THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жаңа кино шығыпты дегенді естісек болды, уақыт тауып, кинотеатрға баруға тырысамыз. АҚШ-тың атақты «The Imitation Game» деп аталатын тарихи драмасы отандық прокатқа шыққалы екі аптаның жүзі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің атышулы шифрлық машинасы «Энигманың» тас-талқанын шығарған ағылшын криптографы Алан Тьюрингтің өмірін өзек еткен фильмді көргеннің бәрі мақтайды.
Жаңа кино шығыпты дегенді естісек болды, уақыт тауып, кинотеатрға баруға тырысамыз. АҚШ-тың атақты «The Imitation Game» деп аталатын тарихи драмасы отандық прокатқа шыққалы екі аптаның жүзі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің атышулы шифрлық машинасы «Энигманың» тас-талқанын шығарған ағылшын криптографы Алан Тьюрингтің өмірін өзек еткен фильмді көргеннің бәрі мақтайды. «Оскардың» сегіз аталымына ұсынылған киноның осал болуы мүмкін емес. «Игра в имитацию» десек, оқырманға түсініктірек болар. Өйткені отандық экрандардан көрсетілетін шетелдік фильмдердің барлығы дерлік прокатқа орыс тіліндегі дубляжбен шығады. Қазақшасын іздеп Алматыдағы «мен» деген кинотеатрлардың біразын шарладық, аяғымыз жетпегеніне телефон шалдық. Елімізден пайда тапқаны болмаса, кинотеатрлар Қазақстанның мемлекеттік тілін де, «Мәдениет туралы» заңын да менсінбейтін болып шықты.
Алдымен «АDK» ойын-сауық орталығында орналасқан «Chaplin» кинотеатрына бардық. Кассада отырған қараторы қызбен диалогымыз ұзаққа созылған жоқ:
– «Игра в имитацию» фильмін қазақша дубляжбен көргіміз келіп еді…
– Кешіріңіз, бізде тек орысша.
– Субтитрлық аударма да жоқ па?
– Жоқ.
– Қазақ тілінде басқа не көрсек болады?
– Өкінішке қарай, қазір ештеңе жоқ.
– Неге?
– Кешіріңіз, мен тек билет сатушымын, – деп кассир қыз артық сұраққа жауап бергісі келмейтінін аңғартты. Кинотеатрдың әкімшісін шақырып беруін сұрадық. Өзін Гюзаль деп таныстырған әкімші қыз сауалдарымызға барынша сыпайы жауап беруге тырысты. Бірақ сұрақтың бәріне қанағаттанарлық жауап ала алмадық. Ол қазақша дубляждалған фильмнің соңғы рет қашан көрсетілгенін есіне түсіре алмады. «Прокатқа жіберілетін фильмдер неге мемлекеттік тілге аударылмайды?» деген сауалымызға алғашында шамданып қалды, әңгімені шорт кескісі де келді. Сабасына түсіру үшін заңды алға тарттық. ҚР «Мәдениет туралы» Заңына 2010 жылы мамырда енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша «Шетел телеарналарынан ретрансляцияланған фильмдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына прокаттау мақсатында әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс».
Әкімші қыз журналист екенімізді түсінген соң мән-жайды түсіндіруге тырысты. Фильмдердің қазақша нұсқасын ешкім сұрамайды екен, сұраныс болмаған соң прокаттаушылар оған дубляж жасап, басы артық шығын жасаудың жөні жоқ деп есептесе керек. Дәл осындай жауапты «Арман» кинотеатрының әкімшісінен де естідік. «Esentai mall», «Globus», «Спутник» ойын-сауық орталықтарында орналасқан «Kinopark» кинотеатрлар желісі де мемлекеттік тілді қажетсіне қоймапты. Көрсетілетін кинолардың апталық кестесінен қазақ тілінде дубляждалған бір де бір фильм таба алмадық. «Жуырда» деп жарнамасын жалаулатып қойған фильмдер де тек орыс тілінде көрсетіледі екен. Соңғы үмітіміз Қазақстандағы Premium-класқа жататын тұңғыш кинотеатр, белгілі сценарист әрі режиссер Тимур Бекмамбетовтің есімін иемденген «Bekmambetov Cinema»-да еді. Хабарластық. «Касса» деп телефон тұтқасын көтерген жігіт қуанта қоймады. Отандық фильмдердің бірлі-жарымы болмаса, шекара асып келетін фильмдерге дубляж жасалмайды екен.
«Кинотеатрлардың жазығы жоқ»
Кинотеатрлар заңды неге белшесінен басып отыр? Ешкім құлақ аспайтын болса, мұндай заңды қабылдаудың қандай қажеттілігі бар? Қабылданды екен, орындалуы неге қадағаланбайды? Бұл сұрақтарды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас редакторы Дидар Амантайға қойдық. Оның айтуынша, «Мәдениет туралы» заңның 28-4 бабының 1-тармақшасында еліміздің аумағында фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және өзге тілдерде жүзеге асырылатыны айтылған, бірақ «барлық фильм түгел дерлік қазақ тілінде прокатқа шықсын» деген міндет қойылмаған екен. Ал 2-тармақшасында ұлттық фильмдерді «қазақ тілінде прокаттау жүзеге асырылуы тиіс» делінген. Ұлттық мәртебе алған фильмдерді «Қазақфильм» түсіретіні белгілі. Мұнда түсірілетін барлық фильмдер әдетте қазақша түсіріледі, орысша түсірілгендері міндетті түрде қазақ тіліне дубляждалады. Сондықтан «Қазақфильмде» қазақ тілінің асығы түгел. Бұл тұрғыдан Дидар Амантайға қарсы уәж айта алмаймыз. Бас редактор аталған баптың дау тудырып отырған 3-тармақшасына да түсініктеме берді.
«Бұл тармақшада Қазақстанға әкелінетін фильмдердің қанша данасына дубляж жасалуы керектігі нақты айтылмаған. Бұл – бір. Екіншіден, сол қазақша дубляж жасалған нұсқасы «прокатқа шығуы тиіс» (кинотеатрларда көрсетілсін) деген сөз тағы жоқ», – дейді Д.Амантай. Яғни, дистрибьюторлар прокатталуы тиіс фильм көшірмесінің бір данасына ғана қазақша дубляж жасап, көзден тасалау жерге ысырып қоя салуы мүмкін. Талап етіп жатса, көрсете қояды. «Қазақфильмнің» бас редакторына кинотеатрлардан қазақ тіліне дубляждалған бірде-бір фильм таппағанымызды, кинотеатр әкімшілігінің алға тартар уәжін айттық. Сөйтсек, прокаттаушыларды қыспаққа алуға қақымыз жоқ екен. «Шетелдік кинолардың әлем көрермендеріне таралу процесіне екі буын қатысады: дистрибьюторлар мен прокаттаушылар. Прокаттаушылар деп отырғанымыз – кинотеатрлар, ал дистрибьюторлар – өнімді ұсынушылар. Мәселен, сіз журналда кеткен қателіктер үшін дүңгіршекті кінәлай алмайсыз ғой. Олар – баспа өнімін таратушылар ғана. Ал сапасына, ішіндегі контентіне журнал редакциясы жауапты. Сол сияқты кинотеатрлардан фильмдердің қазақша нұсқасын талап етуіңіз орынсыз. Заңның орындамағаны үшін дистрибьюторларды жауапқа тарту керек», – дейді Дидар Амантай.
Кинотеатрларды бекер жазғырғанымызды түсіндік те, қайсысының қандай дистрибьюторлармен жұмыс істейтінін анықтауға тырыстық. Қазақстандық кино нарығының негізгі ойыншылары – «20th Century Fox» киностудиясының өнімдерін жеткізуші «Kinopark», «Disney», «Sony», «Bazelevs», «West» киностудиялары шығаратын фильмдерді ұсынатын «Меломан», «Warner Brothers», «Paradise», «Вольга» киностудиялары түсірген фильмдерді жеткізетін «Арман», «Universal», «Central Partnership» өнімдерін отандық нарыққа енгізетін «Интерфильм distribution» сияқты компаниялар. Барлығын түгендемесек те, негізгілерін тізімдедік. Шетелдік киноларды экспоненттер (өз құзырына қарамайтын кинотеатрлар) арқылы прокатқа шығаратын компаниялармен байланыс орнату оңайға түспесін білген соң, жекеменшік кинотеатрлары бар «Kinopark», «Star sinema» сынды дистрибьюторларды сөзге тартпақ болдық. «Kinopark» компаниясының «Esentai mall», «Globus», «Спутник» сияқты ойын-сауық орталықтарында жеке кинотеатрлары бар. Ал «Star sinema» адам қарасы азаймайтын «Aport», «Mega» «Прайм Плаза» орталықтарына өз кинотеатрларын орналастырған.
Өкінішке қарай, әрекетіміз нәтижесіз аяқталды. Кассадан басталған сатылы қоңыраулар тізбегі ұзаққа созылғанымен, бізбен тілдескен адамның бірде-біреуі жауапкершілікті өз мойнына алғысы келген жоқ. «Прокатқа осы кісі жауапты» деп бірін-бірі нұсқаудан әрі аспайды. «Осыған хабарлас» деп, бірі 11 таңбалы, тағы бірі 5 таңбалы нөмір ұсынды. Көпшілігі журналист екенімізді білген соң, ат-тондарын ала қашады. Кәсібіңді айтпасаң, қарапайым көрерменге ақпарат ұсына қоюлары екіталай. «Kinopark»-тың Ольга есімді қызметкері ғана компанияның фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға неліктен құлықсыз екенін түсіндірмек болды. Оның айтуынша, мемлекеттік тілдегі фильмдерге көрермен қауымның сұранысы тым төмен. Өйткені қазақ тіліндегі аудармаға көңілдері толмайды-мыс. Екіншіден, шетелдік киноларға қазақша дубляж жасау үшін қыруар қаржы кетеді және ол фильмнің еліміздегі прокатынан түскен қаржы өзін-өзі ақтай алмай, шығынға батырады екен. Үшіншіден, елге әкеліп, оған қазақша дубляж жасалып болғанша арада біраз уақыт өтіп, көрермен әлемдік премьераны уақытынан тым кешігіп көреді. Компания өкілінің айтар уәжі – осы.
Демек «Kinopark» та, оның өзге үзеңгілестері де жуық арада көзі қарақты көрерменге мемлекеттік тілде кино ұсына қоймайтын сияқты. Жұбанарымыз – соңғы төрт жылда «Нұр Отан» партиясы мен «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен қазақша сөйлеген Голливудтың 9 фильмі. 2011 жылдан бері «Walt Disney/Pixar», «Sony Pictures», «Columbia Pictures», «Marvel» сияқты ірі Голливуд киностудиялары түсірген «Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Жаңа Өрмекші адам», «Батыл жүрек», «Монстрлар Университетi», «Жалғыз Рейнджер», «Кернеген қуат», «Малефисента», «Галактика сақшылары» сияқты 9 туынды қазақша сөйледі. Қазақ тіліне дубляждалған фильмдер шығынға батырады деген сыңаржақ көзқарастың тас-талқанын шығарған да – осы фильмдер.
Табысты жарыстыру қаншалықты қисынды?
Мемлекеттік тілге аударылған ең алғашқы Голливуд туындысы – «Көліктер-2» мультфильмі 2011 жылы 23 маусымда отандық прокатқа шыққан еді. Қазақ тілі «Көліктер-2» дыбысталған 39 тіл болды. Дубляжға 40 дара дауыс қатысты. 7 апта ішінде фильмнің қазақша нұсқасын 24 мың адам тамашалап, кассалық табыс 15 253 977 теңгені құраған болатын (сол жылғы валюта бағамы бойынша 104 659 АҚШ доллары). Дубляж жұмыстарына жұмсалған 100 мың долларды шегерсек, таза табысы – 4 мың АҚШ долларына тең. «Көліктер-2» мемлекеттік тілде сөйлеген алғашқы голливудтық туынды болғандықтан түскен пайданы азсынудың жөні жоқ. Бастысы, шығын ақталды.
Әйгілі «Men in Black-3» те «Қара киімділер 3» деген атпен отандық прокаттың көрігін қыздырған еді. Фантастикалық комедияның қазақша бейімделген нұсқасы көрсетілімнен 3 122 140 теңге тапты. Дубляж жұмыстарымен «Көліктер-2»-ні дайындаған топ айналысты. Фильм 2012 жылы 24 мамырда прокатқа шыққан болатын. Орысша және қазақша нұсқасын қосқанда «Қара киімділер-3» Қазақстаннан 240 336 929 теңге (1 531 770 АҚШ доллары) пайда түсірді.
Қазақша дубляждалған фильмдердің ішінде өзін-өзі ақтамағаны – «Батыл жүрек» пен «Жалғыз рейнджер» ғана. 2012 жылы 21 маусымда қазақстандық көрерменіне жол тартқан «Батыл жүрек» біздің елімізден 126 499 735 теңге (739 941 АҚШ доллар) табыс тапты. Оның қазақша прокатының үлесі – небәрі 1 988 610 теңгені (12 481 АҚШ доллары) құрады. Дубляж жұмыстарына 19 миллион теңге қаржы жұмсалған. Өйткені «Батыл жүректі» аударғандар диалогтардың аудармасымен шектеліп қалмай, фильмге екі ән де жазды. Мультфильмдегі ханшайым Мерида қазақ әншісі Мақпал Исабекованың даусымен ән салғаны есімізде. Қазақша дубляждың жұмсалған шығынды ақтамауы үгіт-насихаттың аздығынан, жарнаманың жүйесіздігінен деп топшылаймыз. Алысқа бармай-ақ, тұсаукесер қарсаңында қаланы айналдыра ілінген билбордтар мен баннерлерде фильмнің қазақ тіліндегі атауының көзге көрінер-көрінбес қаріптермен жазылуы прокат кезінде орыс тілінің үстемдігі орнайтынын ұқтырып қойған-ды. Таңғала қоймадық. Қазақ тіліндегі сеанстардың аздығы, прайм-таймға ылғи орыс тіліндегі сеанстардың қойылуы да кино нарығындағы мемлекеттік тілдің мерейін өсірмей қойды. 2013 жылы 4 шілдеде прокатқа шыққан шытырман оқиғалы вестерн-боевик «Жалғыз рейнджердің» қазақша көрсетілімнен небәрі 510 130 теңге жинауының себебін де алыстан іздеудің қажеті жоқ. Отандық кинотеатрларда аталмыш фильмнің көрсетілімі жүріп жатқанда белгілі журналист Әсия Бағдәулетқызы өзінің «Фэйсбуктағы» жеке парақшасына: «Жалғыз рейнджердің» қазақша нұсқасын көрейін десек, жалғыз сеанс бар екен. Онысы 13.45-те «Silk way city»-да. Ондай уақытта жұмыстан қайтіп кетіп қаласың? Алматыдағы 22 кинотеатрда дәл осы фильмнің 78 орысша сеансы бар екен», – деп жазды. Екі тілдегі сеанс санын салыстырудың өзі ұят, ендеше табысты жарыстыру қаншалықты қисынды?
«Сын түзелмей мін түзелмейді» демей ме қазақ? Қазақ тілді көрерменнің наразылығы мен әлеуметтік желілердегі қызу талқылаулардан кейін 2014 жылы қазақ тіліне аударылған «Малефисента» мен «Галактика сақшыларына» кинотеатрлар кестесінен лайықты орын берілді. Нәтижесінде қазақстандық прокатқа шыққан алғашқы үш күн ішінде-ақ (31 шілде – 3 тамыз) «Галактика сақшылары» 98 446 600 теңге немесе 540 766 АҚШ долларын жинады. Бұл – «Болашақ» қауымдастығы қазақша сөйлеткен тоғызыншы фильм. Мемлекеттік тілге аударылған фильмнің мұндай табысқа қол жеткізуін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең насихатталуымен де байланыстырдық. Тұсаукесер қарсаңында «Галактика сақшыларының» жарнамасы жарап тұрды. Алғашқы көрсетілімге «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен «Болашақ» қауымдастығы өкілдерінің арнайы келуі, танымал өнер жұлдыздарының шақырылуы да қазақша сөйлеген фильмнің салмағын арттыра түсті. Жастарға әдетте танымал адамдардың сөзі өтімдірек емес пе? Тұсаукесерден кейін өнер жұлдыздары әлеуметтік желі арқылы фильмнен алған әсерлерін көпшілікпен бөлісті, голливудтық туындыны қазақ тілінде тамашалауға шақырды. Насихаттың нәтижесін жоғарыда цифрмен өрнектедік. Сөзден гөрі санға сүйенетіндерге қазақ тіліне ықыластың кемімегенін көрсеткіміз келді.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ