THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Міне, бір айға
жетер-жетпес уақыттан соң алғашқы қоңырау соғылып, бүлдіршіндер қолына қалам
мен дәптер, жоқ, дәптер емес тетрадь ұстап мектеп табалдырығын аттағалы отыр.
Қаламға қадалатын ойым жоқ. Тек сол қалам сиясын ақтарып, серігіне айналатын
дәптері бар емес пе?! Анығырақ айтсам, дәптер кімдікі екенін айқындап тұратын
жасыл бетін сөз еткелі отырмын. Мұқият қарасаңыз, сол дәптердің мұқабасындағы
тірек сөздер орыс тілінде. Алтын ұя мектеп есігін ашқан бүлдіршін әріп
танысымен «Тетрадь» деп тілін бұрап орысша шүлдірлеп кететіні рас. Әріп таныған
сәтінен орысша тіл сындырған баладан ел қандай үміт күтетінін ойланып
көрейікші. Орыс мектебінің оқушылары үшін мұқабадағы «для», «учени», «класса»,
«школы» деген сөздер дәптер толтырудың дайын үлгісі болса, қаракөздеріміз үшін
бұндай үлгі жоқ. Сондықтан мектеп оқушысы дәптер сыртын толтырарда бұл орысша
сөздерді аттайын ба, әлде үстінен шималап өтейін бе деп ұзақ ойланатыны бар.
Ақырында, мұғалімнен ескерту естімес үшін сыртын ақ қағазбен орап толтырады.
Неге сыртында «Дәптер», «оқушысының», «мектептің» деген сөздері бар қазақша
дәптер шығармасқа? Қарапайым ғана мысал шығар. Бірақ бұлай кете берсе, 2025
жылға дейін халқымыздың 95 пайызы қазақша сайрап кететіні күмән тудырады.
Әр пәнге
арналған қалың қазақша дәптерлер шыққаны белгілі. Алайда мектеп оқушысы әлі де
қызылды-жасылды жалтылдаған шет жұрттық әншілер мен актерлердің бейнесі бар
қалың дәптерлер алуға құмар екені де рас. Біреулер бұны сырттан әкелінген өнім
деп айыптар. Алайда мұқабасында шетелдік «Бейонс», «Кэти Перри», «Джастин
Бибер» сынды жұлдыздарының бейнесі бар дәптерлерді алып, не күлерімді, не
жыларымды білмедім. Біріншіден, сыртындағы жартылай жалаңаш денелер мектеп
баласына қандай тәрбие бермек. Екіншіден, дәптердің артқы мұқабасынан аталған
артистердің өмірбаянын берудің не қажеті бар деп тағы таңғалғанымыз бар. Бұл
отандық өнім екенін тек бір дәптердің соңғы бетіндегі әнұран мәтінінен
түсіндік. Әнұран мәтінін соңғы бетке беру бұл мемлекеттік рәмізімізді сыйламау
емес пе?! Ел болашағының, ұлт тағдырының қандай болары ол ертеңгі жастар, яғни
бүгінгі мектеп баласының қолында екенін ескерсек, тіпті дәптер мұқабасының өзі
«Менің елім – Қазақстан» деген ұранда болуы керек емес пе?! Тек дәптер емес,
мектеп оқушысының басты құжаты күнделіктің өзі баланың бойынан Отанды, туған
жерді құрметтеуге, ұлттық дәстүрді ұмытпауды ұлықтап тұруы керек. Бұл жағынан
келсек, елімізде шығарылатын өнімдерді бақылау жағы кемшін түсіп жатқан
секілді. Аталған мәселе Білім және ғылым министрлігінің жіті назарында болуы
керек.
«Ел боламын
десең, бесігіңді түзе» демекші, мектеп күнделіктері мен дәптерлеріне Төле би,
Қазыбек би, Әйтеке би сынды данагөйлеріміз бен Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп
Көпейұлы, Мұхтар Әуезов сынды біртуар тұлғаларымыздың бейнесін беріп, солардың
өмірбаянын неге жазбасқа?! Әнұранымызды мұқабадан кейінгі бірінші бетке
берсек, ал қалған бос кеңістікке мемлекеттік рәміздеріміздің авторын, Қазақ
хандығы жайлы біраз мағлұматтар жинақтасақ нұр үстіне нұр болар еді. Бала
психологиясы тың дүниені білуге құштар. Ал дәптер мұқабасында айтып
өткеніміздей, данагөй бабаларымыздың бейнесі берілсе, бала бұл тұлға кім екен
деп сол дәптерді сатып алатын еді. Байқап отырғанымыздай, дәптер, күнделік
қарапайым оқушы жабдықтары болғанымен, бүгінгі таңда ең мықты тәрбие құралына
айналуда. Министрлік тарапынан жастарды патриоттық тәрбиелеу осындай қарапайым
құралдардан басталатыны ескерілсе құба-құп.
Еліміз егемендігін алғалы 22 жылдың жүзі болса да, қазақ баласының орыс, қазір тіпті ағылшын мектебіне баруы таңғаларлық жайт емес. Бүгінде, статистика бойынша қазақ балаларының 35 пайызы орыс мектебіне барады екен. Жақында бір ата-аналардан қазақ мектебінде білім сапасы төмен болады, сондықтан баланың жан-жақты болуына орыс мектебі демеу береді деген пікірді естігенім бар. Сонда бұл ата-аналар баласының ұлтын, елін сүйген азамат болып өсуі үшін қазақша қазақ тілінде білім алуы керектігін неге түсінбейді? Кезінде 80-жылдардың ішінде белгілі қаламгер Шона Смаханұлы Алматы қаласы бойынша қазақ мектептерін ұйымдастыру кезінде өзі бастап үй-үйді аралап, әр ата-анамен сөйлесіп, қазақ баласы қазақ мектебінде оқуы керектігін дәріптегені ел есінде. Міне, содан қаншама ата-ана алған бетінен қайтып, балаларын қазақ мектептеріне беріп, соның арқасында қаншама қазақ сыныптары мен мектептері бой көтерді. Ал бүгінгі күні ана тілімізді сақтап, келер ұрпаққа дәріптеуді ойлап қазақ баласын қазақ мектебіне баруын насихаттап жүрген ұлтжанды азаматтар кемде-кем. Оны қойшы, ел қамын ойлайтын шенеуніктердің балалары қазақ мектебінде білім алмайды десек жаңсақтық болмас. Қазақ елінің ертеңін ойласақ, біз қазақ балалары ғана емес, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің балалары да мемлекеттік тілде білім алуларын насихаттауды қолға алуымыз керек. Міне, сонда ғана қазақ мектебінің саны да артып, жаңа отаншыл ұрпақ өсетініне кәміл сенеміз.
Ана тілі
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ