КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ халқы шаш күтімін, оны тарауды, өсіруді, өруді үлкен тәрбие мектебі деп түсінген. Дала Мадонналары 13-15 жасында көшпенділердің сән академиясын толық меңгерген. Анасы мен апасы, әжесі бойжеткендердің шашын тістері әр түрлі жануарлардың мүйізінен жасалған тарақпен әдемілеп тарап, сыртынан әсем шаштарақпен бастырып, шашбау мен шолпы тағып, жылтырату үшін шашмай жағып құлпыртады. Қазақ қыз-келіншектерінің шолпы мен шашбауының атқарған қызметін санамалап көрейік. Шашбау дегеніміз – этнограф Сейіт Кенжеахметовтың анықтамасында «Қыз баланың шашымен қоса өрілген моншақты, зерлі, күміс шынжырлы әсемдік бұйым. Шолпы – шашқа тағатын, қымбат бағалы, сылдырмақты, бұрым сәнін келтірген алтыннан, күмістен жасалған әшекей» делінген. Қазақ қыздарының жасы он үшке толғанда қос бұрымына салмақты шашбау қоса өріп, аяулысының тік жүруі, қайқы кеуде, құрық мойын болуын қадағалайды. Ал 13-14 жасында құлағындағы сыңғырлаған сырғаларға асыл тасты бойтұмар, шолпы үндері қосылып, ырғақты әдемі әуен, кішігірім симфониялық оркестр үнін құраған. Шолпы — әйел әшекейлерінің ішінде сәнді әрі күрделілерінің бірі. Қазақ салтында шолпыны қыздар мен жас келіншектер ғана тағады, ал егде тартқан әйелдерге ерсі болған. Халық арасында оның түрлері өте көп тараған. Жас қыздар тағатын үзбелі шолпы, көзді шолпы, шынжырлы шолпы, маржанды шолпы, ақық шолпы, қоңыраулы шолпы деген түрлері бар. Бешпетіне таққан ұсақ тиындар мен теңгелер қыз қозғалғанда шолпыға қосылып сыңғырлап дыбыс береді. Қыздардың жасына қарай әшекейлер кейде толықтырылып, кейде саны қысқарып отырған. Балауса қыздың жүрісін, қимылын, әдептілігін қалыптастыру үшін қоңыраулы шолпыны көбірек қолданған. Астарына үңілсек, қоңыраулы шолпыны таққан қыздар далада жүргенде, қатты күлсе, жүгірсе, шолпы сыңғырлап, дабыл қаққан. Бұл – бір. Ал шолпысына, маржан моншақ таққан қыздар оғаш қимыл жасаса, шолпы моншақтары салдырлап жағымсыз дыбыс шығарып, иесі оқыс қылығын дереу тоқтатқан. Қандай ғажап үйлесім... Шолпының бұл сылдыры оларды елең еткізіп, жинақы болуға мәжбүрлеген. Екіншіден, шолпының әуеніне байланысты ырғақты қозғалысты сезініп, аяғын аңдап басып, қалқып жүруге дағдыланған. Қазіргі тілмен айтқанда, дефиле – көрікті әсем бой түзеуді (осанка), түзу сәнді жүруді арнайы үйрететін модельдер мектебінің рөлін атқарған. Үшіншіден, ауыр шолпы таққанда бас ауырмайтын басқа да емдік қасиеті болған. Төртіншіден, шолпы, шашбау сыңғыры қыз баланың үйге қарай келе жатқанынан хабар берген. Үлкендер жағы артық сөзін тыйып, қыз алдында өздерін тәртіпке шақырған. Бесіншіден, балғын қыздар денесін тік ұстап, бойдағы сенімділікті қайрап, кез келген ортада өзін-өзі еркін ұстай білуді балалық шақтан үйренеді. Алтыншыдан, шолпының салмағының әсерінен шаш ұзын болып өскен, бұл тұжырым биологиялық тұрғыдан расталған ақиқат. Жетіншіден, шолпы мен шашбауды бұрымы тарқатылып кетпеу үшін таққан және ол этномәдени ұғым. Халықта "адам жанының бір ұшы шашында" деген түсінік тағы бар. Осы түсінікке байланысты аналарымыз шаштарын әр жерге тастамай, түскен әрбір талын жинап, мұқият орап, адам баспайтын жерге көміп отырған және аталған ырымның мән-мағынасын қыздары мен келіндерінің жадына жалаң, құрғақ сөзбен емес, ұлттық ұғымға жақын аңыз-әңгімелермен «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп құлаққа құйып отырған. Міне, әшекейлер әуені осылайша бірнеше міндетті қатар атқарған. 
Қанша адам болса, сонша саусақ таңбасы бар. Сол сияқты, шаш құрылысы да қайталанбайды. Шаштың ұқсастығы тек бір жұмыртқалы егіздерде болады. Тәжірибеде бір тал шаш арқылы «гендік дактилоскопия» әдісін қолдана отырып, қылмыскерді табуға мүмкіндік бар. Егер де адамдар үлкен қиындықтарға тап болып, ұзақ уақыт күйзеліске ұшырауды басынан өткерсе, шашын қидырып, алдырып тастағаны жөн деп кеңес береді мамандар. Себебі шаштың «есте сақтау» қасиеті бар. Ол жүйкені, миды мазалап, көңіл-күйді, денсаулықты нашарлатады. Әсіресе, шаш ұштары өте сезімталкеледі.
Қыз бала бір жасқа толғаннан кейін оның да қарын шашын алып, екі шекесіне екі шөкім шаш қалдырып, оны өсіреді. Ол – «тұлым шаш», «тұлымшақ» деп аталады. Тұлымды «көз тимесін, қызымыз көрікті болып өссін», – деп қояды. Қыз балаға тұлым қойғаннан кейін шашын алмай, шашы жетіліп өскенінде тұлымын қосып өріп, әсемдейді. Тұлым, тұлымшақ қыз баланың көркіне көрік қосып, оны сұлуландырып жібереді.
Дала арулары өз шаштарын қалай күтті? Кешегі арулардың шаштарының жібектей есіліп тұруының сыры неде? Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген қазақ қыздары шаштарының тазалығына мән берген. Айран, өсімдік майлары мен шөп тамырларының тұнбасын пайдаланған. Майсана, түймедақ, жыланқияқ сияқты емдік өсімдіктердің майларын қолданған. Бұл майлар шаштың саулығын, жылдам өсуін қамтамасыз етеді. Мұндай майлардың түрі қазір дәріханаларда қолжетімді.
Қазіргі кезде нәзік жандылар арасында шаш бояу кең тараған. Мұндайда қазақ «тасқа біткен қынаны» орынды пайдаланған. Қынаны медицинада сүйек және бас ау­руларын емдеуге, жараны тазалауға, тері ауруларын емдеуге, жапырағының сөлін шешек, қызылша ауру­ларына, сонымен қатар шашты өсіруге және бояуға пайдаланған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисінде: «Теріні сақтауда ерекшелігі басым әсері бар бағалы зат – қына» дейді. 
Қынамен боялған шаш түсін ұзақ уақытқа ұстап тұрумен қатар, шаштың тез өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар қайызғақтың болуын да азайтады. Бұған қоса, шаштың сыртқы қабыршақты қабатын бекітіп, шашқа табиғи түс береді. Қынамен және басмамен боялған шаш жылтырап, шашқа әдемі түс берумен қатар, икемділігі артып, жеңіл таралады. 
Қынаның құрамында кездесетін илік заттар шаштың қою, көлемді, мықты болуына әсер береді және зақымдалған шашты нәрлендіретін қасиетке ие. Қынаның құрамындағы А дәрумені шашты бекітіп, терінің тыныстауына көмектеседі. Боялғаннан кейін сынған, әлсіз жіңішке шаштар бекіп, қою шаштардың көлемі артады. Май бездерінің қызметін реттеп, шаштың түсуін тоқтатады. 
Түссіз қына – табиғи болып келеді, ол қына жапырағының сіріндісінен жасалады. Қынаның бұл түрін шашқа емдік маска ретінде қолданған жөн, со­нымен қатар әрлік бұлауда (косметическая ванна) сусабынмен бірге қолданса да болады. Түссіз қына шашының түсін өзгерткісі келмейтін бикештер үшін қолайлы, алайда бұл жағдайда алдымен зақымдалған шашты қалпына келтіріп алған жөн. Ескеретін жайт, қынамен тек ақшыл қоңыр немесе қоңыр түсті шаштарды ғана бояуға болады. Сонымен қатар онымен химиялық бояулармен зақымдалған не­месе химиялық бұйра жасалған шашты бояуға болмай­ды. Мұндай жағдайда қына шашыңызға мүлде қонбауы немесе басқа түске боялуы мүмкін. Қынаны тым жиі қолданбаған дұрыс, мамандар кеңесіне қарағанда, екі айда бір рет қолдану жеткілікті. 
Сұлулық, өз-өзін күтуде қазақ әйелдерін дала университетінің озаттары десе болады. Табиғатпен тығыз байланыста болған олар табиғат берген әдеміліктерін табиғи жолмен сақтап қалды. Апаларымыз соңынан ерген қыздарына өз сырларын аманат ете білген.

Пайдаланылған әдебиет:
Ұ.Ділімбетқызы «Даланың ұлы қыздары».

mtdi.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика