THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Сөзге тоқтаған, қара сөздің
қадір-қасиетін кие тұтқан дана халқымыздың рухани-мәдени өмірінде
би-шешендердің, олардың артында қалған баға жетпес мұрасының алар орны,
атқаратын қызметі өлшеусіз екендігі баршамызға аян. Аузымен құс тістеген ділмар
да, шаршы топта дүйім жұртты таңдай қаққызған шешен де, тілін ақылына билетіп,
әсерлі, уәлі сөз айтқан көсем де шыққан ел арасынан. Дәстүрлі тілдер мерекесі
аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ әдебиетінің
тарихы және теориясы кафедрасының куратор-эдвайзерлері ұйымдастырған
«Шешендік өнер – тіл байлығы» атты жас шешендер арасында сайысы да осынау
құнды, киелі мұрамызды насихаттауға арналды. Жиналған қауым
Aлдында
Анақарыстан, Майқы биден, Қорқыт заманынан бастау алып, кешегі
Ақтайлақ би, Бөлтірік, Байдалы шешендерге дейін ұласып жатқан шешендік сөз
үлгілерінің мемлекеттілігімізді қалыптастыруда, ұлт руханиятын дамытуда, ұрпақ
санасын тәрбиелеуде маңызы өте зор екенін, тағылымдық-танымдық қуатының бүгінгі
буынға да берері мол екенін тағы да бір дәлелдеп, өнерлерімен тәнті
етті. Сайысқа қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1 курс студенттерінен
құрылған «Асыл сыңғыр», «Тіл мұрагерлері», «Бала би», «Самғар» топтары қатысып,
құйқалы да құнарлы тіліміздің өткенінен сыр шертіп, қаймағы бұзылмаған қасиетін
танытып, ұмытыла бастаған ұлағатты сөздерін қайта тірілткендей күйге бөледі.
Шара барысында шешендігімен, тапқырлығымен, алғырлығымен көзге түскен 1-курс
студенттері Жылқыбаев Досхан, Нысанбек Сәуле, Бектаева Әлима, Әлімбекова
Нұртолған арнайы сый-сияпатқа ие болды. Шара сайыпқырандарының өнеріне білікті,
тәжірибелі Ө.Әбдиманұлы, З.Бисенғали, Қ.Мәдібай, С.Дәрібайұлы сынды ұстаздар
қазылық етсе, кеш жүргізушілері де өздеріне жүктелген сенімді ақтай білді. Топ
куратор-эдвайзерлері С.Қалқабаева, Р.Әбдіқұлова, Н.Сағындық, А.Жүсіповалардың
ұйымдастыруымен тыңғылықты дайындалған болашақ тіл мұрагерлерінің оқу
орнындағы алғашқы талпыныстары, сөз әлемінің тұңғиығына жасаған
сапар-саяхаттары көпшілік көңілінен шықты. Қазақтың небір дуалы ауыз
би-шешендерінің сөз оралымдарын, айшықты, бейнелі сөз тіркестерін сәтімен
пайдаланып,нәшіне келтіре орындап қана қоймай, өзара сөз қағысулары, ұрымтал
сұрақ-жауап алмасулары, аузымен құс тістеген дала академиктерінің өмірінен сыр
шертетін қойылым-көріністері де ұтымды шығып жатты. Жарыс көркін
көркемсөзді мәнерлеп оқу шеберлері, әнші-биші өнерпаздар қыздыра түсті.
Тіліміздің сәулелі көкжиегін, сан қырлы қызметін танытуға жасаған талпыныстары
әр топтың арнайы дайындаған қабырға газеттерінен де көрініс тауып, бала
қиялын дана қиялға ұштастырған арман-тілектері де жарасым тауып, көпшіліктің
жанына шуақ ұялатып, көңілін жадыратты.
«Мен қазақ ақынының суырып салма өнерін,
асқақтата салған әнін тыңдап, ерекше әсерге бөлендім,бұдан бірнеше күн
бұрын екі ел егесінде шаршы топтың алдында сөз сөйлеген шешендерді көрген
едім,сонда мен тумысында Демосфен, Цицерондарды естіп, білмеген жандардың
жезтаңдай ділмарлығына таң-тамаша болған едім. Ал бүгін менің алдымда не оқи,
не жаза білмейтін ақындар бұлбұлдай сайрап отыр. Жаратқан иесі мұндай өнер
берген халық мәдениет әлеміне өгей болуға тиіс емес…»- деп қазақтың
шешендігіне, суырыпсалмалық қасиетіне таңдай қаққан поляк ұлтының өкілі,
қазақ даласында айдауда болған А.Янушкевичтің жүрекжарды пікірінің қапысыз
тауып айтылғанына, кім-кімді де тебірентпей қоймайтын шынайы баға екеніне жас
шешендердің өнерін, сөз саптауларын, тіл мәдениетіне деген құрметін
көріп-тыңдап, тағы да көзіміз жете түскендей әсерде болдық.
Сайысқа университеттің үздік куратор- эдвайзері Г.Болатова, тәрбие бөлімінің маманы А.Тұрмағамбетова арнайы қатысып, жүлдегерлерге сый-сияпат жасаса, жиын соңында қазылар алқасының төрағасы, профессор З.Бисенғали тәлімгерлердің алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ