THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы
облысы, Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы қазақ орта мектебінің жанынан
орыс сыныптары ашылып, білім ордасы аралас мектепке айналдырылған. Бұл жайында
редакциямызға Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары хабарлады.
Ауыл азаматтарының айтуы бойынша бұл
білім шаңырағы өткен оқу жылында таза қазақ мектебі болған. Биыл Жаңатұрмыс
ауылында тұратын күрд, әзербайжан секілді ұсақ диаспора өкілдерінің
талабымен білім ордасы аралас мектепке айналып шыға келді. Себебі, «әзекеңдер»
мен «күрдекеңдер» балаларын қазақ сыныбына беруден бас тартқан. Онымен қоймай,
аудандық әкімдік пен білім бөлімінің басшыларына хат жазып жүріп, таза қазақ
тілді мектепті аралас мектеп етудің төте жолын тауыпты.
Қанат Сапарғалиұлы, ұстаз:
– Осыдан оншақты жыл бұрын
мектебімізде Интин Түсіпхан Кимұлы деген азамат директор болған еді. Сол
кісінің тұсында ауыл азаматтары табанын тоздырып жүріп мектебімізге қазақ
сыныптарын әрең аштырған болатын. Бірінші сыныпқа баратын бала саны
толмағандықтан жасы жетпесе де бес жасар қызымды мектепке жетелеп апаруға тура
келді. Содан бері міне 10 жыл өтіп, мектебіміз таза қазақ мектебіне айналып
үлгерген еді. Енді міне, биыл бірді-екілі өзге диаспора өкілдері ұсыныс жасады
деп мектеп қайтадан аралас мектепке айналып отыр.
Қанат Сапарғалиұлы аталған мектепте көп
жылдардан бері ұстаз болып келеді. «Ардагер ұстаз ретінде мен өз ойымды ашық
айтуға құқылымын» дейді ол кісі.
– Біздің мектепте өзге ұлт өкілдерінің
балалары қазақша оқитын. Одан жаман болған баланы көрмедім. Олар түрлі облыстық
жарыстарға қатысып, жүлделі орынмен оралатын. Енді не болады? Бірте-бірте
ауылымыздағы жалғыз мектеп орыс мектебі болып кетпей ме? Бұлай алаңдауымның
себебі, биыл бірінші сыныпқа бір ғана қазақ сыныбы қабылданды. Екі сынып – орыс
сыныбы. Яғни, аралас мектеп болмай жатып, орыс сыныбы басымдыққа ие болып тұр,
– дейді ардагер ұстаз.
Жаңатұрмыс ауылындағы қазақ орта
мектебінің неліктен аралас мектепке айналғанын білмек болып мектеп директоры
Нүсіпбекова Бегжан Базарқұлқызына хабарластық.
Бегжан Нүсіпбекова, «Жаңатұрмыс» орта
мектебінің директоры:
– Мен бұл мектепке биыл ғана директор
болып келіп жатырмын. Мектепті аралас мектепке айналдыру туралы шешім мен
келгенше қабылданып қойыпты. Сонда да мектеп ұжымы мен ата-аналарды жинап,
бірнеше рет насихат жұмыстарын жүргіздім. Мемлекетіміз мемлекеттік тілге
басымдық беріп отырғандығын айттым. Биыл мектебіміздің қасынан екі мектепке
дейінгі дайындық, екі бірінші орыс сыныптары ашылып отыр. Бұған дейін ауылдағы
өзге диаспора өкілдерінің біразы орыс сыныбы болмағандықтан балаларын басқа
ауылдардағы мектептерге тасып оқытқан. Ал қалғандары болса, біздің мектептегі
қазақ сыныбына берген. Ата-аналар «балаларымыз қазақша оқуға қиналады» деп
аудандық білім бөліміне өтініш жазып, нәтижесінде мектебіміз аралас мектепке
айналды.
Көп жыл білім беру саласында қызмет
еткен ұстаздар қауымы: «Аралас мектеп дегенміз – қазақ балаларын орыстандырудың
жымысқы түрі» деп жатады. Дәл бүгін Қазақстанда 1 777
таза орыс мектебі, 2 068
аралас мектеп бар екен. Яғни, барлығы 3 845 мектеп
орысша оқытып жатыр деген сөз. Ал, таза қазақ мектебі 3 750
шамасында. Бұл тәуелсіз Қазақ елінде таза қазақ мектебі 50 пайызға да жетпей
отырғанын көрсетеді. Оған Жаңатұрмыстағы мектептің жайын қосыңыз... Бүйте
берсек, біз ел болудан қаламыз.
Сіз не дейсіз? Қарасай ауданының атқамінерлері не дейді екен?
Abai.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ