-буынға бөліп, әндетіп тұрып үйретеміз.
Орыстілді оқушылар әнді айту арқылы да қазақ тіліне жақсы төселеді. Қазақ
тілінде сөйлеу трендке айналғандықтан, қазір қазақ тіліне деген қызығушылық
оянғанын байқап жүрміз. Қазір «Қазақстан – ортақ Отанымыз, бәріміз бір
ұлтпыз, ендеше бір тілде сөйлеуіміз керек» деген ұран бар», – дейді ол.
№11 мектепте тілді деңгейлетіп оқыту мәселесі де қарастырылған. Бұл әдістің де
берері көп:
«Бала саны 24-ке жетсе, ол сыныпты екіге бөлу арқылы қазақ тілі деңгейлетіп
оқытылады. Бала саны 24-ке жетпесе, бөлек оқытылмайды. Бізде көбінде түрік,
татар, әзербайжан ұлты қазақ тіліне жетік келеді. Себебі туыс тілдер
ғой».
Тіл маманы, «Калькасыз қазақ
тілі» телеграм-каналының авторы Назгүл Қожабек еліміздегі орыс тілі мен орыс
әдебиетінің оқытылуы турасында пікір айтты:
«Өз басым Қазақстанда, қазақ тіліндегі білім бағдарламасында орыс тілі міндетті
пән ретінде оқытылатынын, одан балалар мемлекеттік емтихан тапсыруға мәжбүр
екенін – баяғы отар сананың сарқыншағы деп білемін. Иә, орыс тілі –
дүниежүзіне кең тараған тілдердің бірі, БҰҰ ресми тілдерінің қатарында. Алайда
тәуелсіз Қазақстанда орыс тілі шет тілі мәртебесін алуға тиіс. Оның орны
ағылшын тілі, басқа тілдер сияқты болғаны дұрыс. Қазіргі жағдай былай болып
тұр: қазақ мектептерінде орыс тілі, орыс мектептерінде қазақ тілі оқытылады,
былай қарағанда екеуінің мәртебесі тең. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде
Қазақстан аумағындағы барлық мектепте де міндетті пән болуға тиіс, ал орыс
тілін бүкіл мектеп бағдарламасы бойынша оқытудың не қажеті бар екені
түсініксіз. Білуімше, қазір әлем әдебиеті пәнінің бағдарламасы жасалып,
хрестоматиясы әзірленіп жатыр. Бұл пән балалардың таным көкжиегін кеңейтуге,
басқа шет тілдеріне әуестеніп, қызығуына сеп болар еді», – деп мектепте қазақ
тілі мен әдебиетіне басымдық беру мәселесін қозғады.
Мемлекеттік тілді оқуға деген құлшыныс зор
Батыс Қазақстан облысындағы
дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектеп-лицейінің
мұғалімі Жанар Сейітжанова: «Орыс сыныптарында жұмыс істегеніме бар болғаны бес
жыл ғана болды. Орыс сыныптарындағы қазақ тілін оқыту әдістемесін,
бағдарламасын толығымен қайта қарастыру керек. Оқушылар қазақ тілін меңгеріп
шығатындай дәрежеде емес. Берілген мәтіндер түсінуге ауыр, оны оқытып
аударғанша, біраз уақыт өтіп кетеді. Мектептің өз ғимараты болмауына байланысты
оқушы саны қысқарды. Ал бала саны 24-ке толмағандықтан, оларды топқа да бөлмей,
24 оқушыға оқытамыз. Бұл сабақты тереңірек, оқушылардың деңгейіне сай өтуге
қиындық туғызады. Бір сыныпта 22–23 бала отыр. Қазақ тілі аптасына
5–6-сыныптарда 4 сағаттан, қалған сыныптарда 3 сағаттан өтеді. Бұл жүйе әрі
грамматиканы, әрі оқу мақсаттарына сәйкес дағдыларды меңгеруге аздық етеді. Ал
орыс тілі пәні гуманитарлық бағыттағы сыныптарда аптасына 4 сағаттан, орыс
әдебиеті 2 сағаттан өтеді. Жалпы, оқушылар мемлекеттік тілді үйренуге
құлшынып-ақ жүр.
Орта буын оқушыларының сөздік
қорын арттыру мақсатында «Жалғасын тап» ойынын жиі ойнатамын. Бір оқушы «н»
әрпінен басталатын «нан» деген сөзді айтып бастаса, соңғы дыбыстан басталатын
сөзді тауып жалғастырып кетеді. Осы тәрізді сөздік қорын, сөйлеу тілін дамытуға
арналған грамматикалық ойындар, тапсырмаларды қосымша беріп отырамын. Оқулықта
берілген өлеңдерді жиі жаттатқызамын, ән айтқызамын. Оқушылар көбіне
мазмұндаудан қиналады, өйткені дайын мәтінді жаттап алады да ұмытып қалады.
Технология гаджеттерінің де кері әсері көп болып тұр, кейбір оқушылар
интернеттен тапсырманың дайын жауабын көшіріп алғысы келеді. Ал өз бетінше
ізденіп, талаптанған балалардың нәтижесі жаман емес. Айтылым кезінде алдын ала
тірек-сызба сыздыртамын, айтылым мәтініндегі негізгі тірек сөздердің суретін
салады, ұмытып қалған жағдайда қолындағы сызбасы көмек болады», – дейді.
Жанар Сейітжанова өзге ұлт оқушылары ішінде мемлекеттік тілді үйреніп, қазақ
тілінде өтетін байқауларға қызыға қатысатындар барын да атап өтті: «Өзге ұлт
өкілдерін де пән олимпиадасына қатыстырамын. Бұған дейін Данил Никашкин деген оқушым
екі рет облыстық олимпиадаға қатысып, алғыс хат алды. Облыстық олимпиадаға
қатысқан шәкірттерім қатарынан 3 жыл алғыс хат алса, биыл III орын иеленді. БИЛ
ұйымдастыратын «Жарқын болашақ» атты қазақ тілі олимпиадасының облыстық
байқауынан Карина Потапичева деген оқушым I орын алып, осы мамыр айында
республикалық байқауға барғалы отыр», – дейді ол.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымының докторы Орынай
Жұбай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет істеген
жылдары орыстілді мектептерге арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
оқулықтарын қадағалаған. Профессордан орыс мектептеріндегі қазақ тілін
үйрететін оқулықтардың жай-жапсарын сұрадық.
«Ахмет Байтұрсынұлының «Баулу
мектебі» деген мақаласы бар. Сонда бүй дейді: «Оқулық, мектеп балаларға тірі
білімді үйретуі керек. Мысық баласына тышқан аулауды үйрететіні сияқты, бізде
баулу мектебі болуы керек. Бала ондай білімді еш уақытта ұмытпайды. География
пәні оқулығының негізгі нысаны – география, астрономия пәнінің негізгі
нысаны – астрономия, физика пәнінің негізгі нысаны – физика болатын болса,
қазіргі кездегі қазақ тілі пәні оқулықтарының негізгі нысаны түсініксіз. Бұл
бағдарламаға, стандартқа, оқулыққа да қатысты. Өзге тілді оқушыларға арналған
қазақ тілі оқулығы және қазақ мектебіне арналған қазақ оқулығының ұстанымы,
жазылуы, әдіс-тәсілі өзге болуы керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл құралы»
оқулығында дыбыс жүйесінің, сөз жүйесінің, сөйлем жүйесінің түрлері деп арнайы
тарауларға бөлген, сөз таптарын кішкентай балаларға түсінікті тілде жеткізген.
«Тіл құралының» өзінде коммуникативті, функционалды лингвистика сынды қазіргі
кездегі жаңа парадигмаларды, жаңа бағыттарды керемет көрсетеді, балаға өте
оңай, түсінуге жеңіл тәсілмен түсіндіреді. Бүгінгі қазақ тілі оқулықтарында
астрономия, физика, сән, талғам, киім, хобби тақырыбының бәрі берілген. Баланың
жас ерекшелігі ескерілуі керек. Бір оқулықтың мазмұнын екінші бір оқулық
қайталайды. А.Байтұрсынұлының, Қ.Кемеңгерұлының, Т.Шонанұлының қазақ тілін
үйретудегі еңбектеріне зер салайық. XX ғасырдың басындағы оқулықтарға қарасақ,
Қ.Кемеңгерұлының оқу құралында (екі бөлімнен тұрады) бірінші айналаны
таныстырудан бастайды. Қалам, бор, тақта, пеш, терезе, есік деп келеді де,
оқулықтың соңына қарай газет материалдарынан публицистикалық стильдегі саяси мәтіндерді береді. Қазақ тілін
білмеген бала мұндай оқулықпен білім алғаннан кейін қазақ тілінің функционалдық
стилін жетік меңгеріп шығады. Сауатты сөйлейтін, грамматикасын түсінетін, ойын
ашық жеткізе білетін бала болады. Мәселен, Телжан Шонанұлының «Самоучитель
казахского языка для русских» атты еңбегі бар. Бұл еңбектерде қазақ тілін
үйрету үшін бірінші лексикалық тақырыптар беріледі. Сол тақырыптың аясында
өзіндік, топтық жұмыстар орындалады. Бүгінгі жастар сингармонизм заңдылығын
мүлде ұмытты: «келеді ме», «болады ма» деп сөйлейді. Қ.Кемеңгерұлы мен
Т.Шонанұлының еңбектерінде дәл осы тақырып егжей-тегжей талқыланған. Осы
тұлғалардың кітабында бүгінгі қазақ тіліндегі орфоэпиялық, орфографиялық заңдар,
бүкіл функционалдық заңдылықтар сақталған. Әріптесімнің көбі мектепте сабақ
береді. Олар қазақ тілінің ережелерін ұмытып бара жатқанын, өздерінің беріп
жатқан сабағына өздерінің көңілі толмайтынын айтады. «Іштей жүрегіміз ауырып
тұрады, бірақ оқулықты басшылыққа алып, бағдарламадан қалмауды ойлаймыз» дейді.
А.Байтұрсынұлы: «Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекі оқу» – бәрінің асылы – оқу. Оқу
біткеннің бәрінен алатын білім – өлі білім. Үйткені оның бәрі де нәрсенің
өзімен, затымен айналыстырып үйретпей, тек нәрсенің атымен, бернесімен ғана
айналыстырып үйретеді. Бәрі де істің әдісін үйретпей, тек мәнісін үйретеді.
Сондықтан оқу мектептерінен шыққандарда мәнісін білім мол болғанымен, әдіс
білім аз болады. Әдіссіз тек мәніс білімі – өлі білім», – деген», – дейді
профессор.
Орынай Жұбай оқулықты сол жастағы баланың ойлау деңгейіне сай қызықты да
қызғылықты, танымды етіп шығарудың маңызын айтады. Қазақ тілінің оқулығы ғана
емес, қазақ тіліндегі барлық пән баланың ойын дұрыс жеткізу үшін қызмет етуі
керек екенін айтады ол.
«Бала мектепке дейін қазақ тілінде өз ойын еркін айта алады, ал мектепке
келгенде сауатты сөйлеу нормаларын үйренуі керек. Тіл білімі институтында жұмыс
істеп жүргенімде сараптау үшін оқулықтар жіберетін. Орыс мектептеріне арналған
қазақ тілі оқулықтарында баланың жас ерекшелігінің, тілді білу деңгейінің
ескерілмейтінін байқадым. Біздің тілдің лексикалық минимумын ағылшын тілінің
лексикалық минимумына сәйкестендірудің қажеті жоқ», – дейді.
Нағыз патриотмемлекеттік тілді білуге ұмтылады
«Lingva Ten» тіл үйрету
орталығының негізін қалаушы, тіл жанашыры Владислав Теннен өзі негізін қалаған
тіл орталығы туралы, қазақ тілін үйренуге келген адамдардың қанша уақыт
аралығында қазақ тілін меңгеріп шығатынын сұрадық.
«Біз тек онлайн жұмыс істейміз. Қазір
кітап жазумен айналысып жатқандықтан, өзім сабақ бермеймін. Топтағы мұғалімдер
сабақты өткізе береді. Қазақ тіліндегі сабақ күнде өтеді, уақыты – 40 минут,
кейде 1 сағат. Жеке сабақта уақыт шектелмейді, ал топтық сабақта уақыт
шектеулі. Қазақ тілін үйреніп шығу адамның тілді білу деңгейіне байланысты. 30
күннен кейін нәтиже байқала бастайды. Соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт
өкілдері айтарлықтай көбейгені жетістік. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ
жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес,
халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді», – дейді ол.
Айта өтейік, Владислав Тен 2017 жылдан бері 3 жыл бойы қазақ тілін өз
қаражатына тегін үйреткен.
«2017 жылы тіл үйрету орталығын
аштым. Қазақ тілінен талқылау, өзара әңгімелесу клубтарын ұйымдастырдық.
Қонақтарды шақыруға, сабақтарды өткізуге, жалға алған орынның қаражатын өтеуге
біраз шығындалдым. Менің тіл орталығымның атауы – «Lingva Ten». Қазір барлық
қазақстандық қазақ тілін үйренгісі келеді. Біз қазақ тілін ана тілі ретінде
емес, шет тілі ретінде үйретеміз. Өзбекстаннан келген кореймін. 2017 жылы қазақ
тілін өз бетімше, мұғалімсіз, қазақтілді ортасыз бастан-аяқ үйреніп алдым.
Себебі менде авторлық әдістеме бар. 30-дай тілдің грамматикасын үйреніп
алғанмын. Күнбе күн орысша контент көрген, тыңдаған адам қазақша үйренбек
түгіл, ол тілді ұмыта бастайды. Күніне 15 минут қазақша контент тұтыну қажет.
Неліктен мен шетелдік болсам да, қазақша түсінемін? Себебі мен қазақ тіліндегі
ақпаратты тыңдаймын да, оқимын да. Тіл білуімнің құпиясы – осы», – дейді
В.Тен.
Мектептердегі, ЖОО-дағы қазақ
тілінің жай-жапсарын анықтау мақсатында педагогика ғылымының кандидаты Береке
Дәулетханқызына сауал жолдадық.
«Жасыратыны жоқ, қазақтілді мектептерде, бағдарламада көп материал түсіп
қалған. Оқу мазмұны тар. Бала 1 жылда тек 12 ғана өлеңі, қысқа әңгімесі бар
шығарма оқиды екен. Әсіресе соңғы онжылдықтағы үрдіс, жаңартылған мазмұн
енгізгелі бері жағдай тіпті көңіл көншітпейді. Оқулықтарда әлеуметтік желідегі
сөздің орынсыз, ретсіз қолданысы бар. Қарапайым мәтінді, тіпті күрделі көне сөз
емес, әдеби нормадағы қалыпты сөзді түсінбейтіндер бар. Менің өз ойым, мектеп
жасындағы балаларға арнайы оқу мазмұнын бекіту қажет. Әдебиет сауық-сайранның,
еріккеннің ермегі емес. Көркем әдебиетті оқымаған баланың дүниетанымы,
көзқарасы, сөйлеу тілі, лексиконы тарылады. 2015 жылға дейінгі бағдарламада
әдебиет пәнін түпнұсқада, мәтінді түсіну деңгейінде оқытатын. Қазір, өкінішке
қарай, өз тіліндегі сөзді дұрыс түсінбейтін балаларды тәрбиелеп отырмыз», –
дейді Береке Дәулетханқызы.
Қазақ тілі пәнінің лайықты
оқытылмай жүргеніне әр қазақтың жаны ауруы керек. Пәннен нәтиже шығару әр
мұғалімнің, мектеп директорының, қала берді, Ғылым және жоғары білім
министрлігінің тікелей міндеті емес пе? Жыл сайын қайталана беретін «Оқулық
дұрыс емес, бағдарлама оқулыққа сай келмейді» сынды мәселелер бар. Бұл біздегі
ұйымдастырушылық-басқарушылықтың әлсіз көрінісін тек нақтылайтындай әсер
қалдырады. «Оқулығы болса – бағдарламасы жоқ, бағдарламасы болса – оқулығы
жоқ, бұл неткен пән» деп таңғалмасқа шара қалмайды. Себебі оқулық пен
бағдарлама әу бастан қатар жүреді емес пе?..
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ