THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ иісі аңқыған ұрпақ еліміздің алтын қазығына айналуға тиіс
Авторы: т. ғ. к. Құралай Сәрсембина
16/05/2017 12:20 0 44335 0
Алаш идеясы дегеніміз қазақ идеясы. Қазақ қазақ болғалы алаш атын иемденгені қалың жұртшылыққа тарих қойнауынан мәлім. Бір кездері Алаш ұранын естігенде алыста жатқан қазақ бала өре түрегеліп, атқа қонған қалпымыз да, Алашыңмын дегенде шексіз қайырым көрсеткен салтымыз да болған еді.
Қазақтың тарихын естілікпен зерделеген адам, даналық пен даралық, елдік сана мен өршіл рух үлгілеріне тым жиі кезігеді. Бұл асыра мақтап, көзсіз дәріптеу емес.
Қазақты қазақ десе мақтанамын,
Алыстан алаш десе аттанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын.
Міржақып
Қазіргі дүниедегі ұлттар мен ұлыстар түгелге дерлік жаһанданудың қармағына ілінген уақытта, әрбір ұлт өзінің өткенінен інжу-маржан іздеп қарманған заманда, біз де күре тамырдан, яғни ғасырлар қойнауына кеткен тарихи құндылықтарымыздан ажырамау үшін жанталасамыз. Өйткені өткеннің інжу-маржанынан артық рухани құндылық жоқ. Оны бойлаған сайын ұлттың жан дүниесін ұғынып, рухани азықтанып қаламыз.
Қазіргі таңда Алаш идеясын жас ұрпақ санасына тереңнен сіңірудің қажеттілігі де артып-ақ тұр. Бұлай дейтін себебіміз, Алаш рухы дегеніміз қазақ рухы, демек қазақ иісі аңқыған ұрпақты тәрбиелеу деген ой. Қазақ иісі аңқыған ұрпақ дегенді қалай түсінеміз? Бұл, өз алдына арнайы зерделенетін өзекжарды мәселе.
Алаш идеясы дегеніміз қазақ ұлтын өміршең қылудың қазығы, қазақ болмысын зерделейтін тағылым, әрі талай ұрпақты естілікке, елдікке, ерлікке, даналық пен даралыққа тәрбиелеудің соны үлгісі.
Өткен ғасыр басында қазақтың ұлтын сүйген зиялылары жұртының етек-жеңін жинап, елдік санасын көтеріп, өзгелерге қор болмау мақсатында партия құрып, оның атын Алаш деп қойды. Алаш деген атаудың қазақ өмірінде, бүгінгі тілмен айтқанда, идеялық тұрғыдан маңызы зор, ал өткеннің түсінігімен айтсақ, қазақ үшін қасиеті зор болды. Халқының жанын ақылмен ұғынған хандар, батырлар, билер және басқа да зиялыларымыз Алаш сөзінің мәнін ұғынды, ұлттық идеяға қызмет етті. Нәтижесінде Мағжан ақынның:
Алты Алаш Абылайдай арғымағын,
Алаштың аруағына пар қылатын.
Бетіне Абылайдай ардагердің,
Келуді алты алашқа ар қылатын, –
деген жыр жолдары тарихта қалды.
Жалпы, қазақ баласы қасиет пен кие ұғымдарына ерекше мән берген-ді. «Мен киелі Алашпын» – деген мағынадағы жыр жолы ұлт зиялылары өлеңдерінде тым жиі кездеседі.
Алаш зиялылары алаш идеясын халық жанынан ажыратпау үшін қазақ тарихының теориялық-әдістемелік мәселелерін қамтыған мақалалар да жазды. Дәлел келтірсек, «Қазақ» газетінің 1913 жылдың 22 наурыздағы №7 санында Түрік баласы жазған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақалада төмендегідей деректер жазылған: «Қазақтың «Алаш» атанғаны хижреден алты жүз жыл өткен соң, Шыңғыс хан тұсында болды. Шыңғыс хан бүкіл мүліктен төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың әр-қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран беріпті, һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің алғаш мағынасы – Отан кісісі (соотечественник) деген сөз болады.... Және қазақта «Алаң келе ме, Алаш келе ме» деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң – шет елдің кісісі, Алаш – Отан кісісі мағынасында болады». Аталған мақалада Жошы ханға «Алаши» деген лақап ат қойылып, оның алаштың басшысы деген мағынаны бергендігін, сонымен қатар «алаш алаш болғанда, Алаши хан болғанда» деген ескі сөздің содан қалғандығы да айтылады.
Байқап отырғанымыздай, Алаш атауы қазақ ұлтымен бірге туған, келе-келе ұлттық идеяға айналған, тағдырдан талай теперіш көрсе де, талай уақыт сынына тап болса да, өміршеңдігінен ажырамаған идея. Оның өміршеңдігінің темір қазығы ұлттық рухы биік тұлғалар еді. Солардың арқасында идея жемісін беріп, өз кезегінде намысты ұл мен ұятты қызды тәрбиеледі. Қазақ ішінен Бұқардай ұл туып, ел ішінде «көмекей әулие» атанса, Құрманғазыдай ұл туып, домбыраның екі ішегімен ұлттың рухын көтерсе, Алаш рухының қасиетіне бас иген Абылай, Кенесары сынды хандар өмірге келіп, олардың ерлігі мен елдігі қазақ елінің аяқталмай қалған жырына, бір сөзбен қайырғанда халықтың асқақ арманына айналды (осы тұста, ескеретін бір жайт, атын атап, түсін түстемеген дара тұлғаларымыздың бәрін айтып отырғанымызды да оқырман ұғынуы тиіс). Сөзіміз дәлелді болу үшін Мағжан ақынның
Ертек, ертек, ерте, ертек – ерте екен,
Ерте күнде ерлер екпінді өрт екен.
Хандарынан, ерлерінен айрылған,
Алты алаштың жүрегінде дерт екен! -
– деген арман жырын келтірсек.
Ұлттық рухты асқақтататын – елдiк сана. Елдiк сана – ұлттық идеологияның өзегi. Елдік сана жоғары болғанда, ана тiлi жат идеологияны таратушы құралға айналмай, өзiнiң дiттеген мақсатына жетедi.
Ұлттық рухтың халі саяси элитаның әлеуметтік қызметіне көгендеулі. Өйткені саяси элитасы ұлт мүддесiн ойлай, қорғай бiлген қоғамның даму жолы айқын әрi сапалы болмақ. Егер де билiк мазмұны ұлт мүддесiмен сәйкес келсе, онда саяси жүйенiң қызметi де оң нәтиже берер едi. Сондықтан да саяси-әлеуметтiк институттардың қызметi ондағы терең бiлiктi әрi нағыз бiлiмдi мамандардың зиялы iстерiне қатысты оң нәтиже бередi.
Қазіргі таңда категорияларға ерекше мән беріп, оларды ұрпақ жанына ұялататындай деңгейде түсіндірудің қажеті зор болып тұр. Мағжан Жұмабайұлы «Ойлау» мақаласында ойлаудың ұғымдардан жасалатындығын, ең жалпы, ең жоғарғы ұғым категория деп аталатындығын тереңнен түсіндірген еді. Мәселен, жоғарыда айтып өткен, естілік, елдік, ерлік, даналық пен даралық ұғымдарын өрімтал жас өз деңгейінде ұғына ала ма? – деген де сауал еріксіз туындайды. Оларды өз биігінен түсіну үшін билердің, жыраулардың, Абай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және өзге де ұлт зиялыларының шығармашылығымен сусындау қажет.
Сонымен бірге, түрік пен кәрістің ұзын-сонар сериялары емес, батырлықты үлгі еткен, даралықты көрсеткен, елдік пен даналықты жыр еткен фильмдер көптеп түсірілсе. Сонда ғана ұлт өмірінде мәні зор ұғымдар жай сөз жүзінде ғана емес, адам жанына азық болып сіңіп, практикалық өмірде адам іс-әрекетінен көрініс табады. Мәселен, Абайды білгенмен, Шәкәрімді оқығанмен, даналардың өмірге жол сілтеген идеяларын көре білмеген, әрі бойына сіңіре алмаған адам бойында пендешілік қылықтар толып жатады. Қанша диссертация қорғағанмен де, даналықты жанына сіңірмесе, онда адам рухы биіктей алмай, күйкі тірліктің қақпанына түсіп, жер бауырлап жатады. Ондай адамның өзіне де, ұлтына да пайдасы кем болмақшы. Сондықтан, оқыту мен білімді баланың жанына сіңіру мәселесі (білік) бір бағытта, әрі нәтижемен жүргені жөн. Нәтиже дегеніміз, ата-баба аманатына адал, ел мен жеріне ие бола алатын естілік келбетке ие ұрпақты өсіріп шығару. Осы тұста отбасы құндылығына да қайырылмай өте алмаймыз. Отбасындағы ата-әже институты, әке мен ана бейнесінің рөлі тым ерекше. Мәселен, рухы биік әкелеріміз бен ақ жаулықты аналарымыз алаш ұранын естігенде, ішкен асын жерге қоятын ұрпақ тәрбиелеу ісіне күллі ғұмырларын арнады. Жалпы, қазақ ұлты бала тәрбиесіне айрықша мән беріп, өмірдің сәні де, мәні де саналы ұрпақ деген түсінікпен өмір ақиқатына бойлаған халық еді. Алайда, қазіргі таңда сол бір өмір мәндік түсінікке сызат түскендігі де ешкімге таңсық емес. Сондықтан, ұятсыз қылықтар етек алып, санасыз істер де Алаш рухын жерге қаратуда. Мәселен, қызын сыйлаған, жетімін жылатпаған, ата-анасының бетіне қарсы келмеген қазақ (қазақ иісінің бір көрінісі) мінезіне там-тұмдап өзгерістер ене бастады. Жалпы, өз айналасын (отбасын) сыйлай білмеген адамды неше жерден оқытып, нешеме түрлі соңғы сәнмен, заманауи қалыппен киіндіріп қойса да, оның өзіне де, Отанға да пайдасы тимесі анық. «Отан отбасынан басталады», – деген даналықтың мәні тереңде жатыр. Қанға сіңген тәрбие адамды жеңетіндігі анық. Сондықтан, қазақтықтан сақтанбайтын, қазақ болғаны үшін қуанатын өрімтал жас Қазақ Елінің темірқазығы. Ал, өзге ұлт өкілдерін өзіндей құрметтеу, адам баласын сыйлау Алаш жұртына таң нәрсе емес. Ол қазақтың қанында бар қалып.
Алаш идеясының астарында елдік пен батырлық рухы жатыр. Сол рухпен қаруланған өткен ғасыр басындағы ұлтын сүйгендер үш жүздің баласы бәрің де қазақсың, атақ үшін баратын жол бұл емес (билік мәселесін айтып отыр), деп халықты түзу тәрбиеледі. Ақиқатына келгенде, жеке адамның атағы уақытша, ал ұлтқа қызмет еткен істің ғұмыры ұзақ, тіпті мәңгілік деп те айтуға болады. Мағжан ақынша айтқанда:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!
Сонымен, ел мен ер бірін-бірі жетелейді. Елсіз ер шықпас, ерсіз ел алысқа шаппас.
Ұлт ісін жөндеу ісін Алаш зиялылары айтқандай «Жұрт ісінде кімге де болса жұмыс табылады. Жұрт жұмысының жөні, мақсаты бір, істеу жолы түрліше. Соның әр түрін әркім қолға алып жұртқа керек жөнімен мақсатқа қарай жүргізу керек».
Түркістан
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ