THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Білім берудің жаңа философиясы...
Авторы: Ғалымжанов Баянғали Ғалымжанұлы
17/05/2017 10:01 0 44373 1
...Өте алыс. Шаңы бұрқыраған шөлейт дала. Кедір-бұдыр қара жол. Бұл менің туған ауылым... Бұл ауыл маған ерекше ыстық. Жақында сол ауылыма барып қайттым, бәрі сол баяғы қалпында. Мен оқыған мектеп, мен ойнаған аула, мен отырған қатар, мен отырған парта... Алдымда 11 жыл тұрған қара тақта қиялым мен арманымның куәсі. Арманым – ұстаз болу еді... Мектепте үйренгенімді үйдегі аға-әпкелеріме айтып, олар біліп тұрса да, білмегендей менен үйренгендей кейіп танытса, соған мәз болып, үйреттім деп есептеп, өзім бір ләззат құшағына батушы едім. Қазір ше? Сол арман - биік белестерге жетелеген сан сауалға айналды. Өзімнің жан ләззатым үшін басталған арман-қиялымның мемлекеттік жауапкершілікке айналатынын сезбеппін-ау...
Алдыңдағы миллиондаған балалардың жүрегі мен ойында жүріп жатқан өзгерістерге қол жеткізу оңай шаруа еместігін жастық көңіл аңғармапты...
Қазақтар ірі қара малды бағудың технологиясын шетелдіктерден оқып-үйренгелі жатыр дегенін естігенде жүзіме күлкі үйіргенін жасырғым келмейді, бірақ оқытудың кейбір тәсілдерін шетелдіктерден алуға болатынына Кембридж университеті мамандарының ұсынған әдіс-тәсілдері көзімді әбден жеткізді.
Қазақ Елінде педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесінің басында қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы тұрғаны белгілі. Өткен ғасырдың 20-жылдарында ол кісі Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Ағарту Комиссары болып тұрғанда «Академиялық орталық» деген мекеме ашқан болатын. Ол мекеменің міндеті еліміздің мектептері үшін оқу-әдістемелік құралдар дайындау және Қазан төңкерісіне дейінгі әр түрлі оқу орындарында жұмыс істеген педагогтарды жаңа Кеңес мектептеріне бейімдеу, лайықтау болатын. Елімізде өз бастауын осындай жағдайдан алған педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесі бір ғасырға жуық уақыт бойы педагогтарды оқыту мерзімінің көбейгені немесе азайғаны болмаса үлкен өлшеммен алғанда негізінен өзгеріссіз өмір сүріп келді. Дейтұрғанмен, Қазақ мемлекетінің нығайуы және осы негізде оның әлем елдерімен қарым-қатынасының жандануы еліміздегі көптеген салалары сияқты бұл салаға да үлкен өзгеріс алып келді.
Қазір ақпараттар тасқыны заманы. Оның көптігі сондай, тіпті бүгін алған ақпарат ертең-ақ ескіріп, керексіз болып қалуы әбден мүмкін. Дайын білім беру тәсілі уақыт талабына мүлдем жарамай қалғанын осыдан-ақ байқауға болады.
Әр заманның өз адамы болады, сол адамды оқыту да жаңаша болу керек. Олай болса, біздің де жаңаратын уақытымыз жетті.
Осы өзгеріс басталғалы екі жылға жуық уақыт болды. Алайда, кез-келген өзгеріс, әсіресе, оның алғашқы кезеңінде қиындықпен алға басатыны белгілі. Адамзат тарихында қалыптасқан бұл заңдылық біз көтеріп отырған педагогтардың біліктілігін арттыру саласын да айналып өтіп жатқан жоқ. Атап айтқанда, қазіргі кезде бұл саладағы реформаны (өзгерістердің ауқымы оны реформа деп атауға негіз болып отыр) қолдайтындар да, қолдамайтындар да, тіпті бұл жағдайды білім беру жүйесін мүлдем құртуға бағытталған жағдай деп пайымдайтындар да бар.
Негемұндай реформа керек? «Менің ойымша, оның басты екі үлкен себебі бар. 1. Кешегі Кеңес одағы, бүгінгі Қазақ Елі білім беру жүйесінің батыс елдер білім беру жүйесіне қарағанда артта қалуы. Осы жерде кейбір мамандар, «Біз пәленбай халықаралық олимпиадалардан орын алдық емес пе? Ол, біздің білім беру жүйеміздің жетістігі емей немене?»,- деуі әбден мүмкін. Иә, ол біздің білім беру жүйеміздің жетістігі. Мен еліміздің атын әлемге танытатын мұндай оқушылар мен олардың ұстаздарының қажырлы еңбегін өте жоғары бағалаймын. Алайда, ол елімізде бірнеше миллиардер болса, бәріміз бай болып кетпейтініміз сияқты немесе елімізден шыққан бірнеше зілтемір көтеруші олимпиада чемпионы болса, бәріміз зілтемір көтеруші болып кетпейтініміз (әрине, мен мұнда еліміздің атын әлемге танытатын мұндай жігіттер мен қыздарды тәрбиелемеу керек,- деген ойдан аулақпын) сияқты бірнеше дарынды оқушы халықаралық математикалық олимпиада жүлдегері болса, бәріміз математик болып кетпейміз. Сондықтан да мен бұл бағыттағы жұмыстың мәнін төмендетпей, жалпы көпшіліктің, халықтың, түгелдей жеткіншек ұрпақтың білім сапасы жайлы ойланайық дегім келеді. Сонымен бірге жоғарыдағы көп адамның сезіміне тікелей әсер ететін, қатал тұжырымға «Олай емес, Кеңес Одағындағы білім беру жүйесі әлемдегі ең тиімді білім жүйесі болған. Су ішкен құдығыңа түкірме»,- деп дау айтатын оппоненттеріміз де, сөз жоқ, болады. Мен ондай ағайындарыма «Бауырым, атаң қазақ ауыруын жасырған өледі»,- деген. Төмендегідей сұрақтар бойынша ойланып көрейікші дер едім...
• Неге шет елдік машиналар мініп жүрміз?
• Неге шет елдік дәрілерді, косметиканы, киім-кешекті және т.б пайдаланамыз?
• Неге алдымызда Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, АҚШ-тың және т.б елдердің ақпараттық техникасы тұр?
• Неге соғыстан кейінгі 30-40 жылда Кеңес одағының ғалымдары (1,5 миллион адам) әлемдік деңгейдегі жаңалықтардың бір пайызын, ал АҚШ ғалымдары (1,1миллион адам) қырық пайызын ашты.
• Әрі-беріден соң неге біз мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз ұстаған, сол ата-бабамызды аздырмай тоздырмай осы уақытқа дейін алып келген діннен, ділден, тілден, мәдениет пен менталитетімізден бір ғасырға жетпейтін мезгілде-ақ айырылуға бет алдық? Мұнымыз қалай деп неге ойлана алмадық? Соның дұрыс-бұрысын неге бағамдамадық ..... Неге? Неге? Неге?.....
Бұл сұрақтардың жауабы жоғарыда айтқанымыздай үлкен өлшеммен алғанда біреу. Ол – жеткіншек ұрпақты фактологиялық, жаттанды, дайын біліммен ғана қаруландыруға негізделген білім беру жүйеміздің нашарлығы. Соның салдарынан жеткіншек ұрпақтың мектептен, тіпті ЖОО-нан алған білімі айналасындағы болып жатқан өзгерістерді сараптауға да, өз өмірін жақсарту үшін заманға лайық технологиялар жасауға да негіз бола алмады. Ал, бұл жағдай бұдан ары осы деңгейде жалғаса берсе, яғни, біз өз басымызбен әр түрлі технологиялар жасауға талаптанбай, тек қана ата-бабамыз жан алып, жан беріп жүріп қалдырған ұлан-байтақ жеріміздің асты-үстінен табылған қазба байлыққа мәз болып отыра берсек, келер ұрпаққа не қалдырамыз? Олар біз жайлы не дейді?
2. Қазіргі кезде әлем елдерінің даму деңгейі әртүрлі. Бір елдер маркстік-лениндік теориямен айтсақ, алғашқы қауымдық немесе құл иеленушілік қоғамда жүрсе, екіншілері феодалдық қоғамда, ал үшіншілері өздерін капитализмдеміз немесе классикалық түсініктегі, болмаса жаңа түсініктегі социализмдеміз деп есептейді. Ал енді бір шоғыр ел бұл қоғамдардың бәрін артқа тастап, жиырмасыншы ғасыр соңы мен жиырма бірінші ғасыр басында индустриялы қоғамнан кейінгі қоғам деп аталатын қоғамға көшті. Қазақ Елі де бұл қоғамның алдыңғы легінде жүрмегенімен, одан өте алыста қалып қойған жоқ. Менің ойымша, біздің ел кейбір салалар бойынша әлемде алдыңғы қатарда болса, кейбір салалар бойынша қазақы түсінікпен айтқанда «қою шаңның ішіндеміз». Мұндағы ең басты мәселе, бүгін біз қай жерде болсақ та біздің ертеңгі күнге деген ұмтылысымыздың, сеніміміздің, ерік-жігеріміздің күштілігінде. Демек, біз бүгін есігін нық сеніммен ашқан индустриялы қоғамнан кейінгі қоғамның ерекшеліктерін ескермесек, ертең кеш қаламыз. Ал, сарапшылардың пікірінше ол қоғамның ең басты ерекшелігі – ол ақпараттың молдығы. Осыдан шамамен 150-130 жыл бұрын адамзат жинаған білім қоры елу жылда екі есе көбейсе, қазіргі уақытта бұл жағдай бір жарым жылда, тіпті кейбір мәліметтер бойынша тоғыз айда жүзеге асуда. Әлемдегі ғылыми техникалық білімнің мазмұны ғана үш жыл сайын түбірімен өзгеріп тұрады екен. Сарапшылардың пайымдауынша егер қоғам осы қарқынмен дами берсе, болашақта ақпарат әрбір 76 күнде екі еселенетін болады».
Демек, қазіргі кезде кез келген сала бойынша ақпарат біріншіден өте көп, екіншіден ол жылдам қордалануда. Бұл жағдайда мектепте немесе университетте қандай да сала бойынша толық ақпарат беру мүмкін емес. Тіпті бүгін қандай да сала бойынша толық ақпарат бердік дегенімізбен, мектеп немесе университет түлегі өндіріске барғанша ол ескіріп қалады немесе жаңа мәліметтермен толығып кетеді. Мұндай жағдайда жеткіншек ұрпаққа білім берудің қалыптасқан жүйесі сөз жоқ үлкен өзгерістерге ұшырауға тиіс. Және ол өзгеріс өмір бойы білім алу қағидасын іс жүзіне асыруы керек. Яғни, «қазір өркениетке ілесемін»,- деген адам біріншіден өмір бойы білім алуға ұмтылу керек, екіншіден өзіне қажетті ақпаратты өзі өте тез ала алуы керек. Ал, дайын білім беруге лайықталған, «мен сияқты жаса» қағидасына негізделген біздің білім беру жүйеміз біздің жеткіншек ұрпағымызға мұндай қасиеттерді қалыптастыра ала ма? Мәселе осында!
Кембридж университеті ғалымдары мен педагогикалық шеберлік орталығының бірлесіп ұйымдастырған 3 деңгейлі курсы Қазақстандық білім беру жүйесін жаңартудың бастауы бола алды деп есептеймін. Бұл жерде қазақ педагогика ғылымының жеткен жетістіктеріне дауым жоқ, дей тұрғанмен, жаңаша оқытудың жолдарын заман талабына сай ұйымдастырудың заманауи түрін осы 3 деңгейлі курс ұсына алғандығын айтқым келеді. Олардың бізге ұсынып отырған басты бағыты – оқушының білім көлемін тек ғана көбейтуге емес, оқушыға білімді өз бетімен алу тетіктерін үйретуге арналған білім беру жүйесі. Бұл – өте құптарлық дүние. Өткенге қарап отырсақ, біз қай жерлерде қателестік деген ойға шомасың, менің ойымша, біз ескермеген тұстар төмендегідей болды деп ойлаймын. Бірінші – мектепте жақсы оқыған, біз үнемі «бес» деген баға қойған оқушыларымыз кейбір жағдайларда өмірде өз орнын таба алмай, адасып жатты. Ол жаттанды білімнің өмір жолын жасауда көмектесе алмағандығы деп есептеймін. Мектеп қабырғасынан бүгін түлеп ұшқан жастар ертеңіне-ақ жетекшісіз жапан далада жалғыз қалғандай күй кешкендерін жасырған емес, себебі олар дайын білімге 11 жыл бой үйретті. Бұл біздің жіберген үлкен қателігіміз деп білемін. Екінші – дәстүрлі біліктілікті арттыру курстарында болған бір кемшілік – тыңдаушылардың курс шеңберінде игерген білімдерінің тәжірибе жүзінде пайдалануы бойынша кері байланысты тез арада ұйымдастыра алмағандығында болды ма деп ойлаймын. Үшінші –біздің қазақстандық білімнің кең көлемде беріліп, жіберген олқы тұсымыз нәтижеге бағыттап, қорытындыланбайтындығында болды. Төртінші – еңбектің сапаға емес, көрсеткішке жұмыс істегендігін айтқым келеді. Бесінші – оқушы пікірмен санаспайтындығымызда болды. Алтыншы – сабақ барысында негізгі нысана оқушы емес, мұғалім болуында және мұғалімнің оқушыны сыни ойлауына жағдай туғыза білмегендігінде болды-ау деп ойлаймын. Жетінші –менің түсінгенім дәстүрлі оқытуда пәннің мазмұнына көп назар аударамыз да ал оқушының білімді қалай қабылдап жатқанына мән бермегендігімізде болған сияқты. Сегізінші – оқушының сабаққа деген қызығушылығының төмендегені, субъект-объект қарым-қатынасының орын алуы, мұғалімнің авторитарлық үдерісті енгізгені оқу сапасын төмендетуге әкелді деп есептеймін. Тағы бір қателік – мұғалімнің нормативтік құжат негізінде ғана ойлауы, нұсқаумен іс-әрекет жасауға әдеттенуі, стандартталған фантазиясымен ойлауы.
Ал, бүгінгі бала – айтқанға көніп, айдауға жүрмейтін, қалыпқа сыймайтын өзінің ойы, өзіндік болмысы бар бала.
Психологтардың зерттеулеріне сүйенетін болсақ, оқыған дүниеміздің 10%, естіген дүниеміздің 20 %, көрген дүниеміздің 30 %, ал өзіміз ойлап ой қорытып, өзіміз жасаған дүниенің 90% есімізде қалады екен. Олай болса, оқытудың бұл жаңа формасы уақыт сұранысы деп танимын.
Кембридж университеті профессорларының ұсынып отырған дүниесі де осы, яғни оқушыға білімді өз бетімен алу тетіктерін үйретуге арналған білім беру жүйесін құрастыру болып отыр.
Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені, жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Мен болашақта нені өзгертемін, қалай өзгертемін деген сұрақтарға жауап бермес бұрын, мен өзім қалай өзгеремін, педагогикалық ұстанымым қалай өзгереді дегенге жауап әлдеқайда маңызды сияқты. Білім жолы –қиын да қастерлі жол. Бұл жолда талмай тынымсыз еңбектеніп, шығармашылық ізденуден, үйренуден жалықпаған жандар ғана нәтижелі табысқа жете алады. Томас Эдисон : «Цивилизацияның ең маңызды мақсаты – адамды ойлауға үйрету»,- деген екен, олай болса, бар қызметіміз ойлантуға бағытталуы керек-ақ. «Маған айт, мен оны ұмытамын, көрсет, мүмкін есімде сақтармын, мені қызықтыр, мен сонда түсінемін» деген қағиданы есте ұстай отырып, оқытуға бағытталсақ, сол жемісті болар деген ойдамын.
Ел ісін түзеуді білім беру ісінен бастап түзеу қажеттігін Алаш зиялылары ХХ ғасырдың басында-ақ айтып кеткен. Бұған дейінгі дәстүрлі оқыту жүйесінің кеңестік идеология негізінде құрылып, тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз ұрпағының тәуелсіз ойлауына өзіндік салдарын тигізіп келгені жасырын емес. Баланың табиғатты сүйетінін біле тұра оларды төрт қабырғаға қамап қойып оқытуды жөн санадық. Олар үнемі қозғалысты қалайды, бірақ біз сабақта оларды қозғалтпай, еркінен тыс тыныш отыруларын талап еттік. Олар өз қолдарымен жұмыс жасағысы келді, ал біз оларға теориялар мен идеяларды үйреттік. Олар сөйлегенді ұнататын біле тұра, үндемеуді тапсырдық, олар түсініп оқуға тырысты, ал біз жаттап келуді тапсырдық. Олар өздігінен білім іздер еді, ал біз бәрін дайын күйінде бердік. Нәтижесінде: оқушылар селқос, енжар бола бастады, өмірге деген қызығушылығы саябырсыды. Ойлары құрғақтанып, қарапайымданып, жаны қатыгезденді, жүректері ызадан булықты... Осыны көре тұра бірлесіп үйренудің маңызын ұқпағанымыз өкінішті. Мектептердің әлемдегі жаңару мәселесіне ілесе алмай отыруында мектеп тізгінін баяғы қаз-қалпында тотаритарлық жүйемен басқарып отырғандардың да үлес салмағы бар екені айтпаса да түсінікті. Әлі де болса сыныптарда 3 қатар етіп қойылған парталарды, әрқайсысы өзімен-өзі жалығып отырған оқушыларды, өз жұмысынан еш қуаныш таппай, қажыған мұғалімдерді көптеп кездестіруге болатыны шындық. Курс жалпы үш деңгейден тұратынын айтып өтейін: 1 кезең –бетпе-бет деп аталынады яғни өзара танысуы, білісуі, екінші кезең – мұғалімдердің мектепке барып сабақ беруі, үшіншісі кезең – жеткен жетістіктер мен кеткен олқылықтарды сараптауы, қорытынды шығаруы. Үш деңгейлі біліктілік арттыру курсының тренері ретінде айтпағым – атқарылған көп жұмыстар нәтижесінде жаңаша ойлауға бет алған, жаңаша сабақ формаларын үйренген, стандартталған фантазиясынан арылған, бірлесіп үйренудің тиімділігіне көз жеткізген мұғалімдерді практикаға жіберіп, олардың оқушыны басқаша танып, еңбегінен ләззат дәмін тата бастағанын көру жан рахатына бөлейтіні сөзсіз. Бірақ, қазіргі таңда мектеп әкімшілігінің ескіше көзқарастан танбай отырғаны үлкен қиындық тудыруда.
Кембридж университеті оқытушыларының еліміз педагогтарының біліктілігін арттыру мақсатындағы іріктеген модульдері де (жаңа технологиялар, сыни ойлау, оқыту барысына АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар) қолдану, дарынды, талантты оқушылармен жұмыс, оқыту барысында оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру, көшбасшылық, коучинг, тәлімгерлік, Lesson study, оқытудағы заманауи жетістіктер, білім берудегі өзгерістердің қажеттіліктері) арысы Қазақ мемелекетінің ұстанған саясатымен, берісі біздің жеткіншек ұрпаққа білім беру саясатымызбен ұштасып жатыр деп есептеймін.
Дегенмен, білім саласы жаңалыққа бет бұрып, терең тыныс ала бастағанын ішім сезеді. Сократ: «Мен ешкімді де оқыта алмаймын, мен тек сол адамды ойлануға үйретемін»,- деген екен. Олай болса мен де азды-көпті ойлануға ой тастай алсам, мақсаттың орындалғаны деп білемін. Сөзімді Абылай атамыздың мына бір кесекті ойымен аяқтағым келеді.
Білекке сенген заманда,
Ешкімге есе бермедік.
Білімге сенген заманда,
Қапы қалып жүрмелік!...
Қолданылған еңбектер тізімі:
1. Назарбаев Н.Ә. Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономиясына./ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыған лекция.- Егемен Қазақстан, 27 мамыр, 2006 жыл.
2. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы. «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемелекеттің жаңа саяси бағыты. Астана, 14 желтоқсан, 2012 жыл.
3. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2011 жыл.
4. Жұмағұлов Б.Т. Сұхбат. Качество образования для нас главней всего. Казахстанская правда, 02 сәуір, 2013 жыл.
5. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Екінші (орта) деңгей. Бірінші басылым. www.cpm.kz
6. Әлімов А.Қ. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері. Оқу құралы./-Алматы, 2013-448 бет
7. Қайыңбаев Ж.Т. Биылғы оқу жылының басты жаңалығы- білім ошақтарының электронды оқытуға көше бастауы.- Айқын. №182(1849) 12 қазан 2011жыл.
8. Тренерлерге арналған нұсқаулық – «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012 жыл.
9. Әлем өзгеруімен біз де өзгереміз – Қазақстан-Астана, 2012жыл.
10. Қазақстан Республикасы біліктілікті арттыру жүйесін дамытудың 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2004 жыл.
«Өрлеу» АҚФ Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Астана қаласы
бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері, филология магистрі
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ