КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бас

Авторы: Сая МОЛДАЙЫП

02/05/2017 15:10   0   43454   0


- Бұрынғының шалдары басқа таласатын, кәдімгі қойдың басына. Қазіргінің шалдары бастың құйқасынан бір тіліп алып, құтылғанша асығады. Сен осының себебін білесің бе?

Ұлтжанды азамат сұраулы жүзбен қарады.

- Білмейді екем, ағасы. – Кей-кейде төрдегі ақсақалдарға тартылған бас босаға жаққа тез-ақ қайтып оралады. - Міне, көрдің бе? Ал неге? Өйткені, кеңестік идеологиямен «өсіп-жетілген», ұлттың руханиятынан жұрдай бүгінгінің көптеген қариялары шырыштан қолым былғанып қалады дейді. Бастың құйқасын турап, тілін, таңдайын, құлағын ырым етіп таратудан да тартынады. Өйткені, бастың құрметті адамға тартылатынын, халықтың осы бір тамаша салтында ұлылықтың жатқанын түсінбейді, ұқпайды, ұққысы да келмейді. Бірақ, мен мынаны айтайын: қазанда пісіп шыққан бастың сырты салқын болғанымен, іші ыстық. Сонда құйқа туралып, бастың мүшелері, яғни, құлақ, тіл, таңдай таратылып, сосын «мипалау» жасалғанша мидың, сүйектің ыстығы саусақ арқылы денеге сіңеді. Бұл дегенің - адам үшін үлкен ем, осы арқылы денеге ғарыштық үлкен қуат тарайды. Анау корей, жапондарың осындай қуат алу үшін «шарик» ойлап тапты емес пе?!

Төрде отырып, алдына тартылған басты рет-ретімен турап, аяғына дейін жеткізген қария сол жиыннан еңсесі тіктеліп, адымы ұзарып, көңілі көтеріліп шығады. Бұл – жаңағы айтқан қуат, қазақтың халықтық емі. Бұрынғылар айтқан дейді: «Алға тартқан бастан қасиет кетсе, халықтан құдірет кетеді» деп. Осыдан қорқам.

Ағамыз ой тастап кетті.

Рас, қуат дариды деген де дұрыс. Әлемде сыйлы қонағына бас тартатын екі ел болса, соның бірі біздің қазақ екен. Әлбетте, кәде, жиын-той, аста сойылған малдың, көп ретте қойдың басын қадірлі адамға сыбағалы, кәделі, сыйлы мүше ретінде тартады. Бас мүшесі жаратылыстың, әлемнің бастаушы күші деген ежелгі наным-сеніммен оны жасы үлкен, сыйлы қонаққа немесе мәртебесі жоғары адамға тарту қазақта ежелден қалыптасқан.

Бір қызығы, еліміздегі әр аймақ басты әрқалай тартады. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Моңғолия, Қытай қазақтары қойдың басын піскен соң маңдайынан айқастыра тіледі. Бұл - тігінен түскен біздің жол, көлденең түскен сіздің жол дегенді ырымдағаны, қонаққа жасаған құрметтің белгісі. Қазақ арасында қой басының құйқасын тілуді қасқалдақтау, бастың жолын ашу деп те атайды. Айқас тілу немесе қасқалдақтау (қас таңбасы) ұқыптылықты қажет етеді. Яғни, қасқалдақтағанда бас сүйегі құйқа арасынан ырсиып көрінбеуі тиіс.

Ал Қазалы өңірінде, Арал бойында қазақтар қонаққа бас тартқанда оң жақ құлағын кесіп алып, оны үйдің кішкене баласына береді де, қонаққа оң құлақсыз тартады. Бұл ырысым, несібем өз үйімде, өз босағамда қалсын дегені екен. Сондай-ақ, сыйлы мейманға тартылған мал басының тісін қағу яки қақпау жөнінде де ерекшеліктер бар. Ол - өз алдына жеке әңгіме. Болашағынан жақсылықты күтіп, оны ұрпағынан ырым ететін қазақ бастың тіл, таңдай, құлағын балаларға үлестірген. «Езуімізден май кетпесін» деп алдымен бастың оң жақ езуі құйқасын ырым етіп, ауыз тию, «Құлағың сақ, жақсылыққа үйір бол» деп, құлағын сол үйдің баласына не келініне беру - жақсылық тілеудің нышаны. Көзін «Көзімдей бол» деп жақын тартқан адамына, таңдайын «Таңдайың тақылдаған шешен бол», яки «Таңдай өрнегіндей кестеші бол» не «Жезтаңдай әнші бол» деп баланың алақанына ұрып береді. Кей өңірлерде маңдай құйқасын «Маңдайыңнан бақ кетпесін» деген ырыммен де ұсынатын көрінеді.

Қазақта әкесі тірі адам бас ұстамайды деген ырым бар. Бұл жөнінде этнограф Әбубәкір Диваев: «...қазақтарда қойдың әрбір сүйегін қызметіне қарай бөлу әдеті қалыптасқан. Осындай бөлініс кезінде бас үлкен адамға тиеді. Әкесі бар адам алдында өз әкесі сияқты үлкен адам болғандықтан, басты пайдалана алмайды», - дейді. Бұл үлкенді сыйлау әдебін көрсетеді, әкең тұрғанда әкеңнен үлкенсіп бас ұстау әдепсіздікті танытады.

Қазақ – қонақжай, небір қысылтаяң кезде осы дәстүрін бұзбаған ел. Қадірлі қонағы келгенде астындағы жалғыз атын сойып беріп, жүген ұстап қалатын мәрттік, жомарттық қазақта ғана бар. Соның бірі сыйлы қонаққа қой сойып, табақ, бас тарту дәстүрі екен. Оның өзінің сан тарау жақсылық шақыратын ырымы бар екен. Осыншалық пайдасы, құрмет-қасиеті бар бастан жиіркену, әрі итеру, қажетсінбеу нені білдіреді? Тіпті, қазіргі қалалық балақайлардың арасында құлақтан жиренетіндер де бар. Әке мен атадан көргені сол болса, «Чупа-чупс», «чипсы» секілді жасанды «тағамдармен» алданып, өсіп келе жатса, балаға не кінә?

Иә, ғасырлар тезінен өткен, медициналық тұрғыдан пайдасы аса зор атамыз қазақтың әр салаға лайықталған салты мен дәстүріне не жетсін?!

Ұлттық сананың гуманистік рухы жоғалмасын, ағайын!

САРЫАРҚА САМАЛЫ


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


02/05/2017 15:10

Бас
0 43455 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика