КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Северный Казахстан – это русская земля» тобының скриншоты.
Ресейлік әлеуметтік желідегі Солтүстік Қазақстанды «даулаған» топтың парақшасы «зорлық әрекетке шақырғаны үшін бұғатталғаны» хабарланды – деп жазады «Азаттық» радиосы.
 «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі алғашқы жазбасын шілденің 30-ы күні жариялаған «Северный Казахстан – это русская земля» («Солтүстік Қазақстан – орыс жері») атты топ парақшасы тамыздың 13-і күні ашылмай қалды. Парақшада қауымдастықтың «зорлық әрекетке шақырғаны үшін бұғатталғаны» жазулы тұр.
Топ администраторларының бірі, «Влад Котов» есімді аккаунт иесінің Азаттық тілшісіне айтуынша, «Северный Казахстан – это русская земля» тобын «ВКонтакте» әлеуметтік желісі әкімшілігі жапқан.
 «Жуық арада оны қалпына келтіруге тырысамыз не жаңасын ашамыз» деп жазды ол Азаттық тілшісінің сауалына.

Болжам

Он шақты күнде 346 адам ғана мүше болған бұл топ наразы қолданушылар жазған пікірдің көптігімен көзге түскен еді.
 «Қазақстанның солтүстік өңіріндегі бірнеше облысты (Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарының солтүстік бөлігі) Ресейге қайтару керек» деген мақсатты көздейтін топқа көбінесе қазақстандықтар пікір жазған.
 «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Северный Казахстан – это русская земля» тобының бұғатталған парағы. 14 тамыз 2014 жыл.
Топ иелерінің сепаратистік пиғылына ашулы қолданушылар кейде «бұл топты кімдер құруы мүмкін» деген сауалға да жауап іздеген.
Интернет қолданушылардың көбі «мұндай арандатушылық мақсаттағы топты құруға Ресейдің қатысы бар» деп біледі.
 «Ұлтшылдық Ресейді құртады. Қазақстандықтар, бұл топты ресейлік нақұрыс құрған. Олардың деңгейіне түспейік» деп жазды қарағандылық тұрғын Дмитрий Русский есімді қолданушы.
Ал Ернар Нурмагамбетов есімді қолданушы бұл топты «ұлтшыл қазақтар «орыстар қазақ жерін тартып алғысы келеді» деген сөзін дәлелдеу үшін қолдан жасауы мүмкін» деген болжам айтады. Оның сөзін Степка Рева есімді аккаунт иесі де қолдап, «бұл – Еуразия Одағына қарсы қазақ ұлтшылдарының белсенді әрекетке көшкені» деп түсіндірген.
Бірақ мұны ресейшілдердің арандату жазбасы деп атап, жұртты сақтыққа шақырушылар да болды.
«Мұнда жазбаңыздар. Олардың сандырағын көріп отырсыздар ғой. Оларға сол үшін ақы төлейді. Ақша алып жатқандықтан үздіксіз жаман нәрселерді жазып жатыр. Коммент жазушылар арасынан бөтен қолданушыларды байқадыңыз ба? Тек наразы қазақстандықтар ғана. Яғни топ сіздерге бағытталған. Тролльдерді асырамаңыздар» деп жазды Dana Rose есімді қолданушы.

ҚЫТАЙДЫ АЙТЫП ҚОРҚЫТҚАН РЕСЕЙШІЛ ТОП

Азаттық тілшісі әлеуметтік желідегі бұл топ жабылмай тұрып, тамыздың 12-сі күні оны құрушыларға хабарласқан еді. Өздерінің нақты аты-жөндерін, қай елдің азаматтары екенін айтпаған топ администраторлары тек жалпы сұрақтарға ғана жауап берумен шектелген.

 «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Влад Котов» атты аккаунттың скриншоты.

Топ администраторларының бірі «Влад Котов» Азаттық тілшісіне: «Қауымдастықтың мақсаты – орыстарды бір қауым астына біріктіру, орыстардың мүддесі үшін күресте ақпараттық көмек көрсету, дәстүрлі құндылықтарды алға жылжыту» деп жауап берген.
Оның айтуынша, «топ администраторлары көп және олардың барлығы да жекелеген азаматтар».
 «Влад Котовтың» аккаунтын шолып шыққанымызда оның осы топ құрылғанға дейін де шовинистік пиғылдағы ақпараттар таратып, Украина дағдарысында сепаратистерді жақтаған жазбалар жариялап келгенін байқадық. 
 «Влад Котов» топқа пікір жазушылармен көп дауласпай, тек анда-санда наразы реакция тудыратын жазбалар жариялап қойып отырған.
Топ администраторлары Солтүстік Қазақстанның «Ресейге тиесілі екенін» дәлелдеу мақсатында ол аймақтың «русофоб совет билігі кезінде қазақтарға берілген казак жерлері екенін», «онда әлі де орыстар көп тұратынын» айтып, Қазақстанның біртұтастығын жақтайтын қолданушылардың ашуын одан әрі қоздырған.
Қазақстанның этникалық ахуалы бейнеленген әртүрлі карталарды жиі-жиі жариялап отыратын «Северный Казахстан – это русская земля» тобы иелері «Қытай ықпалына түссе, Қазақстанның қалай боларын» айтып қорқытып, Қытайдағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы картасын көрсетіп қоюды да ұмытпаған.

РЕСЕЙ ҚЫРЫМДЫ АННЕКСИЯЛАҒАН СОҢ ҮДЕГЕН ҚАУІП

Қазақстанның Ресеймен шекаралас облыстарына қатысты әлденеше жылдан бері анда-санда айтылатын арандату бағытындағы мәлімдемелер Украина дағдарысынан соң қайта жанданған.

Ресейлік оппозиционер Эдуард Лимонов тіркелмеген "Өзге Ресей" партиясы жиынында сөйлеп тұр. Мәскеу, 30 сәуір 2014 жыл.
Биыл ақпанда ресейлік оппозиционер Эдуард Лимонов Facebook-парақшасында девальвацияның Қазақстанға теріс ықпал етіп отырғанын айтып, Кремльге «бұл елдің солтүстік аймақтарын қосып алуды» ұсынған.
Іле-шала Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский де Украинадағы жағдайды айыптап, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне күмән келтірген. Ол «Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді» дей келе, «Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту» жайын да айтқан.
Сәуір айының басында ресейлік ақпарат құралдары Хакасия жоғары кеңесінің төрағасы Владимир Штыгашевтің «Қазақстанның кейбір облыстары бұрын Ресейдің құрамдас бөлігі болғаны» туралы, Ресей Қазақстанға «бес облысын бере салғаны» жөнінде, «теориялық тұрғыдан олар референдум арқылы Ресей құрамына қайтарылуы мүмкін екені» жайлы айтқан сөзін хабарлаған.
Кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров саясаткерлерінің пікірлеріне «ұялатынын айтып», олардың сөздерін жуып-шаюға тырысқан. «Біздің заңдарымыз бойынша, Ресейдің ұстанымын тек президент, премьер-министр және сыртқы істер министрі ғана білдіре алады. Басқа саясаткерлер айтқан пікірлерді, тіпті соған жақын сөздерді Ресейдің сыртқы саясатын жүргізетін және оған жауап беретін адамдардан ести алмайсыз» деген еді Ресей сыртқы істер министрі.
Ресей елшілігі алдында наразылық танытқан Астана тұрғыны Мұратбек Арғынбековті (ортада) полиция әкетіп бара жатыр. 14 сәуір 2014 жыл.
Бірақ ресейлік саясаткерлердің мәлімдемелерінен тіксінген қазақстандық азаматтық белсенділердің орыстілді тұрғындары көп аймақтар жайлы қауіптері Ресей Украина құрамындағы Қырымды өзіне қосып алған соң тіпті үдей түскен.
2009 жылғы санақ нәтижесіне қарағанда, Қазақстанда орыс ұлты өкілдері (3 миллион 800 мыңға тарта адам) елдегі халықтың 23,7 пайызын құраған. Этникалық орыстардың үлесі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында 40 пайыздан жоғары.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика