THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Аралас мектеп азаяр емес!..
Авторы: Таубай БАРАТ, білім саласының ардагері Қызылорда облысы
06/06/2017 09:29 0 53116 0
Жуықта бір кездесуде ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «1937- 1938 жылдың өзінде 478 аралас мектеп болатын. Ол бүгінгі күнде 2097 аралас мектепке жетіп, екі аралықта 4,5 есеге дейін өсіп отыр. Бұл 2097 аралас мектеп ада қазақтар мен шала қазақтардың жыл асқан сайын еселене көбеюінің фабрикасына айналып кетті» деп қынжылды. Аралас мектептің түп негізі – XIX ғасырдың аяғында ашыла бастаған орыс-түзем мектебі.
Сырдария губерниясының тұңғыш генерал-губернаторы Фон Каупман Перовскіде орыс-түзем мектебінің ашылуына мұрындық болып, кейін осындай мектептер Аламесекте, Қазалыда жұмыс істей бастайды. Бұл мектептер бұратана халықтардың балаларына білім беру, ағартушылық бағытта болғанымен, негізгі мақсаты ұлтсыздандыру, православия дініне шоқындыру, жергілікті ұлттан шыққан ұсақ шенеунік дайындау еді. Кеңестік кезеңде осы идеологияның дінге байланысты жағын алып тастап, орыстандыру саясатын жүргізе берді. Соның нәтижесінде жоғарыдағы ғалым М.Мырзахметов айтқан Қазақстанда 1938 жылы 478 аралас мектеп болды. Түбі біртұтас кеңес халқын, яғни орыстандыру идеясын көздейтін мақсатқа жету үшін аралас мектепті еселеп өсірді. 1940-1941 жылы елімізде аралас мектеп саны 841 болып, екі есе өссе, 1954-1955 жылдары 1228-ге жетіп, үш есе көбейді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аралас мектептер күрт азаюы керек еді, бірақ шын мәнінде олай болмай отыр. КСРО-ның дәуірлеп тұрған кезеңі өткен ғасырдың 70 жылдары Қазақстанда 1689 аралас мектеп болса, қазір оның саны 2097-ге жетіп отыр. Мұның негізгі себебі Ресейдің ғасырлар бойғы қазақ ұлтын рухани құлдыққа түсіріп, тоғышар тобырға айналдыру саясатының нәтижесі.
Қазақ ұлтының ең көп қоныстанған жері, жүз адамның бір-екеуі ғана басқа этнос өкілі болып табылатын Қызылорда облысында 259 мектеп болса, оның 4-еуі орыс мектебі де, 27-сі аралас мектеп. Осы орыс және аралас мектептерінде оқитын оқушылардың көбі қазақ балалары екені айтпаса да түсінікті. Нақты сөз етейік. Жоғарыда айтылған 4 орыс мектебінде 2826 оқушы оқиды, оның 1880-і, яғни үштен екісі қазақ. Ал 27 аралас мектепте 6988 оқушы оқыса, оның 4486-ы қазақ балалары. Қызылорда қаласында, Арал, Жалағаш, Шиелі кенттеріндегі орыс мектептерінде кімдер оқитынына келейік. Аралдағы орыс мектебіндегі 688 баланың 9-ы ғана, Жалағаштағы орыс мектебіндегі 422 баланың 39-ы басқа ұлт өкілі.
Енді ойлап қараңызшы, Аралдағы 679 баланы орысша шүлдірлеткенше, 9 баланы қазақшаға үйретсек, олардың өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы емес пе?!
Аралас мектептерде де жағдай осындай. Қазалы ауданындағы екі аралас мектепте 34 оқушы, Жалағаш ауданындағы екі аралас мектепте 3 оқушы, Сырдария ауданындағы екі аралас мектепте 54 оқушы, Жаңақорған ауданындағы екі аралас мектепте 69 оқушы өзге ұлт өкілдерінің балалары. Жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының (кіші Ассамблея) XVI сессиясында «Славяне» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Щербакова Шиелі ауданындағы Ковтунов атындағы №252 орыс мектебін жергілікті жерде аралас мектеп етпекші екенін айтып, облыс әкімінен бұл білім ұясының орыс мектебі болып қала беруіне көмектесуін сұрады. Демек, шиелідегілердің мектебін, келешекте қазақ мектебі етуге ниеттері бар болғаны. Бұл құптарлық үрдіс. Осы №252 мектептегі 525 баланың 315-і, 65 мұғалімнің 45-сі қазақ екен. Мұғалімдер мен оқушылардың үлес салмағы осындай болып тұрғанда, тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырып Г.Щербакова ханымның бұл ұсынысын қалай түсінеміз? Шиелі кенті халқының 99 пайызы қазақтар, 1 пайыз басқа ұлт өкілдері бола тұра, бұл неғылған қазақ ұлтын, оның келешегін менсінбеушілік? Одан да ол Орынбор, Омбы облыстарының губернаторларына немесе сол елдің басшысына айтып Ресейдегі біздің 1 миллион қандастарымызға ең болмаса бір қазақ мектебін аштырып берсін.
Президент өз Жолдауында 2020 жылға дейін барлық мектеп оқушылары мемлекеттік тілде сөйлейтін болады деп тапсырма беріп отыр. Сонда жергілікті жердегі орыс, аралас мектептердегі балалар қалған жеті жылда қазақ тілін меңгеріп кете ала ма екен? Осыны ойлап жүрген адам бар ма?
Ана тілі
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ