КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Елбасы Ұлытау төріндегі сұхбатында: «Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. 
    Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз – өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Тарих жылы деген жылды жарияладық. Дүниежүзінен – Қытайдан, Ираннан қазақ тарихының жазба жәдігерлерін жинадық. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген. Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз», – деген еді. 
    Қазақ жастары қазақтың бай тарихын білуі қажет. Жастардың санасына ұлтжандылықты, отансүйгіштікті, патриоттықтың дәнін себудің бір мысалы – қазақ тарихын оқыту. Мектеп балалары «Қазақстан тарихын» қалай оқып жүр? «Қазақстан тарихы» оқулығы сын көтере ме? «Айқынның» ашық алаңында тарихшыларымыз бас қосып, келелі кеңес өткізді. Жиынға белгілі тарихшы, профессор Талас Омарбеков, тарихшы ғалымдар Берекет Кәрібаев пен Эльмира Телеуова, ғалым Жанұзақ Әкім мен саясаттанушы Дос Көшім қатысты. 
    Айқын: Уахит Шәлекенов өзінің бір сұхбатында: «Қазақ тарихын» жазуға әлі кіріскен жоқпыз. Кеңес өкіметі тұсында жарық көрген бес томдық тарихымызды 1996, 1998, 2002-2010 жылдары «Қазақстан тарихы» деп тек атын өзгертіп алдық», – дейді. Бұған қалай қарайсыздар?
    Талас Омарбеков: Шынында да, жазу стилі ешқандай өзгерген жоқ. Бұрынғысынша, консервативтік қасаң тілмен жазылып жатыр. Ең жаманы, Кеңестер Одағындағы тарихи зерттеулердің, ресейлік ғалымдардың зерттеу монографияларының негізінде жазылуда. Қазақ тарихы қалай жазылуы керек еді? Қазақ халқының оқулығы екені көрініп тұруы қажет еді. Тарихты жазудың өзіндік дәстүрі бар. Сол дәстүрді сақтамай отырмыз. Тарих баяндау тәсілімен жазылуы қажет. Сонда ғана оның «Қазақстан тарихы» екені көрініп тұрады. Бұл не деген сөз? Нақтырақ айтар болсақ, қазақта шежіре деген бар. Шежіре тарихи тұлғалардан басталады. Шежіре неге тарихи тұлғаларға сүйенген? Өйткені қазақтың тарихын тарихи тұлғалардан бөлектеп ала алмаймыз. Тарихты баяндағанда, тарихи тұлғаларды тұлғаландыру қажет. Әсіресе, мектеп оқулықтарында. Мәселен, оқулықтарда Мөде, Атилла, Түркі қағанатындағы қағандардың аттары аталады. Бірақ онда туған жылы, өлген жылымен ғана шектеледі. Мұның бәрін оқушы жаттап алады. Одан аспайды. Ол кім? Ол тарихта қандай рөл атқарған? Қағандардың аты аталады да, жасаған еңбектері ескерусіз қалады. Сондықтан құрғақ жаттауға айналады. Мұның бәрін шежіре сияқты тарқатуымыз керек. Тарихи тұлға кім? Одан кімдер тарады? Міне, оқулықта осы жетіспейді. Екіншіден, оқулықтардағы үлкен қателік – тарихи тұлғаларды тұлғаландырмай отырғанымыз. Бізде үш бидің суреті салынды. Салынып еді, қазақ оны бір деммен қабылдады. Тұлғаландыру дегеніміз осы. Алтын Ордада қырыққа жуық хан бар. Өзіміздің Қазақ хандығында отызға жуық хан бар. Қазақтың еуразиялық кеңістігінде, менің есебім бойынша, сексенге жуық хан бар екен. Билер емес, батырлар емес, тек хандар. Осы тарихи тұлғалардың суреті жоқ. Үш бидің суретін шамамен салдық. Халық қабылдады. Оқулықтарға еніп кетті. Абылай ханның да суреті шамалап салынды. Оны да жұртшылық жылы қабылдады. Ал Жәнібек пен Керейдің суреті бар ма? Әр суретші әртүрлі салып жүр. Мәселен, Мұхаммед Хайдар Дулатидің екі портреті бар. Біріне-бірі ұқсамайды. Екеуі екі түрлі. Біздің тұлғаларымыздың бет-бейнесі, кескіні болмағандықтан, оқушылардың есінде қалмайды. Сексенге жуық ел басқарған хандардың, сұлтандардың суреттерін оқулыққа енгізу керек. Бұл тұлғаландыру деп аталады. Шежірелік тұрғыдан тұлғаландыру және көркемдік тұрғыдан тұлғаландыру деген бар. Оқулықты жақсартудың ең басты жолы – тұлғаландыру. Ұлтымыздың ұзақ жылдық тарихы бар екенін баяндау үшін осылай шежірелік баяндаудың жүйесімен жазуымыз қажет. Осындай жағдайда «Қазақта мемлекет болмаған» деген сөзді Путин сияқтылар айтпайтын болады. «Мемлекет неге жоқ?» деп айтып отыр. Өйткені оның есінде бірде-бір ханның кескіні жоқ. Тоқтамыс хан Москваны басып алса да, оны Путин білмейді. Тоқтамыс ханның кезіндегі Дмитрий Донскойды біледі. Дмитрий Донской Москваны басып алған кезде, бас сауғалап қашып кеткен. Бірақ орыстар Дмитрий Донскойды Москваның батыры деп біледі. Өйткені олардың әрбір батырының кескіндері жасалған. Княздарының суреттеріне дейін бар. Баскиімдері музейде тұр. Ханшайымдарының киген киімдері, аяқкиімдері сақтаулы. Бізде тарихи тұлғаларды тарихқа қосуға мән бермей отырмыз. «Қазақтың мемлекеті бертінде пайда болған» деген сөзді ертең ұрпағымыз да айтатын болады. Өйткені мемлекетті басқарған адамдардың түрі, кескіні жоқ. Бейнесі жоқ. Аты аталғанда да, топтап, жалпылама айтылады. Оны балалар жаттап алады да, қандай тұлға болғанына басын қатырмайды.
    Берекет Кәрібаев: Уахаңның айтқан сөзінің жаны бар. Өйткені бізде уақыт өзгергенмен де, тарихшылар өзгеріп кеткен жоқ. Соңғы бес томдық академиялық басылым 1983 жылы шықты. Бұл бес томдықтың авторлары мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Теориялары, ұстанымдары кеңестік тұрғыдан жазылды. Тіпті төртінші-бесінші томдары тұнып тұрған партиялық съездерден тұрады. Оның ішінде ашаршылық жайында бір сөз жоқ. Осы кітапты студент кезімізде оқыған едік. Ішінде мынандай қызық дерек бар. 1933 жылы Алматыға Калинин келеді. «Калинин жерді мәңгілікке пайдалану туралы қағаз берді» деп жазылған. Қазіргі Тұздыбастау ауылы Калининнің құрметіне аталған. Сол жылдары халықтың 49 пайызы қырылып, бас ауған жаққа кетті. Ол туралы томдықта бір сөз жоқ. Алаш партиясы туралы айтылмаған. Қазір қайтадан төрт томдық шықты. Сол төрт томдықтың ішіне арнайы тараулар енгізілді. Ашаршылыққа байланысты, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарындағы Алаш мәселесіне байланысты үлкен бір бөлім қосылды. Бұрын тұлғалардың есімдері қосақталып, бір абзацтың ішінде айтылып кететін. Олардың өмірбаяндары қысқаша беріліп, кеңейтіліп жазылды. Бірақ ол төрт томмен шектелмеуі керек еді. Марқұм Кеңес Нұрпейісов айтатын. 70-жылдардың ортасында Қазақстанның тарихшылары қазақ тарихы туралы 12 томдық әзірлемек болып, оның жобасын ұсынады. Жоба елімізде мақұлданып, Мәскеуге жіберіледі. Мәскеуге барғаннан кейін белгілі. Олар «Ресейдің он екі томдық тарихы жазылмаған кезде, Қазақстанның тарихы қалай жазылмақ?» деп шошып түскен. Осылайша, ол томдықтар бекітілмей қалады. Қонаевтың араласуымен ғана бес томдықты шығаруға мүмкіндік алады. Бұл оқулықтар өтпелі кезеңнің академиялық басылымы болды. Тарау-тарау қосылғанымен, концептуалдық жағынан, ең бастысы, көп өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Өткен ғасырларда тарих таптық тұрғыдан жазылды. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық тарихы жазылуы қажет еді. Ұлттық мүдде де жазылмағаннан кейін ол шынайы тарих болып шықпайды. Жасыратыны жоқ, дүниежүзілік тарихта мынадай принцип бар. «Отар елдің тарихын отарлаушы елдің өкілдері жазады» дейді. Ал олар өзінің принциптік негізінде жазады. Олар арғы түбірін қопармайды, тек бетін ғана қалқып алады. Кейде «ежелгі үйсіндер қай тілде сөйледі?» немесе «ежелгі скифтер қай тілде сөйледі?» дегенге ешқайсысы басын қатырмайды. Бір ғана сөзбен иран тілдес деп жаза салады. Ол пікірді тарихшының неге сүйеніп айтқанын білмейсің? Өйткені ол не парсы, не араб тілін білмейді. Еуропалық авторлар. Кеңес үкіметі кезінде бес жылдықтар тарихы, партия, кәсіподақтарды мақтау тұрғысынан жазылды. Олар ежелгі заманға, орта ғасырға көп тоқтала қойған жоқ. 
    Жанұзақ Әкім: Ширек ғасыр тәуелсіз өмір сүріп жатырмыз. Ширек ғасырдың ішінде көп нәрсе істеуге болатын еді. Өкінішке қарай, баяғы кеңестік тарихты жазғандар қайта жазды. Сол баяғы бұзылмайтын ескі соқа. Біз құлдыққа үйреніп қалғанбыз. Әлі күнге жалтақтап отырамыз. Бізде тарихшылардың ішінде тұлғалардың жетіспей жатқаны рас. Кешегі Солженицындар жақсылы-жаманды ішінде жүріп, тарихты жазып кетті. Сол сияқты біздің қазақта зиялы тұлғалар жетпей жатқандықтан, олардың ойлары халыққа жетпейді. Содан кейін бізде өзгеріс болмайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – үлкен орталық. Сол орталықта тарихи институттар ашып, соған қаржы құюымыз керек еді. Бірақ біз оны жүзеге асырғымыз келмейді. Мәселен, квантфизика өткен ғасырдың ішінде пайда болды. Сол кездің өзінде арнайы кафедралар ашылып, факультеттерге айналды. Арнайы зерттеу институттары пайда болды. Қазір міне кванттық компьютерлер шығарамыз деп, он жыл бойы технологияға еніп кетті. Кванттық компьютер шықса, ол қазіргі компьютерден мың есе тез есептейді, әрі мың есе тез әрекет етеді. Бізде Қазақстанда осындай бір маман жоқ. Осындай кафедраларды университеттер ашуы керек. Бізде ғылыми-зерттеу институттарында жаңалыққа ұмтылыс жасау жетіспей жатады. Көп мәселе осыдан шығып жатқан секілді. 
    Дос Көшім: Кеңестік кезеңдегі тарих оқулығы – Ресей мемлекетінің тарихын, оның қандай ұлы ел екендігін көрсету тарихы ғана болды. Оның ішіндегі Қазақ тарихы екі бетке де толмайтын, ал қазақ ұлыларының ішінде үш адамның ғана (Абай, Ыбырай, Шоқан) аты бар болатын...
Қазақстан тарихы – қазақ халқының тарихы болуы шарт. Оның ішінде біздің мемлекеттілігіміз баса көрсетілуі қажет. Рудан-тайпа, тайпадан – тайпалық одақтар- тайпалық одақтардан – халық, ал халықтан – ұлттық деңгейге жеткен кезеңде, кейбір ұлттар өздерінің мемлекеттерін құрады да, кейбіреулер мемлекет деңгейіне жете алмай қалады. Біз, құдайға шүкір, он бесінші ғасырда-ақ ұлттық мемлекетімізді құрып үлгерген елміз. Осы кезеңдерден өту – қазақ тарихының әрбір тарауы болуы керек. Меніңше, тарих оқулығының аты да осыған сәйкес болуы шарт. Бұл – өткен ғасырда ғана қолданысқа түскен «Қазақстан тарихы» емес, сан ғасырлар бойы өмірде бар, әлемде ізі қалған –«Қазақ тарихы»! 
    Тәуелсіз Қазақ тарихын бұрын Кеңестік жүйеден білім алған, сол идеологияның табы өтіп кеткен, қандарында отаршылдықтың көзге көрінбес дерті қалған ғалымдардың жазуы – үлкен қателік. Оларға ешкім «олай жаз» не «былай жаз» деп айтпайтын шығар, бірақ олардың басында отырған «редактор» – жалтақ, сондықтан олар қазіргі саясаттың ығында отырып, соның ойынын ойнайды... 
    Айқын: Тарих факультеттері тарихшы мамандарды даярлайды. Тарихшы мамандар мектептерде тарих пәнінен сабақ береді. Сол мамандар неге тарих оқулығымен ғана шектелуге тырысады?
    Т.О.: Бұл сөздің жаны бар. ҚазҰУ-дың тарих факультеті – ең беделді факультеттің бірі. Мұны бітіргендер ғылыми жұмысқа кетуге тырысады. Мектептерде мұғалім болғысы келмейді. Мектепке баратындар, аймақтардағы тарих факультетін бітірген түлектер ғана. Орталықта іргелі ғалымдар сабақ береді. Аймақтарда ондай мүмкіндік жоқ. Бәрін бірдей Алматы мен Астанаға шоғырландыру деген тағы болмайды. Өйткені Алматы мен Астананы бітіргендер алыс аудандарға мұғалім болып бармайды. Сол себепті ең әуелі оқулықты қатырып жасау керек. Оқулық жасалса, мұғалім сол оқулықты жаттап алып айтар еді. Әрі сапалы оқулық мұғалімнің білімін әрі қарай жетілдірер еді. Оқулық сүреңсіз, қасаң тілмен жазылса, оны оқушы да оқи алмайды. Оқушы кітапқа қызығуы қажет. 
    Б.К.: Қазір бізде оқу жүйесі мүлдем бөлек. Бұрынғы жүйе өзгерген. Бұрын бес жылдық оқу кезеңі болатын. Бес жылда дайын маман болып шығатын. Әрі қарай білімін жетілдіру түлектің өзіне байланысты. Яғни аспирантураға түсіп, білімін жетілдіруіне мүмкіндік беріледі. Қазір бұл жүйе өзгеріп, білім төрт жылдық бакалаврдан тұрады. Одан кейін екі жыл магистратура. Арасында үкіметтің қаржысымен шетелге барып, докторантурада оқуға мүмкіндігі бар. Бұрын аспирантурада оқитындар негізінен, архивте жүретін еді. Қазіргі магистрлер күні бойы сабақта отырады. Докторанттар да екі жыл оқиды. Олардың арқивке баруға, ғылыммен айналысуына уақыты жете бермейді. Ондай жандардан қандай ғылыми жаңалықтар күтесің? Еуропада осындай екен деп, солардың оқыту жүйесіне толығымен көшіп отырмыз. Бұрынғы жүйенің де жақсы тұстары бар еді. Ең құрығанда, ғылымға жаңалық енгізетін едік. Қазір біз сапаға емес, санға көшіп алдық. Оқулық жағына келер болсақ, Қазақстандағы жоғары оқу орындарына арналған тарих оқулығы көп. Оларға сұраныс бар. Ал жоғары оқу орындарындағы тарих мамандығына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы жоқ екен. Осыны ескеріп, Талас ағаның жетекшілігімен екі томдық тарих оқулығын шығаруды қолға алдық. Ол кітаптың сүйінші данасы шықты. Мектеп оқулықтары туралы мәселе бір бөлек. Жалықпаған журналист, ерінбеген адам қазір мектеп оқулығын сынауға құштар. Мектеп оқулығының арасында математика мен тарихты көбірек сынайды. Өйткені компьютердің заманында бір теңдеудің ішінде бір нүктенің орнына қос нүкте түсіп кетсе, бүкіл есептің мәні жоғалады. Алғашқы кездері мұндай қателіктер де болған. Сол сияқты тарих оқулығында да осындай кемшіліктер байқалады. Сәуір айында оқулық мәселесіне байланысты конференция өтті. Жан-жақтан тарих пәнінің мұғалімдері жиналып, осы мәселені талқыладық. Баяндаманы тыңдап отырып, өзімізді кінәлі деп санадым. Неге десеңіз, екі оқулық бар екен. Екеуі де екі стандарт бойынша жасалыпты. Біреуі қырық сегіз сағаттық, біреуі отыз төрт сағаттық. Әрі бұл кітаптар жоғары сынып оқушыларына арналған. Ол сыныптар ҰБТ тапсырады емес пе? Бір-бірінен айырмашылығы, параграфтерінде. Біреуінің параграфы аз. Демек, мұнда көп тараулар түсіп қалды деген сөз. ҰБТ-ның сауалдары қайсысына орай жасалады. Бір негізде жасалуы қажет емес пе? Осыдан барып, қарама-қайшылық пайда болады. Мамыр айында «Қазақстан тарихынан» сабақ беретін 11 сынып мұғалімдерінің семинар-тренингі өтті . Сол мұғалімдер жылағандай болып, оқулықтардағы қателіктерді айтқанда, жүрегім ауырды. Кім осыған жауап береді? Менің ойымша, осындай қателіктерге жауап беретін адам жоқ. Қарама-қайшылықты пікірлерге, оқулықтардағы бағдарламалардың бір-біріне сәйкес келмеуіне ешкім жауап бермейтін сияқты.
    Ж.Ә.: Бәкең, сапа жағын айтып отыр ғой. Мұны миллион рет айтсақ та өзгермейді. Дұрыстап талап қоюымыз қажет. Сол министрлікке, жауапты комитеттерге уақытында талап қоймаймыз. Содан кейін, «пәлен болып кетті, түген болып кетті» деген бітпейтін даудың артында жүреміз. Аралас мектептер мен орыс мектептеріндегі мәселелер бұдан да күрделі. Себебі орыс мектептері Ресейдің оқулықтарымен оқиды. Осы мәселелерге кеңінен көңіл бөлуіміз қажет. Мектептерді жылына 150 мыңдай бала бітіреді. Солардың барлығы бірдей қазақтың тарихын оқуы қажет. Мемлекет құраушы ұлт қазақтың тарихын түгел білуі керек. Осындай жүйені қалыптастыруымыз қажет. Әрі оны жазғанда аспаннан түсіріп біреу жазбайды. Бұрын кез келген жүйеде мемлекеттік комиссия жұмыс істейтін. Сол комиссия оқулықтарды әбден сүзгіден өткізіп, бірақ шығаратын. Бізге осындай комиссия жетпей жатыр.
    Б.К.: Мұның бәрі қазір тендер арқылы жүзеге асады. Министрліктің жанында оқулықпен айналысатын орталық бар. Сол орталық министрліктен ақшаны алады. Ары қарай, бесінші-алтыншы сыныпқа оқулық жазылуы керек. Олардың бұрыннан қалыптасып қалған авторлары бар. Соған береді. Және бір қызығы, ол кітап үш немесе төрт айдың ішінде керек дейді. Төрт айдың ішінде кітап жазылмайды ғой. Сөйтіп, шала-пұла кітап жазылып шығады. Бұрынғыдай комиссия бар. Комиссияға да «Бәке, Сәке» деп, қол қойдырып алады. Оқулық осылайша кетеді. Оқулыққа қатысты сын-пікірлер айтылады, жазылады. Бірақ олардың ешқайсысы еленбейді. 
    Э.Т.: Осында айтылып отырған мәселелердің дені оқулықтарға қатысты. Біріншіден, мемлекеттік бағдарлама жарияланады. Мемлекеттік бағдарлама ол оқулық қандай құзыреттілікті қамтуы керек деген мәселеден басталады. Одан кейін мемлекеттік комиссия жасайды. Осыған сәйкес, байқау жарияланады. Тарихшылардың өзі ұсыныс жасайды. Бізде «кәсіби тарихшы жоқ жазатын» деп айтады. Мәселе тарихшы да емес, уақыттың тығыздығында. Біздің оқулық авторларының деңгейлері төмен деп айта алмаймын. Биыл менің қызым мектеп бітірді. ҰБТ-дан Қазақстан тарихынан 25 балл жинады. Бірақ мен оны өзім дайындадым. Алтыншы сыныптың оқулығынан бастап, 11 сыныпқа шекті оқулықтарды қарап шықтық. Олардың арасында бұрынғы жазылған оқулықтар да, кейінгі жазылған оқулықтар да болды. Негізінен, тарих пәнінің мұғалімдеріне кінә арта беруге болмайды. Өйткені екі оқулықта екі түрлі деректер көрсетілген. Оқулықтардағы қарама-қайшылықтардың көбісі ҰБТ кезінде жиі айтылады. «Қазақстан тарихы» деген қандай құзыреттілікті атқарады? Мысалы, тіл – байланыс құралы. Тіл – рухани қызметті атқарады. Қазіргі уақытта «Қазақстан тарихы» қандай функцияны атқаруы керек? Кеңес дәуірінен біз жақсы білеміз. Тарихтың қызметі міндетті түрде идеологияға жұмыс жасайтын, идеологияның ақпаратынан тыс болмайтын адамдарды тәрбиеледі. Қазіргі уақытта Қазақстан тарихы тұлғалық қабілетті, тұлғалық қасиетті қалыптастыратын, жеке ойлай алатын, сыни ой алатын, жаңалық аша алатын адамдарды тәрбиелеу керек деген мәселелер айтылып жүр. Ондай жағдайда сынға алдық, сынға алмадық, түзеле ме, түзелмей ме? Мәселе, оқулықтың сапалық жағын жақсарту жағын қолға алуымыз керек емес пе? Бұл мәселелерді тарихшылар айтпай жатыр деуге болмайды. Тарихшылар жиі қозғайды. Оқулық жүз данамен шықпайды, мыңдап таралады. Мыңдап шығатын оқулықпен жеке автордың монографиясын салыстыра алмаймыз. Сондықтан мемлекеттік бюджетке тағы келіп тіреледі. Мемлекет қаржы-қаражат бөліп, оқулықты түзетуі қажет. «Қазақстан тарихы» оқулығында грамматикалық, стилистикалық қателіктер жіберіп отырсақ, жастарымызға қалай отаныңды сыйла, болашақта азамат бол деп айта аламыз. Өйткені ісіміздің өзі дұрыс емес. Алаш партиясының бағдарламасында «үшінші сыныпқа дейін бала қазақ тілінде оқуы қажет» деп жазылған. Бұл – қазақ тілінің мәселесін шешетін бірден-бір фактор. Оған біз миллиондаған қаржы құямыз. «Қазақстан тарихы» оқулығындағы стилистикалық, грамматикалық қателіктерді жөндеуден бөлек, фактологиялық қателіктерді де жөндеуіміз керек. Бұған мемлекеттік комиссиядан бөлек, сыртқы аудит керек. Онда тек қана ішкі аудит жасалады. Бұл дұрыс емес. Оқулықтың авторларынан бөлек, пікір айта алатын аудитты құруымыз қажет. Сонымен бірге оқулықтың қасында көмекші құралдар да жетіспейді. Көмекші құралдар көбірек дайындалса, кең өрісті тұлғалар қалыптастырар едік. Мектепте көбінде «Қазақстан тарихы» ҰБТ үшін қажет сияқты. Балалар кез келген уақытын жаттап алады. Оны оймен бағамдау жоқ. Қорыта алмайды. «Қазақстан тарихы» туралы қайшылықтарға алып келетін мәселе осыдан туындап отыр. Өйткені бұл – өте маңызды пәннің бірі.
    Ж.Ә.: Оқулықтардың әртүрлі болғаны да дұрыс. Мектеп жүйесіндегі кемшілік те осы – тарихтан уақытын, жылдарын жаттап алады да, тарихты білемін деп ойлайды. Ол – тарих емес. Білім, сосын оны ұғыну, сосын даналық қажет. Біз соған тәрбиелеп жүрген сияқтымыз. Себебі білімнің үш компоненті болатын болса, біз соның біріншісін ғана береміз. Қалған екеуі жоқ. Сондықтан бізден шыққан ғалымдардың өзі батыстан он бес-он алты есе аз өнім шығарады. 1988 жылы аспирантурада жүрдік. Кеңес Одағында жарты миллион ғалым болды. Олар әлемдік ғылымның бір жарым пайызын береді. Америкада 1 млн-нан астам ғалым бар. Әлемдегі жаңалықтың 45 пайызын береді. Сол сияқты, сапа жағынан көңіл бөле бермейміз. ҰБТ-ның сұрағын жаттап алса, білеміз деп ойлайды. Ол білу емес, мидың жұмыс жасау қабілетін жою. 10-11 сыныпта балалар оқулықты оқымайды, тек ҰБТ-мен айналысады. Себебі аудан әкімдерінің рейтингісіне енгізіліп қойған. Мұнымен біз ғалымдар шығара алмаймыз. 24 жылда жүз мыңнан астам жастар шетелде оқыдық деп мақтанамыз. 100 мың ғалым дайындадық дегеннің өзінде бір менеджер жоқ, бір инженер жоқ. Әлемдік инновациялық қор деген бар. Сонда әлемнен ең мықты бес жүз ғалым жұмыс жасайды. Соның 87-сі Нобель сыйлығының лауреттары. Қазақстаннан баратын барлық докторанттарды сол ғалымдарға бекітейік. Әлемдегі ең мықты ғалымдарды оқып келген адам орташа деңгейдегі ғалым болып келеді. Сосын әрмен қарай білімін жалғастырады. 
    Б.К.: Маған жеті деген сан қай жағынан болса да, ұнап отырады. Антикалық заманда ғылымның жеті-ақ түрі болған екен. Біріншісі – математика, соңғысы – философия. Кейін ғой ғылымның тармақталып кеткені. Тарихтың атқаратын жеті міндеті болуы керек. Тарихтың бірінші атқаратын міндеті – білім. Оны ұйымдастыратын – мемлекет. Білім қайдан толықтырылып отырады? Ғылыми ізденістер арқылы. Тарих оқулықтары толықтырылып отыруы қажет. Тарихты кез келген тарихшы жаза алмайтынын айтқым келеді. Өйткені ол міндетті түрде мектептегі әрбір сыныптың оқушысының менталитетін білуі керек. Мәселен, Жанұзақ Қасымбаев – өзіміздің ұстазымыз. Бірақ сол кісінің оқулығы ұнамады. Өйткені онда мәтін көп. Материал көп. Бәрін беруге тырысады. Бес-алты мәтіннен тұрады. Ол кісіні де түсінуге болады. Өйткені ол академиялық стильде жазылған. Оқулықтардың ең жақсысы – Дүйсен Бабаев деген ақсақалдың кітабы. Біз оны көре алмадық. Ол кісі жетінші сыныптың оқулығын жазған. Сол кітапты оқып отырсаңыз, тілі өте қарапайым. Тура кино көріп отырғандай әсер етеді. Мың тарихшының ішінен оқулық жаза алатын он тарихшы шығуы мүмкін. Тарихшылардың бәрі өзінің ғылыми жинағын жаза алады, бірақ оқулық емес.
    Ж.Ә.: Біздің тарихта жетпей жатқан мәселенің бірі – өркениеттілік пен мемлекеттілік мәселесі. Қазақ хандығына дейін де талай тайпалар үстемдік құрды. Біз мұны толығымен зерттеп біткен жоқпыз. Дала империяларын біз әлі зерттеген жоқпыз. 
    Т.О.: Қасымбаевтың оқулығын жоққа шығаруға болмайды. Оны редакциялап, өзгертіп, кейбір жерлерін қосып, алатын тұсын алып, өңдеуге болады. Әрі Қасымбаевтың аты сақталады, әрі қосымша авторлар тіркеледі. Оқулықты жаңа заманға қарай икемдеу керек. Қасымбаевтың кітабының қырық-елу бетін алып тастап, өзім толықтырулар жасадым. Жанұзақ Қасымбаев өте білімді ғалым болатын. Бірақ оның жазған заманы басқа болды. Оқулықтарды басқа мамандарға беріп, редакциялап жетілдіру қажет. Бізде бір оқулық сыналса, сол оқулықты лақтырып тастағымыз келіп тұрады. Бұл дұрыс емес. Бұрынғы жазылған оқулықты жетілдіру қажет. Сосын оқулықты ресейлік авторлар жазу керек деген пікірлер айтылады. Ол мүлдем дұрыс емес. Басқаларға жаздырсақ, оқулық бүлінеді. Тарих бүлінеді. Сондықтан өзіміздің тарихымызды өзіміздің мамандар жазуы қажет. 
Айқын: Білім және ғылым министрлігі Қазақстан тарихының екі базалық оқулығын даярлау үстінде. Бұл оқулықпен таныссыздар ма?
    Т.О.: Ол оқулыққа бізді қатыстырған жоқ, өкінішке қарай. Біз оған өкпелемейміз. Өйткені Мемлекет тарихы деген институт бар Астанада. Естуімізше, соған тапсырды. Ондағы ғалымдар әр кезеңнен мамандарды таңдап, жаздыртып жатса керек. Оның үлгісі шыққаннан кейін қарап шығуға беретін болар. Сол кезде кеңесімізді айтатын шыгармыз. Өзімізге келсек, менің жетекшілігіммен университеттің тарихшы мамандарына арнап, үлкен оқулық дайындадық. Екі томдық. Министрлік жылы қабылдады. Әр томы алты жүз беттен тұрады. Осы кітапта жоғарыда айтқан мәселелерді қамтуға тырыстық
    Э.Т.: Тарихтың мәселесі туралы айтқан кезде, жазылмай жатыр деп айтуға болмас. Кез келген газеттің бетінен кездестіруге де болады. Талай рет айтылып та жүр. Қазақстанның тарихында дәріптеушілік басым. Мәселен, 1937 жылы қазақтың жалпы зиялылары жаппай репрессияға ұшырады. Негізінен, біз осыны түсінуіміз керек. Тарихтың мақсаты – осы оқиғаларды қайта болдырмау. Тарих осы мақсатта жазылуы керек. Әрі тарих оқулығы оқушыға түсінікті тілмен жазылуы қажет. Жаңа Бабаевтың кітабын айттық. Көру де, оқу да өте қызықты. 18 ғасырдан бастап, мәліметтер өте көп. Құжаттық материалдарға толы. Оны оқылымды етіп жазуды қолға алуымыз керек. Жүйелілік әдiсi бойынша жазылуы керек дегенді айтып жүр. 
    Б.К.: Біз қазір оқулықты мәселе етіп отырмыз. 20-25 жылдан кейін оқулық тіптен қажет болмай қалуы мүмкін. Өйткені балалардың бәрі іздегенін ғаламтордан тауып алады. Бір тақырыпты қозғаса, гугл өзі тауып береді. Балалар осыған қалыптасып барады. 
Айқын: «Қазақстан тарихы» оқулығы идеология құралына айналуға тиіс пе?
    Т.О.: Бізде коммунистік идеология сияқты қасаң идеология жоқ деп отырмыз ғой. Оқулық идеология рухында жазылмауы керек. Әрине, онда идея болуы қажет. Қазақ елі идеясы тұрғысынан жазылғаны жөн. 
    Э.Т.: Мектептің оқулығы қалай десек те, идеологияға қызмет етеді. «До живем до понедельника» деген фильм бар. Тарихшы туралы. Соғыстан қайтып келген мұғалім тарих пәнінен сабақ береді. «Шмидт деген кім?» деп сұрайды балалар. Тарихшы оның өмірбаянын айтып береді. Сонда отырған мектептің оқушылары: «Оның батырлығы мектептің оқулығында неге айтылмайды?» дейді. Тарих пәні болсын, ол идеологиядан тыс болады деген мүмкін емес. 
    Ж.Ә.: Тарих – ұлттық сананы түзейтін діңгек. Идеология – ол құрал. Оның алдында ұлттық идея тұрады. Ол шайқастар, түркі халықтарының жаңалықтары бола ма, мәселе онда емес. Ең алғаш әлемде жылқыны үйрету, қымыз жасау кімнен шықты? Біз осыларды ұлттық идея ретінде қабылдауымыз керек. Басқа жерде болған жоқ. Осыны жеткізе алсақ, онда біздің мақсатымыздың орындалғаны. Оны қалай жеткіземіз, яғни формасы туралы әңгіме – ол басқа. Нені жеткіземіз? Қай дүниені ұлттық идея етіп аламыз дегеннің механизмдері керек. Тарихты ұлттық идеяға айналдыра алсақ, ұлт болып қаламыз. 
    Б.К.: Тарихтың атқаратын жеті міндеті болса, соның бірі – идеология. Қазақстан тарихына дейін пайда болған мемлекеттердің ыдырауының басты себебі – бірліктің болмағаны. Бірлікті ұран етуіміз керек. Жас ұрпақтың санасына осыны сіңіре білуіміз керек. Дүниежүзінде мемлекеті жоқ елдер бар. Мемлекеті жоқ ұлт болса, ұлттық экономикасын, ұлттық тарихын зерттей алмайды. Мемлекеттілікті жолғалтпаудың жолдарын іздеуіміз керек. Ол тілдік бірлік, рухани бірлік деп санамалауымызға болады. Бірлігі мықты ел – мемлекетін де мәңгілік ете алады. 
    Д.К.: Әрбір мемлекет, әрбір ұлт мектеп оқулығын өздері жазады. Бұл жерде мемлекеттік идеологияның негізі мектепте қаланатынын көреміз. Егер әр мемлекеттің өзіндік идеологиясы болмаса, барлық адамзат әрбір ғылымда бір ғана оқулықты пайдаланар еді ғой. Оның ішінде тарих оқулығының, тарихты оқытудың орны бөлек. Біреуміз келісерміз, ал енді біреулеріміз келіспеспіз, бірақ, тарих ғылымы – идеологиялық сананы қалыптастырудың нақты құралы. Өкінішке орай, Қазақ тарихы осы рөлді орындап отыр деп айта алмаймын. Идеология дегенді – шындықты ысырып тастап, қазақ тарихын таңғаларлық аспанға көтеру деп ойлап қалмаңыздар. Тарих –деректер мен ақиқатқа ғана сүйенеді, ал саясаттың қолбаласына айналса – халықты адастыратын құрал болып қала береді. Өз басым, қазіргі тарих ғылымының «әттеген-ай» дерлік бір-екі мәселесіне көңіл аудартқым келеді: Біріншісі – тарихи оқиғаларға, жеке тарихи тұлғаларға баға бергенде, жақсысы мен кемшілігін бірдей қамту бізде жетіспейді. Қытайлықтар Мао Цзе Дун туралы «оның жұмыстарының 70 пайызына жақсы баға береміз де, 30 пайызының қателік екендігін де көрсетеміз» дейді. Біздегі тұлғалар не жақсы, не жаман... 
    Екіншіден, үш ғасырға жуық бодандықта болған қазақ елінің тарихы Ресей туралы айтқанда күмілжіп қалады. Байқайсыздар ма, осы жылдардың ішінде қазақтардың Ресейге қарсы 300-ге жуық көтерілісі болды дейді, бірақ осы қарсылықты көрсететін бір де бір кино да жоқ. (Президенттің патриоттық-тарихи кино түсірудің қажеттілігін айтуы да осыдан болар).
    Үшіншіден, көптеген мектеп оқулықтарында 20-30 жылдардағы коллективизацияға, 50-жылдардағы тың игеруге, т.б. тарихи оқиғаларға кеңестік идеология бағытында баға беру сол күйінде сақталған. 

aikyn.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208160 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 194684 0




26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 127558 0










ТЕКСТ

Яндекс.Метрика