КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Терминология – тіл білімінің күрделі саласы екені көпшілікке белгілі. Бұл салада еңбек ету үшін өз ісіңнің маманы ғана болып қоймай, ана тіліңнің шынайы жанашыры болуың керек. Өйткені шынайы жанашырлық бар жерде тіліміздің мәртебесі биіктеп, дәрежесі көтеріледі. Ал осы терминология саласына сүбелі үлесін қосып, қазақ тіліндегі терминдік атауларды қалыптастыру жолында еңбек етіп жүрген кімдер бар дегенде, мен белгілі терминолог ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нәсіпқали Сейітовті ерекше атап өткен болар едім. 

Нәкең терминология саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді. Оның 3012 терминдерді қамтыған «Геология терминдерінің сөздігінің» өзі неге тұрады. Бұл қомақты еңбек 1996 жылы жарық көргеніне қарамастан, күні бүгінге дейін студенттер мен магистранттардың, терминология саласын зерттеумен шұғылданатын мамандардың қолынан түспей келеді. Сондықтан аталған анықтамалық сөздіктің қазақ тіліндегі геология ғылымының ілгері басуына қосқан үлесі мол деп айтуымызға толық негіз бар.

Геология терминдерін қалыптастыру оңай шаруа емес. Бұл қажыр-қайратты, тынымсыз ізденуді, осы жолда күллі алтын уақытыңды сарп етуді қажет етеді. Әйтпесе, өнімді де нәтижелі еңбекке қол жеткізу мүмкін емес. Нәкең бұл жұмысқа жайдан-жай келген жоқ. Ол ең алдымен ана тіліміздің шынайы жанашыры. Ал өз тіліне жанашыр болған адам әрдайым тілдің мәртебесін биіктетуді ойлап жүреді. Ал терминология саласы ғылыми тілді қалыптастырады. Олай болса, қазақ тілі ғылыми тіл арқылы да құлашын кеңге жайып, тұғырланып, нығая түседі. Осындай келелі де маңызды жайды тереңінен ұғынған Нәкең сынды білікті ғалымдар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл салаға ерекше ден қойып, елдік шаруаға білек сыбана кірісті. Нәтижесінде қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына күмән-күдікпен қа­раушылардың қатары азайып, тіліміздің қай салада болмасын бәсекеге қабілетті екені аңғарылды. Ал тіліміздің дәрежесін мұндай деңгейге жеткізудің артында қаншама төгілген тер, атқарылған ауқымды жұмыстар тұрғанын қарапайым жұрт біле бермеуі де мүмкін. Сондықтан біз терминология саласымен бүкіл саналы ғұмырын байланыстырып, ана тіліміздің тілдік қорын байытуға сүбелі үлес қосып жүрген оның орны қашанда бөлек екенін ерекше айтқымыз келеді.

Н.Сейітовтің терминолог ғалым ретіндегі біліктілігіне тағы бір дәлелімді алға тартайын. 1997 жылы оған атыраулық мұнай-геологтардан «Мұнай және газ геологиясы терминдерінің түсіндірме сөздігін» бірлесе дайындау жөнінде ұсыныс түседі. Мұнайшы-геолог ақсақалдардың бірі Таумыш Жұмағалиев тарапынан жасалған ұсынысты ол ойланбастан қабыл алады. Өйткені мұнай және газ геологиясы терминдерінің де қалыптасуы бұл саланы қазақ тілінің аясында дамытуға серпін беретін іс екенін бірден түйсініп, ортақ шаруаға кірісіп кетеді. Осылайша 2000-ға жуық терминдерді қамтыған көлемді еңбек 2000 жылы дүниеге келіп, құнды кітап мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болады. Мұнай және газ геологиясы саласында сол уақытқа дейін аударылмай келген көптеген терминдердің қазақша баламасы осы кітап арқылы ғылыми айналымға енді. Ал бұл деген сөз, қазақ тіліндегі ғылымның өрге басуы, жаңа сапалық деңгейге көтерілуі дер едім. Өйткені терминологиясыз ғылым жоқ.

1990 жылдардың аяқ шенінде елімізде қазақша-орысша, орысша-қазақша терминдер шығару ісінің қолға алынған болатын. Ауқымды жұмысқа ерекше атсалысқан Нәкең геология, геодезия және география ғылымдары бойынша жұмыс жасаған шығармашылық топтың жетекшісі ретінде, сондай-ақ өз ісінің майталманы ретінде аталған салалардың терминологиялық базасын қалыптастыруға ұлан-ғайыр еңбек етті. Бұл тұрғыдан алғанда олар, яғни терминолог ғалымдар, орыс тілінде қолданылып келген сан мыңдаған терминдік атаулардың қазақ тіліндегі баламасын тіліміздің заңдылығына нұқсан келтірмей іріктеп алуы кәсібиліктің белгісі еді. Әйтпесе, терминология саласында «тек менің айтқаным болсын» деген қағида әсте жүрмейді. Бұл терең ойлап, кең пішетін сала. Ғылымның ертеңгі жетістігі, шыққан кемел биігі де терминдік атаулар баламасының дұрыс қалыптасуында жатқан жоқ па?! Жалпы, кейіпкерімнің мықтылығы – ол қандай істі қолға алса да кәсібилік пайыммен қарап, ғылыми көзқараспен зерделей білетіндігі. Мұндай қасиет нағыз ғылым адамдарына тән болса керек.

Терминология саласында қолданушыларға жан-жақты мәлімет беріп, белгілі сөздер мен сөз тіркестерді аудару, нақты іс барысында қолдануда сөздік жинақтарының алар орны қашанда ерекше. Мәселен, ғалымның 2003 жылы геология саласының 4000-ға жуық терминдерін қамтыған «Геология: түсіндірме сөздік» атты өз қолымен құрастырып, баспадан жарық көрген туындысы геология саласында еңбек ететін ғылыми қызметкерлерге, сан мыңдаған шәкірттерге аса керекті, құнды кітапқа айналды. Әрбір геологиялық терминге байланысты келтірілген түсіндірмелік анықтамалар барынша жинақы, нақты етіп құрылған. Бұл да Нәкеңнің өз ісінің шебері, кәсібінің туабітті маманы екенін байқатып тұрғандай.

Қарапайымдылық қағидасын ұстанып, байсалдылығымен, ақыл-парасатының кеңдігімен ерекшеленетін ғалым ағамыздың еліміздің терминология саласына қосып келе жатқан мол үлесі жөнінде әлі де көп айтуға болады. Мұндағы мақсат мақтан етуге тұрарлық тұлғаның, қайраткер азаматтың еңбек жолын оқырман қауымға таныстыра отыру. Жалпы, мемлекеттік тілдің терминология саласындағы орнының нығайып, дамуы уақытпен бірге орындалатын келелі міндет. Осы уақыт талабына сай болып, терминологиялық мәселелерді шешуге білек сыбана кірісу бұл салаға келген әрбір азаматтың қолынан келе бермесі анық. Бұған жоғарыда айтқанымыздай ерекше біліктілік, зерделі ой, білімділік қасиеттер өте қажет. Осы мақаланы жазу барысында Н.Сейітовтің қолынан шыққан сөздіктерді, ғылыми еңбектерді біршама қарап шықтым. Бұл еңбектермен мен бұрыннан да таныс едім. Дегенмен, сауатты жазылып, ғылыми тұрғыда салмақты етіп жүйеленген сөздіктерді шолып өткен сайын, өзің бұрын байқамай жүрген сөздерге кезігесің. Жалпы, сөздік құрастыру үлкен еңбекті талап етеді. Әрбір сөзді ерінбей-жалықпай, «инемен құдық қазғандай» тірнектеп жинап, оқырман назарына ұсыну үшін адамға қаншама жігер, қайрат, төзім керек десеңізші.

Мәселен, Нәкеңнің 2000 жылдары жарық көрген «Мұнай және газ геологиясы танымдық және кәсіптік-технологиялық терминдерінің түсіндірме сөздігі», «Геологиялық қазақша-орысша және орысша-қазақша терминологиялық сөздік» атаулы академиялық еңбектерін алайық. Бұл екі сөздік жинағы да Нәкеңнің сөздіктерге үстірт емес, барынша жауапкершілік-пен қарайтынын байқатады. Сөздіктің өзіне қойылатын талаптары болады. Ол ең алдымен жүйелі, ұғынықты, берер мәліметі мол, жинақы болуы тиіс. Ал мұндай талапты орындау тек өз кәсібінің қыр-сырын жетік білетіндердің ғана қолынан келеді. Оның үстіне ана тіліңнің де терең білгірі болуың керек. Өйткені тіл заңдылығын жақсы білмейтін маман еш уақытта терминология ісінде жетістікке жете алмайды. Себебі терминология да тіл білімінің бір мазмұнды саласы.

Біз бағанадан бері Нәкеңнің ғалым, терминолог маман ретіндегі еңбектеріне бірқыдыру шолу жасап өттік. Ал оның қаламгерлік, ақындық өнерін бұл ретте айтпай кетуге болмас. Нәкеңнің қаламынан туған ғылыми-публицистикалық мақалалар республикалық басылымдарда, конференция жинақтарында жарық көрді. «Ана тілі» газетінде мәселе көтерген мақалалары да жұртшылыққа ой салып, мамандар арасында оң пікірлер туғызды. Ал ақындық өнеріне келетін болсақ, оның жазған өлеңдері ішкі табиғатын, бай болмысын, көңілінің дарқандығын, парасатының биіктігін аңғартып тұрады. Жалпы, поэзияға жақын адамның жүрегі жер бетіндегі әрбір жақсылыққа мейілінше елжіреп, дүниедегі ізгілік атаулыға жақын тұрады. Бұл тұрғыдан алғанда оның ақындық өнерін өзінің болмысын терең ашатын құдіретті өнер деп айтуға толық негіз бар. Ол «Ақын болу міндет емес, азамат болу – міндетің» деген қағиданы берік ұстанып келеді.

Нәкең атақ-дәрежеден, сый-сияпаттан, марапаттардан, Құдайға шүкір, кенде емес. Мұның барлығына ол өзінің адал еңбегімен жетті. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Терминологиялық комиссияның мүшесі болып тағайындалды. 2002 жылы аса көрнекті ғалымдарға берілетін президенттік стипендияның иегері атанды. «Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы», «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуда сіңірген еңбегі үшін», «Білім берудің заманауи стандарттарына жауап беретін жаңа оқулықтар жазудағы еселі еңбегі үшін» медалі мен төсбелгілері кеудесінде жарқырайды. Мұның сыртында «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атанып, ұстаздық еңбегі лайықты бағаланды. Сонымен қатар Нәкең ғылым мен білім саласындағы еңбегі үшін Ш.Есенов атындағы арнаулы сыйлық пен диплом, А.Байтұрсынұлы атындағы, Ы.Алтынсарин атындағы, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың «Үздік түлек» төсбелгілері мен мақтау грамоталарымен марапатталды.

Жетпіс дейтін мерейлі жасқа аяқ басып, өмірдің биік өріне, даналықтың кемелділік шағына жетіп, елеулі еңбегімен, қайраткерлік болмысымен, ұстамдылық, кішіпейілділік қасиеттерімен көпке үлгі болып келе жатқан Нәкеңнің азаматтық ажарын біз де әрдайым үлгі тұтып, мақтан етеміз.

Ана тілі

Техника ғылымдарының докторы,

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың

кафедра меңгерушісі


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз




20/06/2024 11:04

БАЙҚАУ!
0 728 0


05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 724 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 1104 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 1554 0





ТЕКСТ

Яндекс.Метрика