КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бір елде басымырақ мән берілер, бір елде бұл мәселеге соншалықты мән де берілмеуі мүмкін, бірақ, қалай болғанда да идеологиясыз мемлекет болмайды. Идеологиясы жоқ мемлекет қан майданда қарусыз жүрген жауынгермен бірдей. Ал, осынау идеологиялық майданда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне артылар жауапкершілік жүгі орасан.
Мерекелік көңіл-күй ауанымен айтылып жатқан әңгіме емес, құдайшылығы сол, қазақ журналистерінің өздері өмір сүрген мемлекетке, ұлтқа, қыл аяғы кәсібіне адал болмай қалған кезі аз. Әр заманның өз шындығы болады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде аға буынның саналы түрде өз арына қарсы жүзген кезін білмейміз. Рас, ағаларымыз талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Қателесті, сүрінді, жығылды, қайта тұрды. Біздің бұл сөзімізге өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақ журналистикасының жағдайына көз жүгірткен адам анық көз жеткізеді. Жақыннан жау іздеген сол бір заманда біздің ұлтқа журналистиканың пайдасынан зияны басым болғанын кімнен жасырамыз?!
Кеңестік кезең деп аталатын кешегі жетпіс жылдық ғұмырымыздың басқа тұстарында қазақ журналистикасының ұлт пен ұрпақ алдында қылмысы жоқ. Рас, компартияның көтерген бастамаларына үн қоспай қалған кезі жоқ шығар, бірақ, сөйте тұра, аға буын ұлт мұратынан айныған жоқ. Олар партияның шақыруларын насихаттап отырып-ақ туған жер мен туған ел алдындағы парыз мәселесін, ұлы адамгершілік құндылықтар жайын, ең бастысы, ұлттық намыс мәселесін бір сәт те назардан тыс қалдырмапты. Ал, мұның барлығы да түптеп келгенде қазақ баспасөзінің Руханияттың шырақшысы бола білгендігін дәлелдейді.
Иә, қазақ газет-журналдары, радиосы мен телевидениесі қазақтың тағдырын ашық түрде (қазіргідей жасырын түрде емес) басқалар шешіп отырған сол дәуірде шын мәнінде ұлттың тәрбиешісі, жол көрсетушісі бола білді. Атеизмді жазып отырып-ақ адамдардың жүрегіне имандылық орнату үшін жұмыс істеді. Барлық қазақ газеттерінде кездесетін «Мораль тақырыбына!» дейтін айдардың аясында шыққан материалдарды қиып алып, сақтап қойып арнайы альбом жасаған апамызды да білеміз.
Қазақ журналистикасы өзгелерден несімен ерекшеленді? Ең алдымен жұмсақтығымен, адамды жақсы көруімен, мейірім-шапағатқа байлығымен. Проблемалық мақалаларды, сын материалдарды айтпағанда, фельетон кейіпкерлерінің өздері «халық жауы» дәрежесінде сипатталмайтын. Қырсыз басшыны сын садағына ілгенде негізгі қолданылатын қару жеңіл күлкі, әрі кетсе ащы мысқыл ғана болатын. Ана байғұстың елдің бетіне қарай алмай қалуына соның өзі-ақ жететін.
Максим Горькийдің «очерк көркемдігі жағынан әңгімеден кем түспеуі тиіс, ал, әңгіме очерктен жоғары тұруы керек» деген талабына қазақ қаламгерлері барынша адал болды. Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдары еңбек еткен қазақ журналистерінің кез келгені дайын ақын, дайын жазушы болатын. Сөйте тұра олардың көпшілігі әдебиетке баруға жүрексінді. Неге? Өйткені олар «әдебиеттің ардың ісі» екендігін жан-жүрегімен сезіне білді. Ал, шындап келгенде олардың журналистикасының өзі әдеби туындылардан бір де кем болмайтын. Сіздер сол кездегі тақырып қою мәселесінің өзіне бір сәт назар аударып көріңіздерші. «Мен сені көп іздедім», «Қайда, біздің жігіттер, намысы бар?», «Теріс тонды тексеруші». Бірінші тақырыптағы мақалада «арманым – мектеп бітірген соң сауыншы болу» деген қыз баланың кейінгі тағдыры туралы сыр шертіледі. Автор (Оралхан Бөкей) өз мақаласында «адам ғарышкер болуды, дәрігер болуды, әнші болуды, т.т., армандауы мүмкін, бірақ, қойшы болсам, сауыншы болсам деп армандамайды, ол – тағдыр» деген ой түйеді. Әлгі сауыншы болсам деп «армандаған» қызбен сөз таластырады, ой жарыстырады. Журналист тура бір жылдан соң әлгі ауылға қайтып барады. Сөйтсе арманшыл қыз сол бір жыл ішінде басқа жұмысқа, сауыншылықтан кеңшардың кітапханасына ауысып кетіпті... Автор осы жайды айтып отырып-ақ жастарды «екінші тыңға» салып жатқан партияның саясатына іштей қарсылығын білдіреді, қазақ жастарын армандауда адаспауға шақырады, білім алуға үндейді. Екінші тақырыпта футболдан КСРО чемпионатында өнер көрсететін жалғыз қазақ командасы – «Қайраттың» жайы сөз болады. Командада бірде-бір қазақ жігіті жоқ. Бапкерлер қорғаушы, жалғыз қазақ Алаш Өтеуішовке көрер көзге қысым, қиянат жасайды. Мақалада бір Алаш Өтеуішовтің тағдыры арқылы бүкіл қазақ футболының проблемасы сөз болады. Осынау мақаланың өзі көтерген проблеманы мемлекеттік деңгейге шығарып жібергенін білетіндер арамызда бүгін де аман-сау жүр. Ал, үшінші материалда қоғам мүлкін қорғайды делінген тексерушінің өзінің жат пиғылы сыналады. Үш түрлі жанрда жазылған үш материалдың да тақырыбы нағыз әдеби көркем дүниелерге қойылатын тақырыптардан бір де кем емес. Демек, кешегі журналистика қарадүрсінділіктен барынша ада болатын.
Тоқсаныншы жылдардың ортасы ауа бере қазақ журналистикасы сапалық тұрғыдан мүлде жаңа белеске көтерілді. Бәрін тізбелеп, оқырманның алтын уақытына қиянат жасамалық, бүгінде қазақ деген жұрттың қазақ журналистерінен басқа жанашыры қалмай барады. Ұлттың сөзін сөйлеу біздіңше, қазақ журналистеріне қанмен келген қасиет. Солай бола тұрса да мәселеге «айтпаса сөздің атасы өледі» деген принциппен келетін болсақ көп болып кеңесер жайлар жетеді.
Ең бірінші кезекте айтылар әңгіме, қазақ журналистикасы өзінің бұрынғы мейірімді мінезінен барынша ажырап қалды. Шындықты айтқанның жөні осы екен деп адамға деген махаббаттан адасыңқырап барамыз. Шынайы сынау мен қаралаудың ара жігін шатастырып алдық.
Бүгінгі журналистика нағыз сынақ полигонына айналды. Құдай-ау, бүгінгі журналистикада кімдер жүрген жоқ?! Жоқ, біз ешкімнің де бітірген факультетін сөз еткелі отырған жоқпыз. Мәселе журналистің бітірген факультетінде емес, мәселе пиғылда. Бүгінгі журналистикада кешегі түрме қызметкері бас редактор қызметін атқарып жүр. Ол кейіпкерлерінің бәрін түрмеде жатқан адамдар деп түсінетін болуы керек, қаламы дубинкаға айналып кете береді. Әліпті таяқ деп білмейтіндер тележұлдызға айналған заман. Және олар мәселе шешеді. Ең өкініштісі, сауатсыздығына түк те қысылмайтын әріптестер көбейіп барады. Ел басқарып жүргендерді қорқытып күнін көріп жүрген «журналистер» «шындықты батыл айтатын журналистер» қатарында айтылатын болды. Ұлттың сөзін сөйлегенсіп, топтың сөзін сөйлеп жүргендер қаншама?! Міне, осының барлығы бүгінгі журналистиканың ақ көйлегінің жағасына түскен кір болып тұр. Дегенмен, нағыз шынайы журналистер жас тәуелсіз мемлекетінің болашағы бүгіннен де жарқын болуы үшін, ұлтының осынау мылтықсыз майданда ұпай жоғалтпауы үшін ешкімге ешнәрсені міндет қылмай-ақ өз жұмыстарын үн-түнсіз, ың-шыңсыз атқарып келеді. Олар мереке қарсаңындағы берілетін түрлі сыйлықтар мен номинациялардан құр алақан қалса да «неге олай болды?» деп ер-тоқымын бауырына алып, тулаған емес. Берсе рахметін айтады, бермесе ренжімейді. Бүгінгі мереке – солардың мерекесі! Себебі, Қазақстан тәуелсіздігінің шынайы тарихын солар жазып жатыр. Олардың даңқы ертең аспандайды. Ертең бөз ұстағандардың емес, сөз ұстағандардың заманы қайта туады. Ой, сол кезде осы әріптестеріміздің ұрпақтары ата-апалары үшін қалай-қалай шаттанады десеңізші!
Сіздердікі бүгінгі үшін емес, ертеңгі үшін! Ендеше, Сіздердің даңқтарыңыз арта берсін, әріптестер!

SKIFNEWS. KZ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 211027 0

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 201076 0

26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 188116 0













ТЕКСТ

Яндекс.Метрика