THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жоғары мансаптарда қазақ тілінің қас дұшпандары қаптап отыр
Авторы: Нәзипа МАМЫҚ
09/06/2017 16:31 0 45279 0
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» парламенттік фракциясының жетекшісі Азат Тұрлыбекұлы Перуашев Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды. Партия басшысының кездесулер кестесінің өте тығыздығы мен уақытының тапшылығына қарамастан, қысқаша сұқбаттасудың сәті түсті.
– Азат Тұрлыбекұлы, соңғы жылдары сіз Ұлттық мәселе жайлы үздіксіз айтып келесіз. Оның өзегі не, тіл ме, дін бе, салт-дәстүр ме, әлде…
– Ұлттық мәселені «тіл», «дін», «дәстүр» деп жеке-жеке бөліп қарауға болмайды. Ұлттық мәселе – тұтас дүние. Ал, дәл қазір – тіл, жер және оралман мәселесі. Бізге ұлттық мемлекет құру үшін оралмандар керек. Үкімет көшті дұрыс ұйымдастыра алмай отыр. Шетелдерге барып, ондағы қазақтардың көшуіне дайындық жұмыстарын жүргізу ісі атымен жоқ. Дәл осы салаға қаражат бөлінбеген. Біздегілер өз күшімен көшіп келген оралмандарды аңдып отырып, тіркейді де, ары кетсе квотасын беріп, «болды-бітті енді күніңді өзің көр!» деп шығарып салады. Шетелде екі көзі төрт болып, атажұртқа жете алмай отырған қазақты ешкім көшіріп әкелгісі келмейді. Өз тарапынан қоныс аударуға оларда қауқар- қаржы жоқ. Көшіп келетін адам болмаған соң, квота тоқтамай қайтеді? Осындай салғырттықтың кесірінен көш тоқырады. Бұл дегенміз – «елімізде ұлттық мәселенің шешілуіне тағы бір кедергі пайда болды» деген сөз.
Екінші дүние – жер мәселесі. Бұл нақты ұлттық-саяси мәселеге айналып барады. Өйткені, жер сатылымға шығып кетті. Жер сату туралы кодекс қабылданды. Құжаттағы кейбір осал баптар арқылы заңды тұлғаларды пайдаланап, шетелдіктер қазақтың жерін сатып алуға құқылы. Қысқасы, қазақтарды жерінен айыратын заң қабылданды. Айталық: ауыл қазағының қала маңынан 10 сотық жер алып, үй салып алуына құқы болмауын қалай түсінеміз? Алматы қаласының төңірегінен ұлтарақтай жер алуға қазақтың құқы жоқ. Өйткені, барлық жер жеке адамдардың қолына өтіп кеткен. Қазақ қайтпек: бір жаққа көшіп кете ме, әлде, басқа жерде тағы бір «Қазақстаны» бар ма?.. Енді қайтеді? Ұлтарақтай жер үшін шайқасады. Басқа амал жоқ…
– Қазақ тiлiнің дамуына ашық қарсылық көрсетiп отырған ешкiм жоқ, қыруар қаржы бөлініп жатыр, сөйте тұра тiл дамымайды…
– Әрине, ешкім ашық қарсы шықпайды. Мәселе басқада. Егер қазақ тiлi қазiргi орыс тiлiнiң деңгейiне көтерiлер болса, бүгiнгi шенеунiктердiң 80 пайызы, балаларының 90 пайызы, немерелерi 100 пайыз жұмыссыз қалайын деп тұр. Сондықтан, олар қазақ тiлiн дамытпау үшін аса жасырын жұмыс жүргізеді. Жоғарғы мансап орындарында қазақ тілінің қас дұшпандары қаптап отыр. Барлық министрліктер мен ведомстволарда осындай жағдай қалыптасқан. Елбасының тапсырмасын орындамай отырған да осылар. Орыстардың қазақ тiлiне құрметiнiң оянбауына да осылар кiнәлi. Бұлар қазір паровозға мiнiп алған, пойызды қайда жүргiзетінін өздері шешіп отыр…
– Байыптап қарасақ, ұлт руханиятында төрт аяғын тік басып тұрған бірде-бір сала жоқ екен. Бәрі кембағал, шалажансар кейіпте. Осындай күрделі кезеңде ең негізгі назар аударатын дүние не?
– Дәл қазір бізге керегі – ұлттық намыс пен рух. Өйткені, біздің жоғалтқанымыздың өзі осы. Әрбір қазақ өзінен сұрасын: «Жер өзімдікі, ел өзімдікі, жетпіс атам осында жасаған, тарих өзімдікі, мына күйім не? Тәуелсіздікті не үшін алдық? Ресейдің қатардағы губерниясы сияқты салпылдап жүре береміз бе?». Міне, осыны жан-тәнімен сезінгенде ғана әрбір қазақтың намысы оянады. Намысы оянған адамда рух пайда болады. Рухы бар адам – өз құқығын талап ете алады. «Тәуелсіздік алып едік ғой, менің ұлттық мемлекетім қайда?» деп айқайлап, теңдік сұрайды…
– «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жастарға қандай қөмек көрсетіліп жатыр?
– Елімізде шаршы метрі 80 мың теңге тұратын тұрғын үйлер салынатын болды. Бұл «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жалақысы төмен жандарға арналып, бой көтереді. Ал, Алматы мен Астана қалаларында бұл көрсеткіш 150 мың теңгеге жуықтайды. Қай қазақ үшін де баспана – күрмеуі қиын мәселе болып тұр. Президенттің биылғы жолдауындағы әлгі бағдарламаны жүзеге асыруға бел буа кірісіп кеткен Үкіметтегілер, бүгін осы тақырыпта тағы да бас қосты. Жауапты мамандардың мәлімедеуіне қарғанда, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бірнеше бағыт бойынша жүреді. Оның ішінде бұрыннан кезекте тұрғандар да, жас отбасыларға арналып бой көтеретін үйлер де бар. Ал, аймақтарда салынатын баспанының әрбір шаршы метрінің құны 80 мыңға дейін төмендетілген. Астана мен Алматыда 142 500 теңге болады. Бағдарламадан үмітті жас отбасылардың жастары 29- дан аспауы керек. Балаларының санына дейін балдық өлшеммен есептеледі.
– Сіз индустрияландыру картасына шағын және орта бизнес жобалары да енетінін мәлімдеген едіңіз, сол туралы толығырақ білсек…
– Индустрияландыру картасына енді шағын және орта бизнес жобалары да енеді. Қазір индустрияландыру картасында 294 жоба бар. Өткен жылы 152 қосылды. Бүгінгі таңда индустрияландыру картасына енетін жобалар қайта қаралуда. Оған алдағы уақытта шағын және орта бизнес жобалары да енгізілетін болады. Индустрияландыру картасына шағын және орта бизнес орындарының жобалары жергілікті әкімдіктер жанындағы үйлестіру кеңестері арқылы ұсынылады. Оларға өнімділікті арттырудан өзге ешқандай талап қойылмайды. Жалпы, қазіргі таңда мемлекеттік органдарда қаралып жатқан Индустрияландыру картасына кіретін жобалардың нақты санын ақпан айында мемлекеттік комиссия анықтайды.
– Азат Тұрлыбекұлы, сіз тағы да алкоголь сату өнімдерінің уақытын шектеу туралы мәселе көтерген едіңіз. Алайда, «алкоголь өнімдерін сату уақытын шектейміз» деп, көлеңкелі бизнеске жол ашып алып жүрмейміз бе?
– Арақ-шарап өнімдерін шектеу – дұрыс шешім. Шектеуді бұдан да ертерек қолға алғанымыз жөн еді. Алайда, ештен кеш жақсы. Мысалы, Швецияда алкоголь өнімдерін бұрыннан, түн мезгілінде сатпайды. Жасырын жолдармен сатылмауын арнайы бөлімнің қызметкерлері бақылайды. Біз де заңды қабылдап қана қоймай, оның орындалуын қадағалауымыз керек. Шектеудің зиянынан гөрі – пайдасы көп. Мысалы, қылмыстардың көбін адамдар мас күйінде жасайды. Арақ-шарапты шектеу арқылы қылмысты азайтуға болады. Қазір көшеде қолына сыраны ашықтан- ашық ұстап, ішіп жүретін жастарды көп кездестіреміз. Бұл – ұрпағымызға төніп тұрған қауіп. «Арақ ішпегеннен – өліп қалыпты» дегенді естігем жоқ. Ішкісі келе т ін адам күндіз алып ішсін. Алкогольді қолданудың осындай мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Азаматтарымыздың денсаулығын қорғау жайы айтылып отырғанда, көлеңкелі бизнес – екінші орындағы мәселе.
– Мағыналы әңгімеңізге көп рахмет!
Qazaquni.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ