КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кеше «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының қабылданғанына 20 жыл толды. Содан бергі уақытта қазақ тілінен бастап, елімізді мекен еткен ұлттар тілінің дамуына мемлекеттік тұрғыда кең көлемде қамқорлық жасалып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары жастардың алдына кем дегенде үш тілді меңгеру міндетін қойып отыр. Жұртшылық тарапынан бұл зор қолдау тауып, соны орындау жолындағы шаралар қарастырылуда. Әсіресе, жастар жағынан қолдаушылардың мол болуы бізді қуантады. Өйткені, бұл олардың заман ағымын, қоғам талабын, еліміздің дамуындағы саяси бағытты түсінгендігін, өздерінің болашағын аңғара білгендігін көрсетеді.
Елбасымыздың Қазақстан халқының келешегі қазақ тілінен басқа кем дегенде орыс және ағылшын тілдерін білуіне байланысты болатынын ескертуінің зор стратегиялық мәні бар екені айдан анық. Өйткені, қазақ тілі - ұлттығымыздың белгісі, елдігіміздің айғағы, сондықтан оны білу басты міндет болса, қалған екі тілдің біздің еліміздің болашақ дамуында, әсіресе, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуымызда өзіндік орны бар. Орыс тілі бұрынғы кеңес дәуірі кезінде одақтас елдердің ортақ тілі ретінде қызмет жасап, әбден етене болған, қазір де сол қызметін атқарып, өз алдына жеке ел болып, тәуелсіз өмір сүруге қадам басқан Еуропа мен Азияның бірсыпыра елдерін өзара байланыстыратын тіл ретінде қалып отыр. Қашаннан көрші болып, өз ықпалын тигізіп келе жатқан орыс тілінен іргемізді аулақ сала алмайтынымыз осыдан. Ал ағылшын тілінің бүкіл дүниежүзі халықтарын, мемлекеттерді табыстыратын ортақ тіл болғаны әлдеқашан. Біздің жаңа қоғам құрып, дүниежүзіндегі дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін ол елдермен экономикалық, мәдени, тағы басқа байланыстардың қажеттілігі қандай болса, ағылшын тілінің де маңыздылығы сондай екенін қазір екінің бірі түсінер деп ойлаймыз.
Сонда бұған қалай, қандай жолдармен, қашан қол жеткіземіз? Осыған келгенде күмәнді ойлар алдымызды орап, кесе-көлденең келе беретіні бар. Ең алдымен, қазақ тілінің кеңес дәуірі тұсындағы даму халынан запы болған тіл жанашырлары шырылдайды мұндайда. Рас, Ресейдің қол астында болуымыздың пайдалы жақтарының да болғанын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, оқу-білім, мәдениет, ғылым, өнер, техника, шаруашылық тәрізді игіліктерді игеру жағынан келгенде тапқанымыз да, бойға сіңіргеніміз де баршылық. Ал ұлттық белгіміз ретіндегі тілімізді жоғалу дәрежесіне дейін әкелген империялық жымысқы саясатын кешіре алмасақ керек. Осындай бір тілдің кері әсерінен толық арыла алмай жатқанда, “үшінші бір тілді де қоса біліңдер” деуді бәзбіреулердің сан саққа жүгіртуі заңды құбылыс тәрізді. Бірақ ойланып қарасақ, Президенттің бұл сөзді алға тартқанымен, оның орындалуын нақты уақытпен өлшеп-кесіп айтпайды, тек тездету қажеттігін ескертеді. Халықтың талқысына салып, соның тезінен өтуін қалайды.
Біздіңше, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Бұл - елдің ертеңі үшін халықтың бүгінгі талап-тілегін, мұң-мұқтажын, даму деңгейін, құқығын, қала берді, қазақ халқының ұлттық ерекшелігі мен менталитетін ескере отырып шешілетін мәселе. Ел ішіндегі осы іспен көптен араласып жүрген ойлы, тәжірибелі кісілердің айтқандарын таразыға салып, салмақтап барып, үделі мақсатқа жетуге болады. Ұсынысымызды мынадай сұрақтар төңірегінде өрбіткенді жөн көріп отырмыз: үш тілге бірдей құқық беріп қатар оқытамыз ба, әлде біреуіне басымдық береміз бе және қай тілді қай жастан, қай кезеңнен бастап оқытқан абзал?
Біздің ойымызша, алғашқы сұраққа бірден “үш тілге бірдей құқық берілмейді, оқу орны (мектеп) қай тілде оқытатын болса (қазақ, орыс, ағылшын тілінің бірінде), сол тіл басым тіл болады да, барлық пән (аталған үш тілдің екеуінен басқа) сол негізгі тілде жүргізіледі”, деп жауап берер едік. Мұнда оқу орнының ұлттығы, яғни еліміздегі ұлттардың тілін, мәдениеті мен дәстүрін, тағы басқа ерекшеліктерін сақтау орталығы екені ескеріледі. Мысалы, қазақтар үшін қазақша балабақша, қазақша мектеп - орыс тілі мен ағылшын тілі пәндерінен басқа пәндердің бәрі қазақ тілінде жүргізілетін оқу орны. Осыдан төрт-бес жыл бұрын мектептің жоғары сыныптарында, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқылатын кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытайық деген ойлар болған. Осы жұмыс қазірдің өзінде кей жерлерде жүзеге асып та үлгерген тәрізді. Оны қазақ-түрік лицейлерінен көріп отырмыз. Біз жоғарыда қазақ тілінің қазіргі жағдайы жөнінде біршама айтқан тәрізді болдық. Расында, қазақ тілі шын мәніндегі өзінің ұлттық сипатына, заңда көрсетілген құқықтық деңгейіне әлі жетіп болған жоқ. Орыс тілінің рөлі әлі де басым күйінде қалып келеді. Біз қазір қазақтардың өзін қазақша дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуге үйретуден гөрі басқа ұлт өкілдерін қазақша сөйлетуге өте-мөте құштар болып кеткен тәріздіміз. Өйткені, барлық оқу әдістемелік құралдар, оқытудың жаңа технологиясы, электрондық құралдар тек солар үшін дайындалып, солар үшін қызмет етуде сияқты. Теледидарды ашып қалсаңыз, қазақша оқу орындарындағы қазақ тілін оқытуға арналған бірде-бір жаңалықты көрмейсіз. Ағылшын тілін оқытуға бұрыннан да жақсы жағдай жасалған. Арнаулы жабдықталған кабинеттер, зертханалар, шетелдік оқу-әдістемелік құралдар - бәрі соларда. Ал орыс тілінен онсыз да сорлы емеспіз.
Орта мектепті бітірген шәкірттер ағылшын тілі мамандығына түсіп, “Болашақ” бағдарламасы арқылы шет елдерге барып оқып келіп, әртүрлі салада қызметтер атқарып жүр. Оған мақтанамыз. Бірақ, сол жастарымыздың бәрі бірдей қазақ тілін өз мәнінде біле ме екен, еркін сөйлей ала ма екен - онымен шаруамыз аз. Қазір оқушының да, студенттің де қолынан ағылшын тілінің оқулығын, сөздігін көресіз, тіпті, арамызда тілі енді шыға бастаған баласына ағылшын тілін үйретіп жүрген ата-аналар да бар екенін қалай жасырамыз. Ал қолынан Абайдың, Мұхтардың, тағы басқа да қазақ ақын-жазушыларының кітаптары түспейтін, ондай кітаптарды өзінің өмірлік серігім деп түсінетін оқушыларды көреміз бе?
Біздің ойымызша, біріншіден, қазақша балабақшаларды көбейтуіміз керек, балабақша мен қазақ мектептеріндегі бастауыш сынып оқушыларын тек қана ана тілінде және қазіргі ең жаңа әдіс-тәсілдермен, жаңа технологиялық жүйелермен оқыту қажет, солай оқыта алатын маман керек. Қазақ баласы өз ұлтының тілін, ділін, дінін, дәстүрі мен салтын ата-бабамыздан қалған рухани мұралар арқылы осы жас кезінде бойына сіңіргені абзал. Екіншіден, басқа тілді де білу қажеттігі, бірақ оны үйрену үшін алдымен өз тілін терең меңгеру керек екені қазіргі біз ашқан жаңалық емес. Алаштың біртуар азаматтарының бәрі де қазақ баласы алдымен өз ана тілінен сусындау қажеттігін айтып кеткен және сол үшін күрескен. Сондықтан қазақ мектептеріндегі орыс және ағылшын тілі пәндерін тек 5-6-сыныптан бастап оқытып, 10-сыныпқа келгенде оқушылардың, ата-аналардың тілегіне қарай, егер бала саны жеткілікті болса, шетел тілдерін тереңдетіп оқитын сыныптарда оқытуға болады. Жоғары немесе арнаулы орта білім беретін оқу орындарында шетел тілдері бұрынғыша жалпы білімдік немесе арнайы білімдік ыңғайда жүргізіледі, ал басқа пәндердің бәрі де қазақ бөлімдерінде тек қана қазақ тілінде жүргізілуі қажет деп есептейміз.
Жалпы, біздің ойымызша, қазақ балаларына жас кезінен шетел тілін білуді міндеттеп, оны мәжбүрлемеу керек. Оның есесіне, ана тілін жақсы, терең білуді міндеттеген орынды. Бұл бір жағынан ұлттық патриотизмге тәрбиелеудің көрінісі болады.
Сонымен, қорыта келе айтарымыз - қоғам талабына, еліміздің алдында тұрған мақсатына сай жастарымыздың көп тілді меңгергені жақсы. Бірақ бұл өз ана тілімізді құрбандыққа шалу есебінен болмауға тиіс. Өзін қазақ халқының ұрпағымын, елімнің болашағымын деп түсінетін әрбір жас мұны дұрыс түсінеді ғой деп ойлаймыз. Тілге деген құрмет ұлтқа, елге, Отанға деген құрмет екенін ұмытпаған абзал.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика