THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жақында ғана
қазақ оқырмандары «Қазақтың құпия тарихы» атты кітаппен қауышты. Сиясы кеуіп
үлгермеген туындының авторы – Бекжан Әденұлы. Кітапта қазақ тарихының
әлқиссасы, қалыптасу жолы, түркі тілдес ұлттардың өткені мен мекен еткен аймағы
жөнінде тың деректер қамтылған. Сонымен қатар, мұндағы жазбалардан Кеңес
тарихшыларының зерттеуінен бастау алатын дерек-дәйектердің кейбірінің шын
мәнінде бұрмаланғанын ұғуға болатындай. Тек кәсіби мамандарымыз тарапынан жіті
зерделеу қажет сыңайлы. Олай дейтініміз және қызықтысы да осы, автордың өзі
негізінен тарихшы емес, жай ғана энергетик. Алайда, ол бала кезінен өз ұлтының
кешегісін білуге қатты құштар болған және сол құштарлығына бар күш-жігерімен
жетуге ұмтылған.
Расында, тарихқа
«әркімнің-ақ бар таласы». Сондықтан Бекжан Әденұлының әр парағын тек дәретпен,
Алланың атын аузына ала отырып жазып шыққан бұл еңбегі ұлт кешегісін тануға
септеседі деген үміт басым бізде. Бұл – оқырман ретіндегі ойымыз. Ал «Қазақтың
құпия тарихының» ақ-қарасын айыруды, саралап, зерделеп, бағасын беруді кәнігі
мамандарымыздың еншісіне қалдырамыз. Автордың әңгіме ауаны төмендегідей.
– Бекжан аға,
«Қазақтың құпия тарихы» кітабын жазуыңызға қандай жағдай түрткі болды?
– Өз
ұлтымның тарихын білуге бала жасымнан құштар болдым. Он жасымда-ақ Алпамыс,
Қобыланды батыр жырларын жатқа білетінмін. Тарихи оқиғалар баяндалған
кітаптарды оқығанда бір тылсым құпия әлемге кіріп кеткендей әсерде болатын
едім. Жә, нақты сауалға оралсам, әуелде мен қазақтың салт-дәстүрі Ислам дінінің
тікелей ықпалымен қалыптасқаны жайында жазып бастаған едім. Өйткені, қазіргі
таңда асыл дініміздің жамағаты арасында ұлтымыздың мұсылмандығына күмәнмен
қарайтын теріс пиғылдағы ағым өкілдері көбейгені рас. Осыларға тосқауыл қою
мақсатында Ислам мен қазақ салт-дәстүрінің егіз ұғымдай екенін ұқтыруға
тырыспақ болғанмын. Кітаптың соңғы жағында осы жайлар қысқаша баяндалады.
Содан кейін
Қазақ атауының шығу төркінін анықтағым келді. Дәл осы мезеттерде Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаев «Халық – тарих толқынында» жобасын ұсынып, мамандарға жаңа
тарихты жазуды міндеттеді. Міне, бұл бастама менің жұмысыммен тұспа-тұс келіп,
тіпті, құлшынысымды арттырды. Осы ізденістерім жалпы Еуразия халықтарының
тарихын «қопаруға» мәжбүр етті. Көшпелі тайпаларға қатысты солардан тапқан
деректерім мен тарихи шешілмеген мәселелер осы кітаптың жазылуына түрткі болды.
Себебі, тынымсыз еңбегімнің арқасында үш ұйықтасам түсіме кірмеген дүниелерге
кезіктім, оның үлкені – араб тарихшысы әрі географы Әл-Масудидің «Ширван мен Ал
Баб тарихы» жазбасының аудармашының түсініктемелері кірістірілген орысша
нұсқасы. Осындай дүниелердегі деректер мен көшпелілерге қатысты тарихи
мәліметтерді біртұтас жүйелегенімде көрінген шындықтар мені шынымен таң
қалдырды.
Тағы бір айта кетерлігі,
бүгінгі жастар, қазіргі буын Сақ, Құң, Үйсүн және көне түркілерден жалпы хабары
бар. Бірақ, олардың қалай біздің бабамыз болатынынан, қазақпен қалай
жалғасатынынан бейхабар. Шын тарихшылардың да зерттеулеріне үңілсек, әр
дәуірдің арасы жай ғана бір үзік-үзік дүние сияқты екенін байқаймыз. Орыс тілді
тарихшылардың «Көне түркілер мен бүгінгі түркі тілдес халықтардың еш байланысы
болмауы мүмкін» деген тұжырымдарын да естіп жүрміз. Қазақ халқының өткенін он
төртінші ғасырда аспаннан салбырап түскендей қылып көрсетеді. Керей мен Жәнібек
хандардан бұрын қазақ халқының тарихы болмаған сияқты. Ал нақты деректерді зер
сала сараласақ, Қазақ атауы мен Құң халқы атауы байланысты екенін және алтыншы,
жетінші ғасырларда қазақтың көрші өлкелерде «қасақ», «қашақ», «хаса»,
«козаг» деген бұрмалаулармен аталғанын анық көреміз. Оның үстіне, әскери ұлт
аталып кеткен казактардың ескі сөздерінің де, атауларының да бізбен ұқсастығын
кездейсоқтық деп айта салу қиын...
Біз қазақ
халқының ұрпағы болғаннан кейін өз ұлтымыздың алдындағы жауапкершілікті
сезінуіміз қажет. Әр қазақ осыны ұғынса деймін. Кешегі бабаларымызда бәрі
болды: байлық та, патшалық та, батырлық та... Олар ұлт болашағы үшін байлығы
мен билігін тәрк ете алды, жандарын берді, қасық қандарын қиды. Неге? Өйткені, ұлтының
амандығын өз қара басының амандығынан жоғары қойды, ұрпағының болашағы ұлтының
амандығымен тікелей байланысты екенін жақсы сезінді. Сондықтан бізге осындай
байтақ дала, терең тарих мұра болып қалып отыр.
– Еңбегіңізді
бастан-аяқ оқып шықтық. Тіліңіз ауыр, түсіну қиынға соғатыны рас. Алайда,
көркемдігі тұрғысынан кәсіби тарихшының және аз-маз дін маманының стилі
байқалады. Оның үстіне, кітаптың алғашқы беттеріне бұл туындыңызды толықтай тек
дәретпен жазғаныңызды айтыпсыз және ара-тұра Алланың есімін ауызға аласыз. Бұл
– діншілдігіңіз бе, әлде, қазақ тарихына деген құрметіңіздің белгісі ме?
– Кітап оқуға
қиын екені рас. Әуелгі нұсқасында мұнан да қиын болатын. Алайда, филология
ғылымының кандидаты Шырынбек Қойлыбаевтың көмегімен біршама жөнге келтірілді,
граматикалық қателері қалыпқа келтірілді. Оны оқудағы ендігі қиындық – менің
сөздерімді қуаттайтын деректердің дер кезінде орналастырылып отыруында. Бірақ
ол деректерсіз бұл кітаптың құны болмас еді. Сондықтан оларды өз орындарында
сақтадым және оны қажет еткен оқырман деректерді түпнұсқасынан тексере
алатындай сілтеме жасалды.
Мен айтар едім,
бұл кітаптың негізгі міндеті – қазақ тарихын зерттеп, зерделеп жүрген
тарихшыларға септесу, дұрыс деректердің бағытына жол сілтеу және шынайы
дүниелердің қайда жатқанын көрсету. Басқалай еш мүддені көздемегенім рас, атақ
шығаруға да құмартпағаным Аллаға аян. Және ең бастысы, бұл еңбек әлі біткен
жоқ, кітапта тарихымыз толық қамтылмаған. Мұны жалғастыратын – тарихшылар,
археологтар, ғалымдар. Алайда, бұл кітап қазақ халқының ғана емес, біртұтас
Евразия халықтары тарихын дұрыс түсінуге жол ашады деп білемін. Мен осындай
дүниені жазғаныма қуанамын. Жазуға мүмкіндік берген Аллаға шүкіршілік айтамын.
Себебі, бұл кітаптан оқырман Ислам діні мен қазақ тарихының тығыз байланыста
екенін ұғады. Мәселен, Орхан Енисей жазбаларымен туыс руникалық жазбалар сонау
Скандинавияда, Алтын адаммен табылған дүниелерде, Атилланың тостағанында,
Киевтен шыққан хазарлық жазбаларда кездеседі. Алайда, солардың көпшілігі әлі
күнге оқылған жоқ. Неге? Өйткені, ол қиындық халқымыздың жазбасының араб
әріптеріне көшуімен және Ислам діні ықпалымен халық санасында орныққан
өзгерістерге байланысты. Көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздың таңбалары аң, құс,
жануарлардың пішінінде болғаны түсінікті. Ислам діні келгеннен кейін сол
бабаларымыз жанды бейнені таңбаға айналдыру оған табынумен бірдей болатынын
ұғып, соның бәрін жансыз бейнелерге ауыстырды. Осы себептен, қазақ тайпаларының
ешқайсысының таңбасынан жанды хайуанның бейнесі кездеспейді. Бұл қазақ өмірінде
ислам дінінің дәрежесі қандай болғанын көрсетеді. Сондықтан да ескі түркі
жазбаларын ұғына алмай қалдық біз.
«Адамның емес,
Алланың дегені болады» деп түсінген мұсылман қазақтың баласы болғандықтан және
қазақ халқының шынайы тарихын ашуды Алла нәсіп етер деген үмітпен осы еңбекті
басынан аяғына дейін тек дәретті болған күйде жазып шыққаным рас. Шынында,
маған үлкен мүмкіндік берілді, әйтпесе, мұндай еңбек қарапайым мен сияқты
адамның қолынан келмес еді. Қасиетті Құранда «Әрбір білім иесінің үстінде
айтушы бар» деген мағынадағы аяттар бар, яғни, білім иесінің ізденісі табысты
болуы оған жоғарыдан берілетін мүмкіндікке байланысты. Әйгілі Менделеев
химиялық элементтер кестесін түсінде дайын түрде көргені барлығымызға белгілі
жайт, ал мұндай тылсым жайлар тарихта жеткілікті.
– Бекжан аға,
сіз еңбегіңіздің барысында қазақ халқының қалыптасу тарихын, қазақ тайпаларының
Еуропа даласында еркін көшіп-қонғанын, сайын сахараны жаулай шарлағанын
әңгімелеп, түркі тілдес ұлттардың тамырын қазақ тайпаларынан тарқатасыз. Және
қазақ ұлтына қатысты көптеген деректерді жаңаша саралап, құжат-дәйектердің
мазмұнын төл тарихымыздың мүддесінде сөйлетесіз. Әрине, қуантарлық жағдай. Десе
де, «Қазақтың құпия тарихындағы» сізге дейін айтылмаған дүниелерді зерделеуге
отандық кәсіби тарихшылар неге қадам баспады деп ойлайсыз, әлде, олардың
қарым-қабілеті жетпеді ме? Немесе, мұның саяси астары бар ма?
– Түркі тілді
ұлттар ғана емес, орыс, армян, грузин тәрізді ұлттардың да түбі түркілік
тайпалардан қалыптасқаны нақты тарихи деректер арқылы көрсетілді. Оларды
түгелдей қазақтан тарады деу дұрыс болмас, алайда, солар тараған Құң, Сақ,
Үйсүн халықтарының осы дәуір басынан Қазақстан аумағындағы тарихи бірігуінен
қалыптасқан біртұтас алып халық «Қазақ» деп аталғаны анық. Бір қарағанда мүмкін
емес тәрізді, алайда, осы кітапты мұқият оқып, түсінген адам осылай екенін
мойындайды деп білемін. Еуразия даласын мекендеген ұлттардың барлығын дерлік
ертедегі Сақ (Скиф), Үйсүн, Құң халықтарының жекелеген тайпалары
қалыптастырған. Ал қазақ халқының жеке тайпадан емес, сол Сақ (Скиф), Үйсүн,
Құң халықтарының қазіргі Қазақстан аймағында тарихи топтасуынан қалыптасқанын
тарихи деректер анық дәлелдейді.
«Жеті атаға
дейін қыз алыспау» заңының тек қазақ халқында болуы және қазақ тілінің ғана
ешқандай диалектілерге бөлінбейтіні оның Еуразия халықтары тараған «алтын
тамыр» екендігімен байланысты. Ислам дінін қабылдағанға дейін тайпалар «Ақ»
және «Қара» болып екі топқа бөлінген және осы екі топ арасында қыз алысу
дәстүрі болмаған. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген сөз сол заманнан қалса
керек. Жеке тайпа өз ішінде ғана қыз алысудан замандар өте сол тайпа атауымен
жеке ұлт қалыптасып отырды. Айталық, Татар тайпасынан – Татар, Қырғыз
тайпасынан – Қырғыз, Ұйғыр тайпасынан – Ұйғыр, Башқұрт тайпасынан – Башқұрт,
Алан тайпасынан – Қарашай мен Балқар, Маңғыт тайпасынан – Ноғай, Қарапапах
тайпасынан – Қарақалпақ, Абар тайпасынан – Авар, Қабар тайпасынан – Қабардин,
Құман тайпасынан – Құмық, Үзік көшпелілері мен Үйсүн отырықшыларынан – Өзбек,
Түркі тайпасынан – Түрік, Хазар тайпасынан – Азарбайжан, Бұлғар тайпасынан –
Болгар мен Орыс ұлттары қалыптасты. Қазақ халқы қалыптасқансоңда бұл үрдіс
тоқтаған жоқ, олардың соңғысы – Ноғай мен Қарақалпақ ұлттары. Ардақты
хандарымыз халық ары қарай ыдырамас үшін «жеті атаға дейін қыз алмау» заңын
енгізгенін көреміз. Осылайша «Алтын тамырды» ыдырап, толық жоғалуыдан сол «жеті
атаға дейін қыз алмау» заңы сақтап қалды. Қалған тайпалар өзара осылайша жіпсіз
байланып, «Қазақ» халқы құрамында сақталып қалды. Алайда, халқымыз,
Закавказьеде бес ғасыр отырып, сосын қазіргі Оңтүстік Ресей мен Украина
аймағына орныққан үлкен бөлігінен айрылды, олар – христиан дінін қабылдау
арқылы шіркеу тілі ықпалымен славян тілді халыққа айналған казактар болатын,
яғни, қазіргі ресейлік казактар мен украин халқы.
Осы орайда,
басқа ұлт өкілдері «Қазақтар барлық тарихи оқиғаларды өздеріне тартты» деп
ренжіп, кеюі мүмкін. Алайда, олар негізінен шеттеп қалған жеке тайпалар
есебінен ұлтқа айналғаны тарихи шындық. Ал қазақ халқы сол тайпалар шыққан
«Алтын тамырдың» сақталған жұрнағы болып табылады.
Ресей империясы
мен Сталин билігі негізінен қазақ халқы тарихын жоюға ұмтылды. Тоталитаризмдік
жүйенің «білгірлері» тарихи атаулар мен деректерді қалайда Қазақ халқына
қатысы жоқтай етіп тұжырымдайды, оларды өзбек, ұйғыр, қырғыз, татар, түркімен,
моңғол тәрізді халықтарға тиесілі деуге дейін барады. Олар бұл қадамға бекерден
бекер барған жоқ. Өйткені, қазақтан басқа ұлттардың ешқайсысы түркі тілді
халықтардың «Алтын тамырымыз» дей алмайтынын жақсы түсінді. Сол себептен,
Еуразия халықтарының шынайы тарихын қазақ халқы тарихын зерттеу арқылы ғана
анықтауға мүмкіндік туады. Сондықтан, біздердің осындай ортақ тарихымыз
Қазақстанда өмір сүріп отырған ұлттарды «Алтын тамыр» аясында біріктіретін
күшке айналуы тиіс.
Осы кітапта
айтылған дүниелердің бүгінгі кезеңге дейін отандық тарихшылар тарапынан
айтылмауы қазіргі еліміздің саясатына еш қатысы жоқ, менің білуімше. Керісінше,
қазақ тарихын қайта зерттеуге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей нұсқау
бергеніне барлығымыз куәміз. Кеңес өкіметі ұлттық тарихшыларды қатаң қадағалап,
славян тілді ұлттардан арнайы тарих мамандарын дайындағанын және жалпы ұлт
тарихшыларына ежелгі тарихты зерттеуге мүмкіндік бермегенін осы кітапта нақты
деректермен жаздым. Жасыратын түгі жоқ, бүгінгі қазақ тарихшылары негізінен
қазақ хандығынан бергі ғасырларды зерттеумен айналысты. Ал Құң мен Скифтер
тарихы немесе Хазар мен Ұлы Булғария мемлекеттері тарихын зерттеу тек славян
тілді ғалымдардың еншісінде болғаны анық. Қанымызға сіңген мұсылмандық ақ
көңілділігіміз, сенгіштігіміз біздің тарихшыларға славян тілді ғалымдардың
қате, жымысқы тұжырымын «Құран үкіміндей» қабылдатты. Әлі де сол әдеттен арыла
алмай отырғанымыз тағы шындық. Олар: «Қазақтың Албаны мен Кавказ Албаниясын
және қазіргі Албания елін өзара қатысты деп санамаңдар» дейді, біздер
ойланбастан «ләппай» дейміз. Олар: «Тарбағатайда болған Абар тайпасының
Кавказдағы Аварлар мен Еуропада болған Авар қағанатын құрғандарға қатысы жоқ»
дейді, оны да солай санамызға сіңіре салдық. Олар: «Аландар иран тілді, өйткені,
Аландар ұрпағы – Осетиндер» дейді, біздер бір-біріне «Алан» деп сөйлейтін
Балқар мен Қарашайды көре тұра, олардың айтқанына сендік. Олар: «Черкес деп
Адыгей халқының бір бөлігі аталған» дейді, ал Адыгей халқы бұл атауды ешқашан
қабылдамағанын өздері де мойындайды. Ал біздер өзімізде Шеркеш тайпасы бар
екенін біле тұра, олардың айтқанын дұрыс санаймыз. Олар: «Казактар ішкі
Ресейден крепостной құлдықтан қашқан орыстардан қалыптасты» дейді, ал біздер
казактар жайында он төртінші ғасырдан белгілі екенін және крепостной құлдық
Ресейде тек он жетінші ғасырда ғана енгізілгенін біле тұра, олардың
өтіріктеріне сене кетеміз. Олар: «Закавказьеде болған касахия елі мен кашак
халқы – кабардиндердің ата-бабасы» дейді, біздер ол жақта қазір де бар казах
пен касах атауларын көре тұра және кабардиндер сол заманда Кавказ маңында өмір
сүрген Қабар тайпасы ұрпағы болуы мүмкін екенін түсіне тұра, олардың сөзіне
тоқтаймыз. Казактардың келбеті мен киімдері сол кавказдықтармен бірдейлігін
және олардың ескі сөздері қазақша екенін біле тұра, олардың Закавказьеден
қуылған қазақтар ұрпағы екеніне сенбейміз. Себебі, ресейліктердің «Олар Қазақ
емес» деген бір ауыз пікірі – «ең дұрыс тұжырым». Олар Қырым аймағында өмір
сүрген түркітілді Рус пен Сакалбан тайпаларын еш қатысы жоқ болса да бұрмалап,
өздерінің арғы аталары етті. Біз болсақ Касахия мен Кашак және Казак пен Казах
атауларының Қазақ халқына тиесілі екенін айтудан жасқанамыз. Неге? Әлде,
шынымен құлдық психологиядағы ұлтқа толық айналып үлгердік пе? Құлдың әрқашан
қожайынға еліктейтіні және «ұрпағым сол қожайынға ұқсаса екен» деп армандайтыны
бар ғой. Қазақтардың өз балаларын жаппай орыс тілді етуге ұмтылуы, қазақ
қыздары мен әйелдерінің барынша сары шашты орысқа ұқсауға тырысуы нағыз құлдар
екенімізге дәлел тәрізді. «Дос жылатып айтады». Намысымызға тисе де, шындық –
осы. Тек қазақы тәрбиеде, салтты, дәстүрді біліп өскен аз ғана бөлігіміз өз
қадірін білетін немесе ұлттық рухы бар еркін қазақ болып сақталып қалғандаймыз.
Осындай қасіретке жетуіміздің бір себебі – шынайы тарихымыздың белгісіз
болуынан. Қазақ халқының басқа ұлттар тараған «Алтын тамыр» екенін білген ұрпақ
мұндай бейшара халге түспес еді. Олар өзімен, ұлтымен, тегімен мақтанатын еді.
Мен осылай болғанын армандаймын.
Қасиетті Құранда
«Олар өздерін аса айлакерміз деп санайды, алайда, өздерін жаратқан Алланың
айласы зор екенін түсінбейді» деген мағынадағы аят бар. Ресей империясы мен
Сталин саясаты «Алтын тамыр» тарихын аса айлакерлікпен құрдымға кетірдік» деп
санаған болар. Бірақ Алла біздің тарихымызды шебер жасырып қойғанына және оны
халқымыз тәуелсіздік алған қазіргі заманда қайта табуымызға мүмкіндік бергеніне
осы кітап бірден-бір куә. Қазақ ғалымдарының енді ашыла бастаған шынайы тарихты
ары қарай жете зерттеуі, кеңейтуі туған ұлтының алдындағы қасиетті борышы деп
білейік. Ол үшін олардың әрқайсысы өз руын өзгеден жоғары санайтын «аурудан»
арылуы қажет. Қазақтың жүзге бөлінуі мен тайпалар туыстығы арасында ешқандай
байланыс болмағанын осы кітап айғақтайды. Туыстығы жағынан Қоңырат, Беріш,
Шапырашты, Ысты, Ысық, Төре жақын екен. Албан, Сыбан, Адай, Әлім, Сіргелі,
Сарыүйсүн, Таз тайпаларының өзара қандастығы бар. Арғын, Ошақты, Табын, Керей
рулары – бір төбе. Тама, Найман, Дулат, Тана, Жалайыр, Рамадан – бір-бірімен
жақындығы бар. Яғни, туыстық пен жүздің ешқандай байланысы жоқ!
– Кітапты жазу
барысында Лев Гумилевтің, Олжас Сүлейменовтің еңбектерін, әсіресе, ғаламтор
желісіндегі Уикипедияның мәліметтерін көбірек пайдаланғаныңыз аңғарылады. Бұл
оқырманның күмәнін тудырады деп ойламайсыз ба?
– Бір нәрсе
анық: мен ешқандай жаңалық ашқан жоқпын. Ойдан бірдеңе құрастырмағаным да рас.
Тек Лев Гумилев, Олжас Сүлейменов, Мұрад Аджи еңбектерін және, ең бастысы, араб
тарихшысы әрі географы Әл-Масуди жазбасының деректерін қолдандым. Оларға
аналитика жасап, саралап, заманына қарай жүйелеп, мозайка сынды құрастырдым.
Бар болғаны, осы ғана. Содан кейін бұл кітапта тек қазақ хандығына дейінгі
кезеңдер талқыланды. Қазақ хандығынан бергі тарихты өз тарихшыларымыз толық
зерттеді десек, қателесе қоймаймыз. Сондықтан «қазақ тарихшылары деректерін
қолданды» деп басқа ұлт адамдары айыптамас үшін, өз тарихшыларымыздың
еңбектеріндегі мәліметтерді қолданбауға тырыстым. Ғаламтор көзіндегі «Укипедия»
жүйесі менің жұмысымды аса қатты жеңілдеткенін айтуым керек. Қазір бір
замандардағыдай архив ақтарып, жылдар бойы тапжылмай отыратын уақыт емес. Қазір
– ақпараттық техниканың дамыған дәуірі. Бүкіл жер бетіндегі ұлттардың ресми
тарихтары мен ертеде өткен тайпалар жайындағы тарихи деректер осы «Укипедия»
жүйесіне орыс тілінде енгізіліп қойылған. Оларды енгізгендер сол ұлттардың
ғылыми өкілдері болғандықтан, оған сенбеу – орынсыз. Өйткені, ол мәліметтерді
қазаққа жаны ашып, біреудің іліп қоймағаны анық. Әр ұлт өз тарихын шынайы түрде
жазып, жариялаған. Мен солардың тарихынан өз ұлтымның тарихына байланысты деректерді
іздеп таптым, бүкіл Еуразия халықтарының өткенін біртұтас тарих ретінде
байланыстырып, жүйелеу арқылы Қазақ тарихының «бізге бөтендер таңғандай»
еместігін көрсеттім. Атақты Парфия патшалығын орнатқан және билеген Арғын
тайпасы десе сенбессіз. Алайда, жүйеленген тарихи деректер осылай дейді!
– Еңбегіңіздегі
«Асылүй тайпасы және оның ұрпақтары» туралы тұжырымыңыз, меніңше, қолданыстағы
тарихта айтылмайды. Оқырмандарымызға ұғынықты бола түсу үшін осы тақырыпты
тарқата айтып берсеңіз.
– Бұл кітаптың
«алтын діңгегі» – осы Асылүй, әуелгі атауы Асылұя тайпасы ұрпақтарының дәстүрлі
билігі тарихы. Өйткені, олардың дәстүрлі патшалық ету тарихын көрсету арқылы
Еуразияда өмір сүрген халықтардың және мемлекеттердің өзара тарихи байланысын
анықтай аламыз. Сонау біздің дәуірге дейінгі үшінші ғасырдан осы заманға дейін
Еуразия даласында өмір сүрген мемлекеттерді билеп келген әулеттердің сол Асылүй
тайпасы ұрпақтары екені анық. Сену қиын ба, осы кітапты мұқият оқып шығыңыз,
сонда көз жеткізесіз. Мен шын мәнінде олардың аса дарынды болғанына таң
қаламын. Қазақтың «тегіне тартқан» деген сөзі бекер емес. Қазіргі Шапырашты,
Беріш, Ысты, Ысық, Қоңырат, Төре және Шеркеш тайпалары сол Асылүй тайпасынан
тарағандар. Әрине, олар кейінгі Ислам діні ықпалымен қарапайым тайпалармен араласуға
мәжбүр болды, осылайша өздерінің арғы түбін ұмытқан. Ұмытпағаны, тек Төре
тайпасы. Өйткені, олар – Ислам дінін білмеген Моңғолия аймағынан келген
Шыңғысхан әулетінен. Ислам діні ықпалымен қарапайым тайпалармен тығыз
араласқандықтан және жеке тайпалар билікке араласқандықтан, Асылүй тайпасы
ұрпақтары қазақтың барша тайпалары құрамына сіңіп кетті. Олардың кейінгі
замандардағы ықшамдалған атауы Ас пен Аш, кейде Яс пен Әс және Ыс деп те
кездеседі. Мысалы, Найман тайпасында Ас руы болғаны айтылады, себебі, Найман
хандығы болды және оны билеген Ас тобы кейін осы тайпа құрамына сіңді.
Шыңғысхан дәріптеген Ясы дәстүрін бәрі біледі, алайда, қайдан шыққанын ешқандай
тарихшы анықтай алмады.
Біле білсек,
Қазақстан атауындағы «стан» сөзі қазақтың «ұстан» деген сөзінен қалыптасқан.
Константинополь қаласын Станбул еткен Түркі Асылжік немесе Тюрки Селджук тобы
еді, олар сол қаланы өздеріне тұрақ болсын деген мағынада «Стан бол» деп
атаған. Ал аты көрсетіп отырғандай, Түркі Асылжіктер – Асылүй тайпасы
ұрпақтары, яғни, қазақ халқынан. Тек ұзақ ғасырлар Оғыз тайпаларынан құралған
халықты билегендіктен, оғыз тілді топқа айналды. Қазақтың христиан дінін
қабылдаған тобы – казактар да өз тұрағын «Стан» деп атаған, яғни славян тілі
ықпалымен «Станица» деп өзгерген. Қазақ халқы билеушілер отырған тұрақты «Ас
станы» деп атағандықтан, бұл атау кейін мемлекет орталығы деген ұғымды беретін
«Астана» сөзі болып қалыптасты. Ал қайдан шыққаны белгісіз делінетін «Түрк»
немесе «Түркі» сөзінің арғы түбі «Төргі» болған. Қытай деректері өздерінде «р»
мен «ө» және «і» әрпі жоқтығынан «Тугэ» деп көрсеткен Асылүй тайпасының
төртінші ғасырдағы билеуші руы атауы. Осы екі әріпі жоқ еуропалық тілдер
ықпалымен «Төргі Асұя» атауы «Тюрги» немесе «Тюрки Ашина» деп тарихқа енді. Ал
өз отандарындағы осы билеушілер атауының кейінгі ықшамдалған нұсқасы – Төре.
– Бекжан аға,
кітаптағы жазбаларыңызға барлай қарасақ, Кеңес тарихшыларының дүниелерін
тас-талқан етуге тырысасыз. Көп уәждеріңіз, деректеріңіз олардың біздің
санамызға сіңдіріп тастаған «тарихына» қарама-қайшы келеді. Олардың құйтұрқы
идеологияларын әшкерелеуге асығасыз. Сіздің пайымыңызша, қазіргі отандық
тарихшылар да сол шеңберден шыға алмай жүрген сықылды, яки, сескенеді, яки, таптаурын
санадан шыға алмайды. Осы орайда, «Қазақтың құпия тарихын» төңкеріс деуге
келеді ме, әлде, сіздің шындықты іздеуге деген талпынысыңыздың нәтижесі ме?
– Украйн
ғалымының Шыңғысхан жайында жасаған тұжырымы осы кітапта бар. Ол он төртінші
ғасырда Ресей аймағын қазақтар жаулап алғанын және олардың кейіннен Ресей
империясы құрамында азшылыққа ұрынғанын айтады. Ал он тоғызыншы ғасырдағы Ресей
империясы өзіне бағынышты топқа айналған қазақтардың өздерін әуелде
бағындырғандар екенін мойындауға арланғанын және осы себептен «жаулаушылар
даңқы» алыстағы бөтен халыққа тиесілі етілгенін айтады ол кісі. Яғни, қалмақ
пен ойрат текті тайпалар отырған аймақтан Монголия деген атаумен мемлекет
орнаттырған Ресей империясы еді және оны ары қарай жалғастырған Сталин билігі
болды. Осылайша бұрын қазақ халқы тарихында кездеспеген «моңғол» деген жаңа
халық пайда болды. Шыңғысхан заманында болған Маңғыл тайпасының атауы осылайша
қалмақ пен ойрат тәрізді тайпалар негізгі халқы болған мемлекеттің атауына
айналды және сол тайпалардың ортақ халықтық атауы моңғол болып тез арада
қалыптасып кетті.
Сталин бүкіл
түркі тілді ұлттардың ертеден бар арабша жазбасын әуелі латын әрпіне, сосын
кириллицаға көшіргенінен хабардармыз ғой. Өз жазбалары бар армян, грузин
ұлттарында мұндай өзгеріс болған жоқ. Неге? Себебі, орыс халқы билеушілері ғана
емес, грузин мен армян халықтарының атқамінерлеріне де өз ұлттарының арғы түбі
түркілік екендігін мойындау мүмкін еместей еді ол заманда. Сталин билігінің
мақсаты барлық түркітілді ұлттардың тарихын Ресей империясы заманы
қалыптастырып бастаған жалған жүйеге біржолата оңтайластыру болды. Оған негізгі
кедергі ,бұл халықтардың тарихы сонау VIII ғасырдан араб әрпі көмегімен жазылып
сақталғаны және осы ұлттар адамдарының басым бөлігі арабша жазып-оқи алатын
сауаттылар екендігінде еді. Осындай себептерден, араб әрпі орнына әуелі латын
әрпін, сосын кирилицаны енгізу арқылы аталған халықтарды жаппай сауатсыздарға
айналдыру көзделді. Олар бұл үдеден шықты, ең бастысы, араб әріпті жазбаларды
құнсыздандырып, кейінгі ұрпақтың оны оқи алмауына жол ашты. Арабша әріптермен
жазылған шынайы тарихты осылай жоқ етті, оны сақтап қалғысы келген ұлт
жанашырлары түгелдей жойылды. «Кирилицамен оқып-жаза алмаған сауатсыз» деген
түсінік орнықты. Иранды XIX ғасырдың соңынан бастап Ресей империясы, содан
кейін Сталин саясаты билеп-төстегені – тарихи шындық. Осы замандарда ондағы
тарихи жазбалардағы Шыңғыс хан мен қазақ халқына қатысты атаулар мен деректерді
толықтай бұрмалап өзгертті. Сталин, Кеңес үкіметі мәңгі болар деп немесе түркі
тілді ұлттар орыстық ассимиляцияға ұшырап тез жойылады деп сенген болар.
Алайда, түркілік ұлттардың мұсылмандық қалыптастырған дәстүрлерінің орыстық
дәстүрлерге үйлеспеуі олардың аман қалуына себеп болғандай. Алла нәсіп етіп,
егемендік алдық, осылайша, араб әріптерімен қайта табысып, өткен тарихымызды
тануға жол ашылды. Осы кітапта көптеген атаулардың арабша жазылулары арқылы
сондай бұрмалаулардың болғанын көрсетіп кеттім. Мысалы, қарах пен қазақ
атауының түбі бір екенін, яғни «Караханид» деп көрсетіліп жүрген мемлекеттің
дұрыс атауы «Қазақ хандығы» болғанын және Алтын орда мен Алаш орда
атауларыныңда өзара байланысы бар екенін дәлелдедім.
Осы «Қазақтың
құпия тарихы» кітабы ұлт зиялылары мен ғалымдарының өткен тарихымыз жайлы
түсініктеріне түбегейлі өзгеріс қалыптастырады деп үміттенемін. Алайда, көбі
«мен кіммін, ол кім?» деген оймен пендешілікке салынып, қарсы шығар деп те
қауіптенемін.
– Осы кітапты
оқу барысында көптеген тың мәліметтерді көзіміз шалды. Айталық, қазақ пен
казактың туыстығы, қазақ ру-тайпаларының тарихы, Кавказ жеріндегі қазақтар,
Еуропа даласындағы түркітілдес ұлттардың билігі... Әр қайсысы бір кітаптың
жүгін көтерерлік тақырыптар. Ендеше, алдағы уақытта осы еңбегіңіздің жалғасын
немесе кеңейтіп қайта жазу ойыңызда жоқ па?
– Әрине, «Қазақтың
құпия тарихы» кітабында үлкен кезеңдерді қамтуға тырысқаным анық. Осы себептен
де ол оқуға қиындау қарапайым оқырманға. Оның үстіне, барлық шығынды өзім
көтергендіктен барынша ықшамдауға тырыстым және осыған дейінгі нұсқасын мың
дана етіп тегін таратып жібердім. Тарихшы ғалымдарымыз мені «өзіне қатысты
емес іске» араласты деп кінәламай, керісінше өздеріне көмекші деп қабылдаса,
бұл еңбек ары қарай толықтала беретіні сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
аbai.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ