THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Иә «үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлер жиі қылаң беріп жүргені жасырын емес. Десек те Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескерткенін тағы бір қайталап қойсақ артық болмас. Оның үстіне Президентіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 процентке дейін жететін болады дегенді алға артады. Олай болса бар жағдай, реформаның дұрыс, бұрмалаусыз жүргізілуіне келіп тірелсе керек... Әзірге бәрі де керісінше болып тұр ғой... Орыс тілі мен ағылшын тілінің тасы өрде.
2005 жылы Қазақстанда үштілділікті ендіру туралы ұсыныс жасаған социопсихо-лингвист, тіл теориясының маманы, еліміздегі аймақтық-әлеуметтік лингвистиканың негізін салған, 40-тан астам үлкенді-кішілі монографиялардың авторы Бақытжан Хасанұлы "ЖЕБЕ" газетінде "үш тілділік" реформасына қатысты кесек ойларын ортаға салды.
Үштілділікті үш тұғырлы тіл деп өңін айналдырып алғандарға айтар уәжім бар. Алдымен ақты ақ, қараны қара деп түсін ажыратып алуымыз керек. Үштілділік дегеніміз - бір тіл, яғни қазақ жеріндегі қазақ тілінің негізінде қалған орыс пен ағылшын тілін қоса пайдалану, тағы да қайталап айтамын, тек ана тіліміздің негізінде. Орыс және ағылшын тілдері қазақ тілінің ығында жүрсін, әйтпесе ана тіліміз көлеңкеде қалады. Ал, үш тұғырлы тіл деген мүлдем басқа мағына береді. Тұғыр біреу ғана болуы тиіс, үш тұғыр болмайды. Ең бастысы қазақ тіліне басымдық берілуі керек, тек осы принципте ғана қосымша екі тіл қосалқы қолданыс тілдер ретінде қабылдануы тиіс. Елбасымыздың дамыған өркениетті 50 елдің қатарына қосылу мақсатында ұсынып отырған үштілді дамыту стратегиялық тапсырмасы, сөз жоқ, ел үшін, ертеңіміз үшін өте қажет дүние. Бұл жерде мәселе сол стратегияны дұрыс жүргізуде, болашақ нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде. Өкінішке орай, қазір реформа дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны ашып айтайын, оны еліміздің білім министрлігіне де сан мәрте ескерттік. Себебі бүгінгідей балабақшадан бастап ағылшын немесе орыс тілін оқыту (қазақтарға) ертең ұлттың ұлт болып қалыптасуына үлкен кедергі келтіреді. Атам қазақ 13-те отау иесі дегенді бекер шегелемеген, Абайша айтқанда, тұлға болып қалыптасатын 13 жастан бастап ғана балаға ана тілден басқа тілді үйрету керек. Ал баланы зорлап оқыту оның біріншіден ой-жүйесінің дамуына кері әсерін берсе, екіншіден ұлт ретінде қалыптасуын тежеп тастайды. Өйткені қалған екі тіл де халықаралық қатынас тілдері ретінде қалыптасып, қанаттары қатайған, оның шырмауынан шығу оңай емес. Мектеп жасында оқытылған күннің өзінде өте жоспарлы түрде, қазақ мәдениеті, салты, ғұрпы, басқасы толық қамтыла, әрі тек қазақ тіліне сүйене отырып ғана оқытылуы тиіс. Орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатындар міндетті түрде қазақ тілін жақсы білуі тиіс. Жоғары оқу орнында да қазақ тілімен біріктіріліп ғана оқытылуы керек деп есептеймін. Мұны және де бәзбіреулердің "ұлтшылдық" деп қабылдауларына жол берілмеуі де маңызды. Ахаңның (Ахмет Байтұрсыновты айтып отырмын) "Халықты құрту үшін алдымен оның тілін құртады" деген сөзі манадан бері шиыршықтап отырған сөздерімізге бір-ақ ауыз жауап емес пе ?... Бір сөзбен айтқанда, үштілділікті тек мәдениетаралық қатынас негізінде ғана жүргізу және қолдану дұрыс. Тіл мен тіл, мәдениет пен мәдениет қаншанда соғысып келгенін тарихтан бәріміз білеміз, ұдайы күрес. Ендеше тап қазіргі әлемдегі тілдік ғаламдандыру саясаты жан-жақты жүріп жатқан кезде, біздің ұстанған солқылдақ реформамыз өте қауіпті. Өздеріңіз білесіздер, осының кесірінен жылына бүгінде 10-даған тіл қолданыстан түсіп, жер бетінен жоғалуда. Бұл не деген сөз, бұл тілінен айрылған елдің ұлт ретінде өшетін заманы жақындағаны дегенді білдіреді. Жалпы үш тілділікті тек процесс, үдеріс деп ғана қабылдау қажет. Үштілділікті дамытамыз десек, қазақ тілін ақпараттық тіл ретінде қоғамға, барлық салаға әбден сіңдіріп, тамырын тереңге байлап-матап қою керек. Соңғы санақ бойынша, Қазақстан халқының 93,5 пайызы өз ұлтының тілін - ана тілі деп санайды. Ал, 74 пайызы қазақ тілінде ауызша сөйлей алады, түсінеді. Сонымен қатар 94,5 пайызы орыс тілді болса, 15,4 пайызы ағылшын тілін толық меңгергендер. Демек, 120-дан астам ұлт пен ұлысқа қызмет етіп отырған еліміздегі орыс тілінің қазығы әлі де мықты. Саны бойынша 3/2 құрайды, бұл бізді бір жағынан үлес салмағы жағынан құтқарып та отыр, екіншіден орыстардың Ресейге көшу процесі жалғасуда. Негізі, ағылшындардан аса қауіп келе қоймас, себебі олар қасымызда емес. Қауіп -орыста, өйткені орыс тілді қазақтарды ана тілімізге қайтару әдісін әлі ешкім ойлап таба алмай отыр, қазақ тіліне қарсы жұмыс істейтіндерге де бөлек күрес керек ғой... Оның үстіне біз қартаю үдерісіндеміз, мұны ғалымдарымыз айтпай отыр әрине, десек те осының салдарынан қазақ тілі де қалыптасуда қиындықтарға тап болуда. Сондықтан да үштілділікке жеткізетін қостілділік реформасына ерекше мән берілсе, сөйтіп соның негізінде келіп, үш тілділікті бір шеңбердің аясында мықтап тұрып ендіруге болады. Қостілділік дегенміз не? Ол да процесс. Орыс және қазақ тілін алма кезек қолдану, басымдық сол мемлекеттің тілінде, әрине. Жер бетіндегі елдердің дерлігі қостілді. Тек жапон, корей мемлекеттері сияқты бірең-сараң болмаса... Оған алысқа бармай-ақ қытай қазақтарын алсақ жеткілікті, олар қос тілді, есесіне қытай тілінің көлеңкесіне басқа тілді қойып қойған, керек кезде өзге тілді пайдаланып, пайдасын көріп жатыр. Міне, бұл әлемдік тәжірибе. Дамыған мемлекеттер қостілділікпен-ақ мәселесін шешіп келеді. Тонды қалай айналдырсақ та, басымдық дегеніңіз өзінікін болдырмай қоймайды... Әзірге үштілділік реформасын жоғарыда айтқан саясатпен жүргізгеніміз абзал....
Үш тілділік реформасының дамуына оң бағыт беру жолында еңбек етіп жүрген жазушы Дидахмет Әшімханұлын да әңгімемізге тарттық...
Үш тұғырлы тіл реформасының қоғамымызға тигізер пайдасы бар шығар әрине, алайда оның кері әсері жоқ деп те айта алмаймын. Оны бірнеше себептермен түсіндірейін. Айталық, соңғы кездері балалардың тілдері кеш шығатын болды, неліктен ? Себеп: әлі тілі шықпаған бала телеарналардан орыс тіліндегі әр түрлі мультфильмдерді көреді, кітаптарды қарайды, одан қалса ата-әжелері, әке-шешелері орыс тілінде сөйлеседі, мінекей, нәтижесінде аралас тілден баланың тілі шатысып, былдыр, түсініксіз сөздерден ғана құралады. Немесе жай ғана мысал, балабақшалардағы қазақ балаларға қарағанда орыс балалардың ойлары жинақы, сөйлемдері түсінікті болып келеді. Бұл қалай дейсіз ғой? Мәселе, олардың тек ана тілдерінде сөйлеуінде, біздікілер сияқты шүлдірлеп жүрген жоқ. Баланың тілі бір тілде ғана шығуы керек. Тілдің бір тілде шықпауы ақыл-ой жүйесінің дамуына да кері әсерін беріп, логикасының дамуына тежеу салады. Дәл қазіргі басты қателік, үш тілді меңгеру реформасын тәжірибесіз, оңы мен солын әбден ажыратып алмастан жүзеге асырылуында деп айтар едім. Ал, жүйесіз дүниенің қашанда кері әсері аз болмайтыны бесенеден белгілі. Тіпті мен мұны зорлықпен ендірілген реформа дер едім. Себебі, балабақшадан бастап үш тілді қосақтап үйрету дұрыс па, бұрыс па, ертеңгі нәтижесі қалай болар екен? деген сияқты сұрақтарға жауап іздеген немесе педагогтың, психологтың не ата-ананың пікір ескерген ешкім болмады. Мұны әлемді аузына қаратып отырған жапон елі мықтап түсінген сияқты. Өйткені Жапонияда 12 жасқа дейін балаларға сабақ тек өз тілдерімен беріледі, басқа бірде-бір шет тілі оқытылмайды. Жалпы өзі, тілге деген бейімділік әркімге бір жазылмаған қабілет емес пе? Біреу сексен жасында бірнеше тілді оп-оңай үйреніп алуы, ал енді біреу 20 жасында да бір шет тілін үйрене алмай қоюы әбден мүмкін ғой... Ең өкініштісі, осындай ұранды реформадан ертең ұлт та, қоғам да, мемлекет те қиыншылық көреді... Бір сөзбен айтқанда «абсурд» істер, шаралар ғой мұның бәрі. Мейлі, шет тілін үйренейік, бірақ ұлт ретінде қалыптасуды көздейтін, көксейтін жас мемлекет үшін алдымен «мемлекеттік тұғыр» маңызды емес пе?.. Ал менің түсінігімде, мемлекеттік тұғырдың бір тірегі, ол – ана тіл. Сондықтан ана тілді тұншықтыратын тілдерге керісінше, мейлінше тосқауыл қойылуы тиіс. Шет тілдерін 10 жастан ары қабілеттілігіне қарай оқытса да көштен қалмайды. Ал, жалпыға бірдей «3 тілді сайрау керек» деген девиз тастауды мүлде қолдамаймын. Тілі шала-шарпы шыққан баласына ағылшынша ән айтқызып, сахнада оны сол үшін қолпаштайтын қазақтарға қарап қайран қалам... Ұлтын, тілін, елін, отанын сүйіп, тек соның рухымен шыңдалып өспеген баладан не қайыр, не үміт күтеміз ? Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі М. Әуезов, Қ. Сәтпаев, Ә. Марғұлан сияқты талай тарландырымыз қанша жерден ресей топырақтарында білім алса да, сол империяның қысымында жүрсе де, ана тілінің идеологиясы мен мәртебесін ең жоғары орынға қойған. Өйткені олардың бәрінің де тілі қазақша шыққан, бірі ауыл молдасынан хат таныса, енді бірі ана тілінде мұғалімдерден тіл сындырған. Яғни, тірек мықты. Тіл ана тілде сайрап тұрғандықтан, ешкім оған балта та шаба алмаған. Енді не болдық ? Әркімнің тілі еркін еніп, өз үстемдігін жүргізе алады және ең бастысы соған реформа жасап тұрып, жол беріп отырмыз. Не десек те, үш тілді үйрену, қолдану аясын бір сызықтың бойына емес, ең болмаса үш сызыққа, әрқайсысының өз орнын көрсетіп қоятын ереже керек. Мүмкін, ондай тілдік саясаттың да оң нәтижесі көрініп қалар... Ал бірақ мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте жұмыс бабында қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы үшін кәсіби талап қойылу керек деп ойлаймын. Мысалы, өткен ғасырдың 20 жылдары 42 мамандық бойынша қазақ тілін білу кәсіби талап болған, бүгін неге солай талап қойылмасқа. Кәсіби талапты адам құқығын шектеумен шатастыруға болмайды. Демек, мемлекеттік тілді білуді талап ету – адам құқығын әсте шектеу емес, қазақ тілін білдіру арқылы басқа ұлт өкілдерінің кәсіби қызмет бабында өсуіне қазақпен бірдей жағдай туғызу болып табылады.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ