КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Біртұтас Қазақ Ордасының ханы Абылайдың және оның ұрпақтарын халқымыздың қадір тұтатындығы әмбеге аян. Қазақ музыка тарихында елеулі хан әулетінің күйлері мен музыкаға әуестігі жөніндегі аңызға айналған кейбір гәптің бірен-сараны қағаз бетіне түскенімен, алайда толықтай жүйеленбеген.
Қазақтың күй өнері де салт-санамыздың, таным-түсінігіміздің, ұлттық әдеп-ғұрпымыздың һәм рухани құндылығымыздың нысаны екендігі ретінде саралауға тұратындығын Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұбанов, А.Жұбанов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Сарыбаев, Ө.Жәнібеков, М.Мағауин, А.Сейдімбек сынды ғалымдардың еңбектерінен табамыз. Күй туралы алғашқы жазба деректерді Қ.Жұбанов ХІІІ ғасырдан да бұрын болғанын жазса, А.Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» атты еңбегінде: «XVI ғасырдан бермен қарай «күй» сөзі тек аспапты музыканы ғана білдіретін мағынаға ие болады. «Күй деген сөз, әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады», – деп жазады. Ғалым Г.Байбосынова күй туралы ХҮ ғ өмір сүрген Әбдіқадір Мурагидің трактатында кездесетінін тілге тиек етеді. Орта ғасырларда өмір сүрген түрк ғұламалары Ж.Баласағұнның «Құтты білік», М.Қашғаридың «Түрк халықтары тілдерінің сөздігі», А.Игүнекидің «Ақиқат сыйы» еңбектерінде сыбызғы, қыл қобыз, домбыра, дауылпаз, най сынды қазақтың күні бүгінге дейін жеткен музыка аспаптары туралы жазылған. «Күй» сөзі түрік тілдерінің деректерінде XI ғасырдан бері белгілі. М. Қашқаридің әйгілі еңбегі «Дивани лұғат ит түрік» атты сөздігіндегі «көк» (қазақта күй болып айтылады) деген атау аспапты музыканы да, әнді де білдіреді. 
ІХ-Х ғасырларға бойласақ, «...Музыка мақамы ғаламның ғажайып үндестік гармониясын түсіндіреді. Осындай дәрежеге көтерілген адамдар ғана философиямен айналысуы керек», деп әйгілі Музыка туралы трактатын жазған ойшыл Әл-Фараби мен қобызшы, абыз Қорқыт атаға келеміз. 
«Заманына сай адамы» демекші, ертеден Қазақ жерінің байырғы тұрғындары, біздің ата-бабаларымыз тартқан, бұл күндері «Халық күйі» деп аталып кеткен музыкалық мұрасы мол. Халқымыздың музыка тарихында «Шаңды жорық», «Ала байрақ», «Терісқақпай», «Майда қоңыр», «Атты әскер шеруі» және кейбір деректер бойынша жиырмаға жуық күйлерді қалдырған Абылай ханның күйшілік өнері туралы сөз қозғағанда, ең алдымен оның заманы ойға оралады.
Бұл ауыр кезеңдер туралы Абылай ханның ұрпағы, ғалым Шоқан Уәлиханов былайша суреттейді: «ХҮІІІ ғасырдың бас кезі қазақ халқының өміріндегі жан түршігерлік ауыр кезең болды. Жоңғарлар, Волга қалмақтары, Жайық казактары және башқұрттар жан-жақтан халықты талан-таражға салды, малдарын айдап кетіп, өздерін бала-шағасымен тұтқынға алып кетті. Қақаған қыс, ашаршылық – міне, осының бәрі нағыз тозақ азабындай халыққа қатты батты. Мұның сыртында, император Цян-Лун өздерінің Хан және Тан династиясының кезін қайталағысы келген болу керек, 1756 Ойрат-қазақ арасындағы екі жүз жылдық қырғын соғыстың ең соңғы жаңғырығы – алаш жұртының санасында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі». 
Шоқан Уәлиханов «Абылай» атты жазбасында: «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айырықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілерінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының сөзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған. Домбыра мен қобызда орындалатын небір күйлер соның дәуірінде дүниеге келген және сол кезеңді сипаттайды», – дей келе, «Шаңды жорық» – халық күйі, жаудан беті қайтып көрмеген жүрек жұтқан Баян батыр опат болған шабул кезінде шыққан күй екендігін ескертеді. М.Мағауин дерегінде Шаңды жорық оқиғалары туралы қаншама тарихи әңгіме сақталғандығы мен «Шаңды жорық» – деп аталатын күй де болғандығын, шын мәнінде бұл шаң бораған жорық емес, қан судай аққан, қалмақтармен соғыс тарихындағы ең аяусыз, ең қатал және құрбандығы да шектен шыққан, аса зор әрі ең ақырғы майдан болғандығына тоқталады.
Жоңғар шапқыншылығы кезеңінен сақталып келе жатқан сирек туындылардың бірі халық күйі – «Қаракерей Қабанбай». Бұл күй дарабоз батыр Қабанбайға арналған, күйшілердің кіріспе ретінде сыйынып тартатын күйі деп түсініктеме береді, белгілі күйші, музыка зерттеушісі Б.Ысқақов. 
Жаугершілік заманнан жеткен көп тармақты, өте қайратты адуынды өр мінезді асқақ күйлердің бірі «Бозайғыр» туралы Абылайға қатысты тарихи әңгіме сақталған. М.Мағауин «Бозайғыр» күйінің он алты нұсқасы бар екенін айтқан. Аңыз сорабына қарағанда бұл күйдің алғашқы нұсқасын шерткен ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген Байжігіт күйші. Осы орайда М.Мағауин жазған «Күй иесі Байжігіт» атты тарихи әңгімесінен үзінді келтіре кету артық болмас деп ойлаймын. 
«Қалмақ ордасы талқандалғаннан кейін, қалмақтың ең соңғы ханзадасы Галдан-Цереннің ұлы Әмірсана азғантай нөкерімен келіп Абылай ханды паналайды. Алайда Ресей мен Қытай сияқты ұлы империялар Әмірсананы қайтаруды талап етіп Абылай ханға қайта-қайта хат жазады, елшілер жібереді. Ақырында Абылай хан: Қарағым, мен енді сені ұстап отыра алмаймын. Сені үлкен елдер сұрап отыр, қол-аяғыңды байлап және ұстап бере алмаймын. Әкең Қалдан-серіге берген сертім бар еді. Сондықтан, қасыңа жүз нөкер берем, қару-жарақ берем. Жолыңды тап, алдыңнан Тәңір жарылқасын, Қолымнан келгені осы» деп ханзаданы шығарып салады. Кейіннен Әмірсана атысып-шабысып жүріп әйтеуір бір жерде өлді деген хабар жетеді. 
Сол кезде Абылайдың ордасына Қытайдың үлкен елшілігі келеді. Дастархан үстіндегі дәстүрлі қабылдау кезінде Қытайдың бас елшісі Абылайға қаратып; «Менің Боғды ханым қалмақтың бүлікшіл ханзадасы осы қазақ жерінде өлді деп естіп мені сізге аттандырды. Боғды ханның сізге айтар тілегі, қазақ жеріне жиырма мың Қытайдың әскерін кіргізуге және ол әскерге Ертістің суын сүзіп, орман-тоғайды аралап Әмірсананың мүрдесін іздеуге рұхсат етсе екен дейді. Бұған не дейсіз, Хан» дейді. Абылай ештеңе демейді, тек бар болғаны «Ас алыңыз, қонақ» дейді. Небір уақыттан кейін өзінің оң тізесін басып отырған Байжігітке қарап әлдебір белгі береді. Байжігіт домбырасын алдына өңгеріп елшіге қарап «Құрметті елші, қазақта күйдің тарихы деген болады. Мен сізге «Бозайғыр» деген бір күй тартып берейін» дейді. «Баяғыда жау келіп, елді шауып, көп жылқыны айдап кетеді. Сонда жылқының құты – Бозайғыр үйірінен бөліне қашып, туған жеріне қарай тартады, Жаулар қанша ат ауыстырып мініп қуса да Бозайғыр қара шалдырмай кетеді. Сонда Бозайғыр туған жерінің өртенген жұртына келіп, артқы аяғын қағынып, күңіреніп тұрғаны екен» деп бір күркіретіп тамаша күй тартады. 
Ертеңінде Қытайдың елшісі ханның қабылдауына қайта келеді. Мәжіліс үстінде «Ал, хан, біздің кешегі тілегімізге не айтасыз мен өзімнің әміршіме не жауап айтып барайын» дейді. Абылай хан жайбарахат қана» жауабы кеше берілді емес пе?» дейді. Сырын терең сақтайтын, бет әлпетінен ештеңе біліне қоймайтын қытай елшісі құрметпен бас иеді де шығып жүре береді. Енді хикаяның екінші тармағы Қытайдың Боғдыханының сарайында өтеді. Қазақ ордасынан қайтып келген елші болған жайдың барлығын баяндайды да, ең соңында «қазақ ханы неге екенін білмеймін, сіздің тілегіңізге жауап қайтармады. Жауап кеше берілді деп қоя берді» дейді. Қазақ ордасының жай-жапсарына әміршілерінің бедел-салмағына, қазақтың әдет-ғұрпына қанық Боғды хан елшіге «қабылдау кезінде қандай билер мен сұлтандар болды, кім қай жерде отырды, табақтың тартылу реті қалай болды» деп сұрайды. Елші болған жайдың бәрін тәпіштеп айтып береді. Боғды хан ойланып отырып «Дастархан басында күй тартылды ма?» дейді. «Я, тартылды» дейді елші. «Нендей күй, кім тартты, хикаясы қандай?» дейді Боғдыхан. Елші «Күйдің аты Бозайғыр» екен. Хикаясы пәлен-пәлен екен. Күйді тартқан адам Абылай ханның уәзірі Байжігіт мырза дейді. Боғдыхан біраз уақыт мүлгіп ойланып қалады. Ақырында «Дұрыс, Абылайдың жауабын мен түсіндім. Оның айтпағы Әмірсананы іздеген болып, ел ішіне әскер кіргізесің. Басқаны бағындырсаң да Бозайғыр сияқты асау қазақты бағындыра алмайсың деген екен» дейді. 
«Бозайғыр» күйіне қатысты оқиғамен байланысты болуы әбден мүмкін қазақта «Қалмақ қызының әні» деген ән бар. «Қалмақ қызы» күйінің тарихына ұқсас ұзақ жылдарға созылған қалмақ-қазақ соғысына байланысты туған «Қалмақ қызының әні» деген тарихи ән бар. Оны белгілі музыка жинақтаушысы Т.Бекхожина жазып алып, нотаға түсірген. Т.Бекқожина бұны қысқаша былай баяндайды: «ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы үлкен бір қақтығыс үстінде қазақ әскерінің қолына қалмақтың әйгілі ханы Ғалдан-Цереннің сұлу қызы тұтқынға түседі. Қазақ ханымы Айкүнім өрімдей жас қызға жаны ашып, оны өз баласындай бағады. Арада уақыт өтіп, екі жақ бітімге келген соң, қалмақ қызы өз еліне оралады. Сонда қазақ халқының асқан бауырмалдығын, өзіне көрсеткен ерекше ықыласын, қамқорлығын осы ән арқылы жеткізген екен деседі:
Айдарымды Айкүнім моншақтаған,
Қадірімді бұл елде кім сақтаған.
Биік таудың басына шығып тұрып,
Жоқтайыншы елімді ардақтаған, – деп келетін ән әуезі өте сазды, сағыныш сезіміне толы», – дейді. 
Абылай ханның «Майда қоңыр» күйі туралы мынадай аңыз бар екен: Абылай ханның жорғасы болыпты. Әлгі бір жорғалағанда үш алуан, кейде арындап, кейде ақырындап, кейде аяңдап жорғалайды екен. Содан оның жорғасын майда қоңыр атап кеткен. Осы жүрісін домбыраға салады. Бірақ «тіл болады» деп ешкімге көрсетпей, айдалаға барып тартады. Сонда күй тартып отырған ханды, қой бағып жүрген қойшы ғана көріп, күйді қолындағы таяғына түсіріп алады да, ауылға келгенде: – Абылай хан жорғасының жүрісін былай салды, деп таяғымен тартып көрсетіпті. Содан күй елге тарапты, – деген дерек бар. 
Өткен ғасырда ел арасындағы ән мен күйлерді жинақтау ісінде, Сәкен Сейфуллин музыкалық сауатты мамандарға зор мүмкіншілік жасап қана қоймай, өз орындауында бірнеше ән-күйлерді жазып алушыларға жеткізген. Қазақ ән-күйін жинап зерттеуші А.Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында: «Сәкен Сейфуллин тамаша әнші, әрі күйші, Ақмола өңірінің ән-күйлерін жетік білгірі» – деп жазды. Сәкен Сейфуллиннің орындауында А.Затаевич Абылай ханның атты әскерінің шеруі «Терісқақпайды», «Тоқа» күйлерін», «Шаш сипар», «Сауытбектің зары», «Күн мен ай», «Толғау» әндерін жазып алған. 1921 жылы І.Жансүгіров «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында А.Затаевич сықылды ынталы мамандарды кезінде пайдаланып қалған олжа екендігін, қазақ музыкасын жинақтаушы Семей арқылы Қарқаралыға барып әндермен бірге мынау күйлерді алып қайтты деп бірнеше күйлерді атайды. Олар: «Қосбасар», «Абылайханның қара жорғасы», «Бозайғыр», «Аққу», «Ақборан», «Нар идірген», «Ой, бауырым», «Бестөре», «Сарыөзен», «Шал-кемпір», «Терісқақпай», «Кенесарының көк балағы», «Қалмақ қара жорға», «Тәттімбеттің былқылдағы» және басқалар деп көрсетеді. Сөз соңын қалайда қазақ күйлері жиналсын деп түйіндейді. 
«Музыкалық тәрбие – бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу», деген ұстаз В.А.Сухомлинскийдің қағидасы да осы оймен тұспа тұс келетіндігін қаперде ұстауға тұрарлық. 

Халық сөзі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 89806 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика