КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің назарына!
Биылғы оқу жылынан бастап орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнін оқыту 2 сағатқа қысқарды. Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов қазақ тілі пәнінің қысқартылғаны жөнсіз деген ойын білдіріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Алайда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан қабылданып қойған шешім өзгермей, сол күйі қалды. Сірә, министрліктегі лауазымды тұлғалар мемлекеттік тілді оқытуға мән бермейтін болса керек. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс» деп алға нақты міндет қойды емес пе? Сонда бар-жоғы он шақты жылдың ішінде бұл межеге қалай қол жеткізуге болады? Бұл орайда қазақ тілін оқытуға басымдық беру қажет екенін түсіну қиын болмаса керек. Өйткені қазірдің өзінде орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің оқытылу сапасы өте нашар екені жұртшылыққа кеңінен белгілі. Он бір жыл мектепте қазақ тілін оқып, екі ауыз қазақша білмейтін жастарды көріп жүрміз.
Еліміздегі орыс мектебінің директорлары осындай сорақылықты жоюға еш қайран танытпауы қалай? «Мемлекеттік стандарт негізінде оқытып жатырмыз» деп өзеурейді. Ал сол мемлекеттік стандартта көрсетілген білім деңгейіне қол жетіп жүр ме? Оқушылар қазақ тілі пәнін толық игеріп, қазақша еркін сөйлеп жүр ме екен? Жоқ, әрине. Біздегі орыс мектептері қазақ тіліне атүсті қарайтынын қалай жасырамыз. Қазақ тілі пәні бүгінде шалағай, үстірт оқытылып жүргеніне ешкімнің жаны ауырмайтыны қалай? Пәннен нәтиже шығару әрбір мұғалімнің, мектеп директорының, қала берді Білім министрлігінің тікелей міндеті емес пе? Бүгінде орыс мектептері де, онда білім алып жатқан оқушылар да қазақ тілі пәніне жүрдім-бардым қарайтынын жұртшылық жақсы білсе керек.
Сондай деймін-ау, біз өз елімізде тұрып, қашанға дейін қазақ тілін осылай кемсітушілікке сала береміз? Бұл пәннің өзін талапқа сай оқыта алмай отырған мектептен, білім жүйесінен не қайыр? Білім басқармасы басшыларынан мәселенің мән-жайын сұрасаңыз, қатырып жатырмыз, бәрі керемет деуден жалықпайды. «Ауруын жасырған өледі» демекші, мұндай жалған сөйлеуді өмірдің өзі-ақ әшкерелеп жүр ғой. «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» дейді халқымыз. Бұлай бүркемелей беру қашанға дейін жалғаспақ? Талапты орындауға келгенде салғырттық басым. Керікетушілік бар. Мұның бәрі өз ісіне үстірт қарау емес пе? Тіл, тіл деп шарқ ұрып жүрген азаматтардың уәжін түсінуге болады. Орыс мектептерінде білім алып жүрген қазақ балаларының өзі ана тілін білмейді. Мұнан асқан қасірет болмаса керек.
Балаларын орыс мектебінде оқытып, мемлекеттік тілді аяққа таптап, тұншықтырып, «Тіл туралы» Заңды, қала берді Конституцияны белшесінен басып жүрген адамдар қазіргі таңда білдей мекемелерде, министрліктерде қызмет етіп жүр. Олар балаларын қазақ мектебіне беріп, өздері қазақша үйренуге құштар болса, мемлекеттік тіліміз мекеменің босағасында емес, төрінде шалқып отырар еді. Орыс мектептерінде қазақ тілі пәні ойдағыдай нәтиже бермейтінінің бір себебі, ата-аналар мен басшы орындардағы шенеуніктер тілге салғырт қарауынан екені анық.
Бір өкініштісі, еліміздің білім беру жүйесі олқылықтардан көз ашпай-ақ келеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері санайтын болсақ, қаншама Білім бағдарламалары қабылданып, Заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Талай министрлер ауысты. Бірақ іс сол орнында тұралап тұр. Жыл сайын «Оқулық дұрыс емес, бағдарлама оқулыққа сай емес» деген тәрізді мәселелер туындап отырады. Бұл біздегі ұйымдастырушылық-басқарушылықтың әлсіз екенін білдірмей ме? Мәселен, биыл да «Қазақ тілі» пәнінің оқулығы мен бағдарламасы сәйкес келмейтін болып шыққан. «Оқулығы болса, бағдарламасы жоқ, бағдарламасы болса оқулығы жоқ бұл неткен пән» деп таңғалмасқа амал жоқ?! Сала басшыларының айтуынша, биыл жаңадан бағдарлама жасалыпты-мыс. Жарайды, солай-ақ болсын, бірақ сол бағдарламаға сай жаңа оқулықтың болмауын қалай түсінуге болады? Оқулық пен бағдарлама о баста қатар жүрмейтін бе еді? Әйтеуір, қазақ тіліне келгенде үнемі бір шикіліктің орын алып тұратыны қалай? Министрліктегілер бұл олқылықтың орнын келесі жылы толтыруға ниеттеніп отырған көрінеді. Алайда уақыт күтіп тұрмайды ғой. Қазіргі таңда мемлекеттің тіл үшін жасап жатқан қамқорлығы аз емес. Қыруар қаржы да бөлінген. Қазақ тіліне бөлінген әрбір сағат, әрбір уақыт нәтиже беруге тиісті. Әйтпесе, созбалылыққа сала берсек, біз мына түрімізбен мемлекеттік тілімізді Елбасы межелеген деңгейге жеткізе алмасымыз анық.
Қазақ тілі пәніне тек қана пән деп емес, мемлекеттік тіл, адамдардың алдағы уақытта қызмет тілі, өмір сүруге аса қажет құралы, патриотизм белгісі, азаматтық парыз деп шынайы сезінетін кез жетті. Осыны орыс мектептерінің басшылары жете түсіне алмауы қалай?
Мәселен, Алматы қаласы №135 орта мектебінің директоры Олег Кондрашкин өз мектебіндегі «Қазақ тілі» пәнінің оқытылуына қатысты былай дейді: «Пәнді мемлекеттік стандарт негізінде оқытамыз. Қазақ тіліне арналған үш кабинетіміз бар. Аптасына бір рет «Қазақ тілі» күні белгіленген, тағысын тағылар». Тілдің оқытылуына шаң жуытар емес. Бірақ сол мектептегі қазақ тілі пәнінің сабағына кіріп көргенімізде, сөз бен істің арасында алшақтық басым жатқанын байқадық. Сонда директор мырза кімді алдап отыр? Өзін бе, әлде оқушыларды ма? Қазақ тілінің оқытылу сапасы туралы мәселе айта бастасаңыз, олар өздерінің орыс мектебі екенін, шамалары келгенше қазақ тілін де оқытып жатқандарын алға тартады. Соған қарағанда, бейне бір орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту маңызды емес деген түсінік әлі басым деуге болады.
Мемлекеттік стандарт барлық мектептерге бірдей жазылатындықтан, оны орындау да баршаға ортақ міндет емес пе? Бала орыс мектебіне барса да, қазақ мектебіне барса да, қазақ тілі пәнін меңгеріп шығуы керек емес пе? Пәнді үйрену дегенде қазақ тілін біліп шығу екені айтпаса да түсінікті шығар. Мектеп директорларының көбісі өз мектептеріндегі бірлі-жарым оқушылардың қазақ тілін білетіндіктерін алға тартып, соны місе тұтып, мақтана айтады. Әлгі бір-екі бала бүкіл орыс мектебінің намысын қорғап жүргенге мәз. Ол бірер орыс баласы қазақша білетін болса, барлық күшті сол оқушыға жұмсап, қайткенде соның білімін қалқан қып ұстап отырған жайы бар. Мұндай көзқарас қашанға дейін жалғаспақ? Қазақ тілін білу жаппай жүргізілуі керек емес пе? Иә, өзге ұлттардың ішінде тілімізді өз бетінше үйреніп, тілімізге құрмет көрсетіп жүргендері жетерлік. Бірақ орыс мектебіндегі қазақ тілі пән ретінде есіктен төрге озбаса, жағдайдың мәз болмайтыны белгілі. Бізде қазақ тілін білетін өзге ұлттарды тым асыра көтермелеушілік басым. Алайда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі болғаннан кейін, тілді білу әрбір республика азаматының парызы емес пе? Ол ендігі жерде қалыпты жағдайға айналуы керек. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның қазақ тілі пәніне қатысты айтқан мына бір сөзі көңілге қонады: «Неліктен математика мұғалімі оқушының есепке шорқақтығы үшін жұмыстан қуылып, қазақ тілін оқытпаған, жағдай жасамаған директорлар жұмыста қалады?!..». Иә, шын мәнінде орыс мектептерінің директорларына осындай талаптың қойылатын кезі жетті. Егер олар өздері басқарып отырған мектебінде білім алып жатқан оқушыларға қазақ тілін толыққанды деңгейде үйретіп шығара алмаса, ондай жерде мұндай директорлардың өзі қызмет орындарын босатуға дейін мәселе көтерілуі керек. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Олай болса, қазақ тілі пәні де мемлекеттік тілді үйретуге қызмет етуі тиіс.
Алматы қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Максима Темербековадан қаладағы орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің оқытылуына байланысты мән-жайды білмек болғанымызда, біраз жайларға қанық болып, тұшымды жауап естиміз деген үмітіміз су сепкендей басылды. Себебі ресми орган өкілі өздерінің «әләуләйіміне» салып, қатырып жатырмыз, бәрі жақсы деуден арыға бармады.
– Алматы қаласындағы орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінің оқытылуына біз ерекше көңіл бөлеміз. Мұғалімдердің сабақ беруін, оқу көрсеткіштеріне бақылау жасап отырамыз. Осы күнге дейін қазақ тілін топтарға бөліп оқыту тек орыс мектептерінде жүргізіліп келсе, бұдан былай қала әкімінің шешімімен және арнайы қаражат бөлуімен қазақ мектептерінде де топқа бөліп оқыту енгізілді. Бұл қала әкімі Ахметжан Смағұлұлының қазақ тіліне жасап отырған үлкен қамқорлығы. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді үйренуге деген оқушылардың ынтасы ерекше. Бұрынғыдай емес, оқушылар тілді үйренуге, білуге талпынады, – деді.
Шенеуніктің айтқаны рас болса, неге орыс мектептерінің балалары бәрі бірдей қазақша сайрап тұрмайды? Қазақша сөйлесең көздері бақырайып, түсінбей қарап тұрады. Себебі олар еліміздегі мемлекеттік тілді оқытуға мән берілмейтінін іштері сезеді. Қазақ тілін бар күшін салып мектеп қабырғасында оқып шыққанымен, ол жоғары оқу орнына түсер кезде, содан кейін мемлекеттік қызметке тұрар кезде талап етілмеген соң, жанын салып тілді үйренудің не қажеті бар?! Одан да ағылшын тіліне көңіл бөлсе, орыс тілін білсе, біздің қоғамда нан тауып жей алатынын сезеді. Сезген соң, қазақ тілі пәнін біліп шығуға құлықсыз болып шыға келеді. Бұл жерде кінәнің барлығы жалғыз оқушыда тұрған жоқ, әрине. Оқушының қазақ тілін білмеуіне Білім және ғылым министрінен бастап, мектеп директорына дейін бәрі де кінәлі деуге болады. Бұлай дейтініміз, қазақ тілін мектеп директоры да терең білуі тиіс. Басқаша айтқанда, мектепке директор етіп мемлекеттік тіл білетіндер тағайындалуы тиіс. Директорлар да, министрліктегілер де қазақша білмеген соң, қазақ тілі пәнін оқытудағы кемшілікке бастары ауыра қоймайтыны анық.
Мәселен, қазақ тілі сабағына келетін сыныптар оқу стандарты бойынша 24 оқушыға толмаса, екі топқа бөліп оқытылмайды. Сонда бір сыныпта 24 оқушы болса, ол сынып топқа бөлінбейді екен. 24-тен асса ғана топқа бөлініп оқытыла бастайды. Бұл талапты да қайта қарайтын кез жетті. Оқушылардың 24-ке жеткенін күтіп отырмай, екі топқа, болмаса үш топқа бөліп оқыту керек емес пе? Сонда, бәлкім, «Қазақ тілі» пәнінен нәтиже шығып қалуы ықтимал? Ал иіндері тіресіп, сығылысып отырған 24 оқушы 45 минуттық сабақ ішінде тілді қалай үйреніп шықпақ? Бұған, әрине, басшылар қинала қоймайды.
– «Қазақ тілі» оқулықтарында грамматикаға тым көп көңіл бөлінеді. Грамматиканы түсіндіріп боламыз дегенше, сабақ уақыты бітіп, қоңырау соғылады. Ал оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруға уақыт жетпей қалады, – дейді №11 мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлсара Есембеққызы. Мұғалімнің айтып отырғаны өте орынды. Біз осы жерден биылғы қазақ тілі пәнінің сағат сандарының қысқартылғанының да бір зиянын көріп отырған жоқпыз ба? Сағат қысқарған сайын, мұғалімдер өздерінің діттеген мақсаттарына жете алмай, қиналады. Осыдан кейін пән сағатының қысқартылуын тілге жасалған тікелей қиянат демей көріңіз.
Жалпы қазақ тіліне басшы орындарда отырған қазақша білмейтіндер қарсы екені сезіледі. Сондықтан бұл пәнді оқытуда талап әлсіз. Ойлана қарасақ, қазақ тілі пәні Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде негізгі пәннің біріне айналуы тиіс емес пе? Мемлекеттік тілді білмеген, мемлекеттік тілде сөйлей алмаған оқушы қалайша «Алтын белгі» иегері болмақ? Мектепке, жоғары оқу орнына, мемлекеттік және т.б. қызметтерге қабылдау жүргізілгенде, қазақ тілін білу ең бірінші кезекте талап етілуі тиіс емес пе? Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тіл қажеттілікке айналуы керек. Сонда ғана қазақ тілі пәнін оқыту нәтижелі болмақ.

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика