КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Қамбар атаның қасиеттi түлiгi қашанда ердiң қанаты болып келгенi белгiлi. Алайда, жылқыны тек мiнiс көлiгi болғаны үшiн немесе етi мен қазысы, қымызы үшiн қастерлеу бiржақты ұғым туғызады. Жылқы малы осымен бiрге адам денсаулығының жаттықтырушысы. Денсаулық сақтау саласындағы қазiргi ғылым – иппотерапия аттың адам ағзасына қаншалықты пайдасы барын жан-жақты зерттеп, дәлелдеп берiп отыр.

Иппотерапия – грек сөзiнен алынған, иппа – ат, терапия – ем, яғни атпен емдеу деген ұғымды бiлдiредi. Бiздiң эрамызға дейiн V ғасырда медицинаның ежелгi атасы Гиппократ атқа мiнген науқастың тез жазылатынын бағамдап, оның сырына үңiлсе, жылқы дегенiңiз адам жанын “қара түнек ойдан” тазалап, жарқын ойдың жетегiне алып шығатын қасиетi барын аңғарыпты. Яғни, атқа мiнген адам тауға шыққанмен бiрдей көңiлi тасып, ауруынан құлан-таза сауығып шыға келедi.

Жалпы, мамандар иппотерапияның адамға әсерiн екi фактор арқылы анықтапты. Оның бiрiншiсiне биомеханикалық, яғни, қимыл-қозғалыс себеп болса, екiншiсi – жүйкенi дамытуға негiз болған. Аттың қозғалысы адамға минутына жүз тербелiс импульсiн бередi екен. Бұл денедегi бұлшық еттердiң жиырылып, тарқауын реттеп, нүктелердiң толыққанды жұмыс iстеуiне мүмкiндiк жасайды.

Екiншi бiр қасиетi – аттағы температура адамға қарағанда 1,5-2 градусқа жоғары. Сондықтан ол “жылу берiп уқалаушы” рөлiн атқара алады. Сiз денеңiзге жылу барғанда қандай күйде боласыз? Мұнда да сол — аяқтың бұлшық еттерi үнемi қозғалыста болып, қан айналымы жақсарып, жамбасыңыз жылудың әсерiнен рахат табады.

Ғалымдар жүйке ауруымен ауыратын науқастарды аттың қимыл-қозғалысымен емдеудiң зор пайдасы барын айтады. Әсiресе, бұл жастайынан сал ауруына, аутизм, омыртқаның қисаюы секiлдi дертке шалдыққан балаларға таптырмайтын ем екен.

Ат тренажер емес, ол жүргенде, желiп шоқырақтағанда, шапқанда керемет ләззат аласың, яғни жалықтырмайды. Жүйке жүйесi ауруға шалдыққандар атқа мiнгенде “мен биiктемiн, олар төменде” деген ой қалыптасады. Бұл адамның көңiл-күйiмен, сергек сезiмiмен қатар келетiн психикалық ем. Яғни, денеге ешқандай дәрi-дәрмексiз әсер ететiн әдiс.

Жылқыда күштi биоток бар дейдi мамандар. Жалпы, табиғатта адам ағзасын қуаттандырып тұратын екi құбылыс бар болса, ондай қасиет тек ат пен дельфинде ғана кездеседi екен. Мұны зерттеген Нидерландия, Швеция және Ұлыбритания ғалымдары иппотерапияны король отбасыларының қолданғанын айтады.

Медицинада мынадай салыстырмалы теңеу бар: Атпен желе жортуда адам денесiне берiлетiн шайқау импульсi жаяу серуенмен бiрдей, бiрақ шаршатпайды.

Ал, шоқырақтап шабу – ойлы-қырлы жермен жүгiрумен пара-пар. Адамның барлық бұлшық етi жұмыс iстейдi. Ортопедиялық ауруларға, сiңiрi тартылып қалатындарға, қозғалыс үйлесiмдiлiгi бұзылғандарға таптырмайтын дәрiсiз ем.

Ендi өзiмiзге келейiк. Оңтүстiк өңiрi жылқыдан кенде емес. Ат спортының көкпар түрi керемет дамыған деп айтуға болады. Демалыс аймағында ипподром, одан берiрек “Тұлпар” ат-спорт клубы жұмыс iстейдi. Яғни бұл бiзде иппотерапияны дамытуға мүмкiндiк бар деген сөз.

Бүгiнде Шымкент қаласындағы Ғани Ахметбаев басқаратын ұлттық ат спорты мектебiнiң ұжымы иппотерапияны қолға алыпты. Мұнда қазiр “Сенiм. Үмiт. Махаббат” балабақшасындағы жүйке жүйесi ауруына шалдыққан балалар емдiк курстан өтуде.

- Бiзде сал ауруына шалдыққан, психикасы бұзылған 50 шақты бала бар, - дейдi әдiстемешi Нұрай Әшiрова. – Өткен жылдан бастап 10-15 баладан топқа бөлiп, бiр сәт атқа мiнгiзiп емдеудi бастадық. Балалар алғашында қорыққанымен, кейiн үйренiп, аттан түспейтiн болды. Байқаймын, олардың денсаулығында көптеген оңды өзгерiс бар. Оған қуанып жатырмыз.

Айта кетейiк, бүлдiршiндерге спорт кешенiнiң жаттықтырушы-оқытушылары Ш.Намазов пен көмекшiсi Н.Әбiлқасымовтың көмегi көп. Олар балалардың сауығуы бiздiң айлығымызға қосымша ақша қосқанмен бiрдей, - дейдi күлiп.

Қазiргi таңда “Жiгер” салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы мен “Демеу” оңалту орталығының бүлдiршiндерi арасында атқа мiнген соң ауруынан бiршама айыққандар жетерлiк.

- Бiз иппотерапияны дамыту үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасауға дайынбыз. Ендi бұл жұмысты ғылыми негiзде қолға алу керек. Ол үшiн ем алуға келгендерге қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Осындайда материалдық-техникалақ базаны нығайту маңызды, - дейдi спорт кешенiнiң директоры Ғани Молдабекұлы.

Оңтүстік Қазақстан газеті


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз





15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 1425 0




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2328 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2365 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 2184 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика