КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


«Азияның алғашқы чемпионы кім болады?». Газетіміздің өткен бейсенбілік санында Астанада алғаш рет ұйымдастырылған көкпардан I ашық Азия чемпионатының ашылу салтанатындағы мақаламызды осылай бастап едік.

Бұл сұрақтың жауабы кешегі жексенбіде анықталды. Сонымен көкпардан Азияның алғашқы жеңімпазы – Қазақстан командасы.Ағымдағы жылы түркі ұлысына тиесілі ұлттық спортты қолға алған қазақтың белсенді азаматтары жаңадан федерация құрып, тұңғыш рет Азия көлеміндегі бәсекені ұйымдастырып отыр. Маңызды шара ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, «Нұр Отан» ХДП, ҚР Спорт және денешынықтыру агенттігінің қолдауымен, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның демеушілігімен қолға алынды. Ашық чемпионатта Қырғызстан, Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Қазақстан шабандоздары өзара сынға түсіп, апта көлемінде аталған мемлекеттердің арасындағы мықтыларын анықтауға кіріскен еді. Белгілі мерзім аралығында Арқа жұрты «Қазанат» атшабарына асығып, күн сайын қызықты да тартысты ойынның куәсі болды. Өзімізше болжам жасап, тегеуірінді тартыс қазақ пен қырғыз көкпаршыларының арасында өтуі мүмкін деген болжам жасағанбыз. Расында да жексенбідегі жан алысып, жан беріскен додаға екі елдің жігіттері түсті. Әрине, тақымы тастай шабандоздардың өзін әбден діңкелеткен бәсеке кім-кімге де оңайға түскен жоқ. Соңғы кездесуге дейін атышулы екі команда барлық қарсыластарын жайпап өтіп, тайларды таңқалдырған өнер көрсетті. Чемпионаттың алғашқы күні, яғни 11 қыркүйекте алаңға алдымен Қазақстан мен Тәжікстан құрама командалары шықты. Жергілікті жігіттер көп күш салмай-ақ, қонақтарды 9:3 есебімен тізе бүктірді. Қызығы сол, Ресей мен Моңғолия арасындағы бәсеке 13:0 есебімен аяқталады деп ешкім күткен жоқ. Себебі әлі күнге дейін моңғолдың сайын даласында мал бағып, аттың жалында жүрген қандастарымыздың ешбір есеп аша алмағаны түсініксіз екен. Дегенмен, ақиқаты солай, моңғолиядан келген көкпаршылар мерейге серкені бір рет те жеткізе алмай шаршады. Есесіне Қытайдың Үрімші аймағынан құралған команда ерледі. Түркиялық топпен тартысқа түскен олар кездесуді 9:0 есебімен қортындылады. Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы ойынның нәтижесі – 11:1.

Екінші күнгі дода да қызықты өрбіді. Тәжікстан мен Моңғолия құрама командаларының текетіресі 8:1 есебімен қортындыланды. Ал қазақтың батыр жігіттері Ресейден жеткен шабандоздарды шаңға бөктіріп, есепті 16:1 етіп бірақ тоқтады. Сол сияқты Қырғызстан – Түркия – 16:3, Өзбекстан – Қытай – 4:6 есебімен аяқталды.

13 қыркүйекте Қытай мен Қырғызстан арасындағы тартысты бәсекеде Қырғызстан 12:0 есебімен жеңіске жетті. Ал Қазақстан – Моңғолия арасындағы ойын 15:2, Тәжікстан – Ресей – 5:0, Өзбекстан – Түркия – 9:1 есебін көрсетті. Сөйтіп жартылай финалға Моңғолия мен Түркия шығып, ойын 9:4, Ресей – Өзбекстан арасындағы тартыс 9:2 есебімен түйінделді.

Чемпионаттың ақтық жарысына Тәжікстан – Қытай, Қазақстан – Қырғызстан жолдама алды. Жексенбі күні таңсәріде басталған көкпарға төрт команда да тастүйін дайындықпен шықты. Атшабарға жиналған қарақұрым халықтың да делебесі қозып, аяқтарынан тік тұрып тамашалады. Оның үстіне 20 миллионды құрайтын қомақты жүлдені еншілеуге әрбір көкпаршы барын салды. Алдымен тәжік пен қытайлық шабандоздар шықты. Бұған дейін де тәп-тәуір шабуыл мен қорғанысты көрсетіп, тартымды ойынымен көпшілікті баураған Қытай командасы қарсыластарына ешқандай тосқауыл бола алмады. Алаңда еркін ойқастаған тәжіктер қарсыластарының мерейіне серкені үш рет тастап, 3-орынды талассыз иеленді.

Осыдан кейінгі өте тартысты ойын қазақ пен қырғыз көкпаршыларының арасында басталды. Алғашқы 20 минутта Қазақстан командасы барынша шабуылдап, жанды да, атты да аямай серкені мерейге төрт рет түсірді. Бұған дейін де ешкімге дес бермей келген қырғыздар да қарап қалсын ба, қарымта жауап ретінде мерейдің маңын екі рет шаңдатты. Аздаған үзілістен соң екінші кезеңнің қиқуы естілді. Екі тарап та ортадағы шеңберге қойып кетіп, көзсіз қадамдарға да барып жатты. Тіптен үйретілген аттар да «арпалысып», бірін-бірі қақпайлап, егесіне жердегі серкені іліп алуға «көмектескенін» көргенде қайран қалмасқа шара жоқ. Күні бүгінге дейін де талай мәрте кездесіп, бір-бірінің қыр-сырын әбден меңгерген бауырлас жігіттер де әйгілі тәмсілге салып «әкең болса да берме» деп, аттан ауып түскенше тақымдағы серкеден айырылмады. Екінші кезеңдегі 20 минутта ешқайсының ұпай санын еселенген жоқ. Қырық минутқа созылған ақтық сында 4:2 есебімен қазақ көкпаршылары жеңісті жұлып алып, қырғыздар 2-орынды қанағат тұтты.

Марпаттауға қатысқан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қ.Сатыбалды ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту жолы болып табылатын төл өнерді насихаттау ісі тың қарқын алатындығын жеткізіп, алғашқы қадамның сәтті өтуімен құттықтады. Ал «Нұр Отан» ХДП Қоғамдық саясат институтының директоры С.Нұрбек партия өзінің Доктринасында ұлттық құндылықтар құрметтеліп, дәстүрдің жалғасын табуына мән беретіндігіне тоқталды. «Нұр Отан» жаңа табысты дамудың факторының бірі ретінде-төл мәдениет пен руханиятты қойып отыр. Біз мәдениеттердің қарқынды түрде өзара ықпалдасуы заманында өзгелердің жақсысын ғана қабылдап, өзіміздің дәстүрлі мәдениетті сақтап, дамытуымыз қажет. Әсіресе көкпар атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұрамыз» деген ол, дүбірлі бәсекеге жай келмей, саяси ұйымның атынан мол тарту-таралғы әкелгендерін жеткізіп, оны ауқымды жобаны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқандарға ұсынды. Сонымен бірге Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Б.Тілеухан, «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының жетекшісі Қ.Ақсақалов, «Самұрық – Қазына» АҚ басқарушы директоры Д.Қалетаев жүрекжарды құттықтауларын жеткізіп, 1-орынды иеленген Қазақстан командасына 10 миллион теңге, 2-орынға тұрақтаған Қырғызстан шабандоздарына 6 миллион, 3-орынды еншілеген Тәжікстан көкпаршыларына 4 миллион теңгенің сый-сыяпатын тарту етті. Елдің құрама командасын жоғары деңгейде дайындаған ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Р.Сәттібай, «Ең үздік ойыншы» атанған Қ.Тойғайбаев сынды азаматтарға да лайықты құрмет пен марапат көрсетілді. Жеңімпаз қазақ жігіттеріне Азия чемпионатының кубогын Қ.Сатыбалды тапсырды. Ал «Көкпар» федерациясы кеңесі 2015 жылғы Азия чемпионатын Түркияда өткізуді ұйғарғандықтан арнайы туды Ыстамбұлдан келген өкілдер қабылдап алды. 

Астана

Айқын

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз





15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 1425 0




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2328 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2365 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 2184 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика