THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ қазақ болудан қалып барады. «Қазақтікі» дейтіннің бәрінің баламасы бүгінде басқа елде де бар. Өзге елде қадірі алабөтен, өз елінде өгей кейіпте. Біздікілер тауар тұтынса, тек «импортқа» иек артады. «Шетелдікі» десе болды, шекпенін шешіп беруге бар. Ал өзінікін өзекке тебеді. Қазы жемейтін, қымыз ішпейтін қазақтар пайда болды. Киіз бен құрақты төсенбейтін, байпақ кисе, бетінің оты шығатындар да көп. Қазақы киіз үйді әңгіме етудің өзі артық. Тіл мәселесін әлі толық шешпедік. Сонда қазақты қазақ ететін не қалды?
Біздің қазақ еуропалық болғысы келеді. Еуропаша киініп, батысша сөйлеп, соларша тамақ жеп, соларша өмір сүргісі келеді. Ал сол еуропалықтардың бүгінгі бағыты не екенін білесіз бе? Олар Орталық Азияны зерттеп, біздің әлдеқашан қоқыс жәшігіне сүңгіткен салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, өнерімізді жаңғыртып, жаңғыртып қана қоймай, өздеріне меншіктеп алып жатқанынан хабардарсыз ба? Хабардар болмасаңыз, құлақ түре қойыңыз.
Қазақтың киізі
Қазақта киіз өнері шарықтап дамыған. Мал бағумен күнелткен қаймана қазақ үшін бұйым жасауда қолданылған негізгі шикізат – малдың жүні екені белгілі. Жүннен киіз басқан, киім тоқыған, аяқ киім әзірлеген. Киіз тек қана қақаған суықта жан сақтаудың құралы ғана болып қалмаған, сондай-ақ оның медициналық қасиеттерін де халқымыз өте жақсы білген. Мәселен, киіз омыртқа жарығы, буын аурларына бірден-бір ем. Қан тоқтатудың ең тиімді тәсілі де – киіз күйдіріп басу. Киізге орап емдеу арқылы адам бойындағы артық тұздар мен қажетсіз сұйықтықтарды сыртқа шығаруға болады. Оның қасиеті сол, адам денесінің жылуын сыртқа шығармайды, ал ішке ылғал өткізбейді. Айта берсең, мың ауруға емі бар киіздің. Алайда бүгінгі ұрпақ жүннен жасалған бұйымнан қашады. «Исі шығады» дейді, бір, «қышытады» дейді, екі.
Енді тағы Еуропаға келейік. Батыс байпақ жасап, байып отыр. Біз жоғарыда әңгімелеген «пэчворктей» бұл өнер Еуропада өз алдына пайда болмаған. Батыс саяхатшылары киіз басу өнерін Орталық Азия елдерінен көріп, үйренген. Білмегендерін әлі де қазақ ауылдарына келіп, меңгеріп жатыр. Бірақ бізден бұрын оны «бизнеске» айналдырып алды. Германияда Халықаралық киіз басу академиясы жұмыс жасайды. Оның Нидерландтар елінде бөлімшесі де бар. Бұл академия мамандары еуропалықтарға киіз басудың әдіс-тәсілдерін үйрететін шығар, бірақ оның екінші міндеті Орталық Азия елдеріне келіп, осы өнерді түгелдей зерттеу болып табылады. Осы орайда академия жұмыс жасап бастаған 8 жыл ішінде Қазақстанға бұл мақсатпен келген шетелдік дизайнерлердің саны 100-ден асып кеткен. Тіпті қазақстандық «Ақ киіз» кәсіпорнымен арада тәжірибе алмасу жөнінде келісім бар. Соның алғашқы шәкірттері бүгінде Германияның белді-беделді дизайнерлері атанып отыр. Киізден жасалған байпақ, ойыншық, дорба, өзге де бұйымдардың жыл сайын көрмесі өтіп тұрады. Әлбетте, Еуропа елдерінде. Енді олар киіздің медициналық қасиетін зерттеуге ден қойып жатыр. Академия ізденушісі Юла Олесцак елімізге бірнеше мәрте сапарлап келді. Кейін ағылшын тілінде «Көшпелі халықтың киізбен емдеу мәдениеті» тақырыбындағы мақаласын жария етті. «Көшпелі халықтар үшін киіз қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғаныш, киім, баспана және медицина да болып табылған. Көшпелі өмір сүріп, малдың ізінде жүргендіктен, бұл халықтар қысқы қатты боранда да далада түнеп отырған. Мұндайда киізге оранып жан сақтаған. Қатты суықтан науқастанса, қалың киіз оны терлетіп, бар ащы терін өз бойына сіңіріп алады» деп жазады Юла.
Қазақтың құрағы
Қазақта құрақ құрау ұғымы бар. Киелі өнер. Салт десек те, болғандай. Өйткені көп ретте аналарымыз құрақты қайтыс болған адамның жаназасында «жыртыс» ретінде үлестірілетін кесінді материалдардан тігетін болған. Оның артында үлкен сенім жатыр. «Дүниеден озған жанның бар қадір-қасиеті ұрпаққа сол жыртыс арқылы берілсін» деген ниет бұл. Ал құрақтың көбінде үшбұрышты кесінділерден құралатыны – ол үш ғалам тұтастығын білдіреді. Яғни су, жер және ауа. Бұл үшеуі бір болса, құрақ көрпе төсенген үйдің де бірлігі бекем болады. Қазақ қадірлі қонағының астына міндетті түрде құрақ көрпе төсеп отырған. Ол «қонақтың жақсы қасиеті үйде қалсын, үйдің қасиеті қонаққа жұқсын» деген наным. Байқаған жанға, құрақ құрауды киелі өнер деуіміздің сыры осы. Қазақ құрақтан көрпе ғана әзірлемеген, одан бөлек, сырмақ, кеудеше, тақия, балалар ойыншықтары, қапшықтар және өзге де киім, бұйымдар тіге білген. Ал бүгінде қалай? Құрақ көрпе төсенетін үй некен-саяқ. Құрақ киімдер сәнде емес. Өйткені бренді жоқ. Бұл біздегі жағдай.
Еуропада болса, құрақ құрау – өнер атаулының төресі. Олар оны пэчворк (patchwork – кесіндімен жұмыс) атайды. Әсіресе, құрақ ойыншықтар өндірісі өрлеп тұр. Бұл өнер бастау алған Англия ғана емес, бүкіл еуропа елдеріне ортақ халықаралық Кесінді тігін шеберлерінің қауымдастығы жұмыс жасайды. Бұл қауымдастық аясында Англияда ірі институт ашылған, өзге елдерде арнайы мектептер жұмыс жасайды. Жылына бір мәрте халықаралық көрме ұйымдастырылады. Жалпы айтқанда, бұл өнерді батыста өзекке теуіп жатқан ешкім жоқ. «Төл өнеріміз» деп, тарихын да баяндап береді. Ал тарихы болса, біздің тарихтан тым бөлек. Пэчворк Англияда XVІІІ ғасырда ғана пайда болған. Онда да біздегідей, киелі ештеңесі жоқ. Елде үнді тауарларының бағасы күрт өсіп кеткен соң, ағылшын әйелдері тауар үнемдеу үшін материал қалдықтарынан құрастырып, киімдер тіге бастайды. Бірте-бірте ол сәнге айналып, бар болғаны ІІ ғасыр шеңберінде іргелі өндіріске айналып шығады. Қазір құрақ бұйымдар мен ойыншықтардың танымал бірнеше әлемдік бренді де бар. Қазақ болса, көлеңкеде қалды.
Қазақтың үйі
Қазақтың төл баспанасы туралы күн-түні әңгімелей беруге болады. Оның ықшамдығы, қолайлылығы, оның өн бойында тұнып тұрған қазақы пәлсапа, тарих, мәдениет – бүгінгі ұрпақ әлі толық зерттеп біле алмай жатқан дүние. Оны былай қойғанда, дизайнының өзі керемет. Бірақ бүгінде қолданыста жоқ. Мақұл, отырықшылыққа көшкелі бері оның қажеттігі де шамалы болып қалған шығар. Бірақ, тым құрыса, оның жаңағы дизайндық үлгісін де кәдеге жаратып жатқанымыз жоқ. Ескінің ғана еншісі секілді. Есесіне, тағы да Еуропа оны «ескі» емес, «жаңа» деп төбелеріне көтеріп жатыр. Тағы да бизнестің көзіне айналдыруда. Еуропаны қойып, бұл жолы АҚШ-тан да қазақтың төл баспанасының жаңғыртылған үлгілерін таба аласыз. «Жаңғыртылған» деп бұра тарта береміз, әйтпесе, «бұрмаланған» деген сөз әбден лайық. Дәлел іздесеңіз, «www.yurtinfo.org» сайтына бас сұға қойыңыз. «Дөңгелек үйдің» түрлі-түрлі дизайнымен таныса аласыз. Ғаламтор парағының меншік иесі – Гарвард университетінің профессоры Уильям Копертуэйт екен. Ғалым кәсіптің жақсы көзін тапқан. Бірнеше жылдан бері дөңгелек пішіндегі үйлердің түрлі үлгілерін жасап, әр елдерге сатумен айналысып келеді. Кез келген елдің адамы мұндай үйлерді интернет арқылы тапсырыс беріп, сатып ала алады. Уильямның жазуынша, ол бұл идеяны Орталық Азияны мекендеген көшпелі халықтың тұрмысынан алған да, кейін оған толықтырулар енгізген. Бірақ бұл толықтырулары қазақтың тарихына таңба түсіріп отырғанын біле ме екен? Мәселен, киіз үйдің шаңырағын алайық. Сейіт Кенжеахметұлының зерттеуіне сүйенсек, шаңырақ тоғын, күлдіреуіш және кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғын – шаңыраққа дөңгелек түр беретін шеңбер. Тоғынның сүйегі қайыңнан жасалады. Оны оюлап өрнектейді және айналдыра жиілетіп уық кіргізетін ойықтар жасайды, уық қалам тәрізді үшкірленетін болғандықтан, оны «қаламдық» дейді. Ал күлдіреуіш шаңырақтың күмбезін жасайды, кепілдік күлдіреуіш орнынан қозғалып кетпес үшін қойылады. Бұлар бәрі бірігіп «отбасы» деген мағына беретін. Зерттеуге сүйенсек, «киіз үй сүйек ағашының ішінде шаңырақ дәстүрлі тұрмыстық мәдениеттің символикалық-семантикалық жүгін арқалап, қазақ ұғымында «ұрпақ жалғастығын», «ру-тектің өміршеңдігін, я болмаса тоқтауын, тоқырауын, жойылуын» бейнелейді. Үш-үштен айқастырылып қосылатын күлдіреуіштің шаңырақ шеңбер ағашына бекітілуі – бір шаңырақ астынан өрбіп, өсіп-өнген жеті ата ұрпақтарының тектік бірлігін көрсетеді. Әулеттің дүниеден өткен соңғы ұрпағының бейіт басына қара шаңырақты қалдыру рәсімі де қазақтың дәстүрлі мәдениетінің ажырамас атрибуттарының бірі». Қазақ халқында шаңыраққа қатысты салт-дәстүр, жол-жоралғы да өте көп. Алайда америкалық үлгідегі киіз үйдің бұл бөлігін шаңырақ деп атауға келмес. Ол шаңырақтан гөрі кеменің штурвалын көбірек еске түсіреді.
Қазақтың бесігі
Қазақтың бала тәрбиесі бесікпен байланысты. Қазақ шаңырағында сәби бесікке негізінен омыраудан шыққанша жатады. Ондағы баланың ұйқысы тыныш, өзі таза болады. Халық нанымына сай, аналарымыз бесікті 7 затпен жабдықтаған. Олар – көрпе, қамшы, жүген, шапан, тон, кебенек, шекпен. Қамшы – жын-шайтанды қуатыны белгілі. Яғни бала қауіпсіз болмақ. Оны былай қойғанда, көшпелі, жаугершілік заманда бесікті түйенің үстіне өңгеру, ат үстінде ұстау өте ыңғайлы болған. Бабаларымыз бесіктің биік болуына мән берген. Өйткені жоғарыда ауаның таза болатыны белгілі. Бесікке бөлеу, бесік жырын айту да – үлкен өнер. Шүкірлігі, киіз үй, киіз бұйым, құрақ көрпенің қасында бесік бертінге дейін жақсы сақталып, қолданыстан түсе қоймаған қазақтың төл мұраларының бірі. Рас, кеңестік кезеңде бесіктен бас тартқандар көп болды. Бірі «баланың миы шайқалады» десе, бірі «баламыз талтақ болады» деп қорықты. Үшіншілерінің тіпті «бесікке бөлеу – баланың еркіндігін шектеу» деп көкігені де болған. Алайда ешбір дәрігер бесіктің сынық сүйем зиянын айтып бере алмайды. Өйткені, ол жоқ.
Жә, біз бесікті бағалай білгенмен, патенттемей жүргенде, оған да қол салып жатқандар бар. Мұхиттың арғы жағынан. Ғаламторды қарап отырсаңыз, Харви Карп есімді америкалық педиатр дәрігердің «Баланы тыныштандыру өнері» атты еңбегін таба аласыз. Оның интернет-кітап, аудио, бейне нұсқалары да бар. Тіпті қағаз түрінде де кітап болып жарыққа шыққан. Енді, Харви көкеміз не дейді, соған келейік. Педиатр ғалым көп жылдық жұмысын көшпелі халықтың баланы қалай тыныштандыратынын зерттеген. Негізі, бұл – Америкада мемлекет үшін болмағанмен, аналар үшін нөмірі бірінші мәселе екен. Өйткені, олар баланы бөлемейтіні белгілі. Бала жылап, мазаны алғанда, әбден естері шығады. Харви зерттей келе, баланы жұбату үшін оған ананың жатырындағы жағдайды жасау қажет деп табады. Ол үшін 5 талапты орындаса жетіп жатыр. Олар – баланы қымтап орау, тербеу, әлсіз шу жасау, бірдеңені сорғызу және баланы қырымен жатқызу екен. Өйткені анасының құрсағында бала дәл осылай жатады, оған дәл осындай жағдай жасалады. Міне, осы жерге келгенде, ғалым шығыстың, оның ішінде біздің халықтың бесік тәрбиесіне тәнті болады. Өйткені біздің тәрбиеде – ғалым қажет деп тапқан талаптардың бәрі сақталады. Бесікке бөленген бала – ана құрсағында жатқандай, жылы да жайлы күй кешеді. Өйткені мұнда, Харви айтқандай, бала қымталып оралады да, тербеледі де. Ал анасы оған «шу жасап», бесік жырын әндетеді. Рас, алғашында Харви Карп қазақ халқында бесік барын білмейді. Сондықтан, өз бетінше, жаңағы 5 талапты орындап көреді. Біріншіден, баланы қымтап орайды. Бізше айтқанда, жөргекке орайды. Одан соң шу жасайын деп, шаңсорғыш қосады. Ол да кәдеге жарайды екен. Бастысы, «шшш» деген дыбысы болса жетіп жатыр. Міне, осындай жаңалығымен-ақ Харвидің даңқы Америкада асқақтап кетеді. Тіпті жас аналарға арналған ақылы курстар ашады. Бірақ кейінгі жазбаларына назар аударсақ, қазақтың бесігін біліп, қазақтың бесік тәрбиесімен танысқаннан кейін Харвиге бұл ұлы халықтың алдында бас июден басқа амал қалмайды. «Қазақтың бесік тәрбиесі – бала тәрбиесінің төресі» деп жазады ол. Ең қызығы, Харви Карп бесік мәдениетінің сыртқы пішініне, яғни оның баланы жұбатудың мықты құралы екендігіне қарап-ақ оған зор баға берді. Ал егер ол бесік тәрбиесінің ішкі мазмұнын, ондағы сенім мен тәрбиемен танысса, тіпті де таңғаларына шүбәміз жоқ. Өйткені америкалық ғалым енді ғана шаңсорғышты «шшш-татып», жаңалық ашып жүрсе, біздің дана халық баяғыдан бесік жырын қолданып келеді. Бесік жырында түрлі фонетикалық дыбыс кездеседі. Ашық-қысаңы да, жуан-жіңішкесі де, қатаң-ұяң, үндісі де бар. «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем...» бәрі бар. Оның үстіне, сазды әуенді болып келеді. Міне, бесік тәрбиесінің мұндай да құпиясы бар. «Карптың құлағына алтын сырға» дейміз.
Маман пікірі
Алмас Тұртаев, Мәжіліс депутаты
– Төрт түлікті ерекше қадірлеген ата-бабаларымыз оның етін сүрлеп сақтаған. Сиырдың сүтінен құрт, кілегей, қаймақ, ірімшік, сарымай жасап, барлық маусымдарға пайдаланса, көкөніс, жеміс-жидектердің табиғи құнарын сақтап, өрікті кептіріп, жүзімнен мейіз, қауыннан қақ дайындаған. Қазір таңда ата кәсіпті қолға алушылар бар. Оларға қолдау аясын кеңейте отырып, ұлттық бренд қалыптастыруды қолға алуымыз керек. Себебі әлем елдері бұған айрықша мән беріп отыр. Мысалы, Швейцарияның «фондю» деген – ірімшіктің астына от жағып қойып, нан батырып жейтін тағамын меншіктеуге қазіргі таңда бірнеше мемлекет таласып жатыр. Шығыс Еуропаның «паленка» деп аталатын ішімдігіне венгрлер, болгарлар, югославтар таласуда. Осы сияқты «будвайзер» деген сыраға Чехия мен Америка Құрама Штаттары таласып, біріншісі жеңіп шықса да, Америкада бұл сыра нөмірі бірінші саналады. Қазіргі күні «будвайзер» сырасы Чехияның зияткерлік меншігіне жатады. Ал сол «паленка» мен «будвайзер» қазақтың балқаймағы мен шұбатынан артық емес.
Бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық сусынымызды дайындау үшін Германиядан рұқсат сұрағанымыз ұят емес пе?!. Ғаламтордағы ақпаратқа сүйенсек, тіпті Гиннестің рекордтар кітабына кірген қазымызды да көршілеріміздің бірі ұлттық тағамы ретінде тіркемек ойда жүрген көрінеді. Ал біз әлі күнге дейін ұлттық құндылықтарымызды меншіктей алмай келеміз. Халқымыздың ұлттық тағамы болып табылатын сүрленген ет, қазы-қарта, жал-жая, шұбат, қымыз, құрт, ірімшік, өрік, мейіз, кауынқаққа қатысты кез келген жекеменшік немесе заңды тұлғаға айрықша құқық беру, тіпті мемлекетке меншіктеп беруді қолға алуды жеделдету керек.
Нұрболат Аманжол
ЖАС ҚАЗАҚ
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ