КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Академик Нығмет Сауранбаев туралы

    Қазақ тіл білімінің барлық саласында өшпес ізі қалған, оның негізгі теориялық бағыт-бағдарын анықтап, іргетасын қаласуға үлесін қосқан санаулы саңлақтардың бірі - Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев. Оның қазақ тілі дамуының өзекті мәселелерін шешуде байқалатын ғылыми-теориялық өресі күні бүгінде де жолбасшылық бағытынан төмендемей келе жатқанын көреміз. Өрбітілген ой-пікірінің өміршеңдігі мен құндылығын тіл білімпаздары әлі күнге сезінуде.
    Өзгеше талапшылдықпен өмір бойы оқу іздеп, білім, ғылымның өріне талпынған ғалымның өмір жолы мен шығармашылығы өнегелік мәнге толы. Ол 1910 жылы шілде айында Қордай асуындағы Ырғайты өзенінің бойында орналасқан Шарбақты селосында (бұрынғы атауы «Бірлік») дүниеге келген.
    Нықаң жас шағында ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан деседі. 15 жасында Қасық селолық орта мектебінде оқиды. Негізгі білімді осында алады. Ол алған білімін жалғастырғысы келіп, Алматыға аттанады. 1925 жылы жоғарғы-ағарту институтының дайындық курсына түсіп, онда 3 жыл оқиды да, 1928 жылы сол институттың негізгі курсына ауысады, яғни оның шын мәнісіндегі студент ретінде қабылдануы - осы жыл. Жас талаптың білімге деген ынта-ықыласын осыдан-ақ айқын аңғаруға болады.
    Келесі 1929 жылы институт Қостанайға көшеді. Н.Сауранбаев ұжыммен бірге көшіп, сол институтты ол 1932 жылы 22 жасында бітіріп шығады. Міне, осы жылдан былай қарай оның қоғамдық-педагогикалық өмір жолы басталады. Ол әуелі Халық Ағарту Комиссариатында инспектор болып қызмет атқара бастайды (1932-1934 ж.ж.). Бұдан соң Винница қаласында әскери борышын өтейді. Сонда жүргеннің өзінде тынымсыз ізденумен болады. Білімін жетілдіре түсу мақсатымен сырттай дайындалып, Мәскеудің Герцен атындағы Мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетіне сырттай түсіп оқиды. Әскери міндетін де мүлтіксіз атқарады. Тіпті пулеметшілер взводының командирі ретінде (1937 ж.) кіші лейтенант әскери атағына ие болады.
    Н.Сауранбаевтың еңбекқорлығына таңданасыз. 1935 жылы аталған инсти­туттың І және ІІ курстарының екеуіне қатар емтихан тапсырып, ІІІ курс студенті болады. Дәл осы жолы ол РСФСР Оқу-ағарту Комиссариатының жанындағы Ғылыми-зерттеу институтының Ленинград бөлімшесі аспирантурасына түседі.
    Ол осылай оқумен арпалыса жүріп, қазақ тілінің қилы-қилы мәселелеріне көңіл бөле бастайды. 1939 жылы Халық Комиссариаттар Кеңесінің жанындағы Терминологиялық Комитеттің ғылыми хатшысы болып қызмет атқарады. Бұл қазақ әдеби тілінде жаңа өмір талабына орай туындап жатқан сан алуан сөзжасам мен сөз қолданыстардың қаптап туындап жатқан кезеңі болатын. Жас маман Н.Сауранбаевтың бұл үдерістен тыс қала алмағаны аян.
    Республикадағы оқу ісін жақсартуға байланысты жұмыстардың қай-қайсысы да Н.Сауранбаевтың назарында тұрды. Әсіресе, орта мектеп пен педучи­лищелердің оқу жоспарлары бойынша жасалып жатқан оқулықтарға араласты. Ал бұл оқулықтардың құрылыс материалы - атау сөздер, терминдік атаулар әлі жүйе есебінде қалыптаса қоймағаны мәлім. Н.Сауранбаевтың бұл мәселелерге атсалысуы табиғи қажеттілік еді.
Жалпы, Н.Сауранбаевтың өмір жолы қоғамда болып жатқан үдерістермен қа­тар­ласа қисындаса дамып отырған тәрізді. 1941 жылы Кеңестер Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалы ұйымдастырылды. Сол филиалдың Тіл, әде­биет және тарих институттарының тұңғыш директоры болып Н.Сауранбаев бекітілді. Ал жаңа ұйымдасып отырған бұл ғылыми мекеменің атқарылар ісі ұшан-теңіз болатын. Осы тірлікке ол бар мүмкіндігін, қажыр-қайратын жұмсады. Тіл, әдебиет, тарих ұлттың ұлттық болмысының үш тағаны, үш негізі, яғни үш тірегі емес пе? Осыны терең түсінген Н.Сауранбаевтың сол кездегі атқарған істерін саралап, бағалап шығу тіпті де оңайға түспейді. Ең алдымен, бұл салалар бойынша кадр іріктеу, жүйелі де іргелі ғылыми жоспарлар түзу, олардың сапалы жұмыс істеуі тәрізді қыруар шаруаның басы-қасында болған Н.Сауранбаевтың бұл кездегі атқарған істері зор еді.
    Жаңа бел алып жатқан зерттеу жұмыстарының сапасын арттырып, мазмұн-мәнін тереңдету үшін қаншама күш-жігер ортаға салынып, жоспар түзілді, бағыт-бағдар жасалды. Осы іс-тірліктің жүйелі жүргізілуіне септігі мол болған. «КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Хабаршысы» атты ғылыми журналдың «Тіл және Әдебиет» сериясын ұйымдастырып, оның дер кезінде, қажетті материалдардың жүйелі шығып тұруын қадағалаған да, басшылық жасаған да - Н.Сауранбаев.
    1936 жылы қазақтың «Ұлт мәдениеті» институты ұйымдастырылып, оның құрамына тіл мамандары, әдебиетшілер және тарихшылар енгізілген болатын. Жоғарыда аталған институт осының негізінде құрылған. Ал кейін 1946 жылы тарих өз алдына жеке мекемеге айналады да, Тіл мен Әдебиет өз алдына институт атанды. Тіл мамандары мен әдебиетшілер 1961 жылы ғана жеке-жеке институт болып бөлініп шықты.
    Жоғарыда айтылғандардан біз Н.Сау­ранбаевтың ізденіс жолдары мен ғылыми ұйымдастыру жұмыстарын көреміз. Сонымен қатар ол ғылыми-зерттеу жұ­мыстарымен де үздіксіз айна­лысып отыр­ған. Оның ең алғашқы айтулы еңбегі ретінде 1940 жылы жарияланған «Қазақ тіліндегі көсемшелердің семан­тикасы мен функциялары» дейтін кө­лемді кітабын атауға болады. Еңбек орыс тілінде жазылған тұңғыш монография еді. Ленинградтағы Н.Я.Марр атындағы Тіл мен ойлау институты Н.Сауранбаевқа осы еңбегі үшін филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәреже береді. Қолжазба негізінде «Қазақ тіліндегі көсемшелер» деген атпен 1940 жылы жарияланады да, ол кейінірек 1944 жылы орыс тіліне аударылып қайта басылған.
    Н.Т.Сауранбаев ғылыми ізденісті одан ары тереңдете түседі. 1943 жылы «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген тақырып бойынша докторлық диссертация жазып бітіріп, оны қорғап шығады. Сонда қазақ тіл білімінен докторлық қорғаған топтың бастауында осы Нықаң тұрғаны анық.
    Ғылымның дамуы қоғамның дамуына орай өрбитіні белгілі. Қазақстан жағдайында да осы құбылысты үздіксіз байқап отыруға болады. Республиканың ғылыми-мәдени өмірі дами келе, 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясын құруға алып келді. Н.Сауранбаев тәрізді зерделі ғалым бұл ғылыми өмірден тыс қалмағаны мәлім. Академияның алғашқы сессиясында ол академияның толық мүшесі болып сайланды. Ұлттық академияның құрамына енген сол кездегі тұлғалардың төртеуі қоғамдық ғылым өкілдері еді. Атап айтқанда: жазушы, әдебиет зерттеушісі М.О.Әуезов, композитор, музыка зерттеушісі А.Қ.Жұбанов, лингвист түркітанушылар Н.Т.Сауранбаев және С.К.Кеңесбаев.
    Осыдан алпыс бес жылдай бұрын ашылған Ұлттық Ғылым академиясы республика тарихында тарихи мәні айрықша ірі оқиғаның бірі болып қалды. Міне, осы тарихи оқиғалардың басы-қасында Н.Т.Сауранбаевтың болуы, оның қаншалықты ірі тұлға екенінен хабар берсе керек. Ол қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы (кезіндегі атауы - төрағасы) қызметіне тағайындалады. Әрі президиум мүшесі ретінде қоғамдық ғылымдар саласы бойынша сан алуан тірліктің бастамашысы болды. Нақтылы жұмыстар мен келелі міндеттер туралы мақалалар жазды, талқылаулар өткізді, ойға жетелер сөздер сөйледі. Күні бүгінге дейін үзбей шығып келе жатқан «Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабаршысы» (қоғамдық ғылымдар сериясы) сол кезде Н.Т.Сауранбаевтың жетекшілігімен шыға бастаған болатын. Қоғамдық ғылым­дар саласы бойынша атқарылар қаншама жұмыстар осы журнал бетінде жарияланып отырды. Сөйтіп, қоғамдық ғылымдардың даму арналары қалыптаса бастады.
    1951 жылы Н.Т.Сауранбаев Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті болып сайланады. Респуб­лика аумағындағы қоғамдық ғылымдар ауқымындағы зерттеу жұмыстарының бәрі академик Н.Т.Сауранбаевтың басқаруына өтеді, яғни бұл кезде жасалған жұмыстардың бәрінде Н.Сауранбаев қаламының табы жатыр.
    1956-1958 жылдары Н.Т.Сауранбаев қазақ тілінің әлі онша зерттеле қоймаған тіл тарихы мен диалектологиясына зейін қоя бастағанын көреміз. Осы екі сала бо­йынша зерттеу жүргізіп, маман тәрбиелеу мақсатымен бөлім басқарады. Аталған мәселелерге арнап келелі мақалалар жазады. Бөлім қызметкерлерін күрделі мәселелерді қарастыруға жұмылдырады.
    Н.Сауранбаев, негізінен, ғылымды ұйымдастырушы нағыз ғалым ретінде қалыптасқанын байқаймыз. Сонымен бірге оның ұстаздық өнегесін де естен шығаруға болмайды. Ол бұл кәсібін 1932 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін үзбей жалғастырған. Ең әуелі, ол мектеп оқушылары және оқытушыларға арнап оқулықтар жазады. Педагогикалық мекемелер кеңестерін басқарады. Ал 1938 жылдан жоғары оқу орындарында дәріс оқып, доцент, профессор қызметтерін атқарады, кафедра меңгереді.
    Ол ғылыми-педагогикалық қызметті атқара жүріп, қоғам өміріне белсене араласуға да уақыт табады. Н.Сауран­баевтың осындай қайраткерлік қабілетінің байқалғанынан болуы керек, ол 1950 жылы Бүкілодақтық бейбітшілікті жақтаушылар комитетінің мүшесі болып сайланады. Бейбітшілік жақтаушылардың Үндістанда өткен конференциясына қатысып (1947 ж.), қазақ халқының атынан сөз сөйлейді. Үндістан халқының өмірі жайында кітапша жазады. Ол Дели мен Аграда, Аллахабад пен Калькуттада жұртшылық алдында сөз сөйлеп, Мадрас, Хайдарабад Басра, т.б. жер­лерде болып, қазақ елінің жағдайын баян­дайды. Иран, Ирак елдерінде де болады.
    1954 жылы Н.Сауранбаев шығыстану­шы­лардың бүкіл дүниежүзілік ХХІІІ конгресіне қатысып, баяндама жасайды. Конгресс Лондонда өткен. Ол рес­публикадағы ғылым мен білімге қатысты өткізіліп жататын шаралардың бірде-бірінен қалыс қалмаған. Әлденеше ғы­лыми кеңестердің мүшесі ретінде күн­делікті ғылыми өмірдің бәріне қолма-қол араласып отырды. Терминологиялық коми­тет­тің жұмысына қатынасты. Бірнеше газет, журналдың редакция алқасында болды.
    Замандастары Н.Сауранбаевтың жоғары мәдениеттің адамы болғанын айтады. Әсіресе, оның ішкі мәдениеті мен эрудициясына И.И.Мещанинов, Н.К.Дмитриев, С.Е.Малов, Н.В.Юшманов тәрізді орыстың әйгілі ғалымдары тәнті болғанын еске алады. Н.Сауранбаев ұстанған этикалық норманың жоғары екенін оның барынша әділ, турашыл болғанынан байқаймыз. Ол жас мамандарға кеңес беруден жалықпайды екен. Талқылау, пікіралысу жиналыстарына жиі қатысып, әрдайым қадағалап отыратын болған. Ол - үлкенді сыйлап, кішіге қамқор бола білген жан. Жолдастарына адал, қатардағы адамның біріндей қарым-қатынас жасайтын қарапайым қалпынан айнымай өткен жан болса керек.
    Н.Т.Сауранбаев 1958 жылы қараша айында небары 48 жасында дүниеден өтті. Оның артында өлмес мұрасы, ұмы­тылмас үлгі-өнегесі, оны қадір тұтып, қа­сиет санайтын шәкірттері, шәкірт­те­рінің шәкірттері қалды. Оның ғылыми мұ­расын бағалай білетін қаншама мамандар бар. Н.Сауранбаев мұрасын қас­тер­лей білудің бір дәлелі - ол кісінің таяу­­да100 жылдығының аталып өтуі. Енде­ше, қазақ тіл білімі өркендеп тұрғанда Н.Т.Сау­ранбаевтың есімі ұмытылмақ емес.

abai.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз




20/06/2024 11:04

БАЙҚАУ!
0 728 0


05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 724 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 1104 0




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 1554 0





ТЕКСТ

Яндекс.Метрика