КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ халқының басынан кешкен ұзақ даму тарихында бірсыпыра елдермен араласып, əр кезеңде түрлі қарым-қатынастар жасағаны белгілі. Ғалымдардың зерттеу еңбектеріне сүйенсек, сол қарым-қатынастардан қазақ тіліне араб, парсы сөздерінің кіру кезеңдері XV ғасырға дейін және XV ғасырдан Қазан төңкерісіне дейінгі аралықты қамтиды [1]. Ал белгілі ғалым, қазақ әдеби тілі тарихының терең білгірі Р.Сыздықова қазақ тіліне орыс сөздері кіруінің басталу уақыты XІX ғ. бірінші жартысы, белсенді жалғасу кезеңі XІX ғ екінші жартысы екенін айтады [2].  Одан бергі ХХ ғасырда орыс тілі сөздерінің тілімізде мықтап орын алғаны баршамызға аян. Осы уақыттан бастап, саяси-экономикалық, әлеуметтік тығыз байланыстардың нәтижесінде қазақ тілінің сөздік құрамына сан жүздеген орыс сөздері, орыс тілі арқылы алыс шетел сөздері де лек-легімен кірді. Бұл шеттілдік сөздердің лексикалық қорға ену жолдары, үндесімі, бейүндесімі, икемделуі әр түрлі болып отырды және олардың біразы тіліміздің заңдылықтарының əсерінен фонетикалық, грамматикалық жəне семантикалық өзгерістерге ұшырады.

Л.П.Крысин өзінің еңбегінде сөздің енгізуші тіл жүйесіне енудің алты  шартын атап өтеді [3]. Соның ішінде біздің назар аударатынымыз – шетелдік  сөзді фонетикалық меңгеру. Шетелдік сөзді фонетикалық меңгеру барысында қабылдаушы тілге икемделуі, қабылдаушы тілдің дыбыстық заңдылықтарын бойына сіңіруі басым болады. Оның қолайлы жағы шеттілдік сөз қабылдаушы тілдің ішіне әбден сіңісіп, ол сөздің шеттілдік екені ажыратылмай да қалады. Оған мысал ретінде ХІХ ғасырдың басынан ХХ ғасырдың басына дейінгі орыс тілінен енген тұрмыстық лексика сөздерін келтіруге болады: самаурын, жәшік, керуерт, кәмпит, тауар  және т.б. Кезінде тілдегі мұндай өзгерістер жайлы А. Байтұрсынұлы былай деген: «Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсіби, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір» [4.547]. Бірақ бұл үрдіс ұзаққа бармады. Қазан төңкерісінен кейінгі тұста баспасөздің дамып, жаппай сауаттылыққа қол жеткеннен бастап, шеттілдік сөздерді фонетикалық меңгеру графикалық меңгеруге ауысты, яғни, делдал тілде қалай айтылып, жазылса, тілімізде де дәл солай өзгеріссіз қолдану үстемдігі айқын көрініс берді.

Бұл жерде бір айта кетерлік жай, жоғарыдағы мысалда келтірілген тауар сөзі орыс сөзі делінгенмен, шын мәнінде ол – түркі сөзі. Дәлел келтірсек, М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ит турк» еңбегінде былай дейді:

 Иамар сувын кешмедің,

Таварыңны сашмадың,

Иесун сені ар бөрі –

Көріп неге қашпадың?

Йамар суын кешпедің.

Мал-дүниеңді шашпадың,

Енді қорқау жесін сені! [5. 110]. 

Тавар үшүн тәңрі одзләмәдзіп,

Ұша қадаш оғлыны шыла боғар –

Тауар үшүн, еске де алмай алланы,

Буындырар туған-туыс, ұлдарын [5. 110].

Сөздік ішінде тауар сөзі бірнеше рет кездеседі, мал-дүние, мүлік деген мағынада жұмсалған.

Ешбір тіл томаға-тұйық қалпында, бөгде тілдің әсеріне ұшырамай, өздігінен дамып, жетіле алмайды. Әлем тілдерінің барлығы бөгде сөздерді барынша өздерінің тіліне икемдеп, қабылдаушы тілдің ерекшеліктерін басшылыққа алады. Мысалы, кока-кола, шоколад сөздері қытай тілінде кыкоу-кылы, чаукыли түрінде айтылса,  клуб, автобус сөздері түрік тілінде kulüp, otobüs түрінде жазылып, айтылады.

Бір ғасырдай уақыт бұрын  1924 жылғы Қазақ білімпаздарының сиезінде жазу ережелері жайлы баяндама жасаған Елдес Омаров: «Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын кіргізуге болмайды, жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де, ішінде жат дыбысы бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат танымайтұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай ойда жоқта бір керемет себептер болып бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды»,-деп, үлкен алаңдаушылық білдірген еді [6.22]. Алаш оқымыстысының екінші қаупі шындыққа айналып, қазақтың тілі бұзылғаны соншалық, қазақ тілінде бұлай айтылмайды, бұлай жазылмайды деп, қазақ баласын сендіре алмайтын халге жеттік. Қазақ тілінде шеттілдік сөздерді графикалық меңгеру басым болғандықтан, тіл ерекшеліктеріне  айтарлықтай нұқсан келді. Қазіргі таңда біздің тілімізде шеттілдік сөздерді транскрипциялық жолмен (шетелдік сөздердің өз дыбыстық формасын сақтап қалуы) қабылдау күн өткен сайын күшейіп келеді. Мысалы, медицина терминдерінің көпшілігі латын тілінен алынған. Қазіргі ақпараттық технология терминдері ағылшын тілінен біздің тілімізге еніп жатыр. Болашақта қытай тілінен терминдер келуі де мүмкін. Егер сол терминдердің бәрін сол күйінде қабылдайтын болсақ, онда тіліміз эсперанто тіліндей жасанды тілге айналатыны сөзсіз, қазіргі күйімізге де зар болып қалуымыз ғажап емес. Сондықтан алдымызда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру арқылы тілімізді барынша қорғап, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау, жоғалтқанымызды түгендеу міндеті тұр.             

Жазу теориясы мәселесімен айналысып, жүрген ғалым Қ.Күдеринова былай дейді:    

«Орыс тілі арқылы енген кірме сөздердегі э әрпінен басталатын сөздер е әрпіне алмасады: электрик – француз тілінде electrique, emissio – латын  түпнұсқасында emissio, energia – грек түпнұсқа тілдің өзінде е әрпімен жазылады.

Ал мына терминдердің қазіргі орфограммасы түпнұсқаға біршама сай: apparat (лат. аpparatus «құрал-жабдық»), generator (лат. «шығарушы») akkumulator (лат. Aссumulator «жинаушы») » [7.203].. Осындай  және басқа да ғылыми тұрғыдан дәлелді пікірлерді жинақтай келе, көпшілікке ұсынылып отырған жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерінің жобасында кирилл әріптері мен шеттілдік сөздердің емлесі берілді. Кирилл әріптерін қазақша таңбалаудан басқа шеттілдік сөздерді барынша тілімізге жақындатып орфограммалау қарастырылды. Мысалы, manо́vr, brýselо́z, aktór сөздерінде е кирилл дыбысы  төл дыбысымыз ө-мен алмастырылды және әріптері де соған сәйкес берілді. Осы арқылы бөгде тілдің таңбасынан ғана арылып қоймай, тілімізге икемдеп айту мен жазуды жүзеге асырамыз. Сол сияқты ц~с, тс (sırk, medısına, pıtsa,), ю~йу, ү (İýpiter, İýrmala; kaıýta, parashút, prodúser), я~йа, ә (Iаlta, Iаshın, ıdеıa, mýláj, zarа́d) алмастырулар ұсынылды. Ал жіңішкелік, жуандық белгілері жаңа әліпбиде болмағандықтан, шеттілдік сөздерді тілімізге икемдеп, жіңішке дауысты дыбыстармен айту мен жазу ұсынылды: аnsámbl,  dúbl, parо́l,  ált, ós т.б. сөздерінде жіңішкелік белгісінің орнына жіңішке дыбысты ә, ү, ө әріптері жазылады. Кей сөздерде жіңішкелік белгісінің орнына и әрпі жазылса (Pier, piesa), кей сөздерде жіңішкелік белгісі мүлде ескерілмейді: kegl, premer, premera, relef, barelef, brakoner, barer, shıfoner, atele, film, gelmint, sýbekt, оbekt, ıneksıa т.б. ал енді бір  шеттілдік сөздерде түпнұсқа тілдегі тұрпаты сақталады және қосымша буын үндестігіне сәйкес жалғанады: moderator (-dyń, -y, -ǵa, -lar), marker (-diń, -i, -ge, -ler), stepler (-diń, -i, -ge, -ler), vaýcher (-diń, -i, -ge, -ler), sýpervaızer (-diń, -i, -ge, -ler), aıon (-nyń, -y, -ǵa, -dar) және т.б. 

Қазіргі таңда тілімізде шеттілдік сөздер орыс тілінен де басқа тілдерден әсіресе ағылшын тілінен көптеп кіріп жатыр. Соған байланысты дж әріп тіркесі бар сөздерде д әрпі түсіріліп жазылады: menejer,  jınsy, jentіlmen т.б. 

Сөз соңында қайталанған қосар әріптің жазылуы (klas, gramatika, silabus, аssamblea, kassa,  mıssıa), cөз мағынасына әсер ететін сөз ортасындағы қосар әріптің жазылуы (аssamblea, kassa,  mıssıa), сөз соңындағы а әрпінің сөз мағынасына әсер етпесе түсіріліп жазылуы (kordınat, kapsýl, kardıogram) және тағы басқа біраз шеттілдік сөздердің орфограммасы жаңа ережеде беріліп, қазақ тілінің негізгі ережелерінің жаңалықтары ретінде көпшілік арасында талқыланып жатыр. Жаңалықты бірден қабылдау оңай емес. Көз шалымы, қол дағдысынан басқа шеттілдік сөздердің айтылуындағы өзгерістерді қабылдау, әсіресе, кейінгі буын үшін оңайға түспейтіні анық. Ашық қарсы пікір айтушылар да табылып жатыр. Олардың айтуынша, біздің тіліміздің артикуляциясы шеттілдік сөздерді түпнұсқа тілінде айтуға әбден бейімделген, оны қайта қазақшаға икемдеп айтып, жазудың қажеттігі жоқ. Оларға айтылар уәж мынау болмақ:

Біріншіден, емледегі жоғарыдағы жаңалықтар әлем тілдері жазуларының үздік  тәжірибесіне сүйеніп әзірленді, яғни түпнұсқадан аса көп алшақтамай, бірақ өз тіліміздің де ерекшеліктері де назарда болды. Мысалы:

лат. facultās «мүмкіндік, қабілеттілік», ағыл. faculty, орыс. факультет, түрік. fakülte, қаз. fakúltet;

Латын: alcohol «ұшып кететін түссіз сұйықтық», ағыл. alcohol, орыс. алкоголь, түрік. аlkol, қаз. аlkogól

латын: asphaltum «қара шайырлы масса», ағыл. asphalt, орыс. асфальт, түрік. аsphalt, қаз. аsfált;

латын:  balsamum «хош иісті шайыр», ағыл. balsam, орыс. бальзам, түрік. balsam, қаз. bálzam.

Екіншіден, жоғарыда Алаш қайраткері Е.Омаровтың сөзін бекер бергеніміз жоқ. Ұлтжанды азамат болашақты дұрыс болжап, тіл тағдырына алаңдаушылық білдіргенімен, ол дабыл ескерусіз қалды. Нәтижесін қазір көріп отырмыз. Енді ғасырға жуық уақыт емес 30-40 жыл шамасында кейінгі ұрпақ: «Кезінде зиялы қауым өкілдері тілімізді сақтауға күш салғанда, тіліміз қазіргідей жоғалып кету деңгейіне жетпес еді»,- деп өкініш білдірмесіне кім кепіл?! Сол себепті әр қазақ баласы өзіне қолайлы жағын ғана іздемей, жаңалықты дұрыс қабылдап,  болашақта тіліміздің кең қанат жаюына үлес қосар деген үміттеміз.


ult.kz


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208286 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 194985 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150700 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика