THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Этноконфессиялық идентификация. Бұл мүмкін бе?
Авторы: Айнұр Әбдірәсілқызы
18/05/2017 15:46 0 41072 0
Қазақстандағы діни-ұлттық бірегейлену мәселесі: мемлекет құраушы ұлт және заманауи сын-тегеуріндер.
Жаһандану жағдайында тамырлана бастаған діни-ұлттық бірегейлену (этноконфессиялық идентификация) мәселесі бүкіл әлемдік қауымдастыққа жақсы таныс. Дегенмен бұл мәселе тұтастай алғанда жалпы халықтың, жекелей алғанда жастардың өміріндегі бетбұрыстық өзгеріс ретінде барлық қоғамдар үшін бірдей маңызды деуге келмейді. Әлемдік кеңістікте бірұлтты мемлекеттер жоққа тән екендігін ескерсек, діни-ұлттық бірегейлену мәселесін күн тәртібіне шығару көп жағдайда дәстүрлі құндылықтарынан қол үзбеген және мемлекет құраушы ұлттардың ел өміріндегі орны салмақты қоғамдар үшін маңызды.
Аталған мәселені жан-жақты қарастыруды бір мақала жүгі көтермейтіндіктен, алғашқы кезекте діни-ұлттық бірегейлену мәселесін мемлекет құраушы қазақ ұлтының танымы мен тағдыры тұрғысынан талдап-таразылауды жөн санадық.
Түбі бір түркі халықтарының мыңжылдықтар бойына рулар мен тайпалар, бертінде ұлттар мен ұлыстар болып, саралану үдерісі Еуразия кіндігінде орналасқан қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына алғышарт жасады. Қазақ халқы жеке ұлт ретінде тарих бетінде ХV ғасырдан бастап айшықтала бастағанымен туған топырағымызда жасаған сақтар мен ғұндардың, Көк Түріктердің, солар қалыптастырған даңқты Тұран өркениетінің заңды мұрагері болып табылатыны белгілі. Өркениетті ел ретінде бүгінгі қазақ, кешегі түркі жұрты өзінің дінге қатысты таңдауын жасаған болатын. Ол – ислам еді. Өйткені ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін – ислам діні болды. Ғасырлар бойы халқымыздың болмысына сіңе отырып, ислам біздің бүгінгі бірегей мәдениетімізді құраған, мемлекеттілігімізді қалыптастырған ата дінімізге айналды.
Қазақ халқының діни санасының қалыптасуында ұлт болмысына тән ерекшеліктер көрініс тапты. Зерттеушілер діни сананы тұрмыстық, тәжірибелік, кәсіби деген үш түрге бөліп қарастыратыны мәлім, ал қазақы болмысқа келсек, тұрмыстық және тәжірибелік діни сананың астасып жатқанын, олардың кәсіби діни санадан бастау алып, күнделікті тіршілікке тереңдей енгенін аңғаруға болады. Қазақ үшін дін – дүниеден тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін, дүниетанымын көктей өтіп жатқан негізгі арқау болатын. Бұл жерде өздері қол жеткізген кәсіби діни сана арқылы исламның негізгі қағидаларын халықтың жүрегіне жақын, санасына қонымды тілмен түсінікті етіп жеткізе білген ұлттың ағартушы ұстаздары мен дін ғұламаларының үлесі зор. Солардың ерен еңбегінің нәтижесінде қазақ халқы исламның рухын сезініп, жанымен қабылдады.
Дін қағидаларын халқымыз әрбір мақал-мәтеліне, аңыз-әңгімесіне, жыр-дастанына, ертегісіне, шешендік сөзіне, даналық нақылына, тұрмыс-салт өлеңдеріне сіңіріп, күнделікті тұрмысында басшылыққа алар рухани және имани құндылықтарына айналдырды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері оның рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Дәстүрлі қазақ қоғамы үшін ұлттық құндылықтар мен діни құндылықтар ажырағысыз байланыста болды. Халқымыз ешқашан ұлттық мүдде мен діни мүддені бөліп қараған жоқ, сондықтан қазақ ұлты мысалында бертінге дейін этноконфессиялық бірегейлікке қауіп төндіретін құбылыстар жоққа тән болды.
Шаһарлы жұрт санатына қосылып, отырықшылыққа бейімделген бөлігін есепке алмағанда, басым көпшілігі сайын даланы ен жайлап, көшпелі өмір салтын ұстанған, мешіт-медресе салуды әдетке айналдыра қоймаған қазақ халқының рухани дәстүрлер арқылы иманды жүрекке бекіте білген шынайы мұсылмандығына діндес көршілердің күмәнмен қараған кезеңдері де болғаны тарихтан белгілі. Ақиқатқа бергісіз аңызға айналған осындай мысалдардың бірі ХVІ ғасырда орын алған екен.
Көге. «Көге тасы». «Көгілташ»
Сахарада жайын жүрген қазақтардың мұсылмандығына күмәнданған Бұхара ғалымдарының бір бөлігі «бұл халықты дінсіз деп жариялап, құлдыққа салу керек» деген пәтуа шығармақ болады. Сонда құдайына қараған бір ғұлама: «Бүкіл бір халықты сырттай тон пішіп, кәпір деп жариялау жөн болмас, алдымен кісі жіберіп, араларынан бір өкілін алдырып сынайық, сауалдарымызға жауап бере алмаса, сонда лайықты пәтуасын шығарайық» дейді. Осыған тоқтасып, кісі салғанда, қазақтар өз арасынан Көге деген жас жігітті жібереді. Көге ислам шариғатының бүге-шігесіне дейін жетік білетін білімдарлығымен Бұхара ғұламаларының таңдайын қақтырады. Оған тәнті болған бұхаралық ғалымдар: «Қандай тілегің бар, орындайық» дегенде Көге: «Мен осы Бұхараның ортасынан медресе салып, бала оқытсам деймін» дейді. Бұл тілегіне бұхаралықтар келіскен соң: «Тек бір шартым бар. Маған медресені салысуға балиғатқа толғалы дәретсіз жер баспаған жандар ғана келетін болсын» дейді. Сонда мұсылмандығымыз өзгеге өнеге боларлықтай дәрежеде деп астам ойда жүрген дүйім Бұхара жұртынан балиғатқа толғалы дәретсіз жер баспаған бір адам шықпайды. Сөйтіп Көге сол медресені жалғыз өзі салған екен деседі. Ел «Көге тасы» атап, соңында «Көкілташ» медресесі атанған, сан ғасыр бойы бүкіл Орта Азия руханиятына қызмет еткен сол оқу орны дәстүрлі қазақ мұсылмандығына орнатылған ескерткіш ретінде Бұхара қаласында күні бүгінге дейін тұр. Бұл мысал қазақ халқының діни-ұлттық бірегейлігіне сынмен қарап, сына қаққысы келгендерге берілген тарихи жауап іспетті.
Отарлау саясатының мақсаты – рухты отарлау
Соңғы үш жүз жылдық саяси үдерістердің, соның ішінде Ресей империясының отарлау саясаты мен кеңестік атеистік саясат нәтижесі қазақ мемлекетін көп ұлтты және соның салдарынан көп конфессиялы Қазақстан Республикасына айналдырды. Отарлау саясатының басты мақсаты белгілі бір ұлттың ең алдымен рухы мен жан дүниесін отарлау болып табылатыны белгілі. Өйткені ұлттың негізгі өлшемі – формалық емес, мазмұндық өлшем. Жері жоқ, мемлекеті жоқ ұлттар да өмір сүре береді, бірақ тілі мен діні сақталмаған ұлт өз болмысын сақтай алмайды. Болмысынан айырылған ұлттың дүнияуи құндылықтарын қорғауға да қабілеті қалмайды. Ұлттық құндылықтар мен дін қағидалары бір-бірінен бөлек қарастырылса, тарих сахнасынан алдымен тұтастай буын, соңынан біртұтас ұлт жоғалады.
Ресей самодержавиесінің отарлық саясаты кезінде де алғашқы кезекте қазақ ұлтының тіліне, дініне және дәстүріне шабуыл жасалды. Осы үш бағыттағы жұмыстар ұлт пен дінді бөліп тастау арқылы діни-ұлттық бірегейлікті ыдырату мақсатында кешенді түрде жүргізілді. Қазақ халқының орыс империясына қосылу кезеңіндегі келісімдерде Ресей императорының атынан берілген «тіліңе, дініңе, дәстүріңе қысым жасалмайды» деген уәде қағазда қалып, іс жүзінде барлық күш-қуат дәл осы үш тұғырды күйретуге жұмылдырылды. Қазақ даласында көптеп ашылған қазақ-орыс мектептері орыстандыру және христиандандыру саясатына қызмет етті. Қазақ даласына мың-мыңдап жіберілген переселендер жерді, тілді, дінді жаулау мақсатымен қоныстандырылды. Олардың арасында қарапайым шаруалармен, саудагер көпестермен қоса Ресей империясының қазақ жеріне жер аудару арқылы құтылуды көздеген азат ойлы төңкерісшіл тұлғалары мен дінбұзар, елбұзар бүліктері де болғаны белгілі. Отарлаушылар тарапынан қазақ даласындағы басқарушылық-билік жүйесінің, тұрмыс салтының өзгертілуі, білім беру жүйесінің, оқытылатын діни әдебиеттердің толық бақылауға алынуы толыққанды тәуелділікке түсірудің таптырмас айла-тәсілдері еді.
Ал қазақ жеріне татар молдаларын дін тарату желеуімен жіберудегі саясат көп қырлы, терең тамырлы болатын. Бұл саясат ең алдымен Ресейге ыңғайлы әрі түсінікті типтегі санасы трансформацияға икемді, билікке бағына білетін момын мұсылмандарды қалыптастыру, екіншіден көшпенді қоғамның артта қалғандығы мен отырықшы өркениеттің озықтығы, сонымен қатар Ресей самодержавиесінің мызғымастығы жөніндегі түсінікті орнықтырып, қазақ халқының өмір салтын өзгертуге бейімдеу, үшіншіден және ең бастысы қазақ мұсылмандығын тәуелсіз, азат рухта, биік рухани құндылықтар аясында қалыптастырған дәстүрлі Орта Азия ислам мектебінің тұғырын күйрету мақсатына бағытталды. Тұжырымдай алғанда, отарлық саясат қазақ халқының ұлттық-діни бірегейлігіне балта шабудың барлық мүмкіндіктерін жасақтап, жүзеге асыруға тырысты. Дегенмен бұл кезеңде байырғы тұрмыс-салтынан, тілі мен дінінен қол үзбеген халық үздіксіз жүргізілген ұлт-азаттық көтерілістері арқылы үнемі наразылық танытып, бұғаулауға толық көне қоймады. Отарлық саясаттың бұл кезеңдегі ең ауыр салдары қазақ жерінің басым бөлігінің отаршылдар қолына өтуі болды. Бұл болашақта атамекеніне адал қазақ ұлтының бодандық бұғауына еріксіз көндігуіне себеп болатын жайттардың бірі еді.
Тариқат өкілдері табанды түрде қарсы болды
Кеңестік кезеңдегі атеистік саясат этноконфессиялық идентификация ел ішін ашық тұрғыда екіге жару қағидатымен келді. Дін атаулыға тыйым салу діни-ұлттық бірегейлікке сына қағудың айқын көрінісі болды. «Ұлт» және «дін» деген ұғымдар бір-бірінен ажыратылып, ұлт руханиятының өзегі болып табылатын дін атаулы мансұқталды. Сонымен бір мезгілде ұлт саясатындағы теңдік қағидаты сөз жүзінде қалып, іс жүзінде орыс ұлты мен орыс тілінің басымдылығы тереңдетіле берді. Бұл орайда Кеңес үкіметінің басшылығы ресейлік отарлау саясатының ғасырлар бойы тұжырырымдалған ұстанымдары мен жинақталған тәжірибесін тиімді пайдаланды.
Жер-судың билігі қолдан кетіп, тұғыры шайқалған жергілікті ұлт өкілдерінің кеңестік жүйеге қарсылықтары айтарлықтай пәрменді бола алмады. Жерді жаулап болып, діні мен ділінен күштеп айыруға көшкен кеңестік билікке қарсы тұрар қайрат кеміген соң атамекенін тастап, діндес шет өлкелерге ауа көшуге мәжбүр болған ел азаматтарының мақсаты мал мен жанды емес, тіл мен дінді сақтап қалу болатын.
Екінші дүниежүлік соғыс жылдарында өтпелі құндылықтардың халықтың рухын көтеруге қауқарсыз екендігін мойындаған кеңестік билік мәңгілік құндылықтарды қайта жаңғыртып, ел рухын көтеру, отан қорғауға жігерлендіру үшін дінге ерік беруге мәжбүр болды. 1943 жылы Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасы (САДУМ) құрылып, Қазақстанның аталған діни басқарма құрамына қазият ретінде енгені белгілі. Бұл қазақ дін зиялыларының азды-көпті ашық жұмыс жүргізіп, діни еңбектер жазуына мүмкіндік берді. Дегенмен кеңестік кезеңдегі діни қызмет ғұрыптық рәсімдерді атқару, діни мерекелерді өткізу секілді шаралармен шектелді.
Ресми ислам өкілдерінің өз қызметін жүзеге асыруына белгілі бір дәрежеде мүмкіндік берген кеңестік билік органдары Орта Азия мұсылмандық мәдениетінің тұғыры саналатын тариқат ілімінің өкілдеріне қатысты кері саясат ұстанды. Олар өз тарапынан ашық қудалау шараларын жүргізумен қоса ресми ислам өкілдерінің көзқарас-ұстанымдарын тариқатшыларға қарсы пайдаланып, арнайы пәтуа шығартып, айыптатып отырды. Өйткені исламның жасампаз, әділетті, азат әрі кең пайымды рухын бойына сіңірген, жергілікті халықтың жан дүниесімен үйлесім таба білген өміршең, еркін ойлы тариқаттар мәдениеті отарлау саясатының кез келген түрі үшін алынбас қамалдай қауіпті еді. Кеңестік биліктің ұлт пен дінді айырмақ болған саясатына соңына дейін қарсы күрескендер, соның ішінде басын бәйгеге тігіп жүріп, дін негіздерін халыққа жасырын үйретіп, насихаттау арқылы қарсы тұрғандар тариқат өкілдері болатын.
Кеңестік билік кезеңі қазақ ұлтының этноконфессиялық бірегейлігін дінге тыйым салу арқылы дәстүрлі діни танымынан ажырату және ұлттың тілі мен дәстүрлі құндылықтарын қолдан құнсыздандыру арқылы едәуір шайқалтты. Дегенмен ұлттың табиғи қорғаныс қабілеті әлі әлсірей қоймаған кезеңдегі кеңестік саясат қазақ қоғамын ұлт дүниетанымымен терең тамырласқан рухани құндылықтарынан қол үздіре алған жоқ.
Өркениет өз бесігінен алыстай береді
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңдегі ішкі-сыртқы саяси өзгерістер – жаһанданудың қайтарымсыз үдерісіне Қазақстан қоғамының дендеп араласуы, ашық ақпараттық кеңістік пен ашық шекара саясатының салдарынан елдің конфессиялық кеңістігінің елеулі өзгеріске ұшырап, рухани келбетінің шұбарлануы, қоғамдық құрылымның өзгеріп, нарықтық қатынастардың тереңдеуі салдарынан құндылықтық бағдарлардың дәстүрлі қалыптан ауытқуы, ұлттық руханият саласында теріс мазмұнды ақпараттардың басымдық алуымен бір мезгілде жағымды ақпараттардың тапшылығы салдарынан бос кеңістіктің қалыптасуы этноконфессиялық идентификация мәселесін ширықтыра түсуге ықпал етті.
Аталған кезеңде ұлттық-діни бірегейліктің солғындауына себеп болған бірнеше факторлар бар. Олардың ең бастысы – рухани тәрбиенің бесіктен дұрыс берілмеуі, қазақша айтқанда уызына жарымағандық. Өркениет алға жылжыған сайын өз бесігінен алыстай беретіні белгілі, тәуелсіздіктен кейінгі қазақ қоғамы да заман ағымымен арпалысып, рухани тамырынан – дәстүрлі құндылықтарынан жылдам жаттана бастады. Баласымен емес, басымен қайғы әке-шеше, бесік тербететін шақта бел жазбай еңбек етіп жүрген ата-әже, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен жанқайғы кезең – осының бәрі балаң буынның, жастар мен жасөспірімдер санасының дәстүрлі дүниетанымнан, ұлттық құндылықтардан алшақтауына соқтыруда.
Екіншіден, ашық ақпараттық кеңістік пен ашық шекара саясаты өзінің ащылы-тұщылы жемісін беруде. Ағыл-тегіл ақпарат ағынының арасында қалған көпшілік, әсіресе жас буын асылы мен жасығын айырып үлгермей, тапқанын талғаусыз сіңіруде. Барлық нәрседе, соның ішінде рухани ізденістерде де жоғары шекке (максимализмге) бейім тұратын, аңсар-мұраты қалыпты тіршіліктен жоғары, ерлік жасауға құштар, өзгерістерге құлшынысы мол, сонымен қатар ересек буынмен салыстырғанда бос уақыттың да қызығын көбірек көретін жастар қашанда жаңашыл көрінетін жат идеологиялық және құндылықтық бағдарларға оңай елігеді. Біреудің қаңсығын таңсық ретінде қабылдау, құнсыз құндылықтарды пір тұту осындай елігулердің салдары екені анық. «Діннің тазасы осы» деп әркім өз ұстанымын жан салып насихаттап жүрген соң, жастар жақсы болып көрінгеннің бәріне қалтқысыз сеніп, қапысыз ілесуде.
Үшіншіден, ел тұтастығының, дін мен дәстүр бірлігінің бұзылуына аса мүдделі сыртқы күштер бар. Қазақтың санасы сан саққа шашырап, қырық ру емес, қырық дін боп бөлініп, қайшыласып жатқаны, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені базбіреулерге аса тиімді екені даусыз. Ертең бөліп алып, билей беру үшін бүгін олар барын салады. Дінді саясиландырған да, сананы сарсаң еткен де солар. Өмірлік бағдары айқындалмаған жастар осындай ойындардың құрбаны болып отыр. Тәуелсіздік алу мен нарықтық экономикаға көшу қатар келген талайлы тұста рухани құндылықтарға көңіл бөлудің кенжелеп қалғанын жат діни және дүнияуи құндылықтарды насихаттаушылар өте оңтайлы пайдаланып, өз тұғырларын бекітіп алды. Оның ащы жемісін бүгінгі қоғам татуда.
Радикалды идеологияны тоқтатын күш - қазақы мұсылмандығамыз
Дін атын жамылып, діни-ұлттық бірегейлікке сына қағып жүрген қазіргі жат ағымдарды мақсатты бағыттарына орай екі топқа жіктеуге болады. Біріншісі – дін тазалығын өздерімен ғана байланыстырып, радикалды шетін көзқарастарды насихаттап жүрген, қазақтың дәстүрін дініне қарсы қойып, мұсылмандығын жоққа шығарғысы келетін ислам атын жамылған ағымдар; екіншісі – прозелитизммен белсенді айналысып, ата дінімізден ажыратуды мақсат еткен, кей жағдайда дін атын жамылып, дүнияуи мақсаттарды көздеген теріс пиғылды жат діни ағымдар.
Радикалды ағымдардың бұл бағыттағы әрекеттері мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісінен көрініс табуда. Исламға дейінгі жетістіктерді жоққа шығару, халықты дінсіздікке шақырып жүрген «тәңіршілдік» ағымы туралы жалған дақпырт тарату, қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу, қабір зияраты әдебін Аллаға серік қосу күнәсімен байланыстыру, кеңестік кезеңді рухани тұлдыр дәуір ретінде таныту – осының барлығы қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған астыртын арандатушы әрекеттер болып табылады.
Теріс пиғылды жат ағымдар тарапынан жүргізілген идеологиялық шабуылдардың бір бөлігі қазақ ұлтын христиандықпен ежелден етене байланысқан ел секілді көрсетіп, мәсіхшілікті ата діннен айырғысыз етіп дәріптеу, Тәурат пен Інжілдегі Құранмен сәйкестіктерді өз мақсаттарына пайдаланып, исламды христиандық конфессиялардың берісі – көшірмесі, арысы бұрмаланған нұсқасы ретінде танытуға тырысу әрекеттеріне бағытталуда. Бұл бағытта әрекет етушілер сенушілердің сана-сезіміне етене жақын құндылықтар арқылы әсер етіп, жаулап алуды мақсат етеді. Аталмыш ағымдардың екінші бір бөлігі өздерін діни, мәдени, ғылыми танымдық, білім беру қызметін көрсететін ағартушылар ретінде таныта отырып, дәстүрлі дін негіздерімен мүлде байланыспайтын, жеке тұлғалардың ілімінен бастау алатын сан алуан сенімдік бағыттарды насихаттап, сенушілердің қатарын көбейту арқылы дүнияуи игіліктерге қол жеткізу мақсаттарын көздеуде.
Дін атын жамылған радикалды және теріс пиғылды ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттер тұрғын халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей идеология ретінде әрекет ететіндіктен оларға қарсы күрестің жалғыз жолы да тек идеологиялық ағарту шаралары болып отыр.
Бұл орайда ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Ислам жайындағы үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, радикалды идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден-бір күш – біздің қазақы мұсылмандығымыз. Біздің қоғам ең алдымен өзінің мың жылдық мұсылмандық тәжірибесін орнымен игеріп алуға тиіс. Халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған рухани құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жарату қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияға тосқауыл қоюға болады.
Екінші жағынан әрбір ұлттың дәстүрлі рухани құндылықтарының сан ғасырлық уақыт сынынан өтіп, дәстүрлі қоғамды қалыптастырғаны, оның рухани бағдарларын айқындап, идеологиялық тұтастандыру қызметін атқарғаны белгілі. Жасампаз дәстүрлі құндылықтар алдағы уақытта да қазақстандық қоғам тұрақтылығына тірек болып, оның өміршеңдігіне септесері сөзсіз. Осы жағынан ол жалпы жұртшылықтың, әсіресе жастардың теріс пиғылды ағымдардан берік қорғалған, психологиялық өңдеуге берілмейтін, қорғаныс қабілеті мен қарсы тұру иммунитеті мықты болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды идеологиялық құрал болып табылады.
Копконфессиялылық – біздің таңдауымыз емес, тағдырымыз
Ендігі кезекте этноконфессиялық бірегейлік мәселесіне тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясаты тұрғысынан ой жүгіртіп көрелік. Еліміздің Ата заңынан бастап, тиісті заңнамаларда әрбір ұлттың тілінің, сенімдері мен дәстүрлерінің, құндылықтарының қорғалатыны, дамуына мүмкіндік берілетіні, Қазақстан азаматтарын ұлттық, нәсілдік, діни қатыстылығына байланысты кемсітушілікке жол берілмейтіні айқындалған. Дегенмен ұлттың жеке тұлғалардан құралатыны белгілі, ал әрбір тұлғаның құқықтары мен бостандықтары заң жүзінде жеке қорғалады. Ата заңымызға сәйкес мемлекеттің ең басты құндылығы адам, оның құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Сондықтан заңнама нормаларына сәйкес заңдық қатынастардың негізгі субъектісі ұлт емес, жеке тұлға.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік дін саясатының негізгі қағидалары мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі, ешбiр дiннің мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейтіні және барлық діни бірлестіктердің заң алдында теңдігі екендігі белгілі. Осы орайда көп ұлтты және көп конфессиялы Қазақстан жағдайында мемлекеттік дін саясатына қатысты пайымдауларда біз бір мәселені назардан тыс қалдырмауымыз қажет.
Көп ұлттылық және содан туындаған көп конфессиялылық – біздің таңдауымыз емес, тағдырымыз. Отарлық және кеңестік саясат пен тарихи үдерістер салдарынан қазақ жеріне сан алуан ұлттардың қоныстануы біздің тағдырымызды сол ұлттармен ортақтастырды. Сыңаржақ саясаттан туындаған сын-тегеуріндерді еңсере отырып, сан ұлтты саясына сыйғызған қазақ ұлтының мәмілегер мінезінің арқасында біз бүгінде біртұтас Қазақстан халқына айналдық. Мәдени байлығымызды молайтып, мақтанышымызға айналған сол ұлттардың тағдыр-талайы ғана емес, салт-санасы, наным-сенімі де қазақ халқына аманат болып отыр. Сондықтан біздің өзге заңдарымыз секілді дін туралы заңнамамыз да сан ұлттың сенімін түгел ескеріп, ұлтына, дініне қарамай, ешкімнің мүддесіне нұқсан келтірмеуге әрі ешкімнің заң талаптарын бұзуына жол бермеуге күш салған заңдық құжат болып табылады.
Екінші бір мәселе – дәстүрлі діндер мәселесі. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Себебі дін – тек сенімдік ұғым емес, ол – рухани мәдениет феномені, халықтың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы. Осы орайда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз болған, оның құралуы мен сақталуы үшін ғасырлар бойы қаны мен терін төккен, рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырған, дамытқан, қорғаған, елдің шекарасын ғана емес, рухын да сақтаған қазақ ұлтының дәстүрлі дінінің заңнамада айшықталуы ешбір азаматтық қоғам қағидаларына қайшы келмейді. Сондықтан Қазақстанның дін туралы заңнамасына халық мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның тарихи рөлі танылатыны жөніндегі түсінік енгізілген. Біздің жағдайымызда ислам тек қазақтардың ғана емес, Қазақстан жеріндегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың ата діні болуымен де маңызды. Сонымен қатар соңғы үш ғасырлық тарихы бізбен ортақ христиан дініндегі бірқатар ұлттардың сенімдік бағыты – православие де Қазақстан халқының елеулі бөлігі ұстанатын дәстүрлі дінге айналып үлгергені – бүгінгі күннің шындығы. Бұл шындық та заңнамада лайықты көрінісін тапқан.
Осы орайда дін туралы заңнаманы ұлттық-діни бірегейлік мәселесімен ұштастыратын қағидаттық ұстаным ретінде мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауындағы «қазақстандықтардың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыру» талабын айтуға болады. Ал дін мен дәстүр бірлігіне негізделген діни сана қалыптастыру мәселесі – бүкіл халықтың жұмыла көтеретін жүгі әрі бойында ұлтына деген сүйіспеншілігі бар әрбір азаматтың абыройлы міндеті.
Дегенмен қазіргі өзгермелі қоғамда баршаның бойында бірдей биік рухани аңсарлар мен бірегей ұлттық құндылықтар қалыптастырудың үнемі мүмкін бола бермейтіні тағы белгілі. Әркімнің өз ерекшелігі мен болмысына жақын құндылықтары бар, мойындасақ та, мойындамасақ та тобырлық психология деген тағы бар, кеңестік кезеңдегідей биліктің күшімен құндылықтарды қабылдату саясатын жүргізіп отырған ешкім жоқ, сондықтан таңдау еркі берілген тұлға факторының көп жағдайда жетекші роль атқаруы заңды.
«Не істеу керек?» дегенге келсек, заңды құбылыстардан заңсыз салдарлар туындамауы үшін мемлекеттік идеологияны, елдік сананы тұғырландыра түсу, көнермейтін құндылықтарды қайта безбендеп, ұрпаққа ұсыну, тәрбиені тал бесіктен бастап күшейту қажет.
Бала тәрбиесіне баршамыз жауаптымыз
Ұлттық-діни бірегейлікті сақтау бағытында ел болып есте тұтатын қағидаттардың ең бастысы – бала тәрбиесіне баршамыздың жауапты екенімізді ұғыну. Қазақ халқы Дін істері агенттігінсіз де, Діни басқармасыз да мың жыл мұсылман болып, Құдайды бір, пайғамбарды хақ деп келген. Себебі ең алдымен отбасы тәрбиесі берік болды, одан кейін ауыл болса, қауым бола білді: «біреудің баласы» деген ұғым болған жоқ, тәрбиені бірге берді, телісі мен тентегін бірге тыйды, әдет заңы мен әдеп заңы үлкен-кіші демей, бар қазаққа ортақ болды. Бүгінгі күні де біз ең алдымен отбасылық тәрбие институтын жаңғыртуымыз қажет. Бала рухани ілімді ең алдымен отбасынан үйренеді. Әрбір ата-ана тым болмаса белгілі бір дәрежеде дәстүрлі дінімізден, рухани ілімдерден хабардар болып, балаларына бесіктен сіңіруі қажет. Бұл ата-ананың өз рухани қажеттілігі үшін де керек, екінші жағынан, бейнелі түрде айтқанда, біз дінмен айналыспасақ, дін бізбен айналысатын заманда өмір сүріп отырғанымызды ұғынуымыз қажет.
Діни оқу орындары – рухани тәрбие ошағы. Оларды дамыту – ұлттың рухани тәрбиесін сапалы негізге көшіру деген сөз. Дінге ықылас уақыт өткен сайын күшейе түспек – өйткені ол адам болмысында бар қажеттілік әрі қасиет. Осы ықыласты тиісті арнаға бұрудың пәрменді тетігі діни оқу орындары болып табылады. Сондықтан елімізде ата дінімізді үйретіп, имани ілім берудің барлық деңгейлері – діни сауат ашу курстарынан бастап, Құран қариларын дайындау орталықтары, діни орта білім беретін медреселер, исламдық жоғары білім беретін «Нұр-Мүбарак» египет ислам мәдениеті университетіне дейінгі аралықта қалыптастырылуда. Зайырлы оқу орындарындағы рухани тәрбиеге келсек, орта мектептердегі дәстүрлі түрде оқытылатын көптеген гуманитарлық және қоғамдық пәндермен қатар «Дінтану негіздері» пәні де бағдарламаға енгізілген. Жоғары оқу орындарында ашылған дінтану кафедраларын қоспағанда, еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарында дінтану курсы таңдау пәні ретінде енгізілді.
Рухани тәрбиенің қайнар көздерінің бірі – діни кітаптар
Иә, Рухани тәрбиенің қайнар көздерінің бірі – діни кітаптар. Оны шығаруға мемлекеттің мүдделі болуы және үлес қосуы – ішкі саясат тұрғысынан болсын, зайырлылыққа тән рухани-моральдық қағидаттар тұрғысынан болсын – заңды құбылыс. Тұрғын халықта тұрақты діни сана қалыптасқанға дейінгі таяу онжылдықтарда бұл мәселе мүдделі емес мекемелердің немесе діни бірлестіктердің қарауына қалдырылмауы тиіс. Ұлт руханиятын қалпына келтіруді мемлекет қана жүзеге асыра алады.
Исламның мәйегі болып табылатын рухани құндылықтар ұлтымызбен бірге жасасып, рухани мәдениетімізде, әсіресе әдебиетімізде үнемі көрініс тауып отырған. Өйткені әдеби туындылар – ұлт рухының айнасы. Сондықтан ата дініміз бен рухани бастауларымызға оралудың ең жақын жолы әдебиет арқылы өтеді. Біздің буынды көркем әдебиет тәрбиеледі. Біз тарихымызды да, салт-дәстүрімізді де, ұлттық болмысымызды да, руханиятымызды да көркем әдебиет арқылы таныдық. Өмірдің сұрқай шындығы қажытатын адам рухы көркем шындықты қажетсінеді. Оның орнын ешбір ғылым да, бұқаралық ақпарат құралы да баса алмайды. Көркем әдебиеттің оқылмауы – ұлттық рухтың жұтауы, ұлттық болмыстан айырылудың басы.
«Дін дегеніміз – насихат» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Идеология дегеніміз де – насихат. Көркем әдебиетті кеңінен насихаттау ғаламтордағы тежеусіз ақпараттар ағынына қарсы қимылдың алыс та болса жақын жолы болып табылады. Қоғамдық өмірде құқықтық нормалар мен әлеуметтік-моральдық (діни) нормалардың қайшы келуі жиі кездесіп жатады. Әлеуметтік-моральдық нормаларды сақтау көбіне көп ар-ожданға жүктеледі. Мұндайда қоғамды тепе-теңдікке келтіруде сөз өнері арқылы жүретін ұлттық тәрбие басты роль атқарады.
Дін мәселесін тіл мәселесінен бөлек қарастырмау керек. Тілді тірілтсек, дәстүрлі рухани құндылықтарды тірілтеміз. Дәстүрлі құндылықтар ұлттық болмысты, ұлттық мінезді тірілтеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық, оның болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ.
Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі. Діни мүдде мен ұлттық мүдденің тоғысқан тұсы да осы. Дінаралық келісім мен мәдениеттер үндестігі аясында қол жеткізген ең басты жетістігіміз – жиырма үш жылдық ішкі тұрақтылық ең алдымен мемлекет құраушы қазақ ұлтының рухани тінінің беріктігіне байланысты қалыптасқаны белгілі. Сондықтан елдік мүддені ту еткен халық ретінде болашақтың игілігі үшін ең алдымен діни-ұлттық бірегейлікке негізделген осы рухани тінді әлсіретіп алмауға күш салуымыз қажет.
Abai.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ