THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Елдігімізді екшелей алмасақ, босағадағы бостандық кімге керек?
Авторы: Н.ҚАЗИҚЫЗЫ Фейсбуктегі жазбасынан
22/06/2017 09:40 0 42608 0
Қазақ халқының тәу етер жалғыз киесі бар, ол – тәуелсіздік. Елдіктің рухын көтеріп, халықтың еңсесін тіктеген ұлы күнді ата-бабамыз көз шырымын ілмей армандаған. Елімнің егілгені ерімнің езілгені деп түсініп, жүректілігі мен білектілігі арқасында ақ төсін төсеген төскейге тәу еткен. Бодандықтың шырмап тастаған шылбырынан босап, тұғырдағы тәуелсіздікке қол жеткізгенде, төбеміз көкке бір елі ғана жетпеген еді. Сонау тәуелсіздік алған тұста тарихтың тігісін тігіп, тура бір толқын қуғандай алға ұмтыла бердік, ұмтыла бердік. Осы арманға жету жолындағы қиын-қыстау кезеңдер мен тарихи дүрбелеңге ие сұрапыл жылдар естелігін тәуелсіздік алған ел тарихының қойнына жапсырдық. Бұл егемендіктің қандай күшке ие, қандай арманға толы екенін жаугершілік замандағы Махамбеттің «егемен болмай, ел болмас» деген бір ауыз сөзінен-ақ аңғару әсте қиын емес.
Биыл сол егемендікке, сол тәуелсіздікке 22 жыл, ал көктайғақ мұзда көкала торғайдай шырылдап, елі үшін егіліп, екпінділердің аяқ астында езілген желтоқсандағы жастар көтерілісіне 27 жыл толғалы отыр. Алайда осы «тәуелсіздікке осынша жыл толғалы отыр» деп «толғатып» отырған таққұмарлар мен атқамінерлерді көріп отырғанымыз жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас». Қараша айының орта шенінен бастап қызылды-жасылды ойыншықтарын арқалап, жасыл шыршаны безендіруге құмар-ақ. Кейбір жерлер тіпті қарашаның алғашқы күнінен бастап қызу дайындыққа кірісіп кеткен. Ал Тәуелсіздік күні ше? Бұрынғыша бұлт астында жасырынған күйі тағы да қала бере ме? Тым болмаса өзіміздің төл күнімізді төрге шығарып, өзгенің ентелей енген мерекесін дәріптеуге асықпаңдар деп айтуға біреуінің шамасы жетпейді емес, жетеді! Сонда ауыз жауып отыруға не себеп, болмаса не кедергі?
Әрине, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін 31 желтоқсан – Жаңа жыл мерекесінің тасасында қалдырудың да өзіндік саясаты бар сыңайлы. Себебі, дәл қазіргі кезде қоғам бір емес, бірнеше топқа жарылып, сан алуан бөліністерге бөлініп кеткен. Бас болар біреу қоғамдық пікір туғызып, қоғамдық көтеріліске шығуға итермелесе, рухани әлсіреген халықтың еріп кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себептен талай боздақтардың қаны төгіліп, қасықтай қаны қара жерге тамған күнді жұртшылық мерекелік көңіл-күймен қарсы алсын деген саясаттың барына күмән жоқ. Әйтпесе, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында кереге, уық, шаңырақ, маңдайша, таяныш, табалдырық, сықырлауықтан тұратын киіз үйді бар-жоғы бір күнде тігіп үлгереді. Ал қытай ойыншықтарымен жабдықтап, айналасын безендіріп қоя салатын шырша неге міндетті түрде бір ай уақыт бұрын төрімізден орын тебуі керек? Орталық алаңның сәнін келтіріп, салтанатын ашатын сол бір шыршаны тәуелсіздікке тәу етіп, ұлы күнімізді ұлықтап болғаннан кейін құрса да үлгереді емес пе?! Бұл тек бір ғана емес, кез келген мемлекеттік және жеке кәсіпорындар да кіреберістерін жылтыратып, жаңажылдық безендірулердің түр-түрін іліп тастаған, самсатып. Осыдан кейін біздің елдігіміздің қандай құны, қандай қадірі қалар дейсіз?! Өйткені басынан бүлінген балықтың шірігі бүкіл денемізді жайлап бара жатқаны көз алдымызда бірнеше жылдан бері өрбіп-ақ жатыр. Көрер көзіміз, әлде түйер көңіліміз соқыр ма? Жасанды шыршаның тасасында ғана тойланып келе жатқан Тәуелсіздік пен демократиялық жаңару күнінің қазақ елі үшін құнды екенін осыдан кейін қалай бағамдаймыз? «Тәуелсіздік таңы атты» деп жарияға жар салып, жарналамалап жатамыз, бірақ жасыл шыршаның жарығы әлдеқашан жанып қойғанына еш қымсыну да, намыстану да атымен жоқ. Әйтеуір, қазақ елінің айбарына, тірегіне, тұғыры биік мерекеге теңеп жүрген тәуелсіздік күні жарығының жаңа жылдан бұрын жанбай жүргені ұлт жарасына айналып кетпесе, игі. Себебі, жер жарасын жазғанмен, ел жарасын жазу оңай шаруа емес. Осындай сөкеттік әлі де қайталана берер болса, онсыз да діні, ділі, тілі жараланған қайсар халықтың рухы да жаншылады. Ал рухы әлсіз елдің өз елдігін қорғай алуы екіталай.
Ес жия келе еңіреп, етегімізді жасқа, етігімізді суға толтырып, қойнымызды қанға бөктіріп жүріп қол жеткізген егемендігімізді ұлықтай алмасақ, елдігіміз неге керек?! Есіміздің барында еліміздің еңсесін тіктеп, жұртымыздың жасына жұбаныш бола алмасақ, теңдік пен тәуелсіздік таңы кім үшін атып жатыр?! Қысқасы, елдігімізді екшелей алмасақ, босағадағы бостандық кімге керек?!
Сөзбе-сөз
Амангелді ҚИЯС,
журналист:
Астананың қақ ортасында тігілген таудай шырша бір-ақ сәтте баудай боп құлап түсіпті. Жо-жоқ, “Жаңаөзендегідей адам қолымен құлатты” десеңіз қателесесіз. Тегінде, арқаның ат құлағы көрінбес ақтүтек боранына шыдастық танытпаған болуы керек. Болмаса, Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік сияқты салмақты мерекелердің алдын орап кеткенін ар санады ма екен, әйтеуір, ұзынынан сұлап жатыр. Ел осыншама айтты емес пе, “асықпай-ақ, дөкей мейрамдарды дүрілдетіп өткізіп алайық, содан соң да құр қалмаспыз” деп... Оны тыңдайтын құлақ қайда? Ақыры міне, абыройсыздық деген аяқ астынан... “Қасықтап жинағанды шелектеп төкті” де тастады. Әй, бұл енді әкімдіктегілерге шамалылап болса да сабақ болатын шығар. Келер жылдың Жаңа жылына қарашаның бел ортасынан қамданып қажеті жоқтай...
P.S. Жұртшылық Пирамида жақта да бір шырша шалқасынан түсіпті деп гуілдетіп жатыр.
Халық
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ