THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:


Тіл мен мәдениет байланысындағы пәнаралық «мәңгі» мәселелердің қайта жандануы ғасырлар тоғысында қазақ фразеологиясына жаңа ғылыми парадигмаларды алып келді: этно-мәдени – тілдік зерттеулер бейнелі тіркестерді нысан етті. Соның нәтижесінде қазіргі тілтанымда лингвомәдениеттану, коммуникативтік-прагматикалық және соңғы кезде когнитивтік фразеология белең алып келеді.
Қазақ фразеологиясының тілдік деректері – фразеологизмдер, паремиялар арқылы фразеологиялық лингвомәдениеттанымның ғылыми өрісі когнитивтік зерттеулерге ұласты. Қазіргі гуманитарлық зерттеулерде когнитивизм ұстанымдарының берік орнауы лингвомәдениеттану, психолингвистка, прагмалингвистика және когнитивтік лингвистика пәндерінің өзара іштей байланыстары арқылы фразеологияда кешенді пәнаралық жаңа бағыттарды қажет ететін саланы қалыптастырды. Адамның күрделі таным әрекетінің нәтижесі – тіл болғандықтан, бұл бағыттардың барлығы антропоцентрлік зерттеу нысанына айналды.
Когнитивтік фразеологияның жеке пән ретінде оның мақсаты мен зерттеу әдіс-тәсілдері сараланып келеді. Қазақ фразеологизмдері «әмбебап концептілер» мен «ерекше» концептілерді құрайтын тілдік мәртебеге ие болған бірліктер деп танылады. Фразеологиялық мағынадағы концептінің ең басты өлшемдері: бейнелілік, ұғымдық (концептінің құрылымдық белгілері) және құндылықтар.
А. Киклевич: «Заслуга когнитивной лингвистики заключается в том, что она – восстав против сформировавшей в ХХ в. традиции имманентного структурного языкознания – выдвинула на первый план «человеческий фактор», в частности ортажаемые в естественных языках структуры и способы познания» деп атап көрсетеді. [2.с.70].
Когнитивтік лингвистиканың базалық ұғымдары «концепт», «фрейм», «гештальт», «схема», «сценарий» т.б. о баста антропологиялық білім парадигмаларының түрлі когнитивтік ғылым салаларынан алынған.
Қазақ тіліндегі фразеологизмдерді когнитивтік-семантикалық талдаудың алгоритмін қалыптастыру күн тәртібіндегі мәселе екендігін айтқан жөн. Когнитивтік құрылымдардың маңызы туралы барлығы мақұлдаған ортақ түсінік әлі жүйеге түскен жоқ.
Қазіргі лингвистикада концептінің заттық және бейнелілік ерекшеліктері қабылдау арқылы қалыптасқан дағдылы жағдаяттардың жалпыланған құрылымы фрейм ретінде белгіленеді. Фрейм – адамның жадында жинақталған барлық білім қорының өлшемі мен сипаты. Әлем сан қырлы, сан сипатты болғандықтан, жадыда дүние үзіктері әр түрлі бейнелермен сақталады. Фреймде тілдік сананың этномәдени ерекшеліктері айқын байқалады.
Фрейм туралы түсінік қазіргі лингвистикаға Ч.Филмордың белгілі еңбектері арқылы енді. Автор фреймді:
• білім мен тәжірибенің ерекше жалпыланған конструкциясы немесе жүйесі;
• және когнитивтік құрылымдар арқылы сөзбен жеткізілген білім жинағының асоциацияланған концептілері деп түсіндіреді.[2.52-92]
Фразеологиялық семантиканы фреймдік талдау бірте-бірте лингвистикалық мәртебе алады. Бұл фразеологиялық зерттеулерде айтылып жүр. (Н.Н.Болдырев. Когнитивная семантика. Тамбов.2002., Н.Ф.Алефиренко. Фразеология и когнитивистика в аспекте лингвистического постмодернизма. 2008).
Фреймдік семантика – тілдің семантикалық және ойлау кеңістіктеріндегі тілдік мағына мен білім құрылымының өзара әрекеттестігі. Ол фразеологизмдер мағынасы арқылы адамдардың өмірлік тәжірибесінің сипаттары мен жалпы білімдерінің сыртқа шығуын, қатысымдық актіде фразеологизммен сипатталу процесін модельдеуге мүмкіндік береді. Мұнда ең басты назар аударатын нәрсе: фразеологиялық мағына мен адамдар тәжірибесінің арасын белгілеуде нақты меженің болмауынан фразеологиялық және когнитивтік құрылымдардың заңды байланысын айқындау әркез оңай емес.
Тіпті «фрейм» терминінің қолданысында бірізділік жоқ. Бірде ментальдық кеңістік, когнитивтік аймақ, схема, сценарий т.б.
Егер тіркес жасайтын жаңа нысан қатар, біртектес басқа нысандармен ассоциацияланса, онда этнотілдік танымда оның уәжділігі анықталып, фразеологизм мағынасы түсінікті, есте жақсы сақталады және қолданысқа ие болады.
Мысалы, сөзді жүндей сабау – адамның көп сөйлейтін жағымсыз қасиетін айтады. Мұнда прототип – нақты іс-әрекет: ұйысқан жүнді ұзақ сабағанда ғана жұмсарып, мамық сияқты болады. Жүн сабаушының қолындағы екі шыбықтың сартылы мен жерді сабалаған дыбысы құлаққа аса жағымды тимейді. Құбылыстың ұқсастығынан санада ой мен нысандар ауыстырылып, құралдың орнын сөзбен алмастырғанда бұрынғы танымдағы ассоциация негізінде тіркес уәжділігі ашылады.
Фразеологиялық мағынаны когнитивтік деңгейде қарастыру фреймдік талдау мен прототиптік семантика талдау әдістері арқылы тек тілдік қана емес, тілден де тыс, энциклопедиялық білімдерді ескеруге тура келеді. Оның үстіне, фрейм барлық фразеологиялық жүйенің ұйымдасқан құрылымын тануға құрал ретінде жұмсалады.
Жағдаятты толық игеру айтушы мен тыңдаушының позицияларына қарай анықталады. Олардың назары фразеологиялық фреймнің кез келген бөлігіне түсуі және есте сақталуы мүмкін. Себебі фразеологиялық мағынада біздің жадымыздағы стеоретиптік жағдаяттар бейнесінде бұрынғы іс-тәжірибеміз бойынша, белгілі бір прототиптік фрейм тұрады. Тіркес мазмұнында фразеологиялық семантиканың прототиптік фрейміне сай келетін қабылдау бар. Прототиптік семантика әдісін фразеологизмдердің пардигмаларын (семантикалық топтары, фразеосемантикалық өрістері) когнитивтік тұрғыдан қарастырғанда тиімді деп есептейді.
Фразеологиялық парадигмалардың құрылымы ядро мен перифериядан тұрады. Прототип ретіндеядро тұрғандықтан, ол бұл категорияның негізі болып саналады. Мысалы, қазақ тілінде фразеологиялық парадигмадан көрінетін «құс» бейнесіне прототиптер түрлі бүркіт, қаршыға, сұңқар тектес құстардың биіктен, қиыннан ілетін ерекше қырағылық қасиеттерін жалпы қыран құс фразеологизмімен сипаттайды. Ал аталған құстардың жеке‑дара өзгешеліктеріне қарай тұрақты тіркестер жасалған.
Мәселен, түс атауын білдіретін «ақ» сөзі фразеологизмдер тудыруға ұйытқы болған.
Мысалы:
• Ақ сұңқар / ақ сұңқар құс – 1.қыран құс; 2. Ер азамат деген мағынада.
Ақ сұңқар келіп шырмалар,
Саятшы алдын парласа (Мұңлық-Зарлық)
• Ақ иық– мұз балақ, ерекше қыран, айрықша асыл қыран мағынасында қолданылады. Кейде фразеологизмнің орнына – «ақ иық мұзбалақ» варианты қолданылады.
Мысалы:
• Ақ иық мұз балақпын жерге түспес. (Айтыс)
• Ақ иық бүркіт төмендер,
Екі қанат талғанда.
• Құсбегілер ұстаған бүркіттердің «Алтайдың ақ иығы», «Қарағайдың қызыл балақ сарысы», «Түменнің сары құсы» деп аталуы да мекен-жайына байланысты қалыптасқан осындай бітім ерекшеліктерінен туса керек. (Т.Әлішеров).
Тас түлек. (Тас сөзі мұнда күшейткіш мәнде айтылған). І. Кеңесбаев «төрт жасар қыран құс» деп түсіндіреді (ҚТФС, 496).
Мысалы:
• Ол қазір өткен күздегі үрпиген тірнек емес, балғын, ерекше саңлақ құс болып алған бұл күндерде. Томағасын алусыз күйінің өзінде топқа түсер балуандай тік отыр... Осы тас түлекке көз алмай қараушылардың ішінен, қыжырайған қара шал Шәймерден: «Шіркіннің сергегін қарашы» - деседі (Ә.К.).
• Әуеде аңсыраған тас түлек жоғарыдан төне түскенде, қатты бір шошып жосыла жөнеліскен еліктер белден аса бере оны мүлдем естен шығарған екен (Ә.Кекілбаев).
Тас түлектей түйілу тіркесі қыранның алғырлықпен аңға түсетін кезін сипаттайды.
Тұзақ құру 1. Құс жолына тұзақ байлау. 2.Ауыс. Айла, амал жасау, арамдық, пәле ойлау.
Тұзаққа түсу 1. тұзаққа ілініп қалу. 2.Ауыс. Алдауға түсу, ұсталу. (ҚТТС, 9т. 264).
Тұғырдан таю 1. бүркіт тұғырдан түсті, қартайды деген ұғым. 2.ауыс.адамға байланысты мансап, қызметтен кетті, дәрежеден айырылды.
Ұлт тілінің дамуына сол халықтың кәсібі мен шаруашылығының әсері мол. Демек бұл тіркестердің жасалуында ұлттық тұрмыс-тіршілік және мәдени өмір суреттері бар. Қазақ тіліндегі құсбегілік, саятшылыққа қатысты атаулар мен фразеологизмдер халқымыздың дүниетанымдық ерекшеліктерінен хабардар етеді. Саятшылық – өнер. Саятшылыққа қатысты атаулар мен түрлі тіркестер, паремиялар ұлттың мәдени-рухани мұрасын өз бойына сақтап келеді.
Ата-бабаларымыздың күнделікті күн көріс тіршілігінің ерекше бір арнасы ертеден келе жатқан – құсбегілік. «Құстың алғанынан салғаны қызық»; «Ителгі етек былғайды»; «Ителгінің қызығына қызсаң, қаршығаңды қамшы етерсің», немесе «Баба бүркіт барлап ұшады, Бала бүркіт парлап ұшады»; «Түлкіге түйіліп түспеген бүркіт қанатынан айырылады»; «Кәрі бүркіт қырланса – түлкі іледі, Кәрі күйеу қырланса – балдызына көзі түседі» деген сияқты мақал-мәтелдер мен аталы сөздер құсбегілік, саятшылықтың өнер екендігінің айғағы.
Сақтықты сұңқардан үйрен дегенмақалда сұңқар құстың табиғатынан өте сақ құс екенін, ал ауыспалы мағынада адамға сақтықтың керектігі, сақ жүрген адамның әр нәрседен аман болатынын тұспалдайды.
Биік таудың басына қиялап ұшып қыран да шығады, Жер бауырлап жылан да шығады мақалы – қалай амалдасаң да, алдыңдағы мұрат, мақсатыңа әйтеуір жетесің дегені.
Ал орыс тілінде «құс» бейнесіне прототип болып тауық немесе шымшық торғай алынған. 1) носиться как курица с яйцом, мокрая курица, писать курица как лапой, слепая курица, куры не клюют; 2) стреляный (старый воробей), короче воробьиного носа.
Қазақ мәдениетінде көшпелілік, табиғатынан төрт түлік мал шаруашылығына бейімділігі, оның үстіне көру, тіршілік ету (саятшылық, аңшылық) сияқты басқа амалдар болды. Кейін отырықшы болған соң ғана, үй құстарымен айналысуға мәжбүр болғандықтан, тауық асырау қазақтарға кеш келген.
Әдеби тілдің мәйегі саналатын тұрақты тіркестердің лингвопрагматикалық әлеуеті тілді тұтынушының сан түрлі дискурстық сипатынан көрінеді. Фразеологизмдерді сөйлеу мен жазуда дұрыс қолданатындардың тілдік танымында фреймдік үлгіде нақтылы ақпараттар жинақталады. Айтушының фразеологизмдердегі ақпараттың мағыналық бөліктерін жақсы білуі оның лингвомәдени мәртебесін анықтайды.
Пайдаланған әдебиет:
1. Киклевич А. Притяжение языка. Т 1: Семантика. Лингвистика текста. Коммуникативная лингвистика. Olstyn 2007. 411 c.
2. Филмор Ч. «Фреймы и семантика понимания» //Новое в зарубежной лингвистике. Вып.23.Когнитивные аспекты языка. М,.1988.
3. Болдырев Н.Н. Когнитивная семантика. Тамбов.2002.
4. Алефиренко Н.Ф. Фразеология и когнитивистика в аспекте лингвистического постмодернизма. 2008.
5. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы. 19777
Резюме
В статье рассматривается методы фреймового анализа казахских фразеологизмов.
ПІКІР АЛМАСУ
08/04/2025 14:46
Орал қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өтті
|
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ