THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Икрам Хашимжанов: Қазақ топырағында өмір сүріп, оның тілін білмеу – ұят
Авторы: MTDI
19/05/2017 12:37 0 48489 0
Елбасының қолдауымен биылғы қой жылы ресми түрде «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы» болып тағайындалды. Қай кезеңде де, қай салада да елімізде басқа ұлттарға деген көзқарас пен жомарт пиғылдың ешқашан ортаймағанын еске алсақ, ағымдағы жылы айтулы дата аясында басқа халықтар өміріне деген ерекше ықылас үкімет тарапынан одан әрі арта түспесе, кемімейтіні сөзсіз.
Тағдырдың жазуымен Қазақстанға қоныс аударып, тұрақтап қалған ұлттар мен ұлыстар өмір салты бүгінгі таңда тұтастай төл халқымыздың тіршілігімен астасып кетті. Ал, одан да жіті үңілсек, мұның бәрі тілі мен ділі бөлек болса да, тілегі бір әр халықтың даласы дархан, пейілі көл-көсір қазақ елін бүгінде екінші Отанына балайтындығының көрінісі. Бүгінде осындай өзіміз тілге тиек етіп отырған «Қазақ елі – жерұйығым» дейтін халықтың бірі – өзбектер ежелден-ақ ғұрпы мен салты, наным-сенімі, таным-түсінігі жағынан қазаққа өте ұқсас халық. Сол себепті де олар түркітілдес халықтар арасында төл ұлтымызға біртабан жақын. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы. Біз осы айтулы датаға орай, саны жағынан қазақтардан кейін екінші орында тұрған, өзбектер анағұрлым көп қоныстанған Оңтүстік өңірдегі өзбек ұлттық-мәдени орталығына бас сұғып, оның жетекшісі Икрам Хашимжановпен сұхбаттасқан едік…
ТІЛІ БАСҚА – ТІЛЕГІ БІР…
–Ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім тұрақтылығы Қазақстандағы әрбір ұлттық-мәдени орталықтың басты мақсаты екені айтпаса да түсінікті. Бұл орайда ОҚО өзбек ұлттық-мәдени орталығы мүддеден шығып отыр дей аласыз ба?
– ОҚО өзбек ұлттық-мәдени орталығының құрылғанына биыл, міне, аттай 25 жыл. Біздің орталықтың да негізгі міндеттері – өзбек тілін, мәдениеті, өнерін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухани құндылықтарды барынша нығайтып, одан ары дамыту. Бүгінде Қазақстанда тұратын өзбектер саны жарты миллионды құрайды. Соның ішінде, әсіресе өзбектердің анағұрлым көп шоғырланған аймағы Оңтүстік Қазақстан облысында олар қазақтардан кейін екінші орында болса, республика бойынша үшінші орында. Облыс аумағындағы жалпы саны 143 мектепте өзбек ұлтының өкілдері өз ана тілдерінде дәріс алуда. Оның ішінде 86 мектеп қазақ-өзбек, орыс-өзбек аралас мектептері болса, 57 мектеп таза өзбек тілінде шәкірттерге білім нәрін себуде. Жалпы, бүгінгі күні облыс қалалары мен аудандарында аталмыш ұлттық-мәдени орталықтың 13 филиалы жұмыс істейді. Облыстық этномәдени орталығы олардың қызметін үйлестірумен қатар оларға әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді. Біздің этноорталықтың басқалардан басты ерекшелігі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ішіндегі аз ұлттар істері жөніндегі комиссарларымен (комиссарлар Ван де Стул, Кнут Воллебек) орталық келісімге келіп, арнайы келісімшарт арқылы жұмыс жүргізуді қолға алғандығы деп ерекше мақтанышпен айта аламын.
ФЕСТИВАЛЬҒА 28 АСПАЗ ҚАТЫСТЫ
– Өзбек ұлттық-мәдени орталығының осы кезге дейінгі ауыз толтырып айтар жетістіктері деп нені айрықша атар едіңіз?
– Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойы республикадағы өзге ұлттар өкілдерінің көптен күткен ұлық мерекелерінің бірі болмақ. Біздің орталық аймақтағы, республикадағы қоғамдық маңызы зор мәдени-көпшілік шаралар мен форумдардан ешқашан тыс қалып көрген емес. Одан бөлек, қыркүйектің соңында облыс орталығында «Өзбек ұлтының күні» мейрамы жан-жақты аталып өтілді. Бұған қоса жыл сайын дәстүрлі өткізіліп келе жатқан «Офарин», «Бәрекелді», «Балаларымыз – бақытымыз» атты шаралар өзге этностармен ынтымақтастықтың кепілі болса, «Бейбітшілік пен келісім» жол картасы аясында өткізілген «Достық дастарханы» фестивалі – өзбек ұлттық тағамдарын насихаттаудың ең оңтайлы жолы. Өткен жылы бұл фестивальға қатысқан 28 аспаздың ішінде көршілес Өзбекстаннан бірнеше кәсіби аспаз да арнайы қатысып, бақ сынады. Сондай-ақ, біз дін, діл мәселесіне де немқұрайлы қарамаймыз. «Ислам және қоғам» атты арнайы бағдарламамыз қазіргі жастарымызды жат ағымдардан сақтандыру мақсатында ұдайы үгіт-насихат, ағартушылық жұмыстарын жүргізіп келеді.
ӨЗБЕК РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ – АНСАМБЛЬ МЕН ТЕАТР
– Бүгінде өзіңіз басқаратын этномәдени орталықты өзбек ұлттық руханиятының алтын діңгегі деп айтуға негіз бар ма?
– Осы кезге дейін кең байтақ Қазақстанда қазақ ұлттық театрларымен қатар иық тірестіре орыс, ұйғыр, кәріс, неміс театрлары жұмыс істеп келсе, енді оның қатарын біздің өзбек театры толықтырды. Оңтүстік Қазақстанның киелі бір пұшпағы – Сайрам ауданында 2003 жылы шаңырақ көтерген өзбек драма театрының ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысып, арнайы құттықтауы мен ақжарма тілегін арнаған болатын. Одан бері де зымырап 12 жыл өтіпті. Бүгінгі таңда театрдың уығы бекіп, қабырғасы қатайып, әртістеріміз едәуір тәжірибе жинақтады. Театр репертуарында тек өзбек драматургтарының туындылары ғана емес, қазақ, қырғыз, тәжік драматургтарының да айтулы шығармалары бар. Атап айтқанда, А.Жамалдың «Опасыз ақшалар», И.Зайырдың «Қарыз», Ә.Файзуллаевтың «Нан батыр» М.Әуезовтің «Абай», Д.Исабековтың «Ескерткіш» спектакльдері – өзбек әртістерінің қабырғасына тең келген сүбелі дүниелер. Театр ашылғаннан бастап, тәжірибе алмасу мақсатында Ташкенттен А.Хожакулиев, М.Мансуров, Қ.Садуллаев, А.Салимов секілді айтулы өзбек режиссерлерін шақырып, шеберлік сыныптарын өткіздік. Бүгінде біздің театр әртістері гастрольдік сапармен Алматы, Астана, Түркістан, Тараз қалаларында, облыс аумағындағы барлық аудандарда өнер көрсетіп келеді. 2014 жылы мамыр айында Әйтеке бидің 370 жылдығына орай Ташкентте өткен қазақ, өзбек халықтарының «Біз бір халықпыз» атты достық фестивалінде театр ұжымы Аброр Хидоятов атындағы өзбек мемлекеттік театрында С.Жұмағұловтың «Күйеуіңді бере тұр», И. Зайырдың «Қарыз» спектакльдерімен қатысып, үлкен марапатқа ие болды. Мұның бәрі, түптеп келгенде, қазақ елінде өзбек мәдениеті мен өнерін дамыту үшін еш кедергінің жоқ екенін тағы бір рет айғақтаса керек. Енді, өзбек руханиятының бір бұтағы ретінде кешегі КСРО кезінде атағы аспандаған әйгілі «Гунча» ансамблін білмейтіндер бүгінде кемде-кем. 40 жылға таяу тарихы бар бұл өнер ұжымы 1975 жылы халық ансамблі атағын алды. Ансамбль мүшелері тек Оңтүстік өңірде ғана емес, Қазақстанның, ТМД елдері мен Орта Азияның бірнеше қалаларында өнер көрсетіп, көрермендер ықыласына бөленді. Өнерпаздар өзбек музыкасымен ғана шектелмейді. Түрлі той-томалақтарды айтпағанда, жыл бойы Алматы, Астана, Көкшетау, Қызылорда секілді қалалар тұрғындарының арнайы шақыртуымен гастрольдік сапарға шығып, қазақ, орыс, тәжік, үнді халықтарының шығармаларын орындап, концерт береді.
ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҚАЗЫНАМЫЗ
– Қандай ұлттың өкілі болмасын, өзі өмір сүріп жатқан елдің мемлекеттік тілін де, ресми тілін де құрметтей білуі тиіс. Қазақ топырағында өмір сүріп, оның тілін білмеу ұят. Біздің орталықта тіл үйрету сабақтары жүйелі жүргізіледі. «Мемлекеттік тілді білу – парызың», «Мемлекеттік тіл – достықтың дәнекері» атты республикалық байқаулар осы сөзімнің нақты мысалы. Бірнеше жыл бойы осындай байқауларда жеңіп шыққан талапты жастарға еліміздің жоғары оқу орындарында грант арқылы тегін оқуға сертификаттар беріліп келеді. Мемлекеттік тіл – баршамыздың баға жетпес қазынамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арай Сахариева
"Қазақстан Заман" газеті
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ