THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып-қымтырылып сөйлеу мүлдем жат. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Кейде қазақ болып туғаның үшін және әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлейтінің үшін өзіңді бақытты сезінесің» (Қабдеш Жұмаділов).
Қазір көптеген бағдарламалар мен телеарналар үшін сөйлеу қателіктері дағдыға айналды. Мамандардың пікіріне сүйене отырып, телевидениеге тән сөйлеу қателіктерін лексикалық-стилистикалық және морфологиялық-стилистикалық сияқты бірнеше топқа бөлуге болады екен.
Адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынас екі түрлі жолмен: ауызша және жазбаша түрде жүзеге асады. Біз ойымызды, біреуге немесе көпшілікке арналған айтарымызды бір-бірімізге сөйлеу, жазу арқылы жеткіземіз. Бабаларымыздың ежелден сөз қадірін біліп, сөзге тоқтағанын бәріміз жақсы білеміз. Даналар ұрпағына «аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі, қадір-қасиетіңнен айырыласың» деп ескертіп, сөйлеудің мәнін өсиет етіп, мәңгілік мұра қалдырды. Осылайша сөз құдіретінің абырой, беделін асырып, перзентіне үлкен міндет, аманат тапсырды. Қазақ сөзін дұрыс айтудың ережелері де емле ережелерімен бірдей маңызды. Тіл туралы сөз болғанда, сөйлеу тілінен гөрі жазба тілдің мәселелеріне әлдеқайда көп көңіл бөлінеді. Тілші ғалымдар да зерттеулерінде сөз мәдениетін, сөз этикетін ұмыт қалдыра береді. Ауызша сөздің жатық айтылуы, үндестік заңын сақтай отырып, орфоэпиялық нормаларды білу, әріптердің емлесін, оның айтылу нормасымен қатар меңгеру - тілші парызы. Осының бәрі қоғамның сөйлеу мәдениетінің деңгейіне әсер етпей қоймайды.
Халқымыз дұрыс сөйлеуді қайдан үйренеді?
Әрине ТД-дан үйренеді. Сондықтан қазақ тілі – ғажап тіліміздің кереметтігін дәріптеу дәуірі туды. Теледидар тілі қалай сөйлейді, солай қабылдаймыз. Ия, тілдік қорымыз теледидарда айтылған сөздермен толығады. Айталық түрік сериалдарында жиі айтылатын мына сөздер тілдік қорымызға сіңіп барады: қош келдіңіз десек, хош көрдік дейміз. Рақметтің баламасы ретінде қолың дерт көрмесін дейтін болдық. Ал, балалар мультфильмдерде жиі айтылатын анашым, әке сөзі мама, папаны ығыстырып барады. Аташка, әжешка, дочка, сынок, дәс, дәстан мультфильм жасаушы аниматорлар құтқарар деп ойлаймын. Бұл телеэкранда айтылатын сөздің тез қабылданатын құдіреттілігін айтып отырмын. Теледидар арқылы біз халқымызды, отанымызды танимыз, дос, дұшпанға таныта аламыз. Сөйлеу барысында адамның қандай ортадан шыққаны, білімі, әлеуметтік жағдайы, мінез-құлқы, мәдениеті аңғарылады. Ал, теледидар сөзі ұлттың болмысының көрсеткіші. Журналистің тілді қаншалықты сауатты меңгергендігі оның жазғанынан ғана емес, сөйлегенінен де көрінеді. Қазіргі таңда ТД тілі ауызша дұрыс сөйлеудің қалыптасқан формаларынан ауытқып, ырыққа көнбей барады. Дұрыс сөйлеу деп – әдеби тілдің нормаларын сақтай отырып, ана тілде мүлтіксіз таза сөйлеуді айтамыз. Адам дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастырмай, жоғарғы ақыл мәдениетіне жете алмайды. Өткен жылы «Хабар» телеарнасынан берілген, «Бұйымтай» бағдарламасында және басқа да арналардан әнші Серік Ибрагимовтың ән мәтінінде «беймарал», «шик», «кис» сөздері сан рет қайталанып айтылды. Беймарал – өңірлік сөз. «Шик» сөзі французша – өзгеше көріну деген мағанамен қарайлас сөз.. «Кис-кис» деп орыс ағайындар мысығын шақырады. Бұл әзіл ән шығар. Десек те, оның тағы бір ән мәтінінде «тфәй-тфәй» делінеді. Бұл – бір ғана мысал. Осылайша, әншілер әннің мәтінін жазған ақындар да ана тілімізді табанға салып таптап келеді. Сөз байлығымыз да бізге атадан берілген мұра, оны бүлдіруге хақымыз жоқ. Бірақ, телеарна әншілердің осы кемшіліктеріне жол беріп отыр. Бұл – кәсіби кемшілік. ТД тілінде ауызша айтылған сөздің әуезділігі мен дыбысталған cөздің құлаққа жағымды естілуі аса маңызды. Себебі, ТД-дан біз ақпаратты көру, есту арқылы қабылдаймыз. Сондықтан ТД тілінің дыбысталуына басқа ақпарат құралдарына қарағанда айрықша талап қойылады. Кадрде сөйлеген кезде радио, сахна тіліндегідей құрмалас сөйлемдер мен күрделі есімдік, етістіктер, ұзақ цифрлар қолдануға келмейді. Себебі, ТД мәтіні қысқа, анық, айқын болып, құрмалас сөйлемдер мен етістіктерді, ұзақ цифрларды, бір cөзді қайталамауды міндеттейді. Өйткені, адамның сөйлеу барысында тілі күрмеліп, тынысы тарылады, ой айқындығы бұзылады. Бұл, әсіресе жаңалықтар тіліне қойылатын қатаң талап. Лингвист мамандар мен қалың жұртшылық теледидар тілінің жұтаңдығына наразы. Көрермен бүкіл арналарды түгел бауырынан өрбіткен қазақ телевизиясының мұрагері «Қазақстан» ұлттық арнасының сөйлеу тіліне ренжулі. Неліктен? Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының тіл заңдылықтары туралы еңбектеріне сүйене отырып, ТД тілінің қателіктерін былайша топтадық:
Біріншіден, ана тіліндегі сөздің төл мағынасын дұрыс ажырата білмеу, түсінбеу;
Екіншіден, сөйлемді дұрыс құрамау;
Үшіншіден, сөздерді дұрыс айтпау, үндестік заңын ескермеу.
Сөздің төл мағынасын дұрыс ажырата білмеу дегеніміз не?
Тележурналистер жиі қолданатын сөздің бірі – ақтық. Шоу бағдарламалардың үздігі әрі бірегейі өткен жылғы «МузАРТ LIVE» мегажобасында жүргізуші екі көркем жігіт Әділ Ахмет пен Нұрсұлтан Есжан «МузАРТ LIVE» жобасында «әрдайым ақтық мәреге жетті» деп хабарлап отырды. Бұл қолданыс дұрыс емес. Неге? Айталық, 2016 жылы желтоқсан айындағы «Хабар» жаңалықтарында мынандай ақпарат таратты: «Алаш жұрты Әбілсейіт Айхановты ақтық сапарға шығарып салды». Бұл мәтінде «ақтық» сөзі өз мағынасында дұрыс қолданылды. Ал, спорт шолушылары бұл сөзді «ақтық мәреге жақындап қалды» деп қолданып, теледидар тіліне сіңіріп жіберді. «Ақтық» сөзінің этимологиясы мынандай: «WikiBilim» қоғамдық қоры жинақтаған «Қазақ тілінің әмбебап сөздігінде», «ақтық» сөзіне «ең соңғы», «ақырғы» деген түсінік берілген. Мысалы: «Менің саған ақтық айтар ақылым мынау: осы өзіміздің елден шамаң келсе, Алысқа кет. Менің ақтық ақылым осы, Бұқарбай» (М.Жұмабаев, Шығармалары). Мұнда Бұқарбайға айтылған ең соңғы сөз «ақтық сөз» деп қолданылған. «Ақтық дем», «ақтық сапар» деп те қолданылады. Яғни, адамның соңғы демі қалды деген мағынаны береді. «Ақтық» сөзі өлім аузында жатқан адамның соңғы әрекеттеріне, соңғы рет ішетін асына қарата айтылады. «Ақтық дем» дейді, «ақтық демі таусылғанша», «ақтық асын ішті» дейді. Ия, құлағымызға түрпідей тиетін «ақтық» сөзінің мәні осы.
...«Бесбармақ», «Бешбармақ», «Бешбармак». Бұл ана тілді түсінетін қазақтың зығырданын қайнататын сөз.Тілімізге жабысқан кеcапаттың бірі, қорқыныштысы. Қазақтар өзінің ежелгі үлкен асын «ет» деп атайды. Ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетінде «бәйбіше қазанға ет сал» дейді. «Бесбармақ», бұл сөз қайдан шықты? Қазақ даласына 15-16 ғасырларда жер аударылған төрдегі орыс қонағына «етті қазақ саусағыңмен же», – деп түсіндірген. Бұл сөздің астарында кемсітушілік, кекесін де бар. Тілші ғалымдар сөздің этимологиясын осылай пайымдайды. Кекесінге айтарымыз бүкіл адам игілігінің ғаламатын жасаушы жапон, қытай, корей шығыс халқы әлі күнге қолмен жейді. Ол басқа әңгіме... Бұл – тілімізде ежелден қалыптасқан тұрмыс-санасына сіңген ұлттық ұғымдағы сөзді қалай пайдаланатынын білмеу, білгісі келмеу. Тілді зерттеген ғалымдардың, үлкендердің сөзін тыңдамау, елемеу деп түсінеді. Себебі, бұл қателік жайлы БАҚ-та талай айтылып келеді. Отандық арналарда айта-айта жауыр болған «тоғытылды» сөзін қайта қаперлеріңізге салсақ. Телеарна тілшілері «тоғытылды» сөзін «қамалды» сөзінің орнына қолданады: «түрмеге тоғытылды» немесе «темір тордың ар жағына тоғытылды». Лингвист мамандар, «тоғытылды» сөзі – қой, ешкі малына байланысты ғана айтылып, жазылады деген. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты шығарған «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»: «тоғыт – қотыр, қышыма ауруларына қарсы ағынды (не дәрі енген) суға қой, ешкіні салып, жүздіріп өткізу» делінген. Мемлекеттiк тiлдi дамыту институтының сайтындағы түсіндірме сөздікте «тоғытты» сөзінің ауыспалы мағынасы: тоқтаусыз бастырмалатып жiберу, бiрiнiң артынан бiрiн шұбырту. Келесі мәселе, тележүргізушілердің орыс тілінен тура аудармалар топтамасын айтар едік. Қазақ тілінде сөйлейтін барлық арналар үлгі тұтатын «Қазақстан» жаңалықтарының жүргізушісі үні жағымды, көркем қыз Айзада Жақсыбек «назарларыңызға рақмет!» дейді. Орыстар «Спасибо за внимание» дейді ғой. Олар назар аударғандарға рақмет айтады. Бұл тура аударма. «Назар» деген кім, әлде не, жанды зат па, жансыз ба? Ауызша сөйлеу тілінен, үлкендерден де талай естіген боларсыздар, «ана кісінің сәбиге назары аумасын» деп ескертіп жатады. «Саған ана жігіттің назары ауды» дейміз. «Назар» – абстракт ұғым. Сондықтан «назарға» қалай алғыс айтасыздар. Ана тілде «назар қойып тыңдағандарыңызға», «назар салғандарыңызға» рақмет деп айтқан жөн болар. Себебі, жүректің ризалығын білдіретін сөзді қосасыз. Енді рақметті сол жүректі жылытқан сөзге айтасыздар. Сондай-ақ, отандық телеарналарда тележүргізушілер «Алматыда бүгін жаңбыр деп күтілуде» дейді. Дұрысы – «метеорологиялық орталық Алматыда бүгін жаңбыр жауады деп болжайды», «метеорологиялық орталықтың мәліметтеріне қарағанда, Алматыда бүгін жаңбыр жауады», «Алматыда бүгін жаңбыр жаууы ықтимал».
Күтілуде, туылдым сөзі ана тілдің грамматикалық жүйесіне түбегейлі қайшы келеді. Телетілшілердің көп айтатын туылды сөзі лексиконымыздан мықтап орын алды.? Мысалы, «Мен Алматы қаласында туылдым. Мен Алматы қаласында тудым». Туылмайды, туады. «Туады» сөзі – ана тілімізде санаға сіңген бекітілген әдеби норма. Сөздің түбірін Тіл білімі институты шығарған «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»: ТУ – босану, бала табу деп түсіндіреді. Экранда көп айтылатын «мерекеңізбен!», «туған күніңізбен!» «үлкен рақмет!» деген сөздерді алайық. Бұл – орыс тілінен тікелей аударылған сөз. Лингвист ғалымдар қателіктің бұл формасын «калька» дейді. Калька ол тілдің ажарын бұзады, бояуын баттастырып жібереді. Мысалы, «наурыз құтты болсын!», «көлік құтты болсын!» «көп рақмет!» дегендей тілек ниетінде болса құлаққа жағымды естіледі. Сол сияқты «кездескенше», «жүздескенше» аудармаларының біріне «күн жақсы» деген сөзді қоссақ қана, «кездескенше күн жақсы» болып, ана тілдің сөйлем құрау ережесіне дөп келеді. Мәтін қанша керемет болса да, дыбыстардың бұрмалануы, екпіннің дұрыс қойылмауы, сөздердің дұрыс дыбысталмауы тыңдаушының қабылдауына кедергі жасайды. Бұл – нағыз орфоэпия заңдары мен ережелері қолданылатын сала. Орфоэпия, әдетте, жазба тілінде көрінбейтін ауызекі тілдің ерекше құбылыстарын норма ретінде зерделейді және анықтайды. Тележүргізушілер қателіктерінің бірі – «ә» әрпін дыбыстағанда «а» деп айтуы. Лингвист ғалымдар ана тілдегі сөздің нормаларын бұзып айтуды интерференция деп атайды. Бұл, әсіресе, әнші жүргізушілердің сөйлеу тіліне кенедей жабысқан әдет. Олар «а»-ны орыс тіліндегі дыбысталуымен айтып, сөздің мәнін қашырады. Мысалы, «жАй», «шАй» дейді. Қазақ «шӘй іштім», «жӘй» келдім» деп айтады. Қазақ «мАшинамен келдім» деп жазады, «мӘшинамен келдім» деп ауызша айтады. Орыс тілінде «Ә» дыбысы жоқ. Сондықтан, «ә» дыбысының дыбысталуы өзгерді. Тележүргізушілердің бір тобы «байланЫсты» сөзін айтқанда «Ы» дыбысы естілмейді. Атап айтқанда, журналистің жазғанын оқып беретін тіл ережесін бұзатындар – тағы да сол әншілер қауымы. Теледидардан сөз сөйлеу – фонограммамен ән айту емес, ол тележүргізушіден шешен тілді тіл заңдылықтарын білуді міндеттейді.
Орфоэпиялық нормадан ауытқулар дегеніміз – кез келген тілдің жүйесіндегі дұрыс дыбыстау ережелерін бұзу, айту ережелерінен ауытқу деген мағынаны білдіреді. Бірақ термин сөздердегі «А» сөйлеу тілінде «Ә» дыбысына айналады деген сөз емес. Тілімізде өзекті мәселенің бірі – қазақ тіліндегі термин сөздердің құбылып бір арнаға түспеуі де кедергі болып отыр. Мысалы, артист сөзінің шыққан төркіні (франц. artiste), артисті – біз әртіс деп өзгерттік. Бұл дұрыс па? Сөйлеу тілінің білгірі Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов «Жас қазақ» басылымына берген сұхбатында «әртіс» деп аудару – біріншіден – білімсіздік, екіншіден – грамматикалық қате. Себебі, грамматика заңдылықтарында қазақтың кестелі сөзі естілуі бойынша жазылмайды. Мырқымбайлыққа бой беретін болсақ, бізді ешкім сыйламайтын болады», – деп түйіндеді әйгілі актер.
Қазір әлемдегі өркениетті елдер өз лексиконындағы ескі, көнерген, құлаққа жағымсыз сөздерді алып тастауда. Олардың орнын заман ағымы тудырған жаңа сөздермен толықтыруда. Мысалы, біздер балкон – қылтима деп (франц.balcon) сөздік қорға халықаралық терминдерді өшіріп, «қылтиманы» тықпалап жүрміз. Осыдан 2-3 жыл бұрын «31»-арна «бір қалада қылтима құлады» деп хабарлағанда жұрт күлкіге қарқ болып еді. Бұл журналистің қателігі емес. Футбол т.б. термин сөздерді пиар, сияқты неологизмдерді аудару Жаманқұловша айтқанда, білімсіздік. PR (пиар) деп қысқартылған ағылшын сөзін орыстар да естуге қолайсыз әрі аудармасы ұзақ болғандықтан, PR-ды жазба, ауызша тілде де осылай қалдырды. Көптеген термин сөздердің қазақша баламасы жоқ, қазақы нұсқасы да дұрыс табылмаған. Сондай-ақ, халықтың сана, жадына сіңіп кеткен сөздерді тықпалап, аударып зорлау нәтиже бермейді. Себебі тілді әлемдік мәдениеттің деңгейімен саралап, салыстырып отырмасақ, «Мырқымбайлық» күйде қала береміз.
Даланың даналары «елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» деп болжап кетті емес пе? Сонымен қатар, экранда көп айтылатын мерекеңізбен, туған күніңізбен, үлкен рақмет деген сөздерді алайық. Бұл орыс тілінен тікелей аударылған сөз. Лингвист ғалымдар қателіктің бұл формасын калька дейді. Калька ол тілдің ажарын, дыбысталуын, әуезділігін бұзады. Мысалы, «Наурыз құтты болсын!», «Бесік тойы құтты болсын!», «Көлік құтты болсын!» дегендей тілек ниетінде болса, құлаққа жылы, жағымды естіледі. «Қазақстан», «Хабар» сияқты басты телеарналардың жүргізушілерінің аузынан мына сөздерді жиі естиміз. «Кездескенше», «жүздескенше» деп айтады. Егер бұл сөздерге «күн жақсы» деген сөзді қоссақ қана «кездескенше күн жақсы» болып, ана тілдің сөйлем құрау ережесіне сай келеді.
ТД тілінде айтылуы ерсі дыбысталғанда, құлаққа жағымсыз естілетін сөздер тізбегі де бар. М: «жұмыс істеп», «бірдеңе қылып», «астымда ВМW (журналист Н.Бидосов)». Сондықтан ол сөздерді балама мағынасындағы синоним сөздермен ауыстырған жөн. Өткен жылдарғы жастар мен балаларға арналған «Жайдарман», «Баламен бетбе-бет» бағдарламаларының тілдік деңгейі де, мазмұн жағы да, үлкен арнаның абыройын асырмайтын хабарлар тобына жатады.
Кез келген өнерде техникалық шеберлік болуы тиіс. Сөйлеу техникасы – тыныс алу, артикуляция, сөйлеу мақамы, дауыстың қойылуы және т.б. саладағы практикалық дағдылардың жиынтығы. Сөйлеу техникасына тіл туралы ғылымның сөйлеу нормаларын белгілеумен байланысатын бөлімі – орфоэпия (гректің orthos – дұрыс, тура, және epos – сөйлеу сөздерінен) тікелей қатысты... «Сөйлеу мәдениетінің» келесі анықтамасы: «Жоғары сөйлеу мәдениеті – өз ойларын тіл құралдарының көмегімен дұрыс, нақты және анық бере білу. Дұрыс сөйлеу дегеніміз – қазіргі әдеби тілдің нормалары сақталатын сөйлеу тілі. Қарапайым сөйлеу тілі әдеби нормадан ауытқу, басқаша айтқанда – әдеби тілді жеткілікті дәрежеде білмеудің салдары».
Сонымен қатар сөз этикеті сақталуы тиіс. Сөз этикеті деп тек сыпайы мәдениетті сөйлеуді емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа ұйытқы болатын тұрақты, құлаққа жағымды, айтуға жеңіл, көңіл-күйге жайлы әсер ететін сөздерді айтамыз. Бағдарламаларда дыбыстарды дұрыс айтпау, үндестік заңын ескермеу күрделі мәселеге айналды. Соның ішінде журналистің жазғанын айтып, оқып беретін тіл ережесін бұзатындар – әншілер қауымы. Әрі әншілерден редакторлар «тіл заңдылығын сақтамадың, лексикалық-стилистикалық, морфологиялық-стилистикалық заңдылықтарды білмейсің» деп талап қойса орынсыз болар еді. Себебі ол штаттағы қызметкер емес. Әншінің жұмысы – ән салу болғандықтан, артикуляция заңдылығын білетін болар. Олар арнайы шақырумен келіп, ТД осылайша тілдегі қателікті ауыздықтай алмай, еркіне жіберіп алды.
Журналистер мен тележүргізушілердің сөйлеу тілінде аса мән бермейтін қателіктерінің бірі – лингвистикалық қауіпті сөздер. Бүгінгі таңда БАҚ құралдарына тағылатын айыптың 70 пайызы жекелеген азаматтардың атына нұқсан келетін сөздермен байланысты. Сөйлеу мағынасына қарай лингвистикалық қауіпті сөздерге: опасыз, екіжүзді, жексұрын, жезөкше, ұры, алаяқ, зорлау, азаптау, ұрлау, жемқор, жылпос, сатқын т.б. сөздер жатады. Бұлар әдеби сөздер болғанымен, ресми жағдайда айтылса, теріс іс-әрекетті білдіріп, адамдар заң алдында жауапқа тартылады. ТД тілінде жиі айтылатын «құндыз жағалы», «ақ жағалы», «қарагөздер» сөздері қауіпті болмағанымен, адамның көзіне, жағасына қарап атау мәдениеттілік белгісі емес. Бұл – кәсіби кемшілік. Көрермен тапжылмай көретін рух көтерер бағдарламаларды аңсайды. Ол – көркем тілді хабарлар. Біз үлгі тұтатын өрелі елдер телевизиясының өнімдерін басқа жұрт тек өз ана тіліне аударып көреді. Бұл – ел тәуелсіздігі мен отан қауіпсіздігін сақтап, тілді қыл көпірден аман алып шығудың амал, айласы. Ол – тарихтан белгілі тұлғалар, даланың ұлы аналарының бейнесі атамекеннің ғажайып табиғаты мен этнографиясы туралы деректі фильмдер. Бұл фильмдер ағылшын тіліне аударылса, әлемге таныламыз. Сондай-ақ, жастарға арналған танымдық ақыл-ой жарысы, балақайларға арналған ата мен әженің ертегі хабарлары, шоу бағдарламалар керек. Шоудың өз міндеті бар. Шоулар «бір ауыз сөз тоқтайтын» халықтың рухани азаттығына кепілдік бола алмайды. Оның аты – тіл. «Қазақша сөйлейік» деп зарлаудың күні өтті, «қазақ тілі ғажап, тілдің кереметтігін» дәріптеу дәуірі туды. Себебі, халқымыздың саны 70 пайыздан асып барады. Көрермен теледидардан ұлттық болмыстың абыройын асқақтатқан, тілдің шырайын шығара сөйлейтін кәсіби тележурналистерді көргісі келеді.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ