КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Кейінгі кездері газет-журнал беттеріндегі кейбір қателерді көзім шалып қалады. Тасымал, тыныс белгі, әріп қатесі дейсіз бе, жиі кездесіп жатады. Жасым ұлғайса да, зерделі ұрпақ бірін болмаса бірін ұғар деген ниетпен қолыма қалам алдым. Бірінші мәселе бұл – тасымал мәселесі. Тасымал – алғашқы жолға сыймағанда сөз буынының келесі жолға көшетін бөлігі. Сөздің жаңа жолдағы бөлігі ешқашан дауысты әріптен басталмайды. Тек екі дауысты дыбыс қатар келгенде ғана тасымал дауысты дыбыстан басталуы мүмкін. Ондай сөздер сирек. Мәселен: тәрби-елеу, са-яси, шару-а­­да… Қазақ тілінің өз табиғатына сай екі дауысты әріптің ортасына й, ң, у әріптері келсе, олар міндетті түрде келесі бөлікке көшеді: ба-йым­да (бай-ымда емес), за-йырлы (зай-ырлы емес), же-ңіс, кө-ңілді (жең-іс, ­көң-ілді емес), жа-ңылу (жаң-ылу емес), ра-уан (рау-ан емес), са-уатты, ба-уыр, тә-уір (сау-атты, бау-ыр, тәу-ір емес). Ал орыстың май-онез, рай-он деп тасымалдауы бізге үлгі бола алмайды. Сонымен қатар «сый», «тый» сөздері жалғау немесе жұрнақ жалғанғанда өзгермейді. Мысалы: сыйы, тыйым (си-ы, ти-ым емес). Бірақ, неге екені белгісіз, бұл сөздерді түбірімен өзгертіп жіберетіндер бар. Бастауыштан соң орынсыз үтір қою үрдісі де қайтадан белең алған. Қайтадан дейтінім, бұдан біраз жыл бұрын да әлдекімдер бастауыштан кейін үтір қоятын әдет шығарып, ол кейін басылған. Ал «паһ», «туһ», «аһ» деген одағай сөздерді «пах», «тух» деп жазу кімге пайда бермек?

Қазақта «екеуміз» деген сөз бар. Мәселен, екеуміз, үшеуміз, төр­теуміз… Бұл сөзге жалғау жалған­байды, сөйлемде баяндауыш қызметін атқарады. Газет бетінде көп қолданы­ла бермейді. Ал «екеуіміз» сөзі бір газетте жылына мың рет қайталануы мүмкін. Өкініштісі сол, бұл сөзді оқушы да, мектеп мұғалімі де, профессор да «екеуміз» деп қате жазып келеді. «Екеуіміз» сөзіне барлық септік жалғауы жалғанады, сөйлем­­нің барлық мүшесі бола алады. Бірақ осы «екеуміз» бен «екеуіміз» сөзін екі­­нің бірі ажырата алмайтын күнге жет­тік. Бұған кім кінәлі? Сөзді сауатты жа­зуды үйретпеген ұстаз ба, дұрыс жазуға дағдыланбаған өзіміз бе?

«Таңғалды» сөзіне осындай жағдай тән. Осы сөзді сауатты жазатындар санаулы-ақ. Ол аз десеңіз, сөйлемде «әсіресе» сөзі кездессе, оның алдынан да, соңынан да жаңылмай үтір қоятын әдет шықты. Неге? Бұл қыстырма сөз емес қой. Оның есесіне «т.б.» сөзінің алдына үтір қойдырмайтын болыпты. «т.б.» сөзі «және» дегенді білдірмейді ғой.

Бұдан бірнеше жыл бұрын белгілі ғалым республикалық тіл жиынында «ғылыми» сөзін «қылми» сөзіне ерекше ұқсастырып сөйлеп тұрды. Содан кейінгі жылдары шыққан «Орфографиялық сөздікте» арнаулы орын беріліп, «ғылыми», «ресми» сөздерін «ы», «і»-сіз жазу жөнінде ереже шықты, жұрт жаппай солай жаза бастады. Кейін «ғылыми» сөзі қалпына келді де, ал «ресми» сөз сол күйінде қалып қойды. Бұған не дейміз?

Қазақтың «бәйгі» деген тәп-тәуір төл сөзін «бәйге» деп өзгертіп ал­ғандар пайда болды. «Нұсқау» сөзі­нен «нұсқаулық» деген термин жасап алдық. Осы «-лық», «-дық», «-тық» жұрнақтарын жапа-тармағай жалғай беру арқылы тіл байымайды ғой. Тізе берсек, мұндай сөздер көп-ақ. Ал кей сөздерді тілдік қорымызға шаласауатты әлдебіреу ойдан қоса сала ма деп ойлаймын. «Бағам», «құрам», «жасам»… сияқты сөздерді кім қайдан тауып алған десеңізші. ­Осы секілді «құсап» сөзін де қолданбау ­керек деп дұрыс пікір білдіргендер болды. Мәселен, «бала құсап» деген­ді «балаға ұқсап» деп жазу сөз ажа­рын жөндер еді ғой. Қазақ сөз өнерінің зергері Ғ.Мүсірепов «Мен қазаққа бір сөз қосқаным жоқ» дегені бар. Шындығында, көрнекті жазушы қазақтың бай тілдік қорындағы бар сөздерді қолданды, өзіне қайтарды. Ал Н.Оңдасыновтың «Мен «шөлмек» деген бір сөз таптым» дегені бар. Шындығында, ол шөлмек те бұрын­нан бар сөз:

Дүние, ойлап тұрсаң, шөлмек екен,

Туған жан бұл дүниеде өлмек екен...

Тағы бір мәселе «Ә» әрпіне қатысты десек болады. Көп буынды сөздің соңғы буынында «ә», «я» келсе, оған жуан буын жалғануы тиіс. Мысалы: күнә-сызбын, кінә-лама, Коля-ға, отряд-тың… Бұл – қазақ тілінің табиғаты. Білместіктен шығар, Күләш атын біраз жыл «Күлаш» деп те жазып жүрдік. Сол кезде еш ғалым «ә», «я»-ға жуан буын жалғанатынын айтпады, ал ұсыныс айтқандардың сөзі тыңдалмады. Сол себепті баспасөз «кінәлеме» деп теріс жаза бастады.

Тыныс белгілерін орынсыз қою да азаяр емес. Ел сүйіп оқитын газеттердің өзі «Дін – дің болып таралғалы», «Өзімізді-өзіміз осылай қадірлей білуіміз керек», «Қазақ – қазақ болып қалсын» (Г.Бельгердің сөзі) деп қате жазып жүр. Осындағы қайталанған сөздер арасына сызықша неге қойылған? Олар қос сөз емес қой. Мұндай қателер тіпті еленбейтін болғандай. Қазақта «қате», «қадір» сияқты жуан-жіңішке буындар араласатын бір топ сөз бар. Ондай сөздерді өзгертем деу – әурешілік. Есесіне «қабілет-қабылет», «қасірет-қасырет», «құдірет-құдырет» сынды сөздерді сауатты жазуға кім бағыт берер екен?

Сонымен қатар қазақ тілінде тәуелдік жалғау жалғанғанда кейде «ы», «і» түсіп қалатыны бар еді, мәселен: ауыз-аузы, ауыл-аулы, ерін-ерні, көрік-көркі, бөрік-бөркі, мұрын-мұрны, орын-орны… (тек «Қызылқұмда ауылым» сияқты бірлі-жарым жағдайда ғана рұқсат етіледі). Қазір осы заңдылық та ұмытылып барады. «Бөрігім» деп айтып, «көрігім» деп жаза беретін болдық. Рас, қазақта «көрік», «ерік» сынды омоним сөздер де бар. Кезінде бұл туралы да жазғанмын. «Ұстаның көркі мен көрігі» деген өлеңім бар. «Айрықша» деп жазсақ – үстеу, айырықша (подраздел) десек, зат есім болмай ма? Екеуінің арасы жер мен көктей. Бұдан бөлек, мынадай мысалдар бар. «Аулыңа қайтып (оралып) барасың» (хабарлы сөйлем) «Аулыңа» қайтіп (немен?, қалай?) барасың?» (сұраулы сөйлем). Осы екі сөйлем арасындағы алшақтық туралы кім қалай түсінік берді екен? Оған қоса «л» әрпінің алдына қойылатын ы дыбысы туралы не білеміз? Білмегендіктен де кей сөздер­ді қате жазып жүрміз. Сондықтан төменде алдына «ы» қойылатын һәм қойылмайтын сөздердің бір тобын ұсынып отырмын. «Ы» қойылатын сөздер: ылаң (лаң емес), ылай (лай емес), ылас (лас емес).

Мәселен:

Жайықтың суы ағады ылайланып,

Қоспады сені маған Құдай неғып...

немесе ешкінің төлі ылақ (лақ емес) сөзі де дұрыс жазылмай жүр. Мәселен: «Он жаста жорға ойнаған ылақтай…». Ал «ы» қойылмайтын сөздер мыналар: лып етіп сөнді, лық етіп асты, лақ етіп төгілді, леп білінді, әсем лебі­зін айтсайшы!.. Бұл аз десеңіз, газет-журнал бетінде академик Рабиға Сыздықова айтқан «қықылау» әлі басылған жоқ: шегара сөзін – шекара, Ағырысты – Ақырыс, Айғожаны – Айқожа, Жанғазыны – Жанқазы, Жаңғабылды – Жаңқабыл, өліараны – өлара деп жаза береміз. Жаза берсек, жіпке тізе берсек мұндай қателер көп-ақ. Тек соған құлақ асып, сөз түзелсе қайсы…

Атырау облысы

АНА ТІЛІ газеті


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика