КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

бұл құбылыстан көпэтносты қазақ билігінің алар ғибраты қандай?

Саясаттанушылар мен сарапшылар қауымдастығы мультикультурализм деп ашық қоғам мен түрлі ұлттардың сол қоғам аясындағы сан алуандығын айтады. Мультикультурализм саясаты мен идеологиясы түрлі этникалық қауымдар мәдениетінің сан алуандығын сақтауды, өз мәдени ошақтарын ашып, тілі мен әдет-ғұрыптарын дамытып, тіпті сайлаулар кезінде ортақ ұстаным білдіруін аңғартады. Қазақстан халқы ассамблеясының миссиясы да осы мультикультурализм саясатын паш етеді.
Бұдан 30 жыл бұрын Еуропа осы мультикультурализм идеясы негізінде түрлі ұлттардың демократиялық, ашық қоғам аясында өмір сүруін, тілі, ділі және діні басқа ұлттарды батыстық құндылықтарға негізделген либералдық ортаға кіріктіру жолдарын қарастыра бастады. 
Бұл беталыс екі бағытта өрбіді. Бір кезде отарлаған елдерінің ауқымы өз жерінің ауқымынан 380 есе үлкен болған әлемнің ірі империяларының бірі – Британия иммигранттарды өз саяси жүйесіне интеграциялау арқылы қоғамдағы тепе-теңдік пен өз ұлтының біртектілігін сақтауға әрекет етіп бақты. Бірақ, британдықтардың бұл саясатын жемісті, нәтижелі болды деуге келмейді. Лондонда этникалық негіздегі наразылық акциялары мен зорлық-зомбылыққа ұласқан толқулар болып жатады.
Германия үкіметі иммигранттардың қоғамға сіңісуіне мүдделілік танытпады, қайта шетелден келген жұмысшыларды оқшаулауға бағытталған саясат жүргізді. Германияда 4,3 миллион мұсылман тұрады. Сол мұсылмандардың 2,5 миллионға жуығы Түркиядан келген бауырларымыз. Бұл иммигранттар өткен ғасырдың орта шенінен бастап Германияға келе бастаған. Сол келген бойда олар өз отандастары орналасқан кварталдарда қоныс теуіп, неміс тілін білуге және неміс мәдениетін игеру арқылы жаңа қоғамға сіңісуге ынта танытпады. 
Еңбек мигранттары негізінен қара жұмысқа жегілді. Білімі мен кәсіби деңгейі жоғары болмаған гастарбайтерлер (айтпақшы бұл немістің «Gast» (қонақ) және «Arbeіter» (жұмысшы) деген сөздерінен шыққан термин) жаңа қоғамға аса сіңісе алмады. Германиядағы 2,5 миллионға жуық түріктің тек 800 мыңына ғана сол елдің азаматтығы берілген. 
Иммигранттарға азаматтық беру тәртібін Германия соңғы жылдары біраз жұмсартты. Ол елде соңғы кезде белең алған антиисламдық акциялар неміс қоғамының толеранттық деңгейінің төмендеп келе жатқанын көрсетіп отыр. Неміс федералдық банкінің директорлар кеңесінің мүшесі, Германия социал-демократиялық партиясының белсендісі Тило Саррацинаның «Елге сіңісу – сол интеграцияланушының шаруасы. Елімнің тілін білмейтін адамға мен төзімділік танытуға міндетті емеспін, мемлекет құрушы ұлттың тілі мен мәдениеті орасан зор басымдыққа ие болуы керек» деген мәлімдемесі бүгінде неміс басшылығының ұлтаралық қатынастар саласындағы ұстанымына айналып келеді.
Ал Франция мультикультурализм саясатынан бас тартып, негізінен Солтүстік Африкадан келген иммигранттарды ассимиляция жасауға, оларға белгілі бір этникалық топтың өкілі емес, француз қоғамының құрамдас бөлігі ретінде қарап бақты. Бірақ, бұл саясаттың бір осал жері – мемлекет қара тәнді азаматтардың дискриминациясын, яғни кемсітілуін тоқтата алмады. 
Солтүстік Африкадан келген иммигранттар негізінен Париж бен басқа да қалалардыңтұрмысы төмен аудандарында тіршілік кешеді. Олардың көпшілігі жұмыссыз болғандықтан әлеуметтік көмек арқылы күн көреді. 
Өзбектерде «Тегін тамақ тәніңді семірткенмен, рухыңды аздырады» деген мақал бар. Сол процестер Франциядағы африкандықтар ішінде байқала бастады. Париждің маңындағы тұрмысы төмен аудандарда тұратын қара тәнділер үкіметтің сегрегациялық саясатына, яғни ел тұрғындарын қоғамдағы мәртебесіне қарап бөлуіне, қара тәнділердің экономикалық әрі саяси статусы тұрғысынан өсу мүмкіндіктерінің шектелуіне орай наразылық акцияларын өткізіп, дүкендер мен көліктерді өртегені есімізде. 
«Ер қолынан құс тоймасы» белгілі. Өз жұмысы мен қоғамда өз әлеуетіне лайықты мәртебесі болғанын қалайтын иммигранттар мен сол иммигранттардың балалары өздері тұрып жатқан елде өздерін өгей бала санайды. Бұл иммигранттардың қасіреті – өз отандарымен байланысын, тұлғалық идентификациясын, яғни біртектілігін анықтайтын болмыс өз ұлты мен мәдениетінен алшақтады да, өздері казір тұрып жаткан елге толыққанды сіңісе алмады.
Жалпы, иммиграциялық үдеріс Еуропаның этникалық келбетін түбегейлі түрде өзгертті. 2013 жылғы деректерге қарағанда, Германия халқының 12 пайызы – бұл 10 миллион адам деген сөз – басқа елде туылған адамдар. Франция мен Британияда да бұл көрсеткіш 12 пайызды құрайды. Лондонға жұмысқа алғаш барған кезім. Көшеде де, көлікте де, мекемелерде де африкалықтар көп екені менмұндалап тұр. 
Бір өзбек әріптесіме: «Лондонды негр басып кетіпті ғой» дедім. Ол маған сыбырлап, «Үсен ака, негр деген сөзді аузыңызға алмаңыз, сізді полиция шақырып, абақтыға айдатып жібереді» деді. Ал онда қалай атаймыз десем, «Қарабай дей беріңіз» деді. Олар өзара әңгімеде расист деген айыптаудан қорқып, негрлерді «Қарабай» дейді екен. Айта кететін бір жайт: сол «Қарабайлар» Лондонда да, Парижде де өздерін өте еркін сезінеді, кейде тіпті, туристерге тиісіп жатады. Тұтас негрлер тұратын аудандарға жергілікті халық бара бермейді. Әсіресе, Парижде жас «қарабай» жігіттердің туристерге соқтығысып, қолдарындағы түрлі тауарларын тықпыштап, жолын кес-кестеп жатқанын талай көрдім.
Қазір Еуропа елдері иммиграцияны шектеуге әрекет етіп бағуда. Бұл екіұшты проблема. Бір жағынан – иммигранттардың елге келуін шектеуді талап етіп жатқан әсіре солшыл партиялардың ықпалы артып келеді, екінші жағынан – Еуропадағы демографиялық жағдай – халықтың өсуінің тоқтауы мен еңбек ресурстарына деген сұраныс арасындағы сәйкессіздік бұл проблеманың шешілуін қиындатып отыр. Ия, бүгінде Францияда 5 миллион мұсылман тұрады. 
Француздар сол мұсылмандарды «қоғамның басты қаупі» деп санайды. 2013 жылы өткізілген зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, 10 француздың 7-і «елде шетелдіктер шектен тыс көп» деп санайды, ал сауалнамаға қатысқандардың 74 пайызы француз қоғамында исламға орын жоқ деп есептейді. «Шарли Эбдо» журналына байланысты топалаңнан соң наразылық маршына шыққан миллиондаған француздардың «Мен – Шарлимін» деген ұранды ту етуі қоғамда қалыптасып келе жатқан исламға қарсы құбылысты әлемге паш етті.
Американың Миссури штатындағы Фергюсон қаласында Майкл Браун есімді қара тәнді жігітті полиция қызметкерлерінің атып өлтіруінің соңы ұзақ мерзімді толқуларға ұласты. Америкадағы расизм тақырыбы Совет Одағында басты тақырыптардың бірі болатын. Мектеп қабырғасында ақ нәсілділерден зорлық-зомбылық көрген «Джон – негр баласы» жайлы оқып, қабырғамыз қайысатын. АҚШ үкіметінің сыншылары бүгінгі күнге дейін расистік саясаттың ызғары бар екендігін, түрмелерде қара нәсілді тұтқын әйелдерді мәжбүрлеп стерилизация (құрсақ көтермейтін ету) жасайтынын, ағарту саласында афроамерикандықтарға байланысты қаржылық сипаттағы шектеулер бар екенін мәлімдеп келеді.
Афроамерикандықтардың өз қандасының полиция қызметкерінің қолынан құрбан болуына қарсы ұзақ мерзімді толқуларға ұласқан наразылық акцияларын өткізуі – әрине, ондағы азаматтық қоғамның биліктен қорықпай, режимнің расистік саясатына қарсы бас көтергенінің айқын белгісі.
Соңғы жылдары Еуропадағы ұлттар арасындағы қарым-қатынас этникалық сипатын жоғалтып, діни түс алып келеді. Сарапшылар еуропалық иммигранттардың түсі мен тілі емес, ортақ дініне қарап бірігуіне 1979 жылғы Иран ислам революциясы мен 90-жылдардағы Босния мұсылмандары мен сербтер арасындағы соғыстың ықпалы күшті болды дейді. Еуропаға жұмыс іздеп келген иммигранттардың бірінші ұрпағы дінді басты құндылық, өз идентификациясының, яғни біртектілігінің басты белгісі деп санамаған. Ал бүгінгі ұрпақтың басты идентификациялық коды – діни танымы мен ұстанымы болып отыр. 
Еуропа мешіттерінде түрлі елдерден келген иммигрант жамағаттың діндес бауырлар ретінде сұхбаттасып немесе қатар тұрып ғибадат жасап жатқанын көресіз. Осы жаңа беталысқа жауап ретінде ислам діні мен мұсылмандарға қарсы партиялар мен ұйымдар түріндегі саяси күштер қалыптасып келеді. Көптеген сарапшылар Еуропадағы мұсылман қауымы мен сол елдердегі билік пен байлықтың иесі болып табылатын христиандық үстем тап арасындағы күрес уақыт өте шиеленісе түседі деген пікір айтады.
Қазақстанда да ұлтаралық татулық және дінаралық төзімділік деп аталатын мультикультурализмнің еуразиялық үлгісі жүзеге асырылып келеді. Ұлттар арасындағы мүдделер теңгерімін аудармай ұстау оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда отандық және шетелдік сарапшылар түрлі пікірлер айтады. Бірқатары елдегі ұлтаралық татулық ағымдағы биліктің көрегендік саясатының нәтижесі десе, басқа бір сарапшылар Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен дінаралық төзімділіктің елдің иесі мен киесі – қазақтар мен осы ұлттың мәңгілік діні – исламның есебінен жүзеге асырылып жатқанын айтады. 
Еуропа елдері мультикультурализм, яғни демократиялық, ашық қоғамдағы ұлттардың сан алуандығы, сол сан алуан этностардың жалпы ұлттық құндылықтар емес, өздерінің этникалық біртектілігін жоғары қоюы қате, бұрыс саясат екенін мойындады.
2010 жылы қазан айында Германияның канцлері Меркель ханым «Мульти мәдени жоба (елдің байырғы халқына еңбек миграциясы нәтижесінде келіп қосылған, бірақ, жаңа қоғамға сіңісуге ынта танытпаған түрлі мәдениеттер өкілдерінің бір мемлекет аумағында өмір сүруі) толық күйреді» деп мәлімдеді. 
Арадан бір жыл өтіп, осы мағынадағы мәлімдемелерді Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен Францияның бұрынғы президенті Саркози мырза жасады. Еуропаның бұл тұжырымға келуіне 30 жыл уақыт кетті. Қазақ билігі де сол Еуропаның қатесін қайталамауы үшін ұлтаралық саясаттағы ұстанымын еуропалық тәжірибе тұрғысынан екшеп, ұлттық мүдде сүзгісінен өткізгені абзал.
Сондай-ақ, мемлекет құраушы ұлт және барша ұлыстарды ұйыстырушы ретіндегі қазақ халқының айрықша жауапкершілігі мен өкілеттігі нақтылана түсуі керек сияқты.

oinet.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 943 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2135 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2865 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2630 0





ТЕКСТ

Яндекс.Метрика