THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Үшбу хат! Қытайдағы оқушы қазақ қызының жан айқайы
Авторы: А. есімді оқушы қыз
23/06/2017 12:17 0 53986 0
“Мен қарапайым отбасынан шығып, Қытай Халық Республикасында окып жатқан Қазақстан Республикасының азаматшасымын. Оқудың төлемақысын өзім төлеймін, ата-анамның қалауымен “Аспан асты “елін таңдадым. Осы күнге дейін бұл елде оқитын студенттер жайында ешқандай хабарым болмаған. Әңгіме менің неге қытай тілін таңдадым және оқуға қатысты тақырыпта емес, сондықтан хат мазмұнында тілге тиек етейін деп отырғаным жүрекке инедей қадалып жүрген бұл елдегі өз Отандас құраластарымның, яғни біздің қазақ студенттерінің өмірі мен жағдайы. Десек те бұл менің айналамда болып жатқан осы үрдістер тұрмыстық деңгейде болса да, осы жағдайымыз ұлт тағдырына үлкен қауіп төндіріп тұр. “Айқап.kz” ақпараттар порталының басы-қасында жүрген ұлтжанды азаматтардың бұл хатқа жете назар аударатынына көзім жеткен соң, бұл хатты ұлт үшін шыр-пыр болған қазақ қызының мұңды жүрегінен шыққан дауысы деп санасаңыздар болады.
Бүгінгі таңда Қытайдағы қазақ студенттерінің дені ҰБТ-дан төмен нәтижеге ие болғандар немесе жәй қыдырыстап “тусовка” үшін келгендер. Ниеттері қандай екені қайдам, әйтеуір тірліктері осыны көрсетеді.
Сонау 2010 жылдан бастап қазіргі күнге дейін мың түрлі қазақты көрдім, әрине мінсіз ұлт, мінсіз адам болмайды, бірақ біздің қандастар тым шектен асатыны үш ұйықтасам да түсіме кірмеген.
Қытайға келіп алғашқы рет оқу ордасының табалдырығын аттағаным және ең бірінші оқу күнін әлі ұмытқаным жоқ, өйткені ең бірінші боп біздің қаракөз қазақтар көз алдыма түскен болатын. Сол мезетте “қазақтарым ғой” деп амандасуға бара жатқанымда “че опять что ли эти казахи приехали” дегенді естідім. Бетім қызарып, ешнәрсені түсінбей қалдым, оған қоса олардың көзқарастары да тым жаман болатын. Үндемей оқу залына қарай бет бұрдым. Ішіне кіріп келген кезде біздің қазақ қыз-жігіттер темекілерін тартып, бір-бірін құшақтап алып, сүйісіп тұрған түрлерін көргенде, шынымды айтайын құлап қала жаздадым! Мен мұндай масқараны еш жерде көрмегенмін, десек те ондай жастар басқа ұлт өкілдері болса “ой, біздікілер болмаса болды” деп теріс қарап кетесің ғой, бірақ мен қаракөз қазақ қыз-жігіттерін көргенімде, кіріп кететін жер таппадым. Оған қарамастан маған қарай түтіндерін бүркітіп, бір-біріне “мынау қайдан келген типа ангелочек?” – деп сықылықтап күліп алды, сол кезде ата-анам телефон шалып қалған, туған анаңа қазақ тілінде сөйлемегенде кімге сөйлейің, қазақша тіл қатып жатқанымда олар маған біртүрлі қарап ,”мамбетка” деп кекетіп сөйлеген. Әрине бетке айтпайды, бірақ естіртеді…
Қыздың да, жігіттің де жалпы адам баласының тәрбиесіне енбейтін нәрселерді осы Қытайдағы жатақханада көріп естідім. Түнде біздің қыздардың қасына қазақтар да келеді, оған қоймай араб, түрік, пәкістан және т.б ұлт өкілдері біздің қазақ қыздардың қасынан шықпайды. Тектен-текке келмейді ғой! Тегінде қазақ қыздарына келгендегі діттеген мақсаттарына жетпесе, түн ұйқысын төрт бөліп есірген жігіттер келе ме? Күндіз ұйықтап, түнде маскүнем қазақ қыздарының “концерттері” басталады. Олар демалып жатқан студенттердің “қойсаңшы”деген сөзі түгіл, жатақхана қараушысының “шығарып жібереміз” деген сөзіне қарамай, қырылуға дайын тұрады, ауыздарынан орыстың жаман сөздерінің сан түрлері шығып жатады. Қыздар бір-бірлерімен қырылып, беттерін тырнап, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Қазақы тәрбие көрген мен үшін бұның бәрі жат болды. Тіпті бұл көрініс қазақы болмай-ақ қойсын, әйтеуір дұрыс тәрбие көрген кез-келген адамға оғаш болып көрінетін көрініс. Мен бұның біріне шыдамадым, сөйтіп келесі жылы П. қаласына ауыстым, тіл тамамдаған жерім С. қаласы.
П. қаласына ауысқаннан кейін мұндағы қазақтар өзге шығар деп ойлағанмын, оған қоса оқу сапасы С. қаласына қарағанда жер мен көктей. Екі айдан кейін қателескенімді түсіндім, оқу сапасы жағынан емес, қазақтар жағынан. Сабақ оқымайтындар, сабаққа кешігетіндер, сабаққа күндеп емес, айлап бармайтындар – бәрі бәрі ҚАЗАҚТАР!!! Бұған дейін қазақтар осындай жағдайда екенін мұғалімдер де айтқан, біраздан соң олардың сөздерін сол жердегі көргенім растап берді.
Жігіттер мотоцикл алудан, қыздар киім-кешекпен жарысудан шаршамайды. Бәрінің тілегі – Қасиетті Жұма күні “бухать по полной программе” (өстіп айтады)
Қасиетті Жұма демекші “өтірік мұсылмандардың” да саны аз емес, ауыздарының суын ағызып қойып уағыз айтқанда: бұл адам иманы бар екен, білімді екен деген ойда боласың, бірақ бір күні ол адамның да басқа өзгеше “қырын” көресің. Сөздері мен істері бір-біріне түк үйлеспейді, бойларында екі адам бар секілді. Темекі де, арақ та, түнгі клубта жүру де, қыздарға білгенін істеу де солардан қалған. Жұма күні күндіз сабаққа бармайды, Жұма Намазға баруым керек деп, сосын кешкісін жын-ойнақтардан бір шығады. Оқу далада қалған жоқ, себебі оқу деген ұғым да, ой да олардың санасында жоқ!
Осы жерге дейін оқығаннан кейін “немене Қазақстанның студенттерін қадағалайтын ұйымдар жоқ па?” – деп ойлайтын шығарсыз. Әрине бар! “Жас Қыран” деген ұйым бар! Бірақ “жасқырандықтардың” тек қағазға жазып “I love Kazakhstan” дегеннен басқа түк ұлтжанды істері жоқ!!! Әйтеуір бітпейтін “казах пати” деген тойлары бар. Қазақстан немесе Қазақ мәселесін талқылайтын “пати” ма деп жүрсек, сөйтсек “арақты кім бірінші тауысады” деген жарыстар өткізеді екен. Әрине кездескен сайын емес, бірақ осындай жарыстар болған. Ал өзге бағдарламар да осындай тақырып аясында. Қыздардың түрі тыртиған жезөкшеден асып түспесе кем емес!!! Наурыз болсын, Тәуелсіздік күні болсын бәрібір: олар үшін міндетті түрде “Казах Пати ” өту керек! Дебат анау-мынау ұйымдастырады, олардың Құдайға да қажеті жоқ! Тек қана бос сөз, мәселен “елді қалай дамытамыз, не істейміз” деп ауызынан көпірік аққанша бос сөйлеп, сөз таластырудан қолдары босамайды. Ешкім нақты қимылдап, сөздерін іспен жарытып жатқан жоқ. Ертең “жиналыс” деп өмірбақи сабаққа бармайтын шолақбелсенділер де аз емес, әйтеуір саны бар, сапасы жоқ, дүмше патриоттар ұйымы.
Өз тәнін ақша үшін жалғыз қытай емес, басқа ұлт өкілдерімен төсектес болып жүрген қазақ қыздары жылдан жылға көбейіп барады. Әрине олар үшін ішкі дүние маңызды емес, ең бастысы жұрттан асып киінсе болды! Өз-өздерінен жиіркенетін уақытқа әлі жетпеді-ау деп ойлаймын. Бұндай жүріспен жете ме? Апта сайын түнгі клуб табалдырығын тоздырып жүрген қыздар да қазақ қыздары. Мейлі билесін, көңіл көтерсін. Бірақ араққа сылқия тойып алып, өз беделін түсірудің не мәні бар? Бұл жүрістермен олар өздерін кемсітіп жүрсе ештеңе емес қой, бірақ ҰЛТ ТАҒДЫРЫ ДЕГЕН ҰҒЫМ ҚАЙДА СОНДА??? Мас болып, мал болып жерде жатқан қазақ қыздарын достары да алып кетпейді: сөйтіп әр бұрышта есінен танып жатады. Бір Алла біледі ол қызға кім не істегенін. Таң атқанға дейін ол қыздарға әркім өз білгенін істейді. Ұлттың құрдымға кетіп бара жатқаны бұлардың санасына кіріп шықпайды. Себебі санада ондай ойға орын жоқ.
Қытайдағы Қазақстан елшілігінің де бұл іске шаруасы жоқ! Олар бөлек, біз бөлек. Дипломатиялық іс құдды тек сауда мен саясат төңірегінде сияқты. Студенттер тәртібі мен оқу үлгерімін ешкім қадағаламайды! Елшіліктің ішінде көп адам қытай тілін де білмейді, әрине олар да туыс-таныс деп кіргендер шығар. Және өз жұмыстарын да дұрыс білмейді, қытай тілін білмесе де қазақ тілін білуге тиісті олар!!! Ішінің дені орысқұлдар! Шаруаңмен барсаң, дөрекі жауап береді! Сірә “аспанасты елі” деген ұғымды бұлар тікесінен пайдаланытын сияқты, өздерін аспанда отырғандай сезеді. Қазақ жастарын қадағалауға немесе бағдарламалар жасауға қаражат бөліне ме? Бөлінсе олар қалай жаратылады? Бөлінген гранттарды “жасқырандықтар” немесе таныстардың балалары алып алған!
Қытайда анаша, төбелес, ұрлықтан да сотталған қазақтар жетеді. Оған қарамастан елге қайтканнан кейін жаңа паспортпен келгендерді де көрдім. Есірткелерді көбінесе Қытайдың ұйғырларынан сатып алып жатады.
Қытайдағы көп студенттер университеттен университетке ауысудан шаршамайтындар, өйткені Қытайда өзің үшін оқисың, сені ешкім қадағаламайды, бірақ тәртіп бәріне ортақ! Оқудан оқуға ауысудан ерекше көзге түсетіндер – қазақстандықтар!!
Бөтен елде Қазақстан беделін түсіріп жатырған қазақтар үшін жаным ашиды! Сонда ата-ана берген тәрбие қайда? Рух байлығы қайда? Намыс, ұят дегеннен жұрдай болдық қой… “Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым” – деген осындайда айтылатын шығар…
Мен Қазақпын деген сөзден ұялғым келмейді! Бірақ Қазақстандықпын дегенде жаман көзқарасты көргім де келмейді! Шошқа етін жеп: “я не знаю че такое ру,” да ну казахский никчемный язык, который в современном мире не востребован” – деген “казахтарды” да көргім келмейді! Мен Қазақстан болашағы үшін қорқамын! Қауіптенемін. Оған барлық сілтемелер бар. Ең өкініштісі: көшеде қазақ қазақты көргенде жауын көргендей болады! Бірауыз сәлемге де күштері жетпей қалады. Ауызбіршіліктің не екенін ұмыттық…
Ер балаларға айтатыным: сіздер еркек емессіздер, өйткені сол жаман жолға түсіп кеткен қыздарға ақыл айтып, жол сілтедеудің орнына, өздеріңіз сол қыздарды зат ретінде пайдаланып жүрсіздер! Бүгін бір зат (қыз), ертең басқа зат (қыз). Заттардың қолдану реті ауысу мүмкін, бірақ заты бір – ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ! Бұған көзім баяғыда жеткен! Қытайдағы барлық студенттер жоғарыда жазғанымдай емес, бірақ дені осындай!
Жоғары жақтан студенттердің жағдайына назар аударуды сұраймын! Мәжілістен Қытайдағы елшіліктен сұрау салуды сұраймын! Ата-аналардан 20-дан асса да әлі есі кірмеген ұл-қыздарын Қытайға жібермеуін сұраймын!
Қызға қырық үйден тыйым деген ұғым бар! Ата-аналар! Сіздер қырық қадам тұрмақ, Құдайдан да қорықпағандардың құрған сонау Қытай мемлекетіне мәпелеп өсірген ұл-қыздарыңызды жіберіп отырсыздар! Қыздарыңыздың ары төсекте, кім көрінгеннің қойнында былғанып жатқанын қаламасаңыздар ойланыңыздар! Ұлттың мүддесін сатпаңыздар! Әр қазақтың мойнында еліне деген қарыз бар! Міндет бар!
Қыз да болсам мына хатты жазуым – СОЛ МІНДЕТТІ ТҮСІНУІМ!!!”
Serpin.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ