THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:


Қазақ тіл білімінің өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі ғылыми зерттелу бағыттары мен жетістіктерінің жан-жақты әрі тереңдетілуі біраз таланты жастардың келуімен байланысты десек қателеспеспіз. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жетпісінші жылдан кейінгі жүрегінің түгі бар түлектері әдебиетшісі бар, тілшісі бар Ұлттық ғылым академиясына жол тартты. Әрине, Ғылым академиясы, Тіл білімі институтының есігі кім көрінген көк аттыға емес, тек таңдаулылар үшін ғана екендігін кім білмейді. Сол таңдаулылырдың бірі – бізден бір курс жоғары оқыған осы Жамал Айтқалиқызы Манкеева.
Мойындасақ та, мойындамасақ та дәл қазір қазақ тіл білімінің көрігін қыздырып жүрген алпыстың о жақ, бұ жағында жүрген нәзік жанды, бірақ ғылымда салқын қанды, сабырлы, намысты тек нәтижеге желкен еткен филология ғылымының докторлары бір топ қыздар бар. Ғалым қыздардың жеткен алпысы – олардың ғылымдағы талтүсі. Сол топтың алдында осы – Жамал Айтқалиқызы Манкеева.
Қазақстандағы білімнің қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ филологиясы кафедрасының ұстаз ғалымдары студенттерге тілтанымның теориялық ұстанымдарын барынша оқытып үйреткенде, дәріс кезінде олардың (ұстаздың) бір тынысын жеңілдететін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының жазған ғылыми еңбектері деуге болады. Бір тынысы деп отырғанымыз, әдетте адамның екі өкпесімен дем алатын тынысына бейнелеп айтқанда бір жақты ғана болмай, екінші сүйенер жақтың ықпалын айту еді. Студенттерге ұсынылатын екі әдебиеттің бірі – осы институт ғалымдарының еңбектері.
Демек ұлттық ғылымның дамуы және басқа ғылыми ортаға мойындалып, танылуы қай кезде болса да осындай дәстүр жалғастығына негізделеді. ҚазҰУ-ді бітірген студенттердің біразы кейін осы ғылым ордасының аспирантурасына түсіп, ғылыми атақтарын алды. Бұл ретте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары аға буын өкілдері академиктер Әбдуәли аға Қайдар, Рабиға апай Сыздық тағы басқалардың болашақ ғалымдарды тәрбиелеудегі сіңірген еңбектері мен төккен терлерінің бүгінде есесі қайтты, іргелі ізденістер мен ғылыми нәтижелерге қол жеткізген кешегі шәкірттеріне дән риза.
Педешілікпен тағы бір таңқалмасқа болмайды, соңғы кезде неге тек қыздар ғылымға дендеп кетті… Әлде кейінгі кезде ғылымда да гендерлік сипат ене бастағаны ма?.. Біздің елімізде, құдайға шүкір, ғылымда да, әдебиетте де феминистік бағыт жоқ. Алайда әйелдердің 70%-ы ерлерге қарағанда сөз таңдау дарындылығы яғни лингвистикалық қабілетті екендігі ғылымда дәлелденген. Бірақ ғылыми зерттеуге деген қабілетті лингвистикалық қабілетпен салыстыру дұрыс емес. Ендеше қазіргі қазақ ғылымының кез келген саласындағы ғылым докторлары әйелдердің көптігіне пендешілікпен кесіп пішіп баға беруге болмайды екен.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызын ғылыми жұртшылық қазақ тілі лексикологиясының диахрондық және синхрондық сипатына қарай: этнолингвистика, лингвомәдениеттаным, ономосиология мен семасиология сияқты, сондай-ақ когнитивтік лингвистика т.б. салаларды зертеуші ғалым ретінде таниды.
Тіл білімі институтының үлкен ұжымына алғашқыда жасқана енген әріптесіміз үнемі бірқалыпты өзгермейтін жайлы мінезімен үлкен-кішіге бірдей сыйлы жан болды. Бөлімдегі қат-қабат жұмыстарды атқара жүріп, негізгі мақсатын ойына тоқыған Жамал о бастан-ақ, зерттеу бағытын нақты айқындап алды. Кандидаттық жұмысын жазып жүргенде-ақ, болашақ ғалым академик Ә.Қайдардың талантты шәкірттерінің біріне айналды. Кейін академик аға Жамалды «өз шәкірт балам» деп, ал шәкірті ғылым жолына баулыған ізденушілерді «немере шәкірттерім» деп атайтын болды. Қазір ұстаздың көңілі тоятын профессор Жамал Айтқалиқызынан қорғаған академиктің «немере шәкірттерінің» саны – жиырма шақты. Академик ағамыздың өзге ғалымдардан бір ерекшелігі өз шәкірттерінің ғылым жолындағы аяқ алысына қарап, ертерек баға беріп қояды. Одан кейін академик қойған бестік бағадан төмен түсіп көр!
Академик Ә.Қайдардың «Ғылымдағы ғұмырдың ғибраты» деген кітабының «Шәкірттер туралы бірер сөз» деген бөлімінде: «Қос дәрежелі» – әрі кандидат, әрі доктор, оның үстіне «қос профильді» – әрі түбір сөз, әрі этнолингвистика проблемасынан бірдей қорғаған шәкірттерімінің бірі – Жамал Манкеева. Жамалдың да ғылымда әлі біраз жерге шабатын мүмкіншілігі бар. Бірақ мойнына артып алған сан алуан қоғамдық, педагогтік, ұстаздық қызметтері ғылымдағы өз проблемасын тереңірек дамыта түсуіне кеселін тигізе ме деп қауіптенемін» деп жазғаны бар. (1,113).
Одан бері де он жылдың жүзі өтіпті. Ақырын жүріп, анық басатын біздің әріптес құрбымыз ұстазының жанашырлық қаупін есінен бір елі шығарған жоқ. Сонау 1987 жылы «Қазақ тіліндегі бастапқы етістік негіздерінің реконструкциясы» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында басталған ізденгіштік қасиеті ғылымға адалдығын танытты. Жетекшісі академик Ә.Қайдар қалыптастырған «қазақ этнолингвистикасы» мектебінің бір қабырғалы ғалымына айналды.
Педагог ретінде Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде оқитын дәрістері, институт жанындағы докторлық қорғататын диссертациялық кеңестің тұрақты ғалым хатшылық қызметі «ғылымдағы өз проблемасын тереңірек дамыта түсуіне» ешбір кеселін тигіздіртпеді. Өмірлік серігі Зинол үшін үйде отбасының берекесі, немерелерге әже, ас үйдің қожайыны іспеттес толып жатқан тіршілік шын еңбекқор Жамалға әр күнді тектен тек өткізбей, өзінің ғылыми зерттеуіне қатысты пайдалы сәттерді қамтып қалатын қасиет дарытқан аллаға мың да бір рахмет! Тегінде «ғылым» деген бір тұңғиық әлемде еркін құлаштап жүзетіндердің ішкі тәртібі қатаң жүйеге бағынуы тиіс. Ол жүйе – қалыптасқан жұмыс кестесі. Бірақ әйел үшін екі тізгінде қатар алып жүру – үлкен ақылдылық пен жауапкершілік.
Бізге, ғылымда жүрген қыздар қауымына, әсіресе, ғалым апамыз Рабиға Сыздықтың өмірдегі өнегесі үлкен тағылым! Басқаларға қарағанда апамызға бір табан жақын жүретін (екеуі де бір ұжымда ғой) Жамал Айтқалиқызының жақсы қасиеттерінің бірі – еңбекқорлығы мен адамға жағымды мінезге бай сабырлы қалпы ғылым үшінде аса керек қасиет екен деп ойлайсың. Өйткені әлде біреулерге ұқсап, өз амбициясынан басқаларды көре алмайтын, жетістік тек менде болу керек, елдің алдына мен ғана жүруім керек кеудемсоқтықтан гөрі, мемендігі жоқ сыпайылығымен ғылым әлемінде өз орнын өзгелерге бағалатып отырған ғалым қыздың артықшылығы осы емес пе?
Шәкірт студенттерге профессор Жамал Айтқалиқызының ғылыми еңбектерін оқыту үстінде жиі ауызға аламыз. Өйткені біз лексикологиядан дәріс оқығанда қазақ тілінің лексикалық қабаттарын тақырыптар мен оның бірліктеріне бөлгенде мәдени лексиканың қалың қатпарларын ажырату үшін профессор Ж.Манкееваның «Мәдени лексиканың ұлттық сипаты» атты еңбегіне жүгінеміз. Бұл – 1997 жылы қорғалаған докторлық диссертациясының монографиясы. Еңбектің ғылыми маңыздылығы деп, күні бүгінге дейін қолдан түспей келе жатқандығын айтар едік.
Қазақ тілінің этнографиялық лексикасын дәл қазір біреу біліп, біреу білмейтінін несіне жасырамыз. Мәселен, әртүрлі кәсіпке байланысты жасалып, бертін келе ұмыт болған жеке сөздер мен сөз тіркестері қаншама. Мысалы,жыға, жаужұмыр, жақы, талқы, боқша, сірі т.б.сөздері қазақтың көне материалдық мәдениет лексикасы. Олардың этномәдени семантикасы тек арнайы талауды қажет етеді. Ж.Манкеева осы аталған еңбегінде қазақ мәдени лексикасының қалыптасу жолдарын көне түркі тілдері жүйесінен бастап, лексика-семантикалық топтарын саралап бөліп, олардың тілдік қолданыстағы ерекшеліктерін этимологиялық талдаумен дәйектеген. Тілді тұтынушы қауымның мәдени өмірімен байланыстыра зерттелгендіктен сөз жоқ бұл маңызын жоймайтын құнды еңбек.
Қазақ тіл білімінің қазіргі ғылыми парадигмаларының басты концепциясы – адам, тілдегі адамдық фактор. Тілмен шектес ғылым салалары үшін де антропоөзектілік алдыңғы қатарға шықты. Таным, болмыс деген ұғымдардың мәнін ашатын тіл иесі – адам. Қазіргі тіл білімінің зерттеу аясының тереңдеп, зерттеу нысандарының жан-жақты болуы тіл мен таным бірлігінің тұтастықта қарастырылуында. Осы орайда ғалымның тағы бір салмақты дүниесі «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері» деп аталады. Кітап 2008 жылы жарық көрді, алдында біз атап кеткен монографияның заңды жалғасы деп қабылдадық.
«Ұлт-Тіл-Мәдениет» үш тағаны арқылы қазіргі лингвистикалық зерттеулер адамдық фактордың бүкіл проблемасын басты нысан етіп алады. Барлық адамзатқа ортақ дүние суреті әр ұлттың өз болмысымен танылып, сол ұлттың мәдени өмірі қалыптасады. Қазақ этносының бүкіл мәдени тұрмыс-тіршілігі тілінде сақталған. Автордың этнолексиканы құрылымдық жүйе ретінде қарастыруы аталған еңбектің ғылыми негізін қалайды. «...Ұлттық дүниетанымның тілдің терең құрылымдарынан, оның бай сөздік қорынан, лексикасынан көрініс табуы заңды» (2,89) деп жазады автор.
Тілді зерттеудің рухани-танымдық бағытынан басталатын еңбек когнитивтік лингвистиканың қағидаларын басшылыққа алады. Адамның тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру, күн көру әрекеті оның танымына байланысты. Сондықтан ұлтттың мәдени жетістігі танымдық білім мен тәжірибесіне сүйенеді. Этнотаным туралы талдаулар кітапта нақтылы тілдік деректермен дәлелденген және қағидалары анықталған. «Мәдениетпен сабақтасып жатқан көне тамырлы заттармен байланысты атаулардың көбі жарық көрген сөздіктерде көрсетілмей, не кірмей қалған. Сондықтан солардың жұрнағы (реликт) ретінде сақталып қалған көптеген халықтық аймақтық қолданыстағы атаулар, фольклор мен ақын-жыраулар шығармаларындағы көріністері, фразеологиялық тіркестер т.б. құрамындағы көнерген не мағынасы көмескіленген сөздердің жинақталып көрсетілуінің маңызы ерекше» (2,245) дейді Ж.Манкеева.Бұл ойдың негізсіз емес екеніне кітап соңында берілген Қосымшадағы мысалдарды оқығанда байқайсыз. Көпшілікке беймәлім көне атаулар сырына үңілесіз.
Мысалы: жалпы атаулар «Ебей» – кәрі әйел, кемпір; «Бәлекей» – жас келіншек, тоқал; «Шәңгі» – аң аулағанда киетін етік; «Бәдірек» – сатып алған құл; «Сұрқылтай» – ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтән ділмары, ақыны.«Сайдауыт» – құрбылас жастар. т.б. Сондай-ақ, зергерлік бұйымдар атауы, қазақтың ұлтттық ойындары, қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық тағам атаулары, қазақтың рухани мәдениетіне қатысты салт-дәстүрлер мен ұғымдық атаулары т.б. этномәдени бірліктер тақырыптық топпен берілген. Ал мұндай тілдік деректерді жинастыру, ғылыми талдау жасау шағып тастайтын жаңғақ емес. Алдымен сөзге, оның мәніне, жасалу уәжділігіне назар аудару, салыстыру, дәлелдеу, талдау, сипаттау тәсілдері ізденіс жемісі.
Профессор Жамал Айтқалиқызының көп жылдар бойы мұндай тілдік деректерді сарыла жинастыруы «мысалдар жинап кітап жазайын деп едім» деген ағымдық жоспар, шара емес. Тегінде қазақ сөзінің этномәдени семантикасын білу, түсіну ғалым үшін емес, тіл ғылымы үшін керек, қазақтың өзі үшін керек. «Көне тамырлы заттардың» көне атаулары ұлтымыздың ежелгі мәдениетінің қайнар көзі ретінде тілдік және танымдық кеңістігінің шамшырағы іспеттес. Олай болса, сол шырақтарды сөндірмей, алауға айналдырған ғалым қыздың ғылымда шығар баспалдағы биіктей берсін!
Пайдаланған әдебиет:
1. Қайдар Ә. Ғылымдағы ғұмыр. Алматы: «Атамұра», 2000.316 б.
2. Манкеева Ж. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. Алматы: «Жібек жолы», 2008. 353 б.
Резюме
В статье дается анализ о научной деятельности проф. Ж.А.Манкеевой, о ее трудах в области лингвокультурологии.
ПІКІР АЛМАСУ
08/04/2025 14:46
Орал қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өтті
|
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ