THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Біз ХХІ ғасырдың өкіліміз. Санамыз жетілген, ақпараттық-коммуникациялық кеңістікті игерген, ысылған болса да, ата-бабаларымыздың айтқан сөздерін жадымызда ұстап келеміз. «Бабалар сөзі – тәрбие көзі» демекші, Майқы, Қорқыт, Мөңке сияқты даналарымыздың сөзін санамызға дарытып, өз қоғамымызға әділ қызмет етуге тырысамыз. Тарихқа үңіле отырып, Батысқа еліктеген жаңашылдығымызды үлкен қателік деп есептейміз. Сонда да Еуропалықтарды үлгі тұтамыз. Неге?!
Біз – қазақпыз! Жеті атасын білмеген жетесіз емеспіз. Төле би айтқан «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманға» талай талас-тартыс, ұрыстарды басымыздан өткеріп, бодандықты басып өтіп, бірталай қыспақтан аттап өтіп ие болған халықпыз. Қазыбек би айтқандай, біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз-ау. Ел үшін, халық үшін қасық қанын аямай қанша батыр-шешендеріміз қару мен қаламды ту етіп қорғаған еді. Төбе билеріміздің асыл сөздерін үлгі тұтпай батысқа еліктеу, қазақ тілін толық игермей тұрып, ағылшынды меңгерумен бірдей тәрізді. Көпке топырақ шашпаймын, жаһандану заманына келдік, алайда шығыстық дәстүрді үнемі бірге алып жүру керек екенін естен шығардық. Салт-дәстүріміз, тіліміз, дінімізді жоғалтып алсақ, қазақтығымыздан да айырыламыз ғой. Сондықтан да, бабалар сөзін әрқашан жадымызда ұстап, ұмытпауымыз қажет. Сонда ғана болмысымыздан айырылмайтын боламыз. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы күрескен азаттығымызды біреуге оңайлықпен бере салмақпыз ба?! Біздің тәуелсіздігіміз – көнеден қалған аманат екенін әрбір қазақтың баласы білуі тиіс. Сезінуі тиіс!
Біз демократияны ұстанған себепті үлкенді кіші сыйламайтын заманға келдік. Мөңкенің сөзімен айтсақ, «Алашұбар тілің болады, Дүдамалдау дінің болады» деп тілімізді шұбыртып, үштілділікті енгіздік. Байтұрсыновша, аққу, шортан һәм шаян секілді жан-жаққа тартып, сорымыздың көкесін көреміз бе деп қорқам. Өз тіліне немқұрайлықпен қарап, ағылшын тілінде еркін сөйлеп жүрген жастарға қарап жаның ашиды. Мөңке айтқан заман көз алдымызда тұр. Біз осы заманның көзкөрген куәгерлеріміз.
Ұлттығымыздың нышандары болатын тілімізбен қоса дініміздің де жағдайы мәз емес. Діннің өзі бүгінгі қоғамда басты мәселелердің біріне айналды. Қазақтың өзі исламнан кетіп, басқа діннің өкілі болып жүргеніне де куә болдық. Адамды айналдырған неше түрлі діни секталар қатары көбейіп, адамның санасына әсер ету арқылы қоғамға өз кесірін тигізуде. Мөңке би көтерген «дүдамал дін» мәселесі де біздің қоғамнан орын алғаны көзге ұрып тұр.
Кезінде Мөңке би «ежірей деген ұлың», «бежірей деген қызың», «кекірей деген келінің», «жастарға билігі жүгірмес кәрің», «ертеңіне сенбейтін күнің», «бетіңнен алып түсетін інің», «халықтың қанын сорған жамандар», «қиналғанда шапағаты жоқ жақының» болады деп айтып кеткен еді. Мөңкенің көтерген мәселелерінің дәлдігін бүгінгі заманда көрініс беруінен аңғарамыз. Әке-шешесін қарттар үйіне апарып, сыйлаудан қалған ұл-қыздары ежірей мен бежірей болмағанда кім болсын?! Дұрыс. Алайда, батысқа еліктеуші жаһандану заманы кінәлі деп заманға да кінә артуға болмайды. Бұл тәрбиенің аздығы. Ертегі айтатын әжелердің, бесік жырын айтып ұйықтататын аналардың жоқтығынан болар. Жоқ емес-ау, бар. Бірақ, аз.
«Ертеніңе сенбейтін күнің болады» – дейді Мөңке би. Ол да бір мәселе. ХХІ ғасыр – ақпараттық технологиялардың дамыған заманы. Неше түрлі адам санасын улайтын сайттар күн санап ашылуда. Адамға қауіп төндіретін вирустар шығарылып жатыр. Бұл адамның өз-өзіне жасап жатқан қастаңдығы екенін біле тұра, пайда табу үшін небір қадамдарға барып жатыр. Таң қалмаймыз. Өйткені, бұл ХХІ ғасыр. Мөңке бидің есебі келді. Ертеңгі күннің не болары бір Аллаға аян.
Үлкендер автобуста орын бермеген жастарға қарап, «не деген тәрбиесіз жастар?!» деп айтып жатады. Ал, осы тәрбиесіз жастарды тәрбиелеген кім, тәрбиелейтін кім, оған үлкендеріміз мән бере бермейді. Тәрбиесіз деп айтқаннан жастар өзгере қоя ма?! Тәрбие тал бесіктен басталмай ма?! Меніңше, бұл ойландырарлық жайт. Мөңкенің айтып кеткен мәселесіне осы мысал саятын секілді.
Бүгінгі күн халық қамын ойлап емес, өз қалтасын ойлаған адамдар заманы деп ойлап қаласың. Теледидарды қарасаң, жаңалықтардың легі халықтың ақшасын талаған банк бастықтарын сөз етеді. Мөңке бір сөзінде «халықтың қанын сорған жамандар» деп айтқан еді. Сол жамандардың дәуірі де біздің заманға ойысқан. Жемқорлықпен күрес жүргізіліп жатса да, нәтиженің бары шамалы. Сондықтан Мөңкенің сөзі біз үшін ақылдың көзі болып қала бермек.
ХVІІ ғасырда айтылған сөздің ХХІ ғасырда өзінің қуатын жоғалтпағанын көріп отырмыз. Есептеп, өлшеп айтқан. Даналықтың барлығы көнеде жатыр. Би-шешендердің нақыл сөздерінде адамгершілік пен ізгіліктің, достық пен сыйластықтың ұшқындары бар. Ескере жүрейік, оқырман!
Намыс.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ