КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алпамыс батырдың немесе Қобыландының памперс киіп, арсалаңап жүргенін көз алдыңызға елестете аласыз ба?
Қаракерей Қабанбайдың, Қанжығалы Бөгенбайдың, Шапырашты Наурызбайдың памперс кигенін ше?
Абылай ханның ту ұстаушысы Тарақты Байғозы батырдың заманында осы бір борбайқаптың болмағаны қандай жақсы болған!
Бүгінде бар қазақтың баласының бұтында – бір-бір памперс...
«Бұл да бүгінгі заманның бір жетістігі ғой, онда тұрған не бар?» деп талай қазақтың бұрқ ете қалары сөзсіз. Бұл заманның жетістігіне біздің де дауымыз жоқ, бірақ осы бір борбайқаптың пайдасынан зияны көп екені туралы ойландық па?
Баланың тыныш жатқаны барлық ата-анаға керек. Баланың дені сау болғаны бәрімізге керек. Алайда қазақтың бар баласының бұтында жүрген памперстің қаншалықты зиянды екенін ескеріп жатқан жоқпыз. Бір мезгіл: жолға шыққанда, қалада не далада серуендегенде кисе мақұл. Бұл памперсіңіз бүгінде кей баланың бұтында жиырма төрт сағат байлаулы тұр ғой! Зәрі мен нәжісін памперс өзіне тартып, сіңіріп алады деген күннің өзінде, ата-анаға аса қолайлы деген күнде де, сәбидің бұтын бұлтитып, екі аяғын талтайтып, күндіз-түні борбайын сорып, болашақ ұрпақты бордай тоздыруға өз еркімізбен мойынсынып отырғанымыз-ды бір сәт ойландық па? Баланың бұты – елдің құты. Баланың борбайы – бүгіннің ойбайы...
Елдің алдына түскен Еуропа жұрты осы күні ұрпақ шашу мәселесіне келгенде тығырыққа тірелді. Өмір сүру жағдайы да, тұрмыстық ахуалы да қанша артық дегенмен, Еуропаның көптеген елінде белсіздік мәселесі негізгі бас ауруға айналып келе жатыр. Бәле қайдан? Осы бір борбайқаптан емес деп кім айта алады?
Белсіздік түбі – елсіздік!
Қазақтың данышпан тірлігі осы күні аяқасты қалды. Алдыңғы отыз елдің шаңына ілесеміз деп есігімізді де, бесігімізді де тәрк етуге қарадық. Өзімізде бар құндылықтарды «ескінің қалдығы, өткеннің сарқыншағы» деп өзегімізден теріс айналдық. «Болған, жеткен осы екен» деп басқаның қаңсығын таңсық көріп, өз еліміздің сан ғасырлық мәдениеті мен ата-бабадан келе жатқан мұраның бәрінен бас тартуға бет бұрдық. Қазақ болудан басқаның бәріне бармыз, қазақ болуға – жоқпыз, ішкенге, жегенге – тоқпыз. «Елдің ертеңі не болады, ұрпақтың жағдайы қандай болмақ, қайда барамыз, қандай боламыз?» дегенге бас қатырмайтын, не болса ол болсын дейтін бордақы бейқамдық қоғамды жайлады.
Ен байлықты соруға келгендерге есігімізді айқара аштық. Қазақтың қазынасын тонаушыларды төбемізге көтеріп, есімізден айырыла құрмет көрсетіп жатырмыз. Жемқорды – жолы болғыш, парақорды – пайда тапқыш, алаяқты – іскер, арамзаны ақылман тұттық. Осыдан не ұттық?!
Асан қайғының арман даласын бір жебірейдің, бір-екі-үш сарттың, бірнеше итжегеннің сарман даласына айналдырдық. Қисапсыз байлықты құныға сорғандарды ұлттың ұстыны ретінде көретін болдық. Екі жеп, биге шыққандардың есебі түгел: бар жиған-тергенін шетелдік оффшор асырып, айламен тапқанын жасырып, басына күн туғанша абырой, атаққа малынып, төрдегі төреге жалынып, жалпақшешей жалбақайлар жайылып жастық, иіліп төсек болып, арысы Англиядан, берісі Бельгиядан ең қымбат имениелерді иемденіп, қиқу шықса қаша жөнелетін, бар байлығын баса жөнелетін жағдайға жеттік. Түйені түгімен, биені жүгімен жұтатындардың заманы әдіра қалды. Қазақстанды қазына-байлығымен бір-ақ қылғытатын қомағай құлқынның құрдымына түстік. Арсыздық ұлттың эталонына айналды.
Қазақ айтушы еді: «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп. Сондағысы, бір жеген таяғы еттен өтетін, бір жері ісетін, бір жері көгеретін. Сөз сүйектен өтеді дегенде – әкесі жемқор, атасы парақор болса, баласының баласына дейін «атасы сондай еді» деген сөз жететін. Қанша зұлым болса да, қанша оңбаған болса да кешегі қазақ азаматтары сондай сөзден қашатын еді. Өзіне сөз келсе де ұрпағыма сөз келмесін деп артын, ертеңін ойлайтын еді. Сол әрекеті арқылы өзін де, ұрпағын да сақтайтын, сақтандыратын еді. Бүгінде сүйектен өтер сөз де қалмады. Өйткені бүгінгі қазақ қоғамы – қойыртпақ қоғам. Оның ортасы қайсы, тортасы қайсы, жақсысы қайсы, жаманы қайсы – адам ажыратып болмайтын жағдай қалыптасты. Залымды – ғалым, жәлепті – ханым, ұрыны – ұлық, қарыны – қылық көретін елге айналып кеттік...
Кешегі Алпамыс пен Қобыландының заманында мұндай мүмкін бе еді?!
Қабанбай мен Бөгенбайдың, Наурызбай мен Байғозының уақытында мұның бірі болмап еді ғой.
Төле би мен Қаз дауысты Қазыбектің, Әйтекенің мұндай заманды көрмей өтіп кеткені бір есептен дұрыс та болған сияқты...
Иманды болғыр, сол бабаларымыздың бәрі де бесікке бөленген еді. Ананың әлдиімен өскен еді. Еліне де, жеріне де қорған болған еді...
Солардың бірінің бұтында да памперс болған жоқ.
Борбайын сорқап сорған жоқ. Соның арқасында қазақ арасында Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбайлар пайда болып еді...
Сәбет өкіметі салттан да, дәстүрден де безіндірді. «Аяғы маймақ болады» деп баланы бесікке бөлетпеді.
Қазақтың бар асылы – бесікте болатын. Бесіктен «Бесік жыры» естілетін. Титтейінен бесікте жатып, баланың жаны тыныштық табатын. Асты – таза, үсті – үйлесім: ана әлдиіне бөленіп, ақ бесікте тербетіліп, ана тілін бойына сіңдіріп, төредей болып жататын, рақатқа бататын. Қаз-қаз басқан сәттен Батырлар жырын тыңдайтын, елі үшін ержетіп, қиындыққа қыңбайтын. Бесіктен белі шығып, аяғы есікке жеткесін «Он үште отау иесі» деп ерте ойланатын. Әулеті мен дәулеті үшін жеке-жеке жауапты болатын, жерінің шетіне жау тигізбейтін, елінің етіне таяқ тигізбейтін, басынан сөзді асырмайтын, кінәсі болса жасырмайтын, намысқа суарылып, жігерге қақталатын, ержеткен бетте жұрт үшін жуан тірлік атқаратын еркебұлан елдің перзенттері едік біз деген... Бар ма пенде, сол дәуренді іздеген?!
Адалдық қайда? Ар қайда? Ел үшін туған нар қайда?!
Бүгінде басқа түгілі, борбайды қорғай алмай, бейшара болып отырмыз.
Борбайқап баланың зәрін ғана сорып жатқан жоқ, бойдағы нәрін сорып жатыр ғой!
Бәрін сорып біткенше отыра береміз бе?!

АЙҚЫН

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 950 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2145 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2868 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2630 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика