КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақта «Баланы құрсақтан тәрбиеле» деген аталы сөз бар. Бірақ бүгінде былдырлап тілі шыққан сәбидің өзі ақпараттар ағынының құрсауында. Неге десеңіз теледидардан, кітаптан тіпті балабақшадағы, мектептегі түрлі шарадан көретіні де білетіні де шетел мультсериалдары мен кейіпкерлері. Бетман мен Халк-ты, Құбыжық (Монстр) Хай мен Машаны санаға сіңіріп, идеалға айналдырып та үлгердік. Солай өзіміздің халық ауыз әдебиетіндегі ұлттық қаһармандарымыз ұрпақ санасына жетпей, сөрелерде шаң басып тұр. Осы мәселені алға тартқан Мемлекеттік тілді дамыту институты «Ел болам десең бесігіңді түзе» атты дөңгелек үстел өткізді. Жиынға балабақша, мектеп пен арнайы кәсіптік білім ордалары, ЖОО-дан мамандар шақырылып, «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» атты кітап таныстырылды.

Кітап жайында филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек: «Аға буынның дәстүрлік норманы жеткізу барысында жіберген олқылықтарынан, жастар легі салт-дәстүрімізден шеттетіліп қалды. Батысқа еліту де, шығысқа оңай дуалану да ұлттық тәрбиенің кемшіл түсіп жатқанынан деп білемін. Біздің ауыз әдебиетімізде ұлттық тәрбиеге тигізер әсері мол қаһармандарымыз болса да, бала санасына жеткізе алмай келеміз. Оны тек сөрелерде сақтамай, кейіпкерлерді бейнелеп көрсету, қазақ ертегілері желісімен мультфильмдер жасау, аудиожинақтар шығару бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі»,- дейді. Сондай-ақ кітапта жасалған әр кейіпкердің өзіндік портреті барлық жерде бір образда болса деген ниет те бар. Кітап бетінен де, мультфильм мен ойыншық бейнесінен де бір образдағы кейіпкерді көрген баланың ойында кімнің қай ертегі желісінен алынғанын анықтайтын түйсік қалыптасады. Сонда қазақ баласы өз қаһарманын жазбай танитын болады да, өзгеге еліктеуді де доғарады. Бұл кітапты шығарудағы басты мақсат та осы. Зерттеу барысын мифологиялық кейіпкерлерді жинақтаудан бастаған ұйымдастырушылардың жоспарында аңыз кейіпкерлері мен қазақ фольклорындағы батырлар бейнесін, аңыз әңгіме кейіпкерлерін де осындай кітап етіп шығару бар.

Жиын барысында ҚМҒБИ ұстазы Шырын Әбдіғалиқызы «Баланың жасына байланысты ұлттық тәрбие» атты баяндама оқып, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Баланы бес жасқа дейін ханыңдай сыйла, содан соң құлыңдай жұмсап, он төртінен досыңдай сырлас деген сөздің астарына үңіле отырып, бүгінгі отбасылардың баласын тәрбиелеу барысында жіберетін олқылықтарына тоқталды. Баланың айтқан сөзді психологиялық жас айырмашылығына қарай қабылдайтынын айтқан Шырын ханым, баламен жұмыс жасайтын мекемелердің барлығына өз менталитетімізді ескере отырып әрекет етуге шақырды. Келесі кезекте сөз алған Ғабдуллин атындағы Тұлғатану орталығының директоры Мұқатова Дана «Ұлт болашағы – ұлттық тәрбие» атты баяндамасында саналы ұрпақ тәрбиелеуде мәдениеттің алар орны бөлек екенін айта отырып, әр баланың санасы қалыптасуы барысында ата-ананың, ортаның тигізер әсерінің зор екенін ескерді. «Бүгінгі күні іркес-тіркес фильмдер мен қыңыр-қисық мультфильмдердің сананы улап жатқаны қынжылтады. Жаһанданудың дүлей толқынына жұтылып кетпес үшін, ұлттық тәрбиені күшейту маңызды»,- деді.

Ал Ақмарал Отанбекқызы «Ел тірегі – ер» атты баяндамасында мектеп қабырғасында ұл балалардың өзіндік мінезін, болмысын қалыптастыру жолында жасалатын жұмыстар жайлы сөз қозғады. «Аты аталмаған жігіттен, аты аталған төбет артық» деп намысқа қайралып өскен бабалардың жолын жалғастырар азамат тәрбиелеу әр отбасының алдындағы міндеті. Себебі елдің ертеңі ердің қолында деп қорытындылады өз сөзін.

Мұнан кейін шараға қатысушылар бүгінгі шараға қатысты пікір білдіріп, «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» кітабын барлық тәрбие бөлімдеріне жіберілу керектігін айтты. «Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады» деген пікірді ұстанатын шара қатысушылары ұлттың жұмысы машинаның тетігі емес, құмырсқаның илеуі секілді деген тұжырымға келді. Әр адам елдің дамуы мен ұрпақтың саналы болып қалыптасуы жолында жұмыс жасаған жағдайда ғана істің нәтижелі болатынына көз жеткізіп, солай жасауға шешім қабылдады. Ұрпақ тәрбиелеу мен ұлт бойындағы отаншылдық сезімді, рухани құндылықты қалыптастыруда, ұлттық болмысымызды сақтап қалу жолында атқарылар тірлік шаш етектен.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз





15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 1425 0




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2328 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2365 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 2184 0


06/02/2017 12:56

Ел болам десең...
0 4951 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика