THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жаңа оқу жылында балаңызды қазақ мектебіне беруді міндетім деп ойлайсыз ба?
Авторы: Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
31/05/2017 10:34 0 52307 0
Сонау тоқсаныншы жылдары тәуелсіздік алып, қазақ мектептері көбейе бастағанда кейбіреулер «қазақ мектебінде білім жоқ. Беріп қажет емес» деген әңгіме айтқан. Оның бәрі сандырақ.
Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы:
– Егер қазақ зиялылары балаларын, не болмаса немерелерін қазақ мектебіне апармайтын болса, онда тіліміз үлкен дағдарысқа ұшырайды. Құдайға шүкір, бірақ жағдай олай емес. Қазір бәрі бала-шағасын қазақ мектебіне сүйреп жатыр. Демек, ана тілінде білім алатын жас өркеннің болашағы мол деп ұғуға болады. Екінші бір мәселе, сол тұста Алматыда жалғыз қазақ мектебі ғана болды. Мен соны бітірдім. Бір қызығы, бізге сабақ беретін ұстаздарымыздың балалары орыс мектептеріне баратын. Жарайды, бұл бұрынғы дүние. Қазіргіге келетін болсақ, осыдан бірер апта бұрын немеремді жетелеп қазақ балабақшасына апардым. Қалғысы келмей жылаған соң бірер сағат жанында болдым. Сонда көргенім, бүлдіршіндердің 90 пайызы қазақтар да, қалғаны орыс, кәріс дегендей. Олар да қазақ балаларымен шүйіркелесіп ойнап, шауып жүр. Бұл менің жүрегімді жылытты. Демек, өзге ұлттарда қазақ тілінің болашағы бар екенін сезіне бастады. Ертең олар балаларын балабақшадан кейін қазақ мектебіне беретіні анық.
Бір өкінішті жағдай, кейде аулаларда 70-тен асқан қазақтың кемпір-шалдары әңгіме айтып отырады. Тек орысша сөйлейді. Қазақ тілінің көрін қазғандар – осылар. Олар балаларын да, немерелерін де орысша оқуға тырысатындар. Біз «тіл білмейсің» деп өзге ұлттар емес, осы өз тіліне шекесінен қарайтындармен күресуіміз қажет. Қазір билік баспалдағында жүргендердің көбі орыс тілінде сөйлейді, балаларында орыс мектебіне беретіндер. «Қазақ пен қазақ, қазақ тілінде сөйлессін» деген Президенттің саясатына қарсылар да осылар.
Қыдырәлі БОЛМАНОВ, әнші, продюсер:
– Талай қазақ мектептері менімен кездесу ұйымдастырды. Бардық, сөйледік. Бәрі жақсы. Тек... иә, тек деп айтатын жөнім бар, сол кездесу біткен соң, қаумалап қоршап алған балалардың көбі, «Дай те, автограв» деп орысша шүлдірлеп тұрады. Бұл – трагедия. Сол қазақ мектептерінде оқитын балалар үзіліске шыға сала орысша сөйлеуге тырысады. Білмеймін неге сонша орыс тілін «пір» тұтатынын.
Баланы қазақ мектебіне жетелеп барумен іс бітпейді. Ең бірінші баланың санасына ана тілінің құдіретін құюымыз керек. Ол – балабақшада, ол – үйде басталуы тиіс. Бір мысал айтайын, Қазақстан жыл сайын АҚШ-тан – 76, Қытайдан – 50, ал Ресейден – 15 миллион доллар көлемінде ойыншық сатып алады. Сол Америкада, Қытайда, Ресейде жасалған ойыншықтар қазақ баласына не береді? Ештеңе. Керісінше өзге мәдениетке жетелейді. Сондай-ақ ол ойыншықтардың сапасы қандай, қандай материалдан жасалған? Жеткіншіктің денсаулығына зиянды емес пе? Бұған теледидарда жүріп жатқан, шетелдік мультфильмдерді, сағызша созылған кәріс пен түрік сериалдарын қос. Ғаламтор тағы бар. Көрдіңіз бе, қазақ баласы қалай «уланып» жатқанын.Сондықтан баламызды қазақ мектебіне апардық деп қуану ерте. Мен қазақ мектептерінің болашағына күмәнмен қараймын. Себебін айттым. Ол үшін не істеу керек? Біз ұлттық идеологияға үлкен мән беруіміз керек. Соның аясында бүлдіршіндерді тәрбиелеу қажет. Қысқасы, қазақ мектебіне баланы жетелеп барумен шаруа бітпейді. Жас өскіннің жан дүниесін қазақыландыру қажет.
Сұлтан ҚАЛИЕВ, балалар ақыны:
– Шынымды айтайын, мен кезінде балаларымды орыс мектебіне бердім. Ол кезде қалада қазақ мектебі жалғыз еді. Оған беруге мүмкіндік болмады. Ал қазір немерелерімнің бәрі қазақ мектебіне, балабақшаларына барады. Үйде отырып, олармен сөйлескенде сүйсініп қаламын. Ана тіліне тастай. Үйге келетін газет-журналдарды да ақтарып, керектісін оқып жатады.
Сонау тоқсаныншы жылдары тәуелсіздік алып, қазақ мектептері көбейе бастағанда кейбіреулер «қазақ мектебінде білім жоқ. Беріп қажет емес» деген әңгіме айтқан. Оның бәрі сандырақ. Қазір сол кезде қазақ мектептеріне барған балалар жетілді. Билік дәліздерінде жұмыс істей бастады. Ешкімнен сорлы емес, қайта бірнеше тілді жетік біледі. Қатарынан озық тұр.
Жалпы, қазақ тілінің болашағы түбі зор болатынын түсінген өзге ұлт өкілдері де балаларына қазақша білім беруге ұмтылуда. Бұл да – үлкен жетістік. Меніңше, қазір кез келген қазақ баласын қазақ мектебіне бергенді өзіне мәртебе санауы керек. Өйткені болашақ – қазақ тілінде.
Айқын
ПІКІР АЛМАСУ
31/05/2017 10:34
Жаңа оқу жылында балаңызды қазақ мектебіне беруді міндетім деп ойлайсыз ба?
|
ТЕКСТ