THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Өскемендегі көшелердің бірінің бойында отыратын осы бір қазақ жігітінің жанынан күнде өтем. Өткен сайын жүрегім ауырады. Өткен сайын санамды сан сауал мазалайды.
Қазақ неге қайыр сұрайды? Өз жерінде, өз елінде, өз мемлекетінде отырып, жұртқа неге алақан жаяды? Қол-аяғы балғадай жігіттеріміз көрінгенге жаутаң қағып, көшеде неге отыр?
Рас, қазақ бұрын қайыр сұрамайтын. Көшпенді дәуірді былай қойғанда, небір нәубетті, небір қиямет-қайымды бастан өткерсе де, ешкімге алақан жаймаған еді. Миллиондап аштықтан қырылып, миллиондап соғыста құрбан болды. Бірақ қазақ сұрапыл соғыс уағында да (Ұлы Отан соғысы – А.Қ) қайыр сұраған жоқ. Киерге киімі, ішерге асы болмаса да, «бөрі арығын білдірмес» деп ешкімнің есігін сағаламады. Соғыстан кейінгі жылдары да еліміз өте ауыр тұрмыс кешті. Сол кездері де көрінгенге көзін сатып, көшеге шыққан жоқ. Неге?
Біріншіден, қазақ қайыр сұрауды намыс көретін. Ар-ұят санайтын. Тірлігіміз түзу болмаса да, бірлігіміз бекем еді ол кезде, қара бастың қамынан намысты жоғары қоятын едік. Қазаққа көрінгенге көзін сатып, көшеге шығу жат қылық, оғаш мінез еді ол шақта.
Екіншіден, ағайын-туысы жақын-жуығының тіленшілікке түсіп, қайыр сұрауына жол бермейтін. Ағайынының немесе бауырының біреуге жаутаң қағып отырғанын намыс көретін. Өздерінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырмаса да, барымен бөлісіп, жақынының мүсәпір күйге түспеуіне барын салатын. Бұрын солай болатын. Әрине, қайыршы демей-ақ қояйық, ол кезде де әл-ауқаты нашар, жағдайы төмен адамдар болды қазақ арасында.
Қайыршылық қазақ елiне көктен түскен жоқ. Қазақтың қайыр сұрауы нарық заманынан басталды. Яғни, 90-жылдардан. Нарық қазақты ғаріп күйге түсірді. Табақтай дипломы бар білікті мамандардың өзі отбасының қамымен базар жағалап кетті. Әркім жан бағу үшін білгенін істеп бақты. Әл-ауқаты төмен, жоқ-жітік адамдардың жәйі бұл кезде айтпаса да, түсінікті еді.
Ал бүгін ше? Былай қарасаң, керектің бәрі бар секілді, төрт құбыламыз түгел секілді. Ел іргесі аман, жұрттың ұйқысы тыныш. Экономикамыз еңсесін тіктеп келеді. Қазақ мемлекетін төрткүл әлем тани бастады. Бірақ алаш баласы әлі күнге алақанын жайып, қайыр сұрап, көшеде неге отыр? Не жетпейді бізге? Бізге жетпейтіні – жоғарыда айтқан ағайынның бірлігі мен бауырдың ынтымағы секілді. Жасыратыны жоқ, өздері шалқып өмір сүріп, кең креслоларда шалқайып жатса да, көмек қолын созбақ түгілі, жақынын, бір кіндіктен тараған ағайын-туғанын есігінен сығалатпайтын жандар бүгінде аз емес. Өз бауырына өгейлік танытып, өзекке тебетіндер көп. Ағайынға қарайласу, жақыныңа қол ұшын созу деген қазақтың игі қасиеті жойылып бара жатқан секілді көрінеді. Жұртымыз ағайыншылдықтан айырылып, қоғам қатігезденіп бара жатқандай.
Қазақтың қайыр сұрауының себебінің үлкені, мәселенің бір ұшығы осында жатқан секілді. Сіздер қалай ойлайсыздар, оқырман?!
Дидар
Шығыс Қазақстан облыстық газеті
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ