КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тәуелсіздігіміздің басты тірегі – мемлекеттік тіл. Қазақ елі өзінің даму тарихында бірнеше әліпбиді басынан өткізді. Оның бірі саяси енді бірі мәдени жағдайларға байланысты. 2006 жылы тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ХІІ сесиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтседе латын қаріпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер соның ішінде посткеңістік елдердің латын қаріпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай , оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген болатын. Күні бүгінге дейін тілші ғалымдар мен қазақ лингвистері арасында латын әліпбиіне көшудің артықшылығы мен кемшіліктері туралы пікірталас туындап, айтылып та, жазылып та жүр.  Осы ретте «Латын графикасымен қазақ әдеби тілінің біртілді түсіндірме сөздігін әзірлеудің лингвистикалық негіздері» атты жобаның авторы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті филология институты Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасында қауымдастырылған профессор м.а. Ботакөз Нұржановамен сұхбаттасқан едік...

-          «Латын графикасымен қазақ әдеби тілінің біртілді түсіндірме сөздігін әзірлеудің лингвистикалық негіздері» атты жобаңыздың өзектілігі неде? Неге бұл тақырыпты зерттеуді жөн көрдіңіз?

-          Латын таңбасына көшу – уақыт талабы. Саяси шешім шыққан, бірақ лингвистикалық шешім біріздендірілмей тұр. Біз алдағы уақытта латын әліпбиіне көшеміз. Бізде кеңес кезінде қабылданған тілбұзар кирилл әліпбиінде қала беруге болмайды. Осы уақытқа дейін кирилл таңбасымен жазылған қазақ тіліндегі барлық мәдениет және әдебиет мұралары, ғылыми еңбектер мен оқулықтар, т.б. барлығы алдағы уақытта кезең-кезеңімен латын графикасына транслитерацияланатын болады. Біз ұсынып отырған жоба осы бағытта, яғни латын графикалы біртілді түсіндірме сөздікті жасап шығарудың теориялық және тәжірибелік негіздерін қамтиды.

-          Жобаның басты мақсаты қандай? Мақсаттарыңыз қолжетімді ме?

-          Қазақ тілінің сөздік құрамын түгел қамтитын латын графикалы біртілдік сөздік түзудің әдіснамасын жасау, лексикографиялық нұсқаулық дайындау. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін бірнеше міндеттерді шешу керек. Атап айтқанда, біртілді түсіндірме сөздік түзу барысында оның құрылымы мен мазмұнын жүйелеу; осы уақытқа дейін шыққан түсіндірме сөздіктерге енбей қалған мағыналары көмескіленген сөздер мен сөз тіркестерін анықтау, оларды ұсынылып отырған сөздікке енгізудің  жолдарын көрсету; тіл нормасына сәйкес, емле ережелерін қатаң сақтай отырып, көпшілікке түсінікті болатындай сөздерді латын графикасына транслитерациялау үлгісін ұсыну; мағыналары күңгірт жинақталған тіл бірліктерінің мағыналарын ашып, оларды талдаудан, сүзгіден өткізу нәтижесінде сөздікке енген сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналарын ашуда қарапайым тілмен түсіндірудің лингвистикалық талаптарды анықтау; байырғы сөздерге анықтама беру кезінде сөз мағыналарындағы ұлттық болмыс ерекшеліктерін сақтайтын элементтер мен этнолингвистикалық деректерді ескеру; біртілді түсіндірме сөздікке грамматикалық, этимологиялық, стильдік шартты белгілердің дәл әрі дұрыс қою үлгілерін көрсету;

-          Ұсынып отырған жобаңыздың ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз...

-          Ұсынылып отырған жобаның басты ерекшелігі – латын қарпімен басылған біртілді сөздіктерді жасайтын мамандарға (түзушілерге) кирилл графикасынан латын графикасына транслитерациялаудың қажетті әдіс-тәсілдерін анықтап, теориясы мен тәжірибесін бағамдап, осы жұмыстарды жүргізу кезінде кездесетін түрлі қиындықтар мен олқылықтардың алдын алу.

-          Жобада белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін теориялық (салыстырмалы әдіс, сипаттамалы әдіс, лингвостатистикалық және құрылымдық әдістер, салыстыру, салғастыру, жалпылау, абстракциялау, синтез жасау), сауалнама және сынама әдіс-тәсілдері  қолданылады депсіз. Жобаны жүзеге асыру үшін аталған әдіс-тәсілдердің маңыздылығы қандай?

-          Жобада алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін зерттеудің лингвистикалық әдіс-тәсілдері пайдаланылады. Атап өтетін болсақ, реестрге алынған сөздер мен сөз тіркестерінің қазіргі мағыналарын анықтауда сипаттама әдісі, олардың негізгі және қосалқы мағыналарын және бір тақырыптық топқа кіретін сөздердің ортақ не дифференциалды семаларын ажыратуда, сондай-ақ мысалдар іздеу барысында салыстыру әдісі, сөздердің қолданылу жиілігі мен типін анықтауда тарихи-салыстырмалы әдістер қолданылады. Сондай-ақ салғастырмалы, лингвостатистикалық, эксперименттік әдістер арқылы да бірқатар жұмыстар іске асырылатын болады. 

Түсіндірмелі сөздікке алынған сөздердің мағыналық ерекшеліктеріне қарай сөздің лексикалық мағыналарын ашу үшін сипаттамалы, синтетикалық, синонимдік, аналитикалық, антонимдік, функционалдық, денотаттық, аралас және сілтемелік анықтамалар қолданылады.

Сөздерге берілген анықтамалардың дәлдігі, нақтылығы, түсініктілігі, шынайылығы, толымдылығы, басы артық энциклопедиялық деректердің болмауы, тілдік, стильдік жағынан сәйкестілігі, т.б. арнайы лингвистикалық зерттеу мен талдаудан өтіп, мақұлданып, сарапшы мамандар тарапынан бекітілетін болады.

Сөздерге келтірілген мысалдар көркем әдебиеттерден, халық ауыз әдебиеті үлгілерінен, бұқаралық ақпарат құралдарынан, оқу құралдары мен басқа да академиялық еңбектерден алынып, олардың тиесілі мағынаны неғұрлым дәл беруі басты назарда болады.

Ғылыми зерттеудегі негізгі этикалық заңдылықтар мен қағидаттар қатаң сақталады. Нақтырақ айтқанда, дереккөздерден алынған материалдардың бұрмаланбауы, объективтілігі, ойдан шығарылмауы, жарияланған ақпараттың дұрыстығы, саяси әдеп нормаларының сақталуы, өзге авторлардың авторлық құқығының бұзылмауы, мәдениетаралық коммуникацияға нұқсан келмеуі сынды ережелер жіті қадағаланады. Зерттеу үдерісіне қатысушы мамандардың жеке басына және олардың жұмыстарына құрметпен қарап, олардың аталмыш жобаға қосқан үлесі мен еткен еңбегі тиісті дәрежеде әділ бағаланады.  

Ғылыми жоба нәтижелері негізінде дайындалатын өнімдер жобаға қатысушылардың ұжымдық және жеке авторлық интеллектуалдық жекеменшігі болып табылады, бірақ ғылыми нәтижелері жалпыға ортақ.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз