КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Меруерт ШӘКЕНОВА

                 Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9 сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасында қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты «Ана тілін құрметтейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлеуге және жазуға үйрету» деп берілген. Мақсат айқын болғанымен, қазақ тілін түсінетін, мемлекеттік тілде өзінің ойын ауызша да, жазбаша да еркін жеткізе алатын оқушылардың саны неліктен азаюда деген заңды сұрақ туындайды.

                 Бұл олқылықтың басы, әрине, оқу бағдарламасында жатыр. Біріншіден, оқу бағдарламасында «Қазақ тілі» пәнін оқытуда төрт үлкен бөлім басшылыққа алынған: тыңдалым мен айтылым, оқылым, жазылым және әдеби тіл нормаларын сақтау. «Тыңдалым мен айтылым» бөлімі болжау, әртүрлі жанрдағы мәтіндерді талдау, мәтіннен ақпаратты анықтау, негізгі ойды анықтау, тыңдалым материалы бойынша жауап беру және бағалау, сөйлеу мәдениетін дамыту сияқты алты бөлімшеден құралған. Берілген алты бөлімшенің тек біреуі ғана таза айтылым әрекетіне қатысты. Яғни оқушы оқу мақсатына сай тыңдалым дағдысы арқылы берілген мәтінмен ғана айтылым тапсырмасын орындап, соның негізінде ғана сұраққа жауап береді; тыңдалым мәтінінің негізгі ойын анықтап, баға береді. Бағдарламада берілгендей, айтылым әрекеті тек «сөйлеу мәдениетін дамыту» үшін ғана керек екен. Бірақ бағдарламасының мақсатында да, негізгі міндетінде де «еркін сөйлеу», «коммуникативтік әрекет түрлерін сауаттылықпен қолдану» деген тіркестер қолданылған. Ал коммуникативтік әрекет түрлерін, оның ішінде айтылым дағдысын сауаттылықпен қолдану үшін тыңдалым әрекетінің жетегінде ғана сөйлеу ешқандай нәтиже бермесі анық. Оқушы бағдарлама бойынша тыңдалым-айтылым дағдысында айтылымға қарағанда, тыңдалымға көбірек мән береді.      

Ең алдымен, тыңдалым мен айтылым әрекеттерін бөліп қоюымыз қажет. Өйткені тыңдалым әрекеті айтылым дағдысымен ғана емес, өз кезегінде жазылым әрекетімен де интеграцияланады. Оқушы өзінің тыңдағын мәтіні бойынша эссе, мазмұндама, шығарма да жаза алады емес пе?

Мәселен, 5-сыныпта тыңдалым мен айтылым әрекетінде оқушы тірек сөздер арқылы тақырыпты болжап, негізгі ойды анықтайды. 6-сыныпта көтерілген мәселені болжайды, әлеуметтік-мәдени, ресми-іскери тақырыптарға қатысты диалог, монологтерді көтерілген мәселені талдайды, тыңдалым мәтінінің мазмұнын түсінеді. 7-сыныпта тыңдалым мәтіні негізінде оқиғаның дамуы мен аяқталуын болжайды, әлеуметтік-қоғамдық, оқу-еңбек тақырыптарына байланысты диалог, монолог, полилогтердегі автор көзқарасы мен көтерілген мәселені талдайды. 8 бен 9-сыныптарда тыңдалған мәтіндегі ақпаратты өмірлік мәселелермен байланыстырып, мәтіннің мақсаты арқылы негізгі ойды анықтайды. Қарап тұрсақ, тыңдалым-айтылым дағдысында ешқандай дамытушылық мақсат көзделмеген. Тыңдалған мәтіннің негізгі ойын анықтаған бесінші сынып оқушысы тоғызыншы сыныпқа келгенде де дәл сондай типтегі тапсырманы орындайды. Яғни бесінші сыныптан тоғызыншы сынып аралығында оқушы мәтінді тыңдайды, мәтін аясында ғана сұраққа жауап беріп, диалогқа қатысады. Оқу бағдарламасында тыңдалым мәтінінің жанрлық ерекшелігі туралы бірде-бір ақпарат жоқ; айтылым әрекеті тек диалог пен полилог арқылы ғана дамыған. Бірақ айтылым әрекетінің өзі мәтінтудыру процесіне жататындықтан, оны әңгіме, хабарласу, қоғамдық баяндама, саяси пікірталас, дебат, жарнамалау, ауызша үндеу, жолдау, жаңалық жүргізу, үгіт-насихат сөзі, пікірталас алдындағы экспромт сөз сияқты түрлері бар. Өкінішке орай, оқу бағдарламасында айтылым дағдысы тыңдалым әрекетінің жетегінде қалып, тек диалог құрумен шектелген.

Екіншіден, оқылым әрекетінде оқылымның барлық стратегиясы қолданылмаған. Бағдарламада оқылым бойынша келесідей тапсырмалар реті берілген: ақпаратты түсіну, мәтіннің стильдік ерекшеліктерін тану, мәтіннің жанрлық ерекшеліктерін ажырату, мәтін бойынша сұрақтар құрастыра білу, мәтіндерге салыстырмалы анализ жасау, оқылым стратегияларын қолдану, әртүрлі ресурс көздерінен қажетті ақпарат алу. Бұл тұрғыдан бөлімшелер дұрыс жіктелгенімен, әр сыныпқа арналған бөлімшені оқыған кезде ешқандай нәтижеге жеткізетін әрекеттер берілмегенін аңғарамыз. Мысалы, оқылым стратегиясына қатысты 5-сыныпта «оқылым стратегияларын қолдану: жалпы мазмұнын түсіну үшін оқу, нақты ақпаратты табу үшін оқу»; 6-сыныпта «оқылым стратегияларын қолдану: комментарий жасау, іріктеп оқу, рөлге бөліп оқу»; 7 мен 8-сыныпта «оқылым стратегияларын қолдану: комментарий жасау, іріктеп оқу, зерттеп оқу»; 9-сыныпта «белгілі бір мақсат үшін оқылым стратегияларын тиімді қолдана білу» деп берілген. Бесінші сыныптан тоғызыншы сынып аралығына дейін оқылым стратегиясында тек алты түрі ғана берілген. Оның өзінде бір ғана іріктеп оқу алтыншы сыныпта да, жетінші сыныпта да, сегізінші сыныпта да тұр. Оқушы біртипті оқу түрі арқылы төрт жыл бойы қызығушылығы да, оқуға деген ынтасы да азаятыны сөзсіз. Бірақ оқылымның басқа да стратегияларын неге қоспасқа? Мәселен, мәтінті толық оқымай, тек негізгі ойды не қажет ақпаратты табуға бағытталған жалпылама шолу оқу, мәтінді терек түсіну, негізгі әрі қосымша мағынаны ажыратуда қолданылатын тыңғылықты оқу, мәтіндегі тек қажетті ақпаратты табу мақсатында жұмсалатын сүзгілеу оқу, болжап оқу, рефлексивті оқу, жазып оқу сияқты оқу стратегиялары бар. Бұларды да оқу бағдарламасына жас ерекшелігіне, қабылдауына сай пайдаға жұмсауға болады.

Үшіншіден, жазылым әрекетінде, яғни жазылым тапсырмасында жайдан күрделіге, оңайдан ауырға өтетін барлық жанр түрі қолданылмаған. Жазылым әрекетінде «әртүрлі жанрда мәтіндер құрастыру» бөлімшесі болса да, көп жағдайда эссеге көп мән берілген. Мәселен, 6-сынып оқушысы «Ғылым мен технология жетістіктері» тақырыбында келісу-келіспеу эссесін жазады. Бірақ эссе – үлкен дайындықты қажет ететін шығармашылық жұмыс. Эссені жазудың өзінің қағидасы, ережесі бар. Эссенің бұл түрін әңгіме, қысқаша баяндама, хат, хабарлама, жарнама сөзін, өмірбаян, құттықтау, мінездеме, түсініктеме, нұсқаулық, аннотация жазып жаттықпаған  5,6-сынып оқушыларына беру оқушыға қиындық тудыруы мүмкін.

Оқылым мәтіндерін бес функционалдық стильге барынша бейімдеп берген сияқты жазылым тапсырмаларын да сол ретпен берген оқушының қабылдауына әлдеқайда жеңіл болмақ. Мәселен, бесінші сыныпта оқылым мәтіндері ауызекі және көркем әдебиет стильдерінен құралса, жазылым тапсырмалары да дәл осы стильдегі хат, жарнама, әңгіме, қырық өтірік сияқты түрлі форматтағы тапсырмалар түрі берілуі қажет. Ал 8,9-сыныпта оқылым мәтіндері күрделеніп, публицистикалық, ғылыми стильдерінен болатын сияқты жазылым тапсырмасы да баяндама, мақала, очерк, сұхбат, аналитикалық мақала, эссе, аннотация, ғылыми күнделік, ғылыми-талдамалық анықтама сияқты жазылым түрлерінен тұруы қажет.

Кез келген тақырыпқа әрі әртүрлі функционалдық стильдегі мәтіндерді оқығанда, мәтінтудыру процесінде тек эссені бере беру дұрыс емес. Әртүрлі жанрдағы мәтіндерді жаза білетін, жазылым дағдысын толыққанды меңгерген оқушы сегіз бен тоғызыншы сыныпқа келгенде кез келген тақырыпқа эссе түрін жазып бере алады. Бірақ эссенің талабынан шыға алмаған, жазылымның бұл тапсырмасымен ғана шектелген оқушы күнделікті тұрмыста хабарламадан бастап, түсініктеме, өтініш, анықтама жаза алуы екіталай.

 Төртіншіден, оқу бағдарламасында «Әдеби тіл нормаларын сақтау бөлімі» орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық, пунктуациялық нормадан тұрады. Өкінішке орай, қазіргі оқу бағдарламасында грамматика мен тақырып арасындағы ешқандай байланыс жоқ. Бірақ грамматика мен тақырыпты байланыстырудың бірден-бір жолы – тақырып аясында қажетті орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық, пунктуациялық және стилистикалық норманы не ережені есте сақтауды қосып отыру. Бұл дегеніміз – сабақ кезінде грамматика негізгі нысанаға айналмайды, бірақ тақырыпты өту кезінде керек деп табылатын (үндестік заңы, олардың емлелік ерекшелігі, дефис арқылы жазылатын сөздердің жазылу үлгісі, жалғау мен шылаулардың жазылуындағы заңдылығы, бас әріппен жазылатын сөздер, ілгерінді, кейінді, тоғыспалы ықпал заңдылығы, сөз екпіні, ой екпіні, кідіріс, тура және ауыспалы мағыналы сөздер, сөздік қор және т.б.) ережелерді қоса үйретеді. Анықтамалық ретінде жеке ереже кітапшасы болса, оқушы өзіне қажетті ережені тауып алып, өзінің қатесін түзетіп отырады.

Орта мектеп деңгейінде лингвистикалық білім беруде грамматика еш уақытта бірінші орынға шықпайды. Бірақ оқушы өзінің ойын сауатты, жазба жұмысында ешқандай қатесіз, еркін жеткізе алуы үшін орфоэпиялық, орфографиялық, грамматикалық, пунктуациялық, лексикалық, стилистикалық нормамен таныс болуы шарт. Бұл жетекші құрал ретінде әр уақыт мұғалімнің де, оқушының да жанынан табылуды қажет етеді. Тілдегі норманы білудің мақсаты да сол. Сонда оқушы сабақта грамматиканы оқып қана қоймайды, керісінше әр уақыт мәтінтану мен мәтінтудыру дағдыларының негізінде білімін кеңейтіп отырады.

Оқу бағдарламасында берілген оқу мақсаттары өзінің межесіне жету үшін ішкі міндеттері мен нақты қадамдары өзгертіліп, бейімделіп берілгенде ғана қазақ тілі пәні бағдарламада берілген негізгі мақсатына жетеді деп сенеміз.  


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


















ТЕКСТ

Яндекс.Метрика