THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қытайдағы қандастарымыз қай телеарналарды тамашалап отыр?
Авторы: Бақытжол Кәкеш
01/06/2017 10:30 0 45719 0
Тағдырдың жазуымен тар жол, тайғақ кешкен қазақтың бір тамыры көрші Қытайда жатқаны мәлім. Атамекеннен жырақта жүрсе де, ұлттық құндылықтарымызды дамытуда жасап жатқан жұмыстары сан алуан. Соның бірі бүгінгі қоғамдағы тәрбиенің бір құралына айналған көгілдір экран көрші елдегі қандастарымызға қандай ұлағат көрсетуде? Қытайдағы 2 миллионға жуық қазақ қай телеарнаны тамашалап, қандай радионы тыңдайды?
Бұқаралық ақпарат кеңістігіне алғашқы қадамы 1935 жылы шыққан «Алтай» газетінен басталатын Қытайдағы қандастарымыздың қазақ тілді телевизиясы келер жылы 30 жасқа толмақ. Шынжаңның Іле қазақ автономиялы облысына кіретін, яғни, Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарына қарасты 22 аудан, 5 қала қазіргі кезде Қытайдағы қазақ ұлтының шоғырлы қоныстанып отырған жерлері. Бұдан басқа ішкі қытайдың батысындағы Тибет үстірті мен шектесетін Гансу өлкесінде кезіндегі Түркияға ауа көшкен қазақтардан бөлініп қалған елдің бүгінгі ұрпақтары Ақсай қазақ ауданында тұрып жатыр. Сол Қытайда өмір сүріп жатқан 2 миллионға жуық қандастарымыздың рухани қажетіне бағытталған қазақ тіліндегі телевизия бағдарламасының алғаш көгілдір экранға жол тартуы қазақ көрермендерін бір серпілтіп тастаған еді. Жоғарыда айтқанымыздай, тұңғыш газеттің оқырманмен жүздесуі 1935 жылдан бастау алса, қазақтілді радио 1955 жылы тыңдарманын қуантып еді. Ал қазақ тіліндегі телеарна 1985 жылдан бері өз көрермендерімен тұрақты жүздесіп келеді. «Ештен кеш жақсы» демекші, ақпараттың басқа салаларына қарағанда кешірек қолға алынса да, осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтуға тұрар біраз жұмыстардың басын қайырған. Қазір Шынжаң теледидарының қазақша 3-ші арнасының көркемөнер бөлімі «Шарапат», «Балауса», «Жас дәурен», «Керуен сазы» сияқты төрт төлайдардың шырайын жылдан-жылға әрлендіріп келе жатса, қоғамдық тәрбие бөлімі «Шалқар», «Ауыл аясында», «Зерде» деп аталатын төл бағдарламаларын көрермендермен қауыштырып отыр. Уақыт көшімен бұл бағдарламалар жан-жақты кемелденіп, жаңа бағдарламалармен толығып қазақ көрермендерінің қажеттілігін мейілінше толыққамтуды өзекті мақсат етіп келеді. Қазақша кино, телефильм аударып-дыбыстау бөлімі 2004 жылдан бастап, жылдық аударып-жасауөнімділігін 550 серияға жеткізді. 3-ші арна қазақ редакциясы Бейжіңдегі орталық теледидардың «Мемлекеттік, халықаралық хабарларын», «Ағым жаңалықтарын» уақытылы аударып таратса, ақпарат орталығының қазақ редакциясы оны жергілікті «Шынжаң хабарларымен» толықтырып, қазақ көрермендеріне әлемнің, ел ішінің, жергілікті жердің күнделікті жаңалықтарымен уақтылы таныстыру борышын абыроймен атқаруда. Сонымен бірге, Үрімжі қаласындатағы да екі қазақ тілді телеарна жұмыс жасайды. Олар 1993 жылы қарашада құрылған Шынжаңсымды (кабельдік) телевизиясының қазақ тіліндегі 8-арнасы және 2004 жылы желтоқсанның 30 күні ашылған балаларға арналған 12-ші арнасы. Бұл екі телеарнаның құрылуы сондағы зиялы қауым мен билік тізгінін ұстаған ел ағаларының белсенді жұмысының нәтижесінде іске асып отырғанын айту керек. Демек, қытай, қазақ, ұйғыр тілдерінде хабар тарататын оншақты телеарнаның басын құрайтын Шынжаң теледидарының қазақтілді бағдарламаларының эфирдегі уақыты тәулігіне 33 сағатқа жетіп отыр. Мұның 17 сағаты 3-ші арнада, 12 сағаты 8-ші арнада, 4 сағаты 12-ші арнада (қытай, қазақ, ұйғыр тілдерінде бағдарлама дайындайтын балалар арнасы) беріліп келеді. Қазір Шынжаң теледидарында қазақша бағдарламалар жұмысымен айналысатын 250-ден артық қызметкер бар. Шынжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласындағы осы телеарналардан бөлек, қазақ аймақтарының орталықтарында «Іле телеарнасы», «Алтай телеарнасы», «Тарбағатай телеарнасы» қазақша бағдарламалар таратады. Сонымен бірге үш аймаққа қарайтын 22 аудан күнделікті жергілікті жаңалықтарды қазақ тілінде жүргізеді. Қытайдағы қазақ ағайындардың рухани әлемін әртүрлі ақпараттармен байытып келген қазақ тілді осы телеарналардың бүгінгідей деңгейге көтерілуі ауызбен айтасалуға әрине жеңіл. Оның басы-қасында болып, қара жұмысынан бастап басшылық қызметтеріне дейін еңбек еткен Қанат Ережепұлы, Ыдырыш Қайсаұлы, Емен Аңдамасұлы, Ләметқан Әбілқанұлы, Қанат Төлешұлы секілді азаматтардың және әр сала мамандарының қажырлы ізденістері мен ұжымдық қызметтің жемісі деп қарауымыз керек. Қандай мемлекет болмасын, өздерінің ішкі саясатын, идеологиялық үгіт қызметін бұқаралық ақпарат құралы арқылы қоғамға сіңіруді басты мақсат ететіні ақиқат. Қытайдағы үкімет қарамағындағы қазақ телеарнасының да осы қағиданы ұстанары анық. Дегенмен, сондағы қандастарымыз үшін ұлттық мәдениеттің күретамыры – тіліміздің қоғамдағы өміршеңдігін сақтау және дамыту, қазақи салт-дәстүрлердің дәріптелуі, қайта жаңғыруы жолында қазақтілді телеарнаның атқарар рөлі бәрінен де маңызды. Оны осы телеарналардың көрерменге ұсынып отырған қазақи бояуы қанық бағдарламаларынан байқауға да болады. Сөзімізді қорыта айтсақ, Қытайдағы қазақ телеарналарының болашақта да өз жолынан жаңылмай салиқалы ісін ары қарай жалғастыра беруі сондағы қазақ қауымы үшін үлкен мерей. Сонымен қатар, әлем қазақтарының арқа сүйер жалғыз Отаны – Қазақстан мемлекеті үшін де мақтаныш және қолдап, қуаттауға тұрарлық маңызды іс. Қазақстан мен Қытай екі ел басшыларының «Жібек жолы» атты жаңа серпін алған, ауқымды бағдарламалары аясында қалыптасып отырған, түрлі салаларда орын алған қарым-қатынастары өз өміршеңдігін әйгілеп отыр. Шеттегі қазақ телеарналары мен отандық арналардың өзара әріптестік байланыстары да осы тұрғыда жолға қойылып, тәжірибе алмасып тұрса нұр үстіне нұр болар еді.
baq.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ